Пірматов: Жыл соңында инфляция 13–15% құрайды деген болжам бар

16316

Ұлттық банк 2022 жылдың соңында инфляцияның 13-15% деңгейінде болатынын болжады

ФОТО: архив пресс-службы

«Әлемдік экономика пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды: 2021 жылы жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсуі 6,1%-ды құрап, соңғы 40 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Қазақстан экономикасы да 2021 жылы 4,1%-ға өсіп, пандемияға дейінгі деңгейге оралды», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов үстіміздегі аптада өткен парламент сенатының пленарлық отырысында.

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, жаһан бойынша жеңілдей түскен фискалдық және монетарлық саясаттың нәтижесінде қалыпқа келе бастаған әлемдік сұраныс аясындағы жаһандық инфляция көптеген елдердің үкіметтері мен орталық банктерін өз экономикаларын қолдауға негізделген ынталандыру тетіктерін қысқартуға мәжбүр етуде.

«Инфляцияның жоғары деңгейі экономиканың сапасына және азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етуде. Соның салдарында дамыған елдердің де, дамушы елдердің де орталық банктерінің біразы инфляциялық қысымды төмендетіп, халықтың сатып алу қабілетін сақтау үшін негізгі мөлшерлемелерін көтеру цикліне көшті», - деді Ғалымжан Пірматов.

Айта кету керек, 2021 жылдың бірінші жартысында инфляциялық процестер біртіндеп тұрақтала бастағанымен, жыл ортасына қарай азық-түліктің, шикізаттар мен материалдардың бағасы әлем бойынша қаулап өсіп, инфляция қарқыны жеделдей түсті.

Бұл жағдай ішкі нарықта көкөністің жазғы бағасындағы дисбаланс және жанар-жағармай мен реттелетін қызметтердің қымбаттауы түрінде көрініс берді. Осы жағдайда ел үкіметі инфляцияны 8,5% шегінде ұстап тұруға ден қойды.

«Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, былтыр қыркүйектен бастап «2021–2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы шаралар кешенін» қолға алды. Бұл шаралар, ең алдымен, инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыруға бағытталған. Осының нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4%-ға дейін баяулады», - деп мәлімдеді Ұлттық Банк төрағасы сенатта сөйлеген сөзінде.

Бас банкирдің айтуынша, биыл да күшейе түскен инфляциялық қысымның негізгі себебі геосаяси дағдарыс пен соның салдарында ақпан-наурыз айларында орын алған теңгенің әлсіреуі. Нарық ішінде қалыптасқан осынау белгісіздік жағдайында тұтынушылық белсенділік те арта түскені есімізде. Сөйтіп, соңғы үш ай орамында алғанда, инфляция ақпандағы 8,7%-дан мамырда 14%-ға дейін өсті. Бұған, жылдық мәнде 19%-ға дейін жеткен азық-түлік бағасының өсуі де барынша үлес қосуда.

«Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауына қысым көрсетуді жалғастыруда, олардың бағасы 11,9%-ға дейін жеделдеп өсті. Сол сияқты, реттелетін қызметтер бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан, ақылы қызметтер бойынша инфляция 9,1%-ға дейін өсті», - деп көрсетті Ұлттық Банк төрағасы.

Естеріңізге сала кетсек 2021 жылдың орта тұсынан Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жиынтық түрде алғанда 75 базистік тармаққа үш рет көтерді – 9,75%-ға дейін. Ал 2022 жылдың 24 ақпанында базалық мөлшерлеме 13,5% деп белгіленді. Мұндай қажеттілік сол тұста «сыртқы сектордағы геосаяси ахуалдың нашарлауы жағдайында ел экономикасына түсетін ауыртпалық  салдарын барынша азайту және баға тұрақтылығын сақтап, ұлттық валютадағы активтерді қорғау мақсатында» деп түсіндірілді.

2022 жылдың 25 сәуірінде базалық мөлшерлеме 14%-ға дейін көтерілді. Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, бұл сыртқы инфляциялық қысым артып, ынталандырушы фискалдық саясат жалғаса түскен жағдайда, ішкі және сыртқы тұрақты сұраныс пен инфляцияның өсуін күту жағдайында қажет деп тапқан қадамның бірі.

«Ұлттық Банк айырбастау бағамының күрт ауытқуын және оның инфляцияға ұласуын шектеу шараларын қабылдаған болатын. Нәтижесінде айырбас бағамы күрт ауытқудан кейін өткен жылдың соңындағы деңгейге қайта оралды. Осылайша долларлану көрінісінің өсу тәуекелдері азайып, қаржы жүйесі сырттан келетін келеңсіз жағдайларға төтеп бере алды», - деп мәлімдеді Ғалымжан Пірматов.

Ұлттық Банк төрағасы, сондай-ақ, өз сөзінде, инфляцияға қарсы саясатты күшейту мақсатында ел үкіметі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі жаңартылған өзекті шаралар кешенін (2022 – 2024 жылдарға арналған) қолға алғанын еске салды.

«Қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективадағы инфляция тәуекелдерінің қазіргі балансын, сондай-ақ жаңартылған болжамдарды ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы 6 маусымда базалық мөлшерлемені 14,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады» деді Ғалымжан Пірматов.

Бас банкирдің айтуынша,  2022 жылдың соңын ала инфляция 13–15% деңгейінде қалыптасады деп болжануда.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Казахстан в кольце друзей или врагов?

Смотреть на Youtube

Кунсулу Закарья: Биолаборатории, новый всплеск ковида и учёные без денег

Смотреть на Youtube

Андрей Мовчан: мигранты, курс рубля, инфляция

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить