Қазақ баласы Голливуд туындысын қазақша тамашалауға құқылы

2022 жыл елімізде «Балалар жылы» деп жарияланды. Осы орайда, Қазақстанда бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің қазақша сапалы фильм тамашалу құқығы қаншалықты орындалып жатыр? Жалпы, елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақша сапалы контент бар ма? Оны кімдер және қалай дайындап жүр?

ФОТО: © pixabay.com

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2020 жылы Қазақстандық қоғамдық даму институты «Қазақстандағы балалар теледидары» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сонда сауалнамаға қатысқан ата-аналардың 44,1%-ы балалары күнделікті ақпаратты теледидардан да, интернеттен де алатынын айтқан. 37%-ы – «балалар тек интернеттегі бағдарламаларды таңдайды» деген. Республикалық маңызы бар қаладан сауалнамаға қатысқан ата-аналардың тек 3%-ы ғана балалары интернет те, теледидар да қарамайтынын айтқан. Жалпылай алғанда бұл сауалнамаға ел ішіндегі барлық өңірлерден 1–15 жас аралығында балалары бар 1200-ден астам ата-ана қатысқан.

Жасөспірімдерге арналған қазақша контент жоқ

Қазақстандық қоғамдық даму институтының төрағасы Қазбек Майгельдиновтің айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдерге арналған қазақ тілінде контент жоқ.  

«Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп қабылданғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ бүгінге дейін, әсіресе, жасөспірімдерге арналған қазақша контенттің жоқтығы – көкейкесті мәселе. Тілдік орта қалыптастыру үшін отбасының, қоғамдық ортаның, мектеп пен бала-бақшаның ролі зор, бірақ бала бос уақытын көбіне теледидар мен интернет қараумен өткізетінін әлеуметтік зерттеу дәлелдеп берді. Ал Қазақстанда балаларға арналған жалғыз телеарна – «Балапан» ғана. Оның контенті 0–6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. 6–12 жастағы балаларды «Балапан» қызықтыра қоймайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.

Осы мәселені ескерген ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі былтырдан бастап мультипликациясы бар әлемдік арналардың контентін сатып алып, қазақшаға аударуды қолға алды. Мемлекеттік тапсырысты орындау Қазақстандық қоғамдық даму институтына жүктелген. Оған министрлік 2021 жылы бюджеттен 606,1 млн теңге, 2022 жылы 861,5 млн теңге бөлген.

Nickelodeon және TiJi қазақша сөйлей бастады

Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Ракишеваның айтуынша, аталған орталық балалар арасында сұранысқа ие телеарналарды анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, Қазақстанда балалардың арасында мейлінше танымал телеарналардың ондығына «Балапан», «Мульт»,  «Карусель», Nickelodeon, CartoonNetwork, TiJi, GulliGirl, «Мультимания», «Детский» және Disney кірген.

Айгүл Ракишева
Айгүл Ракишева

«Қазақшаға аударылатын телеарналарды таңдауда іріктеу жүргіздік. Іріктеуде арнаның танымалдығына, аудиторияны қамту аумағына, әлемдік рейтингтегі орнына, халықаралық байқауларда алған жүлдесіне назар аудардық. Осылайша Nickelodeon және TiJi телеарналары таңдалды. Nickelodeon арнасы 180 елде 40-қа жуық тілде, TiJi 20 елде 14 тілде көрсетіледі», - дейді Айгүл Ракишева.

Бұл екі арнаның да тұсаукесері биыл мамырда өткізілді. Nickelodeon арнасында 2022 жылдың аяғына дейін «Спанч Боб шаршы шалбар», «Құтқарушы күшіктер», «Қауіпті Генри», «Тынымсыз балақайлар», «Сэм мен Кэт» сияқты анимациялық 354 туынды көрсетіледі. Бұл арнаның көрермені жас ерекшелігі бойынша үш топқа бөлінген. Олар: 0-6 жас арасы, 6+ жастан асқан балалар және 12+ жастан асқан мектеп оқушылары.

Айгүл Ракишеваның мәліметінше, Tiji контенті «Қазақфильм» АҚ студиясында, ал Nickelodeon контенті Алматы мен Нұр-Сұлтандағы бірнеше студияда аударылып, дубляждалған. «Телеарналар аударма мәселесіне, дубляждау мен актер таңдау процесіне мұқият мән береді. Олар үшін әр сөз маңызды, дубляж актерінің дауысы ғана емес кейіпкердің мінезіне сәйкестігі де тексеріледі», - дейді институт өкілі.

Walt Disney тарихындағы 39-шы тіл

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапланның айтуынша, қазақтың әр баласы Голливудтың фильмдерін қазақ тілінде көруге құқылы.

Динара Гаплан
Динара Гаплан

«Әрине, Nickelodeon, Tiji арналары жақсы, мемлекеттік органдардың бастамасы жаман емес. Дегенмен, Walt Disney туындыларына ештеңе жетпейді. Себебі олардың әр фильмінде әрқашан керемет құндылықтар насихатталады, отбасы құндылықтары қозғалады, онда жауыздықты тек мейірім, ар, рух, әділеттік жеңетіні көрсетіледі. Disney картиналарының сапасы өте жоғары, ол – әлемдік студия, шетелдік жанрдың, қазіргі заман киносының классикасы. Сондықтан болашақта Walt Disney, Sony Pictures, Marvel, Pixar сияқты жоғары сапалы студиялардың қазақша туындысын тамашалау Қазақстанның әр баласы үшін қолжетімді болуы тиіс», - дейді Динара Гаплан.

Айта кетейік, 2011 жылдан бері «Болашақ» корпоративтік қоры «Меломан» компаниясымен бірлесіп Голливуд фильмдерін қазақ тіліне аударып, дубляждаумен айналысады. Соңғы 10 жылда бұл қор Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және тағы басқа голливудтық студиялардың 38 кинокартинасына дубляж жасаған. Олардың қатарында «Көліктер 2/Тачки 2», «Батыл жүрек/Храброе сердце», «Жаңа Өрмекші адам/Новый человек-паук», «Малефисента», «Күлбике/Золушка», «Джунгли кітабы/Книга джунглей», «Моана», «Алиса айнаның арғы бетінде/Алиса в Зазеркалье», «Ральф интернетке қарсы/Ральф против интернета», «Аладдин», «Мұзды өлке 2/Холодное сердце 2» сынды өзге де анимациялық және көркем фильмдер бар.

Динара Гапланның айтуынша, «Болашақ» корпоративтік  қоры әлеуметтік жобаны меценаттардың, бизнесмендер мен қоғам белсенділерінің қаржысына іске асырады. «Біздің жобаның мақсаты – қазақ тілінде сапалы контент жасау, қазақ тілін әлемдік кеңістікте насихаттау және азаматтардың кинотеатрда сапалы қазақша фильм көру құқығын қорғау. Қазақ тілі Walt Disney компаниясының тарихында дубляж жасалған 39-шы тіл және түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі. Ал Sony Pictures аясында – жетінші тіл атанды. Қазақ тілі Шығыс Еуропа және ТМД елдері үшін шығарылатын DVD-де, Blu-Ray-де көруге болатын дубляж жасалатын Голливуд фильмдерінің негізгі жеті тілінің қатарына енді»,-  дейді ол.

Идеология – үкіметтің жұмысы

Динара Гапланның пікірінше, қазіргі кезде Қазақстан кинотеатрларында балаларға арналған контент өте аз, соның ішінде қазақша фильмдер мүлдем жоқтың қасы. Ол бұл мәселені шешуге үкімет араласуы керек және кинематография туралы заңға өзгеріс енгізу қажет деп отыр.

«Егер ұлттық бірегейлігімізді сақтап қаламыз, қазақ тілін ілгері жылжытамыз десек, балалардың сүйікті кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлетуіміз керек. Біз бүгінге дейін қазақ тілінің мәртебесі үшін, балалардың сапалы контент тұтынуы үшін бизнесмен, меценаттардан қаржылай көмек сұрап, шетелдік сапалы фильмдерді дубляждап келдік. Бірақ ендігі жерде идеологиямен айналыса алмаймыз. Мұнымен мүдделі тарап – үкімет айналысуы керек. Бұл туралы «Болашақ» корпоративтік  қоры үкіметке бірнеше рет ұсыныс хат жолады. Кейін бізді парламент мәжілісі жанындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына қосты. Біз қазақ тіліне дубляж жасауды қолдау мен дамытуға қатысты оннан астам ұсыныс енгіздік. Бұл ұсыныстар біздің 10 жыл бойғы жұмысымыздың нәтижесінде пайда болды. Нормалардың бірі – отбасымен бірге отырып көруге арналған шетелдік анимациялық фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға қаржы бөлу»,  - дейді Динара Гаплан.

Сарапшының айтуынша, әлемдік анимациялық фильм түсіретін студиялардың орташа бюджеті кем дегенде 200 млн АҚШ доллары төңірегінде. «Әрине, мұндай ауқымдағы қаржыны мемлекет бөле алмайды. Бірақ әлем елдерінің балалары Disney, Sony Pictures, Marvel, Pixar-дың фильмдерін қарап, өседі. Сондықтан біз де балаларымызға кем дегенде сондай жағдай жасап беруіміз қажет. Аталған голивудтық студиялардың балаларға арналған 15 фильмін қазақшаға аударып, дубляждауға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді сұрадық. Оған механизм де әзірледік. Неге 15 фильм десеңіз, бір жылдың ішінде әр ай сайын 1–2 фильмнің премьерасы болса деп жоспарладық», - дейді «Болашақ» корпоративтік  қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Болашақ» қоры жобасының арқасында 10 жыл ішінде Қазақстанда дубляж бойынша Disney студиясының сертификатын алған екі студия  пайда болды. Олар: Алматыдағы Cinematone және астанадағы Aray Media Group студиялары. 10 жылдың ішінде дубляж саласындағы 203 маман әлемдік студиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Динара Гапланның айтуынша, Қазақстанда дубляж саласында сапалы мамандар жеткілікті. «Жыл сайын қазақ тіліне дубляж жасаудың танымалдығы артып, оған артистердің қызығуы қуантарлық жайт. Дубляж жасауға дубляж актерлері, театр және кино актерлері ғана емес, сонымен қатар теле- және радио жүргізушілер, блогерлер, сол сияқты, Динара Сұлтан, Маржан Арапбаева, Инди Еділбаева, Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Нұрлан Әлімжанов, Данияр Өтеген сынды танымал орындаушылар да қатысады. Осы жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актердің есімі Disney-дің дауыстық базасында тұр», - дейді «Болашақ» корпоративтік  қорының өкілі.

Возвращайтесь к нам через 1 месяц, к публикации готовится материал «Пятьдесят оттенков Хургады »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
13373 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить