Инфляция қарқынының баяулауы базалық мөлшерлемені төмендетуге жол ашуда

21358

Отандық қаржы нарығындағы маусым айындағы көрсеткіштер бойынша нарық ішіндегі кәсіби ойыншылардың пікірін сарапқа салып, талдаған ҚҚҚ сарапшылары осындай тұжырым жасап отыр

ФОТО: © Depositphotos.com/Valeriy_Golovin

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) кезекті шолуына, әдеттегідей, ел ішіндегі банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар мен сараптамалық және қазынашылық бөлімшелер қызметкерлерінің пікірі арқау болған. Олар Brent маркалы мұнайдың бағасы мен АҚШ долларының қазақ теңгесіне шаққандағы бағамына қатысты және инфляция, ЖІӨ, базалық мөлшерлеме сынды индикаторлар бойынша өз болжамдарын ортаға салған.

Сонымен, ҚҚҚ талдау орталығы өз шолуында биыл мамыр айында ел ішіндегі инфляция қарқыны «баяулай түсті» деп отыр – 0,6%-ға дейін (бұл соңғы 17 айдағы ең төменгі көрсеткіш). Соған сәйкес инфляцияның жылдық көрсеткіші де «төмендей түскені байқалған» – сәуірдегі 16,8%-дан мамыр айында 15,9%-ға дейін.

ҚҚҚ сарапшыларының пікірінше, бұған септік еткен факторлар арасында ҚР Ұлттық Банкінің дезинфляциялық саясатын, сыртқы инфляциялық қысымның төмендеуін, сондай-ақ көкөніс және жеміс-жидек маусымының басталуын мысал етуге болады. Бұл факторлар таяу келешекте «базалық мөлшерлемені төмендетуге жол ашады» дейді сарапшы қауым.

Әлбетте, осы арада туындайтын басты сауал – Ұлттық Банк шілде айында базалық мөлшерлеме бойынша «қандай шешім қабылдауы мүмкін?» дегенге саяды.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылар бұл тұрғыда екі түрлі пікір айтқан: 54%-ы базалық мөлшерлеме «ағымдағы деңгейде қалады» деп есептесе, қалған бөлігі – мөлшерлеме «жылына 16,5% деңгейіне дейін төмендейді» деп болжайды.

«Ал бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме ағымдағы 16,75%-дан жылына 13,5% деңгейіне дейін төмендеуі ықтимал», -деп көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары.

Айта кетейік, 2023 жылдың 26 мамырында ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылына 16,75% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдаған болатын.  «Бұл шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негізінде қабылданды», - деп мәлімдеді сол тұста еліміздің бас банкі. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін Ұлттық Банк 5 шілдеде Астана уақыты бойынша 12:00-де жария етуі тиіс.

ҚҚҚ талдау орталығы сарапшыларының айтуынша, базалық мөлшерлеме алдағы 12 айда «қалыпты түрде төмендей бермек», бұған инфляция қарқынының «ағымдағы 15,9%-дан 12,9%-ға дейін баяулауы септік ететін болады».

Айтқандай, еліміздің бас банкі биыл инфляция көрсеткіші 11–14% деңгейінде қалыптасады деп күтуде (2022 жылғы 20,3%-бен салыстырғанда).

Өз кезегінде ҚҚҚ сарапшылары, Ұлттық қордан және квазимемлекеттік субъектілер тарапынан шетелдік валютаның елеулі ауқымда сатылып жатқанын алға тартып, «қысқа мерзімге негізделген перспективада USD/KZT бағамы жыл басынан бері жинақтай алған барлық артықшылықты (жыл басындағы 462,66 теңге деңгейінен 16,1 теңгеге нығайды) сақтап қалады», - деп отыр.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамынша, 2023 жылдың шілде айының басында АҚШ долларының қазақ теңгесіне шаққандағы бағамы: «1 долларға 453,2 теңгені құрамақ» (ағымдағы бағам – 446,6 теңге). Сондай-ақ, олар: «бір жылдан кейінгі бағам өсіп», американдық 1 доллар 472,6 теңге тұратын болады, деп отыр (ағымдағы бағамға шаққанда +5,8% деңгейінде өсуі мүмкін деген сөз).

Ал мұнай бағасына қатысты отандық сарапшылар барынша позитивті болжам айтқан деп түйіндеуге болады. Олардың пікірінше, бір жылдан кейін мұнайдың бір баррелінің бағасы 83,3 долларды құрауы ықтимал. Сарапшылардың бұған дейінгі болжамы бір баррельге 76,8 доллар төңірегінде қалыптасқан-ды. Яғни, олардың алдағы жылға қатысты болжамы ағымдағы болжамнан 10% шамасында жоғары шығып отыр.

«ОПЕК+ ұсынған өнім өндіруді қысқартуға қатысты шұғыл шаралар мұнай котировкаларына қолдау көрсетіп, болашақ сұранысқа қатысты алаңдаушылықтың өсуіне орай, котировкалардың одан әрі құлдырауына тосқауыл болуы мүмкін», - дейді ҚҚҚ талдау орталығының сарапшылары бұл тұрғыда.

Сол сияқты, сарапшы қауым өз шолуында алдағы 12 айда ЖІӨ әрі қарай өсе береді деген болжам айтады, мысалға +3,7% деңгейінде (2022 жылғы 3,2%-бен салыстырғанда).

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Стрит-арт культура в Казахстане. Есть ли будущее?

Смотреть на Youtube

Куанышбек Есекеев: 5G, интернет в сёлах и киберспорт

Смотреть на Youtube

Лилия Рах: Из деревни - к звёздам мировой индустрии моды

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить