Еңбек нарығындағы жаңа әдіс-тәсілдер кімге қандай мүмкіндік береді?

76912

Әлеуметтік кодекске сай отандық еңбек нарығында көптеген өзгерістер орын алуы тиіс. Бұл тұрғыда ел халқын жұмыспен қамтудың жаңа әдіс-тәсілдері қолданысқа түседі деп күтілуде

ФОТО: © pixabay.com

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикалық бюросы мәліметтеріне сай, 2022 жылдың IV тоқсанында Қазақстанда жұмыссыздар саны 456,1 мың адамды құраған.

Ал 2023 жылдың қаңтар айының соңында еңбек министрлігінің жұмыспен қамту орындарында республика бойынша 212,1 мың адам ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген.

Бұған дейін хабарланғандай, 20 сәуірде Мемлекет басшысы ҚР Әлеуметтік кодексіне қол қойды. Жаңа кодекс елімізде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енбек.

Әлеуметтік кодекстің бесінші тарауында ел халқын жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері ұсынылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жоспарынша, бұл тәсілдер үш бағытта жүзеге асырылмақ. Оның бріншісі – еңбек нарығын либерализациялау.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтып өткендей, Әлеуметтік кодекске сай елімізде икемді жұмыспен қамтылудың барлық формалары мойындалып, танылмақ, оның ішінде платформалардағы жұмыс та. Бұл тұрғыда – мемлекеттік ресми тіркеуі болмаса да, өз бетінше күн көріп, еңбек етіп жүрген, яғни табыс тауып жүрген тұлғаларды «тәуелсіз жұмыскер» деп тану көзделген. Мысалға, онлайн-платформалармен жұмыс істейтін такси жүргізушілері, курьерлер, т.т. деген сияқты.

Министр Дүйсенованың айтуынша, отандық еңбек нарығын қамтуы тиіс бұл өзгерістер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруға, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.

«Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау, олардың жария шарттарын жұмыс шарты ретінде тану, онлайн платформа операторларын салық агенті ретінде белгілеу секілді жаңа тәсілдерді ендіру көзделген», - деп түсіндірді ол кезінде Әлеуметтік кодекс жобасын таныстыра отырып.

Әлеуметтік кодекстің «бесінші жаңалығы» деп сипатталған еңбек нарығын либерализациялау жөніндегі ұсыныс туралы экономист Қуанышбек Дуйсенов, бұл «жаңалықпен» нарық ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған ел азаматтары мұқият танысып, оны барынша түсініп алғандары жөн деген кеңес береді.

Қуанышбек Дуйсенов
Қуанышбек Дуйсенов

«Кодексте еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру үшін жұмыс беруші операторларға қосымша салық салу ескерілген. Онда «аударылатын жарналар олардың бүгінгі платформа операторларына және таксопарктерге аударып жүрген төлемдік пайыздары есебінен жүргізілетін болады» деп, жұмыскерге «қаржылай қосымша жүктеме болмайды» делінген. Құп, әрине. Дегенмен, біздің нарықтағы кейбір жұмыс берушілер жеке табысынан айырылып қалмау үшін жұмыскердің табысына «жармасудың» өзге де әдістерін ойлап табуы әбден мүмкін, яғни жұмыскердің еңбекақысына «қосымша жүктеме» қаупі толық сейілді деп айта алмаймыз. Бұл арада нақты өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген жұмыскерлердің құқын қамтамасыз ету мейлінше маңызды. Бұл, сондай-ақ бюджетке түсетін табысты арттыратын кәсіпорындар санының өсуіне де оңынан әсер етеді», - дейді ол.

Айтқандай, еңбек нарығын либерализациялау барысында Әлеуметтік кодексте ескерілген екінші тәсіл – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру дегенге саяды. Министр Дүйсенованың айтуынша, жұмыскерлердің дағдылары мен құзыреттерін бағалау үшін отандық еңбек нарығында сертификаттау жүйесі енгізілмек.

«Бұл, негізінен, еліміздегі жұмыс күшінің біліктілігін көтеру және жұмысқа қабылдауда қолданып жүрген еңбек стажының міндеттілігі жөніндегі шектеулерді қысқарту мақсатында қарастырылып отыр», - деді министр кезінде.

Өз кезегінде, экономист маман Қуанышбек Дуйсенов, екінші тәсілдегі бастама өте тиімді естілгенімен, көптеген сұрақ туғызатынын айтады.

«Бұл бастама айтарлықтай әсерлі естіледі, бірақ мұндағы негізгі сұрақ – бұл бағыт еңбек нарығында бұрыннан қалыптасқан өзекті мәселені қаншалықты тиімді етіп шеше алады дегенге келіп тіреледі. Яғни, бізде қазір жұмысқа орналасуда еңбек өтілінің болуы не болмауы маңызды талаптың бірі. Кодексте, отандық еңбек нарығында жұмыскердің белгілі бір машық-дағдылары мен құзыретін, біліктілігін сертификаттар негізінде растай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі ұсынылған. Бірақ бұл құзырет, дағдылар қалай қалыптасып, қалай сертификатталады? Жұмыскердің жаңа дағды-құзыретін сертификат қаншалықты дәлелдей алады? Мұндай сертификаттарды жұмыс беруші қалай, қандай негізге сүйеніп қабылдайды?» - дейді сарапшы.

Экономист маман, ертеңгі күні бұл ұсыныс еңбек нарығында «небір жалған сертификаттардың қаптап кетуіне жол бермей ме?» деген қаупін де жасырмайды.

«Меніңше, сертификаттау механизмі бойынша нақты талаптар енгізіліп, жасанды сертификаттарға жол бермеу үшін тиісті шекара бекіту керек: ертеңгі күні сертификат атаулы әншейін «әдемі қағазға» айналып, нарық ішінде оңды-солды таратыла бермес үшін. Бұл мақсатқа толық қол жеткізу үшін жұмыскерге нақты қажет дейтін дағды-құзыреттерді растай алатын шынайы сертификат беру механизмі болу керек. Тағы бір мәселе – бұл сертификаттар жұмыс іздеушіге жұмысқа орналасу үшін ғана «қажет қағазға» айналып кетпесіне кім кепіл? Сондай-ақ, нарық ішінде мұндай «қағаздарды» басып шығарушы пысықайлардың қаулап кетпеуіне қандай тосқауыл болады?» - деп сауалдайды Қуанышбек Дуйсенов.

Өз кезегінде, Sana Education Халықаралық білім беру орталығы АҚ басқарма төрағасы – Бас директоры Бауыржан Сержанов, Әлеуметтік кодекстегі бұл ұсынысты қоғам іші «сертификаттар жоғары білім туралы дипломның баламасы деп қабылдамауы тиіс» деген пікір айтады.

Бауыржан Сержанов
Бауыржан Сержанов

«Қазіргі қоғам өркениетінде жаңа бағдарламалар мен жаңа жұмыс талаптары ашылуда. Бүгінде еңбек нарығын тек дипломмен ғана бағалау мүмкін емес, сол себепті де қызметкер мен жұмыс беруші арасында қазіргі күні біліктілікті арттыру немесе әртүрлі жұмыс дағдыларын қалыптастыру бойынша өзіндік көптеген мәселе көтерілуде.

Десек те, қазір нарық ішінде біліктілікті арттыру курстарының сертификаттары немесе әртрүрлі дәрежедегі сертификаттар көптеп кезігеді. Өз басым, сол беріліп жатқан сертификаттардың сапасы да, шынайылығы да тексерілуі керек деп есептеймін. Сертификат беретін жеке сектор, яғни заңды тұлға өз тарапынан жауапкершілік алуы керек. Қазіргі экономикалық еңбек нарығында шынайы нәтижеге қол жеткізу үшін көлеңкелі жүйені жою қажет. Барлық сертификат беру құқығындағы ұйымдар міндетті түрде әр сертификат үшін жауапкершілік алып, өз жұмысын мұқиятпен атқаруы тиіс. Сол кезде ғана біз қазақастандық қоғамда экономикалық еңбек нарығын ретке келтіре аламыз», - дейді ол.

Еңбек нарығын либерализациялау мақсатында кодексте ұсынылған үшінші тәсіл – жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын қалыптастыру туралы.

Министрліктің ашық көздерде жария етілген мәліметінше: «Бүгінгі таңда азаматтар үшін жұмыс іздеу, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған кезде арнайы төлемдерге өтініш беру процестері толық цифрланып, Электрондық еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылуда». 

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дуйсенов, жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтарын қалыптастыру – «заман талабына сай өзекті бастама» деп отыр. Дегенмен, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің «мемлекеттік платформалар туралы ақпараттардан тыс қалуы, олар үшін үлкен кедергі» дейді ол.

«Бізде бұл бастамаға дейін де Enbek мобильді қосымшасы мен Электрондық еңбек биржасы мемлекеттік деңгейде жұмыс істеп келеді. Жаңа кодекске сай, жұмыс істеп тұрған жұмыспен қамту орталықтарын мобильді орталықтарға айналдыру көзделген. Олар әр облыстың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сондағы еңбек нарығын дамыту бағдарламалары мен бастамаларын реттеуді жүзеге асыратын болады. Бірақ бұл жобаны тиімді етіп орындау үшін ақпараттандыру шараларын дұрыс ұйымдастырып, оған қарапайым азаматтар оңай қол жеткізе алатынына көз жеткізу керек. Мысалға, біздің нарықта осы уақытқа шейін Enbek платформасынан хабарсыз жүрген азаматтар жоқ емес. Олар көп жағдайда Headhunter секілді еңбек биржаларына жүгінеді», - дейді ол.

Айта кетсек, елімізде 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа түсетін Әлеуметтік кодекске мемлекет басшысы бейсенбі, 20-сәуірде қол қойды.

Сарапшы қауымның пайымынша, Әлеуметтік кодекс ел халқы үшін өзекті әлеуметтік мәселелерді «шынымен де дұрыс қарастырып, көптеген сұрақтың жауабын анықтап бере алады». Ең бастысы, кодекстегі ұсынылған шешімдер «қарапайым азаматтарға түсінікті етіп жеткізілуі тиіс». Ал жаңа кодекске толыққанды баға беру үшін, «оның қолданысқа түсіп, жүзеге асуын күткен жөн» дейді олар.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Израильский архитектор Роман Шнайдерман стал казахстанским фермером

Смотреть на Youtube

Раимбек Баталов – о молоке, кредитах и прозрачности

Смотреть на Youtube

Казахстанские хакеры работают на НАТО?

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить