Серік Толықпаев: жұмсақ шешімдер

14528

Қазақстандағы ірі құс етін өндірушіге айналған кәсіпкер бүкіл елдің тұрақты дамуына қалай атсалысты?

Серік Толықпаев
ФОТО: © Андрей Лунин
Серік Толықпаев

2015 жылы шілдеде Серік Толықпаевпен (рейтингте №47) кездескенде, оның Өскемендегі құс фабрикасы «Бәйтерек» ұлттық холдингінің «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысып, 32 финалистің бірі болған еді (осы бағдарлама арқылы үкімет елдегі перпективалы орта компанияларды аймақта, ең алдымен ЕАЭО алаңында бәсекеге түсе алатын ірі компанияға дейін өсіруді көздеген).

 ӨҚФ нарықтағы 13–14% үлесті алды, оның соңғы төрт жылдағы сатылымы жыл сайын орта есеппен 33%-ға өсіп отырды, ал инвестиция мен активтердің тиімділігі 30–40% құрады. Бірақ 2015 жыл табысты болатындай көрінбеді – рубль құлап, теңге курсын нарықтық емес жоғары деңгейде ұстап тұрғаннан кейін жергілікті кәсіпкерлердің ресейлік өндірушілермен бәсекеге түсуге еш мүмкіндіктері қалмады. Олар Қазақстан ЕАЭО-ға кіріп, кедендік шекаралар ашылған соң онсыз да қорғаусыз қалған еді. Толықбаевтың айтуынша, саладағы нашар жағдайға қарамастан, бизнесті кеңейтуді ойлап, астанадағы ең ірі бройлерлік құс фабрикасының құрылысы үшін инвестор іздей бастаған. Оның жылдық қуаты 60 мың тонна, құрылысқа 150 млн доллар қажет. Тіптен қытайлық-қазақстандық CITIC Kazyna тікелей инвестициялар қорының капиталына кіруіне келісім де алып қойған болатын.Сол кездің өзінде бұл тым тәуекелшіл жоба еді, ал бір жарым айдан соң теңге курсы құлағаннан кейін шағын, табысты компанияны валюталық несиенің шұңқырына өз қолымен жығып беретін жобақұмарлық сияқты көрінді.

Ал алты жылдан кейін біз әңгімемізді «Aitas.kz» АҚ бас директорының Алматыдағы кеңсесінде жалғастырдық. Енді оған үш құс фабрикасы тиесілі еді, оның бірі Қазақстандағы ең ірі Макинск кәсіпорны, жылына 60 мың тоннаның өнімін шығарады. Енді жылдық қуаты 30 мың тонна болатын кезекті фабрика салынып жатыр. Ал компания 2021 жылы елдегі құс етінің ең ірі экспорттаушысына айналды, ТМД-да инкубаторлық жұмыртқа өндіруден көшбасшы болу деген мақсаты бар. Бұл жолы оның солай боларына күмән туындамайды.

Еуропалық ажырасу

Сол кезде CITIC Kazyna қорымен жұмыс істеудің сәті түспеді. «2015 жылдағы девальвациядан кейін біз жобаны тоқтатып қойдық, артқа бір қарап, теңге курсы құбылып, құрылыс құны күрт өскенде қолымыздан келе ме деп ойланып алу керек еді. 2016 жылы CITIC Kazyna жобадан кетіп (қытайлықтар шарттарын тым қатаңдатып жіберді), «Казына Капитал Менеджмент» біздің сенімімізді ақтау үшін «Бәйтерек» холдингінің жанындағы қордың қатысуын ұсынды. Акционерлік капиталдың екінші қатысушысы ЕҚҚДБ (Еуропалық қайта құру және даму банкі – ред.) болды. Біз олардан және бельгиялық GIMV қорынан өз кезінде ӨҚФ-ны сатып алған едік, байланыс сақталды, оларға біздің cashflow ұнады. Келіссөздерді қазақстандық филиалымен емес, Лондондағы инвестициялық бөлімшесі арқылы жүргіздік. Бұл ЕҚҚДБ-ның әлемдегі құс өсіру шаруашылығына алғаш рет қор арқылы емес, тікелей кіруі еді», – дейді Толықпаев.

Бірақ даму банкі шарт қойды, инвестицияны қорғау үшін аналық компания еуропалық заңнамада тіркелуі керек. Осылай люксембургтік Aitas Lux пайда болды, оның 82%-ын Толықпаев иеленді, ал 18%-ды ЕҚҚДБ және Baiterek Venture Fund өзара шамамен бірдей бөліп алды. Бұл 2017 жылдың басында болған жағдай, келесі жылдың соңына Макинск фабрикасының бірінші кезегі іске қосылды. Бірақ 2019 жылдың бюджетін қорғайтын уақыт жеткенде ЕҚҚДБ ары қарайғы өсуге консервативті ұстанымды таңдайтынын алға тартып, екінші кезектің құрылысын бекітпей қояды. «2019 жылы бекітілмеген бюджетсіз сегіз ай жүрдік. Соңында келісімнен шығып, ЕҚҚДБ-ның үлесін сатып алдық», – деп еске алады Толықпаев.

«Ажырасу» қымбатқа түсті, банк компания акцияларына 20 млн доллар салған, оларды бір жарым жылдан кейін 28 млн долларға сатып алуға тура келді. «Келісімнен уақытынан бұрын шыққан жағдайда өте үлкен санкциялар салынған, ал келісімнің өзінде екінші кезектің құрылысы көрсетілмеген еді. Олар жобаның екі кезегі барын білді, бірақ: «Алдымен бірінші кезеңді бітіріп алайық, егер бәрі жақсы болса ойланамыз», – деген еді. Бұл заңгерлік, эмоциялық баталиялары жетіп артылатын тұтас бір «Санта-Барбара» сериалы сияқты еді. ЕҚҚДБ тіпті арнайы letter of understanding шығарды. Ол сотқа дейінгі шағымның формасы, егер ол қайтарылмаса, аудит кезінде кедергі болуы мүмкін, яғни «қара таңба» десек те болады. Бірақ Люксембургтегі заңнама біздің пайдамызға жұмыс істеді. Ол акционерлерге емес, компанияға көбірек басымдық берді, яғни қызметкерлердің құқығын қорғауды бірінші орынға қойған», – деп түсіндіреді Толықпаев.

ЕҚҚДБ үлесін ҚДБ (Қазақстан даму банкі – ред.) сатып алуға дайын еді. Ол өзінің DBK Equity Fund C.V атты еншілес компаниясы арқылы Макинск құс фабрикасының құрылысын қаржыландырды. Осылайша Aitas Lux Люксембургте тіркелген толыққанды қазақстандық компанияға айналды. «Бұл біз үшін тамаша ұсыныс болды, себебі валюталық тәуекелдерден алыстадық. Өзіндегі тәуекелден құтылып, жақсы пайда тапқанына ЕҚҚДБ да риза еді. Ал біз кеңейе бердік. Енді бизнесмендер ҚДБ-ға ренжігенде мен: «Жігіттер, халықаралық даму институттарымен жұмыс істеп көріңдерші, сонда ҚДБ-ның әлемдегі ең үздік банк екеніне көздерің жетеді деп айтамын», – деп күледі Толықпаев. «Макинкаға» 180 млн доллар инвестиция құйылды, бұл жоспарлаған сомадан 30 млн долларға артық еді.

Экспансия

2020 жылы екінші кезек іске қосылды, бірақ Aitas онымен де тынышталмай, осы жылы үшінші кезектің құрылысын бастады. Оны 2022 жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар Өскемендегі құс фабрикасын 30 мың емес, 60 мың тонна өнім шығаратындай кеңейтіп жатыр, бұл жұмыс та келесі жылы наурызда аяқталуы керек. Бірінші кезек іске қосылғаннан кейін компания нарықтың 25%-ын, ал екінші кезектен кейін үлесті 32%-ға жеткізді. Осы жылдар аралығында нарықтың көлемі 210–220 мың тоннадан 320–340 мың тоннаға дейін артты, ал Aitas 90 мың тонна өнім шығаратын «Кус&вкус» брендімен елдегі ең ірі өндірушіге айналды. Оның ең жақын бәсекелесі «Алатау-Құс» АҚ-ның жылдық қуаты 45 мың тонна. Дегенмен Толықпаевтың айтуынша, қазақстандық құс фабрикалары бір-бірімен емес, америкалық және ресейліктермен бәсекеге түседі. «Біздегі импорттың үлесі жоғары. Макинск фабрикасының бірінші кезегін іске қосқанда, импорт пен өндірістің ара қатынасын өзгерте алмадық, ол 55-ке 45% күйінде қалды, себебі тұтыну да өсті. Келесі екі жылда басқа да құс фабрикалары қуатын өсіріп, екінші кезек іске қосылған соң, ара-қатынас 45-ке 55% болып ауысты. Яғни, біз сатуды көбейтіп ешкімнің жолын кеспедік, америкалық және азырақ дәрежеде ресейлік құс етін ығыстырдық», – дейді кәсіпкер.

ФОТО: © Андрей Лунин

Толығымен ығыстырмаса да, АҚШ-тан келетін импортты барынша арзан сегментке қарай жылжытты. ДСҰ-ға (Дүние жүзілік сауда ұйымы – ред.) қосылу бойынша келіссөздер кезінде бұл сала мемлекеттің басқа мүдделеріне байланысты құрбандыққа ұшырады, АҚШ-қа берілген квота 110 мың тоннадан 140 мың тоннаға дейін артты. Ол кездегі нарық көлемі 200 мың тонна екенін ескерсек, әрине, қазақстандық құс еті өндірісі үшін бұл ауыр соққы еді. Америкалықтардың квотаны толығымен жабуға шамалары жетеді, бірақ қазір барлығы дерлік қайта өңдеуге кетеді. «Яғни, оның бәрі колбаса өндіруге, кейтерингке кетеді. Ал B2C алатын болсақ, халықтың табысы төмен солтүстік өңір мен Түркістан облысына жіберіледі. Ресейліктер тек мұздатылған құс етін әкелді, салқындатылған түрі аракідік шекаралас аймақтарда кездеседі», – деп түсіндіреді Толықпаев.

Бірақ осы жылы Aitas белсенді түрде ресейлік нарыққа кірді: қазақстандық құс еті экспортының 80%-ы Толықпаевқа тиесілі, тек бірінші жартыжылдықта ғана ол елге 12 мың тонна өнім жіберілген. Бұған Ресейдегі ет бағасының көтерілуі себеп болған. Нарықтағы жағдай әлемдегі жем бағасы құбылғаннан кейін күрт өзгеріп кеткен. «Егер биржада бидай қымбаттаса, Америкада бірден ет бағасы көтеріледі. Ресейде болса баға бір айдан кейін, ал Қазақстанда жарты жылдан кейін өседі», – деп күледі Толықпаев. Жеткізу де әзірше B2B түрінде, ресейлік сөрелерге Aitas әлі жете қойған жоқ. «Сөрелер мәселесін шешу оңай емес. Ол үшін жақсы жоспарланған маркетингтік стратегия керек, оның үстіне мемлекеттегі саяси лобби де қажет, ал ол әзірге бізде жоқ. Экспансияға салмақты жауап бере алатын дамыған институттар да болуы тиіс. Олар бізге кіреді, ал біз бара алмаймыз. Олар бізді тоқтататын мың себеп тауып бере алады, ал бізде тура сондай себептерді талдап, саралап, қарсы жауап айта алатындай жақсы мамандар жоқ», – деп қынжылады Толықпаев.

Алматы облысындағы Қапшағай маңындағы үшінші фабрика – тұқымдық репродуктор. Өткен жылы Aitas сол жерде салынып жатқан шағын құс фабрикасын сатып алып, биыл сол жерде инкубациялық жұмыртқа өндірісін бастады. Толықпаев егер өндірісті кеңейту туралы жоспар болса, инкубациялық жұмыртқаны жергілікті деңгейде шығару да өте маңызды екенін айтады. «Әсіресе пандемия кезінде көп байқадық. Өскемендегі тұқымдық репродуктор тек ӨҚФ-ге ғана жетеді. Макинск үшін біз импорттық жұмыртқа алдық, шекарада үлкен қиындықтар туындады. Мемлекеттер жиі жабылып қалды, оған алдын ала дайындалу да мүмкін емес еді. Оның үстіне Ресей де ЕАЭО елдері инкубациялық жұмыртқаға бөгеуші кедендік салық енгізу керек деген мәселені белсенді түрде көтеріп жүр. Бройлер жұмыртқасына қарағанда тұқымды жұмыртқа өндірісінің қайтарымы ауырлау, бірақ ол бизнеске тұрақтылық береді», – деп түсіндіреді Толықпаев. Жоспарда жалпы қуаты жылына 160 млн дана инкубациялық жұмыртқа өндіретін төрт кезектің құрылысы, бұл қазіргі қажеттілікті толық жауып, топтың болашақ жобаларына да жетуі керек. Қазір Қазақстан импортқа қатты тәуелді, тек екі-үш құс етін өндірушіде ғана өзінің инкубациялық жұмыртқасы бар.

Толықпаевтың сөзінше, компания белсенді инвестициялық фазада болғанына қарамастан, нарыққа шаққандағы қарыз жүктемесі орташа. «Несиелілік бар, банктік ковенант бойынша өтіп тұрмыз, қаржыны да барынша тиімді жағдайда тартып отырмыз. Әзірге осы дәлізде қалуымыз керек, алыстап кетуге де және мүмкіндік жіберіп алуға да болмайды. Қазір нарықта бірегей жағдай, мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген жақсы өнімдер ұсынылуда, біз барлығына барынша қатысамыз, абырой-беделіміз жақсы», – дейді ол. 2021 жылдың болжамы бойынша, түсім 72–75 млрд тенге, ал EBITDA 16–17 млрд шамасында. Қазіргі құрылыстар аяқталғаннан кейін топтың инвестициялық үзіліс алып, 2023 жылы даму институттарынан үлестерді сатып алу ниеті бар.

Миссия және міндет

Бірақ Серік Толықпаев тек бизнесіне ғана алаңдамайды. Үш жыл бұрын Aitas өзінің әлеуметтік бағытын «Қазақстан халқына қызмет ету» деп айқындап алған. Осыдан «елдің тұрақты дамуы» деген миссия пайда болады. Пафосты естілгенімен, бұл сөздердің артында Ауыл аумағын тұрақты дамыту бойынша корпоративті қор іске асырып отырған салмақты бағдарлама бар. Толықпаевтың сөзінше, бұл жерде мәселе бизнестің үйреншікті әлеуметтік жауапкершілігінде емес: «Әлеуметттік жауапкершілік – ол жолай жасап отырғаның, ал бізде нақты мақсат бар. Ол бизнеске тең болатын біздің тағы бір толыққанды жұмысымыз».

ФОТО: © Андрей Лунин

Сұхбаттасушының сөзінше, алты жыл бұрын ол қоршаған орта саласында бірнәрсе жасау керек екенін іштей сезінген. Компания ШҚО-дағы Ұлан ауданында парк салды, облыс орталығында парк зоналарын жасады. «Бірақ ешқандай қанағаттану сезімі болмады. Ауданның тоқсан жылдық мерейтойын тойлау үшін туған жерім Қатон-Қарағайға барғанда ғана бір шешім келе қалды. Туған өлкем адами капиталдан қалай айырылып жатқанын көрудің өзі ауыр еді. Кеткендер мен осында қалғандарды қайта біріктіру керек екенін түсіндім», – дейді ол.

Компания ауданды зерттеп, оның күшті және әлсіз тұстарын анықтады, өзі қолданатын стратегиялық жоспарлау құралдарын пайдалана отырып, тұрақты даму стратегиясын жасады. «Стратегия тірек артықшылықтар мен кедергілерге, яғни оларды жетілдіру мен еңсеруге негізделеді. Нәтижесінде бірінші алгоритм пайда болды, барлық қызығушылық білдірген тараптармен бірге сараптама жүргізу керек еді. Талқылау кезінде экономика, қоршаған орта және экологияның қатар тұрақты дамуы керек екенін түсіндік. Бұл үш ортаға әсер ететін ең негізгі құралдар: билік, бизнес және азаматтық қоғамның коллаборациясы. Ал біздің рөліміз – катализатор және интегратор болу, модераторлық ету», – деп түсіндіреді Толықпаев.

Powered by NIS

Әлеуметтік тұрғыда ең үлкен мәселе болған білім беру және денсаулық сақтау саласы еді. Білім беру бойынша елдегі ең үздік мектептер жүйесімен бірлесе жұмыс істеу бекітілді, осылайша «Powered by NIS ауыл мектептері» жобасы пайда болды. Қатон-Қарағай ауданында үш тірек ауылдан үш мектеп таңдап алынды. «Біздің Күләш Ноғатайқызымен (Күләш Шәмшидинова, бұрынғы білім және ғылым министрі, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқарма төрайымы – ред.) көптеген кездесулер өткіздік, олар НЗИ-ді ел бойынша жақсы масштабтап келеді. Олар біздің мектептерімізді де өз бақылауына алуға келісті. Қазіргі ауыл мектептерінің мұғалімдері «ништің» оқытушыларына айналғандай болады – оларға НЗИ-дің әдістемесін үйретіп, қайта оқытады. Біз болсақ НЗИ стандарттары бойынша өз мойнымызға қаржыландыруды жүктеміз», – дейді Aitas тобындағы миссия және бағыт бойынша директоры Ксения Верба. Әр мектепке компания үш жылға деп бөліп 200 млн теңгеден салады. 2020 жылы кітапхана толықтырылды, робототехника, информатика және еңбек сыныптары жарақтандырылды. Биыл физика, химия, биология, математика және логика сыныптары мен зертханалары қайта жаңартылды. Ал келесі жылы бастауыш және тіл сыныптарын жаңалайды.

Бірақ бәрі ойлағандай оңай болмады. «Қазақтелекомның» ауылдарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету бойынша жобасы аудандарға барды, бірақ тұтынушыларға жетпеді. «Қағазда белгі бар, бірақ интернет жоқ. Енді парламентте дауысы, қандай да бір ықпалы бар жерлестерді араға салып, мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ мұндай проблема жетіп артылады. Мектептер дұрыс жұмыс істеу үшін су керек. Мұғалімдер керек, себебі стандарт бойынша шет тілін оқыту үшін оны ана тіліндей білетін мамандар үйретуі керек. Оларды қайдан аламыз? Қатон-Қарағайға кім барады? Ол үшін қанша төлеу керек?» – деп қолын жаяды Толықпаев. Ал ағылшын тілінің мұғалімдерімен мәселені қалай шештіңіздер дегенде, ол күле отырып: «Шешімі қарапайым, қаржыландыру көлемін арттыруға тура келді», – деп жауап берді.

Бүгін жобаға ӨҚФ орналасқан ШҚО-ның Ұлан ауданындағы және Макинск фабрикасы салынған Ақмола облысы Бұланды ауданындағы мектептер қосылды. Қатон-Қарағайдан бастап компания бизнес жүргізген аймақтарда да тұрақты даму қорын құруды бастаған. «Жоба координаторы жергілікті қауымдастықты жинап, бірлесіп аудандағы демография, салық, денсаулық сақтау, білім беру, жол, қонақ үй және тағы басқа салалар бойынша ауданға толық сараптама жасайды. Мұның негізінде он жылға жоспарланған экономикалық, әлеуметтік және экологиялық стратегия жасалады, алғашқы жылдың барлық детальдары толық жазылады. Бізде осындай үлкен төрт зерттеу бар», – дейді Верба.

Есеюді масштабтау

Екінші әлеуметтік негіз – медицина. Елдегі 165 аудан орталығының 52-інде заманауи медициналық зертханалар жоқ екені белгілі болған соң, Толықпаев «Олимп» және Invivo компанияларының басшыларымен кездесті. Олардың сөзінше, өтелімділік кезеңі стандарттарға сай болмағандықтан бұл аудандарға бармайды екен. «Анықталғандай, өтелімділік шынымен нашар екен. Облыс орталығындағы зертханаларға апаратын биоматериалдарды жинайтын пункттер салу үшін өтелімділік жоғары болу керек, ал оған 1,2–2 млн теңге жетпейді екен. Біз келісімге келдік. Олар жергілікті кәсіпкерлер тауып, соңғылары сол пункттерді жасайды. Ал біз 52 аудан үшін 100 млн теңге қосатын болдық», – деп түсіндіреді Толықпаев.

Қазір осындай сегіз зертхана ашылған, тағы бесеуін іске қосу үшін 12 млн теңге бөлінген.

Тұрақты даму қорлары болашақта масштабтауға болатын ауылдағы алғашқы медицина-санитарлық көмек моделімен де жұмыс істеп жатыр.

ФОТО: © Андрей Лунин

Алайда әлеуметтік өзгерістер басталғанымен, олар жергілікті экономиканы, яғни кәсіпкерлікті дамытпаса тұрақты болмайды. Қор жүргізген сараптама бойынша әртүрлі аудандардың бәсекеге қабілеттілігі, негізгі артық тұстары анықталған. «Мысалы, Қатон-Қарағайда ол, әрине, туризм, дәлірек айтқанда, экотуризм. Ол қымбат, табиғатқа антропогендік әсер минималды болуы керек. Бұл үшін мейманжайлар стандарттарға сай болу керек. Өткен жылы біз бес мейманжайға миллион теңгеден беріп, канализация мен санитарлық торапты ретке келтірді. Биыл тағы 20 грант бөлдік. Ет кластеріне айналған Бұланды ауданында жергілікті бизнес бізбен бірге өсуі үшін егін жеткізуге, автотранспорт қызметі және басқаларға келісімшарт және гранттар береміз», – дейді сұхбаттасушы.

Бұл тәжірибені неге елдегі 165 ауданға таратпасқа? Оны жалғыз орындай алмайсың, сол үшін Толықпаев өз идеясын тарату мақсатында бизнесмендермен кездесулер өткізеді. «Біз алгоритмдер дайындап, қосылатын кім бар деп сұраймыз. Ниет білдіргендер табылады. Енді бұған біздің бизнесіміз бар аймақты тұрақты дамыту деп қана емес, мемлекеттік стратегия түрінде қараймыз. Мәселен, Щучинскіден жақсы адам табылды. «Қазцинк» қызығушылық танытты, келесі жылы бір мектепке 200 млн теңге береді. Менің досым әрі жерлесім Саша Дериглазовтың «Меломаны» да қосылатын болды. Менің ойымша, бизнестегі әрқайсымыз ел үшін жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнымызға алуымыз керек. Әйелім идеалды емес деп отбасы үшін жауапкершілік алудан бас тартпаймыз ғой. Халықтың ересек болуының белгісі – адамдар жауапкершілікті өзгелерге артпай, өз қолына алуы», – дейді Толықпаев.

Көміртегі ізі

Нәтижесінде Aitas тобында құрылған Ауыл аумағын тұрақты дамыту бойынша қордың жұмысынан кейін бизнес-миссия қайта қаралды. Егер осы жылға дейін компанияның мақсаты сектордағы ең ірі вертикалды интегралданған өндіріс-дистрибуциялық холдинг атану болса, енді елдің тұрақты дамуына ықпал ете алатын жетекші инновациялық холдингке айналуды көздеп отыр. «2010 жылы алға қойған міндет орындалды, енді инерциямен алға жылжу керек. Қазір біз алдағы он жылға арналған міндетті нақтылап жатырмыз. Қандай облыстарға барғымыз келетінін анықтадық. Бұл тек аграрлы-өндірістік кешен ғана емес, білім беру, медицина және экология саласы. Біздің компанияның ерекшелігі – ізденімпаздық. Біз алғашқы болып Қазақстанда салқындатылған құс етін толыққанды өнім ретінде сатылымға шығардық, тікелей жеткізуді іске қостық. Инновация – біздің негізгі мықты тұсымыз. Біз салалық ірі проблемаларды шеше алатынымызды, сол арқылы елдің тұрақты дамуына әсер ете алатынымызды түсіндік. Қазір Қазақстанның алдында тұрған басты мәселелерді қараймыз, әлемдік трендтерді назарға аламыз, барлығын құрастырып, дамуымыз қажет облысты анықтаймыз», – деп мәлімдейді Толықпаев.

Оның ойынша, әлемде шикізат құндылығын түсінуде түбегейлі өзгеріс орын алды, қазіргі қымбатшылық сол өзгерістің белгісі: «ЕО көміртегі салығын енгізді, бұл өнімнің өзіндік құнының артуына әкеліп соғады. Тасымалдау құнын азайту үшін бизнесті жергілікті жерге лайықтау процесі жүреді. Осыған дейін бәрі оған үнемдеп, масштабқа жұмыс істеген еді. Қазір сол үнем келмеске кетті. Осыған дейін импорттаған өнімді өзіміз өндіруді бастауға тура келеді, себебі солай арзанға түседі. Авокадо мен бананды мүлде жемейміз не жеуді азайтамыз. Пластиктен қағаз бен шыныға ауысамыз. Бұл ұзақ мерзімді жаһандық тренд, ол сommodities-тің мойнына артылуда әрі қымбатшылыққа жол ашты, мысалы тұрғын үй бағасынан байқалады. Тауарда көміртегі ізі саналатын болса, бұл дегеніміз – дүниені басқаша қабылдау».

Өз саласында жергіліктендіруден бөлек Толықпаев өсімдік майы мен ет жасушасынан ет өндіру саласынан жақсы мүмкіндіктер көреді. Топ білім беру, медицина және экономикаға жаңа әдіспен келуден де табыс табу мүмкіндіктерін көріп отыр. Осылайша, Қатон-Қарағайды карбон ізі нөл болатын ауданға айналдыру деген мақсат қоя отырып, Aitas энергияның альтернативті көздерін қарастыруда. Оның жақсы бизнес-әсер беретін түрлеріне да кірмек ниеті бар.

«Менің түсінгенім, бәсекелестік пен тұтыну таза күйінде тығырыққа тірейді. Яғни бұл жерде құндылықтар мәселесі адамның болашақта емес, қазір тірі қалуы мәселесі. Егер біздің осында қалғымыз келсе, шешімдер жұмсақ болу керек. Бізге басқаша көзқарас қажет, «мен және әлем» деп емес, «әлем және мен» деп қарауымыз керек. Негізгі проблеманың шешімін табу керек, ол – технология мен біздің маймылдық бөлігі басым менталдығымыздың арасында ұзарып кеткен қашықтық. Бұл өте үлкен сын, бірақ адам – бейімделгіш тіршілік иесі, біздің еліміз де сондай деп үміттенемін», – дейді Толықпаев.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Досым Сатпаев: Парламент как парк НУРского периода

Смотреть на Youtube

Главы крупнейших частных школ Казахстана о том, растет ли качество среднего образования в стране

Смотреть на Youtube

Газиз Абишев: бунт Пригожина, будущее России и Казахстана

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить