Стрестік активтер нарығы: жеке инвесторлар жағдайды өзгерте ала ма?

Отандық қаржы нарығындағы жұмыс істемейтін кредиттерді экономикалық айналымға тарту мақсатында, елімізде арнайы сервистік компаниялар институты құрылмақ

ФОТО: © Depositphotos/Tzido

Бұл жайында мамырдың 11-де мәжілісте өткен алқалы жиында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтқан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР парламентінің мәжілісі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заңға енгізуге ұсынылған өзгерістерге сай, сервистік компаниялар инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерді басқару тұрғысында қызмет көрсетпек.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл институтты дамыту – стрестік активтердің ликвидті нарығын қалыптастыру үшін қажетті шарт. Стрестік активтерді сенімді негізде басқарумен қатар, аталған компаниялар проблемалық активтердің иелеріне өзге де қызмет түрлерін көрсетуі тиіс, оның ішінде, берешек қарызды өндіріп алудың жеке стратегиясын әзірлеп, іске асыру басты міндет.

Мәдина Әбілқасымова, сервистік компаниялардың функциясын банктердің проблемалық активтерін басқаратын еншілес ұйымдары мен тәжірибелі коллекторлық агенттіктер атқарады, дегенді ескертті. «Мұндай компанияларға капитал ауқымы мен нарық ішіндегі жұмыс тәжірибесіне, іскерлік беделіне қатысты заңдық тұрғыда қатаң талаптар қойылады» деген ол, компания жұмысына қатысты «қадағалау шаралары» мен «санкциялардың болмауы» өте маңызды деп қосты.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы келтірген деректерге жүгінсек, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, қазақстандық банктердегі стрестік активтердің мөлшері 2,3 трлн теңгеге жеткен, бұл банк жүйесі активтерінің 6%-ы. Агенттік мәліметінше, стрестік активтерге банктердегі жұмыс істемейтін кредиттер, қарыз шартындағы талабы өзгерген кредиттер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік актив­терді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері жатады.

Саян Комбаров
Саян Комбаров

Өз кезегінде, экономист Саян Комбаров, стрестік активтерді – кәсіпорындардың өз міндеттемелерін атқару барысында қандай да бір экономикалық, қаржылық қиындықтарға тап болған, кіріс әкелмейтін борыштық және үлестік құнды қағаздары, деп түсіндіреді.

«Мысалы, сіз бір кәсіпорынға 1 млн теңге инвестиция салдыңыз дейік. Шарт бойынша кәсіпорын белгілі бір уақыт аралығында сол капиталды және оның қосымша уақытша құны түріндегі тиісті пайыздық үстемені қайтаруы керек. Мұндай инвестиция – болашақта кіріс әкелуі тиіс актив. Егер бұл кәсіпорын инвестицияны қайтара алмаса, онда мұндай активтің құны стресске ұшырады деген сөз, яғни ол – стрестік актив. Себебі ол инвестор не кредит беруші күткеннен де аз ақшы тапты», - деп түйіндейді сарапшы.

Саят Комбаров, сондай-ақ стрестік активтер нарығында проблемалы кредиттермен жұмыс істеуі тиіс сервистік компаниялар – ертеңгі күні «қоғамға еш пайдасы жоқ» кезекті «жемқорлық қызметтің бірі болып кетпеуін түбегейлі ескеру қажет» деп есептейді.

«Аталған заң жобасы кредиттік ұйымдарға өз шығындарын қоғам есебінен жабуға ықпал етпек. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен қарапайым халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіреді. Былайша айтқанда, сервистік компаниялар банктерге өз баланстарын шығыннан тазартуға көмектеспек. Заң жобасында банктер стрестік активтерді өздерімен біте қайнасқан үлестес құрылымдарға бере алады делінген. Сөйтіп отырып олар Ұлттық Банктен өтімді қаражат (ликвидность) ала алады, кредит беріп, проблемалық активтердің қалыптасуына ықпал етеді, оларды мемлекет пен қоғам есебінен сатып алады», - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда проблемалық кредиттер мен компанияларды сатып алумен және құрылымдаумен мемлекеттік қорлар айналысып келді. ҚР Ұлттық Банкінің мәлімдеуінше, мемлекеттік қорлардың нәтижесіз жұмысының басты себебі – мәселенің түп негізі шешілмеуінде. Ал экономист Саян Комбаровтың пікірінше, стрестік активтер нарығын дамытуға негізделген заң жобасындағы ұсыныстар мәселенің түп негізін шешуге емес, стрестік активтердің пайда болу салдарына ғана бағытталған.

«Стрестік активтер нарық ішіндегі ойыншылар жіберген қателіктердің нәтижесі. Яғни, банктер қарыз алушының кредиттік қабілетін дұрыс бағалай алмаған. Ал банктерден кредит алған кәсіпорындар мен қарыз алушылар нарық ішінде сұранысқа ие тауар не қызмет түрлерін ұсынуда өз қызметтерін дұрыс есептей алмаған. Мұндай жағдай нарыққа мемлекет араласқанда орын алады, айталық, банк жүйесіне ауадан алынған эмиссиялық ақшалай-қарыздық ликвидтілік ұсынып, кредиттік мөлшерлемені бұрмалау салдарында», - деп түсіндіреді экономист маман.

Айтпақшы, 11 мамырда мәжіліс депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Мәдина Әбілқасымова, Қазақстанда қарыз шартындағы талабы өзгерген кредит көлемі – 936 млрд теңге, жұмыс істемейтін кредит көлемі – 870 млрд теңге, банктердің еншілес ұйымдарының активі – 356 млрд теңге және өндіріп алынған мүлік активінің көлемі – 156 млрд теңге деп көрсетті.Байыппен қарасақ, отандық банктердегі стрестік активтердің 40%-ға жуығын жұмыс істемейтін кредиттер, яғни төлеу мерзімінен кем дегенде 90 күн кешіктірілген кредиттер алады екен. Оны банктерде NPL (Non-performing loan) деп көрсетеді.

Жалғасбек Ақболат
Жалғасбек Ақболат

Қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, NPL – банк секторындағы кесел аурудың бірі. «Оның үлесі артқан сайын банктің «денсаулығы» да нашарлай береді. Банктің негізгі инструменті ақша болғасын, ол үнемі айналымда болуы керек. Айналым дұрыс болмаса немесе бір жерде «ұйып» қалса, «ампутация» жасауға тура келеді. Мұндай жағдай – банк дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ дегенді білдіреді», - дейді ол.

Дегенмен, 2022 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткіштер бойынша банктердегі жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі тарихи минимумға дейін төмендеген, яғни NPL көлемі 669 млрд теңгені құраған (жалпы кредит портфелінің 3,3%-ы). Бұл көрсеткіш 2021 жылдың басында 1 трлн теңге болатын (кредит портфелінің 6,9%-ы).

Жалғасбек Ақболаттың пікірінше, NPL көлемі кредит портфелінің 10%-нан асқан жағдайда, банкке қауіп төнді деген сөз. «Отандық банктер өз қоржындарындағы жұмыс істемейтін кредиттердің көлемін азайтпаса, «Астана банкінің» не AsiaCredit Bank-тің кебін киюі мүмкін. AsiaCredit Bank ашылғаннан-ақ агрессивті түрде кредит бере бастады. Олардың ойы «қазір жұртқа кредит беріп тастаймыз да, кейін қайтарып ала қоямыз, сонда көп пайда түседі» дегенге сайды. Бірақ азаматтарға берілген кредиттердің дені қайтарылған жоқ. Соның салдарынан NPL көрсеткіші көтеріліп, банктің тұрақтылығына кесірін тигізе бастады. Ақыры бұл банк жабылып тынды», - дейді қаржыгер.

Сарапшының айтуынша, отандық банктердегі жұмыс істемейтін кредиттердің көбеюіне тағы бір басты себеп – отандастарымыздың қаржылық сауатсыздығы. «Елдегі екінші деңгейлі банктерді мемлекет қаржыландырып келеді, қарызын да төлеп береді. Осы кезде тек жеке адамдар байиды, бірақ экономика зардап шегеді», - дейді ол.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері отандық банктер ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісе отырып, 648 млн теңге түріндегі проблемалық кредит ауқымын есептен шығарған. Бұл жайында Агенттік басшысы 11 мамырда мәжілістің алқалы жиынында айтқан болатын.

Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ: «2019 жылы жүргізілген активтердің сапасын тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша стрестік активтердің үлесі банктердің кредиттік портфелінің 21%-ы болып бағаланды. Анықталған шығындарды өтеу үшін банктер 554 млрд теңгеге қосымша провизиялар қалыптастырды, 128 млрд теңгеге капиталды қосымша ұлғайтты», - деп мәлімдеді.

Айтқандай, заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерін жеке инвесторлар да сатып ала алады. Яғни, жеке инвестор заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қарыздарын сатып алу құқына ие болады. Бірақ ол қарыз алған жеке тұлғаның кредитін сатып ала алмайды, заңда мұндай мәселе қарастырымлмаған. Бұл – қарыз алушы жеке тұлғалардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Экономист Саян Комбаровтың айтуынша, жұмыс істемейтін стрестік активтерді сатып алатын компаниялар мен тұлғалар адал болып, стрестік активтерді тек өз қаражаты есебінен немесе жеке қаржыландыруды тарту арқылы сатып алуы керек. «Мұндай қызметтің пайдасы – стрестік активтердің әділ бағасын анықтап, активтерді өздері үшін, мемлекет және қоғам игілігі үшін тиімді пайдалана алатын шынайы мүдделі меншік иелерін табу. Сонда ғана мұндай қызмет қаржы нарығына оң әсер бере алады», - дейді ол.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Пятьдесят оттенков Хургады »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
27423 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить