Қаржыгер. Кәсіпкер. Көкпаршы

Досат Құмарұлы өз бизнесінің биігіне қалай жетті?

Досат Құмарұлы
Досат Құмарұлы
ФОТО: Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды

Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында астаналық кәсіпкер ломбардтар желісінен мейрамхана бизнесіне қалай келгенін әңгімелеп берді.

F: Досат, сіз Моңғолияда дүниеге келген екенсіз. Қазақстанға қашан қоныс аудардыңыз? Бизнесті қашан және неден бастадыңыз? 

- Моңғолияның батысындағы Баян-Өлгей қаласында дүниеге келдім. Қазақстанға отбасымызбен 90-шы жылдары көшіп, Ақмола облысында қоныстандық. Мен осында білім алдым, Астанада жоғарғы оқу орнын бітірдім. Мамандығым – қаржыгер, кезінде құрылыс компаниясында есепші болып істедім, бірақ 2008 жылғы дағдарыс аясында қысқартуға тап болып, жұмыссыз қалдым. Дегенмен, сол ғаламдық дағдарыс мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты...

Сол кезде барлық жерде қысқарту басталып, жұмыс табамын деген үміт сейіле берді. Студент кезімде мобильді телефондарды алып-сатумен айналысқаным бар, амалсыз, Астанадағы Орталық базарға қайта оралдым. Бірге оқыған сыныптасыммен сондағы бір бутиктің бұрышындағы сөрені жалға алып, бұрын қолданыста болған телефондарды сата бастадық. Қолымызда айналымға салатын ақша болмағасын, арзанқол ескі телефондарды сатып алып, оған үйде жатқандарын қосып, он шақты телефонмен кәсіп бастадық. Ол кезде қазіргідей  заманауи сматрофондар жоқ, қолданыста болғандарының кейбірін жөндеп барып, сатуға да тура келді.

Айналымға ақша керек болғасын көлігімді сатып, одан түскен ақшаға бутик сатып алдым. Сол көліктің ақшасы бізді алысқа сүйреп, үлкен бизнеске алып келді. Бір жылдың ішінде екі бутик сатып алып, қайтадан көлік міндім. Бірге бастаған сыныптасым жарты жылдан кейін бөлініп шығып, жеке кетті.

Араға төрт жыл салып, қаражатым 50 000 долларға жетті. Телефон бизнесімен қатар, көлік алып, сатуды да меңгердім. Көбіне соғылған, қираған көліктерді жөндеп, сататынбыз. Бір сөзбен айтқанда, тәулігіне  4-5 сағат ұйықтап, қалғанында өсу-өну жолында еңбек етіп, ақша таптық. Сондай бір талабы мол кезеңді бастан өткердік.

F: Сауданың сәтті болуы неге байланысты? Бұл үшін не қажет?

- Сауда екінің бірінің басына бұйыра бермейді, бұл бір өз алдына диплом алғанмен тең дүние дер едім. Мен осылай сауда жасауды жақсы меңгердім. Ең бастысы, бәрін берекелі, адал істесең, міндетті түрде жемісін көресің. Базар – ол сауда үйі емес, оның менталитеті бөлек. Базарда неше түрлі адам жүреді, олардың мәдениеті, дүниетанымы сан түрлі, олардың әрқайсысымен тіл табысып, өз тауарыңды өткізе білуің керек. Базарда кәдімгі өмірдегідей, өз орныңды табу үшін күресуің қажет. Өз басымда минусқа кіріп, өкінетіндей оқиғалар болған жоқ. Сол кезде базарда бірге бастаған жігіттердің бәрі қазір бір-бір кәсіптің басында жүр.  

F: Ең алғашқы және сәтті саудаңыз қай кезде мүмкін болды? Ол кезде нешеде едіңіз?

- Алғашқы сәтті сауданы 17 жасымда жүргіздім деуге болды. Мен оқуға түскен жылы әкем марқұм «қазір компьютердің заманы, оны терең меңгеру керек» деп компьютер сатып алып берді. Әрине, қазіргі ноутбуктермен салыстыруға келмейді – үлкен, мониторының өзі бір столды алып тұрады. Бірде газеттегі жарнаманы көзім шалып қалды, қария кісі 1976 жылғы «копейка» деген көлігін сатып жатыр екен. Мен онымен жолығып, компьютерімді көлікке айырбастайтын болып келістім. Бұл туралы әкеме айтпадым, «компьютерді жөндеуге апарамын» деп үйден алып кеттім. Осылайша 17 жасымда бірінші «темір тұлпарымды» тізгіндедім. Бірақ қолымда жүргізуші куәлігі жоқ еді. Көлікті туысқан ағамның атына рәсімдеп, жолаушы тасуға шықтық. Ағам жүргізуші. Тапқан табысты 50/50 пайызбен бөліп, жұмыс істедік. Ал компьютер туралы алдымен анама айтып, мәселені шештік. Әкем ұрысқан жоқ. Бастаған ісімізді құптады. Бірақ көлік жүргізуіме қарсы болды. Кейін, жүргізуші куәлігін алған соң ғана рұқсатын берді. Осылайша, екінші курстан бастап, ресми түрде жұмысқа араластым. Құрылыс компаниясында күзетші болып істеп, бос уақыттымда таксиші болдым. Үшінші курста отбасылы болдым. Бүгінде бес баланың әкесімін.

F: Сіз қазір ломбард бизнесімен айналысады екенсіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

 - Ломбард саласына 2015 жылы бет бұрдым. Бірде, бір клиенттің телефоны ломбардта кепілде жатқан еді, мен соны сатып алуға бардым. Сонда адамдардың ломбардқа көп баратынын көрдім. Сөйтіп, бұл саланы әбден зерттеп, талдадым да, артынша базардағы бутиктерімді сатып, сол қаржыға өзімнің жинаған ақшамды қосып, алғашқы ломбардты аштым. Басында салған қаржым айналымға жетпей, аздық етті. Содан, амалсыз, отбасыммен тұрып жатқан бір бөлмелі пәтерімізді сатып, сол ақшаны айналымға салдық. Арада үш айдай уақыт өткенде, ломбард іші толып, екінші нүкте ашуға тура келді. Қазір Астана, Алматы, Шымкент және Қарағандыда 17 бөлімшеміз бар. Біздің ломбардтар желісінде 40 шақты адам жұмыс істейді.

F: Бұдан бөлек, тағы қандай кәсібіңіз бар? Қаржыны өзге салаларға да саласыз ба?  

 – Иә, 2018 жылдан бастап  атакәсіп – мал өсіруді қолға алдым. Ақмола облысындағы Макинка ауылында фазендамыз бар. Ауылға барып, таза ауада атқа мініп, қымыз ішіп, балаларға ауылдың бояусыз өмірін көрсетуді дұрыс деп санаймын. Өздеріңіз білесіздер, бұл заман жаңа технология мен ақпарат заманы. Заман тынысынан қалыс қалмау үшін «TikTok House» аштық. Негізгі ойымыз – кәсіп иелерінің өз өнімін нарыққа шығарып, жарнама жасауына көмектесу болатын. Жас блогерлер мен тик-токерлердің басын бір жерге қосып, «OU House» командасын жинадық. Қазір желідегі парақшаларымызға 10 млн адам тіркелген. Кез келген жарнаманы осы 10 млн аудиторияға жеткізе алатын күшіміз бар.

F: Бұдан бөлек, ұлттық асхана, мейрамхана бизнесіне де бет бұрыпсыз. Бұл кәсіп қалай басталды? Ұлттық тағамдарға деген сұраныс қандай?

 – Қазақстанда Еуропаның да, Шығыс Азияның да, көрші елдердің де асханасына негізделген мейрамханалары өте көп. Ал өзіміздің нағыз қазақи ас-тағамдарды ұсынатындар жоқтың қасы. Қазақтың дастарханы қашаннан бай, сөйте тұра, елге келген қонақтарға көрсететін мұндай орындар бізде аз, бұл мені қынжылтатын. Осымен, бес айдай болып қалды, Елорданың төрінен ұлттық тағамдар әзірлейтін мейрамхана аштық. Қазірдің өзінде тұрақты клиенттеріміз жеткілікті, көп бауырларымыз келіп, рақметін айтып жатады. Демек, біздің бұл ісіміз елге керек әрі маңызды деп түсінемін. Жазда Рим Папасының жанында жүрген қызметкерлері келіп, қазақтың ұлттық асханасынан дәм татып, риза болып кетті. Біздің негізгі клиенттеріміз, көбіне, шетелдік азаматтар. Мақсатымыз – оларды қазақтың бай қазынасымен, салт-дәстүрімен, дәмді ас мәзірімен таныстыру, дәм татқызу. Осындай қарапайым дүниелер маған зор қуаныш сыйлайды.

F: Жылқы өсіріп, сәйгүлік баптаумен айналысады екенсіз. Текті тұлпарларыңыз бар деп естідік...

 - Екі жыл болды атқа мініп, көкпар шауып жүрмін. Ұлдарымның да додаға деген қызығушылығы зор. Негізінен, бұл әр адам айналыса бермейтін спорт. Біріншіден, жүрек керек. Қайнап жатқан шаршы топтың ішіне кіру әркімнің қолынан келмейді. Өзім ат баптап, атбегі болып отырмын. Қорамызда он шақты айғыр бар. Әркімнің қазығына текті тұлпар бұйырмайды. Біздің мақтанышымыз – Сенатор деген тұлпар. Бұл тұлпарды Түркістаннан 10 млн теңгеге алып келдік. «Ердің атын сәйгүлік ат шығарады» деген, қазір мені ел ішінде осы тұлпардың иесі деп, әсіресе, оңтүстікке бара қалсам, «Сенатордың иесі сіз екенсіз ғой» деп танып жатады.

F: «Жаппай көкпар» федерациясын құрыпсыздар, оның миссиясы қандай?

- Иә, жуырда ғана Ақмола облысы «Жаппай көкпар» федерациясының президенті болдым. Бұл үлкен жауапкершілік. Негізгі міндетіміз – көкпар ұйымдастыру, дамыту. Нағыз ер азаматтардың спорты болғандықтан, жарақат алу жиі болып тұрады. Сол себепті, медициналық көмек, басқа да қазметтер дер кезінде келіп, сақадай сай тұруы қажет. Төрешілерді оқытып, көкпардың адал өтуін қадағалаймыз.

Бұл спортқа осыдан үш жыл бұрын әуестендім. Астана маңындағы ауылдарда атқа қонған 20-30 жігітті көріп, оларға қатты қызықтым. Өзім бала кезден атқа құмармын. Сол жігіттермен танысып, араласа келе, 2021 жылы алғашқы атымды сатып алдым. Содан Сарыарқа төсінде «неге көкпарды дамытпаймыз?» деген ой келді. Еңбегіміз еш кетпей, қазірде Астана маңында көкпарға үш жүзден астам ат шығатын деңгейге жеттік. Жастардың қызығушылығы өте зор. Байқасам, көкпарға атасы, баласы, немересі бірге келіп тамашалап жатады. Көкпарға деген құштарлық әр қазақтың бойында бар. Шауып келе жатқан кезде делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Әрине, ХХІ ғасырда біз атқа мініп, өркениет көшіне ілесе алмасымыз шындық. Алайда, атқа қонған қазақтың рухы өрлеп, өзгеріп шыға келетіні рас. Кейінгі ұрпаққа осы мол мұраны кемітпей, керісінше байытып қалдыруымыз қажет.

F: Алдағы бизнес жоспар қандай?

- Мейрамхана бизнесін жаңа бастағандықтан, осы саланың әбден жілігін шағып, майын ішкім келеді. Заман ағымына сай, бірқатар стартап жобаларды зерттеп, көздеп отырмыз. Әлі пісіп жетілмеген дүние болғандықтан, ол туралы арық сөйлеп, семіз шығайын. Негізгі жоспарымыз – ол өз отанымыздың гүлденуіне қызмет ету. Біздің әке-шешелеріміз Моңғолия елінде бақытты, жырғаулы тіршілік етті. Алайда, біз үшін, болашақ ұрпақ үшін ыстық ұясын тастап, Атамекені –Қазақстанға көшті. Оның өзінде «Қазақстаннан не аламыз» деп емес, «не береміз» деген ұлы миссиямен келді. Менің де мақсатым сол – әке-шешемнің үмітін ақтап, ел үшін аянбай еңбек ету. Бір білерім, еңбек – бәрін де жеңбек.

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Как сделать шопинг безопасным»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
23422 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить