Нұрлан Сақуов: Отандық бизнестегі басты мәселе – еңбек өнімділігінің және іскерлік тәжірибе мәдениетінің төмендігі

31134

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы былтыр қаңтарда жария еткен түбегейлі өзгерістер қаншалықты жүзеге асуда және бұл өзгерістердің мән-мағынасы неде?

Нұрлан Сақуов
Нұрлан Сақуов
Фотосурет спикердің жеке архивінен алынды

Отандық бизнес алдындағы негізгі міндеттер туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма мүшесі Нұрлан Сақуов әңгімелеп берді.

F: Нұрлан мырза, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын трансформациялау жөніндегі ұсыныс отандық бизнес өкілдерінің бастамасы деп естідік, жалпы бұл өзгерістердің мән-мағынасы неде?

- Ия, бұл ұсыныс әу баста отандық бизнес өкілдерінен келіп түсті деуге болады. Өздеріңіз де білесіздер, қаңтар оқиғасынан кейін елімізде реформалар жүргізілетіні жария етілді. Сол кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) жүйесіне де ауқымды өзгерістер қажет екендігі анық мәлім етілді. Еліміздегі бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлік саласындағы белсенді тұлғалар «Атамекен» палатасын өзгертіп, түрлендіру туралы ұсыныстарын алға тартты.

Осы тұста ҰКП басшылығы да ауысып жатты. Сөйтіп, орталық деңгейде 90 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына аймақтық және салалық бизнес жетекшілері мен қоғам өкілдері, сарапшылар кіріп, олар өздерінің пікір-ойларын ортаға салды, тіпті, Кәсіпкерлер палатасын жабу туралы да ұсыныстар айтылды. Әйтсе де жұмыс тобы мүшелерінің 96%-ы «Атамекен» ҰКП отандық бизнесті дамытып, қолдау институты ретінде өз жұмысын әрі қарай жалғастыруы тиіс деген қорытынды жасады.

F: Сіз бұл ұйымда ҰКП қабырғасы қаланғалы жұмыс істейсіз. Сіздіңше, «Атамекен» институт ретінде отандық бизнес үшін қаншалықты қажет?

- Өзіңіз айтып өткендей, «Атамекен» институт функциясын атқарып отырған ұйым. Менің түсінігімде, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының миссиясы да дәл осында, яғни елімізде кәсіпкерлік және инновациялық белсенділікті арттыруға ықпал етуші, септік етуші институционалдық берік негіз қалыптастыру деген тұрғыда. Ал бұл арадағы негізгі міндеттің бірі – елдегі өзін-өзі реттеу институттарын дамытып, салалар ішінде өзін-өзі ұйымдастырудың тұрақты да орнықты деңгейіне қол жеткізу.

Анығын айтқанда, біз қазір әлдебір тұйық шеңбердің ішінен шыға алмай жүрген кейіптеміз.Ел экономикасындағы мемлекеттің үлесі әлі де жоғары деңгейде. Яғни, қазір біздің елде мемлекеттік капитализм қалыптасқан деуге болады және де ол ел экономикасын басқару функцияларын мемлекеттік құрылымдар мен өзін-өзі реттеу жүйесінің құрылымдары арасында қайта бөлуді жоспарлап отырған жоқ.

Қысқа мерзімге негізделген субсидиялар мен жеңілдетілген кредиттерді үлестіріп бөлу тұрғысындағы қолдаулар бизнестің экономикалық шығындарын қысқартуға негізделген деуге келмейді, бұл тұрғыдағы шаралар кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау мен бақылауға мейлінше тәуелді ету дегенге көбірек ұқсайды.

Бізде қазір патернализм деңгейі өте жоғары, біз өзіндік зор күші бар мемлекетке арқа сүйейтін иерархиялық мәдени ортаға иек артқанды жөн көреміз. Сол себепті де бизнес субъектілері мемлекет ұсынатын субсидияларды өзіне қажет санайды, оны мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық деп түсінеді. Алайда, нарықтық экономика жағдайында салалық бірлестіктер мен бизнес нарық ішіндегі жүйелі мәселелерді өздері шешуі тиіс. Олар бірлесе отырып, туындаған мәселе бойынша үкіметпен диалог жүргізуі керек, ал министрліктер болса, тек салалық саясатты анықтаумен айналысуы тиіс, бірақ, әрине, бизнес өкілдерімен ақылдаса отырып...

F: Бірақ отандық бизнес өзін-өзі реттейтін ұйым ретінде пісіп-жетілді дей аламыз ба?

- Ия, өзін-өзі реттеу жүйесіне дайын екендігін бизнес те толыққанды көрсетіп отырған жоқ: олар әдетте мемлекеттік органдардан өздеріне қандай да бір өкілеттіктер мен функцияларды талап ете бастайды, бұл тым утилитарлық ұстаным.

Өзін-өзі реттеу дегеніміз – бизнестің жетіліп, кемелденген шағы деуге тұрады: яғни, сала ішіндегі кәсіпкерлік қызмет пен іскерлік этиканың жоғары стандарттарын көрсету, тұтынушы алдындағы өз жауапкершілігін күшейту, өзі шығаратын өнімдер мен ұсынатын қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін арттыру деген мағынада.

Экономикадағы жетекші рөлді жеке кәсіпкерлік атқаруы тиіс, ал мемлекеттің бақылаушылық рөлін барынша азайту керек, әйтпесе біз тиімді нарықтық экономиканы қуып жете алмаймыз.

Бұл тұрғыда, меніңше, институт ретінде «Атамекен» отандық бизнес үшін мейлінше қажет, айталық, ауыл шаруашылығы не сауда министрлігімен салыстырғанда.

Нұрлан Сақуов
Нұрлан Сақуов
Фотосурет спикердің жеке архивінен алынды

F: Яғни, сіздіңше, «Атамекен» қолға алған трансформацияның мән-мағынасы өзін-өзі реттеу дегенге саяды ғой?

- Жоқ, өзін-өзі реттеу – бұл мемлекет пен бизнес арасындағы өзара қарым-қатынас әрекетінің бір түрі ғана. Бұл арадағы контексті дұрыс түсінген жөн – қазіргі бизнестің жағдайы қандай, оның даму жолындағы негізгі қиындықтар қайсысы деген тұрғыда.

Салалардың құқын қорғап, оларды дамыту, тараптандыру мәселелерімен қатар, қазір институционалдық міндеттер де өте маңызды, яғни бизнестің формасы мен сипатынан бастап, нақты мәмілелер мен бизнес моделіне дейін.

Жалпы, Қазақстанның кәсіпкерлік саласы ел тәуелсіздігімен бір кезеңде қалыптасып, бой түзеді. Бірақ бұл сала бізде әлі де даму кезеңін бастан кешуде, ол әлі инклюзивті және тұрақты өсу деңгейіне жете қойған жоқ. Бізде, тіпті, «кәсіпкер» және «бизнесмен» терминдері арасындағы айырмашылықты дұрыс түсінбейтіндер де бар...

Бізге тән ұлттық бизнес менталитетінің қалыптасуына септік еткен екі бірдей тарихи кезеңді мысал етуге болады: 90-шы жылдардағы коммерциялық-делдалдық сауда мен жекешелендіру үрдісі және 2000-шы жылдардағы экономикалық дүрбелең (банк, мұнай, құрылыс салаларында байқалған). Ол кездері бизнес жеделдеп баю құралы ретінде қарастырылып, жылдам пайда табуға негізделді. Бұл тұрғыдағы бизнес модельдер тұрақты даму мен жасампаздық, шығармашылық еңбек үлгілерін ескерген жоқ. Қазір де отандық нарық ішіндегі бизнес, көп жағдайда, қаржылық, тендерлік, әкімшілік ресурстарға қол жеткізу негізінде құрылуда. Оның сыртында, инвесторлардың психологиясы да пассивті табысқа бағытталған.

Содан да біз әлі күнге дейін, экономист У. Баумоль айтқан деструктивті кәсіпкерлік қалпынан шыға алмай жүрміз. Тарата айтсақ, бұл – бүгінгі замандағы кәсіпкерліктің сәтті формуласын алмастырған оппортунистік мінез-құлық тәжірибесі деуге тұрады. Сондықтан да қазақстандық бизнеске тән ең басты түйінді мәселе – ол еңбек өнімділігі мен іскерлік тәжірибе мәдениетінің төмендігі.

Біз қазір барлық мәселені қаржымен шешіп, құқықтық мүмкіндіктер жасауға, утилитарлық әдістерді қолданып, мемлекеттік қолдау шараларын мейлінше тиімді пайдалануға талпына аламыз, бірақ бұдан сапа мәселесі бәрібір өзгермейді. Бұл арадағы басты мәселе – менеджменттің, адам капиталының, әр компаниядағы нормалар мен ережелердің сапасын арттыру дегенге келіп тіреледі.

Бұған қол жеткізу үшін – басқаша менталитет пен басқаша мәдениетке, басқаша құзырет үлгілеріне негізделген жаңа буын кәсіпкерлерінің «қалың массасын» тәрбиелеп өсіріп, импакт-кәсіпорындар құруға (бұл жайында мемлекет басшысы да сөз еткен) мән беру қажет. Жаңа буын кәсіпкерлеріне тән ерекшелік – олар тек қаржылық мақсаттарды ғана көздемейді, олар – бизнестің адамға бағытталған эволюциялық үлгісін қалыптастыруға ықтиярлы.

Ал трансформацияның мән-мағынасы, ең алдымен, бизнестің өзіне бағытталған дер едім: бизнестің қозғаушы күшін өзгертуіміз керек.

F: Бұл міндетті қалайша орындап, жүзеге асыруға болады? Бұл арада «Атамекеннің» мүмкіндігі қандай?

- Ұлттық кәсіпкерлер палатасы барлық облыстар мен аудандарды қамтып, көптеген құзыреттерді біріктіретін бірегей институционалдық құрылымға ие. Оның құрамындағылардың 40%-ға жуығы мемлекеттік қызметкерлер, 25%-ы бизнес, қалғандары үкіметтік емес ұйымдар мен академиялық сектор өкілдері. ҰКП аясында барлық салалық және көлденең құрылымдар да қамтылған (кеден, салық, білім беру, техникалық реттеу, қаржылық емес қолдау шаралары және т.б.).

«Атамекен» – бұл үкіметтік емес ұйымдардың бірлестігі. Елімізде 330-дан астам бизнес-қауымдастық тіркелген, ал ҰКП-да 20 салалық комитет пен өңірлік палаталарға біріктірілген 210 республикалық бірлестік және өзін-өзі реттеу ұйымдары аккредитациядан өткен. Бірақ мойындау керек, бүгінде салалық мәселелерді шешуде қауымдастықтар институтының нақты ықпалы жоқ. Бизнес қауымдастықтардың басым көпшілігіне қаржылық және сараптамалық ресурстар жетіспейді, оларда мемлекеттік органдарға сындарлы оппонет бола алатындай сараптамалық база да жоқ. Қаумдастықтардың мүшелік базасын да біркелкі деуге келмейді, әдетте бір саланың өзінде әртүрлі мүдделерді көздейтін бірнеше қауымдастық болуы мүмкін.

Сондықтан да Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдындағы міндеттердің бірі – бизнес-қауымдастықтар мен өзін-өзі реттейтін ұйымдарды ынталандыра отырып, оларға өкілеттіліктер мен функциялардың бірқатарын кезең-кезеңімен табыстап, беру, салалық міндеттерді үйлестіруге назар аудару.

Өзгерістерді басқару жүйесінде ҰКП менеджмент пен ынталандыру тетіктерінің жаңа мәнерін ұсынып, енгізуі тиіс, ол кәсіпкерлік саласының барлық деңгейінде кең тарап, қолданылуы керек: кәсіпкердің өзінен бастап қарапайым қызметкерге дейін.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Жумабек Жаныкулов: деловые связи, месторождения, заводы

Смотреть на Youtube

Казахстанские хакеры работают на НАТО?

Смотреть на Youtube

Айдын Аимбетов: Я готовился шесть лет, чтобы полететь в космос

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить