Бизнеске негізделген қайырымдылық

13214

Әлеуметтік жетілер мен маркетинг қайырымдылық жасауды қалай жеңілдетті?

Асхат Нұрмашев
ФОТО: © Данияр Асылбек
Асхат Нұрмашев

Қайырымдылық қоры дегенде көпшіліктен ақша жинап, мұқтаждарға таратып беретін жүйені елестетеміз. Бірақ көптің ішінде Asar-ume қоры өзіндік философиясы бар, қайырымдылық жасау үлгісін кеңейткен қор ретінде танылды. Үш жыл ішінде 400-ге тарта отбасының баспаналы болуына көмектесті. Бизнес принципімен де қайырымдылық жасауға бола ма? Forbes Kazakhstan қор президенті Асхат Нұрмашевпен кездесіп, осы сұрақтың жауабын анықтап көрді.

Asar-ume формуласы

Асхат Нұрмашев Asar-ume қорын құрмас бұрын он жылдай Қазақстан мен Ресейде көтерме саудамен айналысқан. «Сол уақытта да қайырымдылық жасауға ерекше көңіл бөлдім. Қор құрылғанға дейін 2016–2017 жылдары серіктестерімнің бірі мұқтаж отбасыларға азық-түлік, екіншісі – киім-кешек, үшіншісі – дәрі-дәрмек сатып әперу, ақша берумен айналысты. Мен қиын жағдайға тап болған, балаларымен жесір қалған қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыруға тырыстым. Олардың ойын өзгертіп, білім беру арқылы көмек көрсетсем деген ниетім болды. Бұл жобамен бір жылға жуық айналыстық, өтініш білдірген 200 әйелдің тек елу шақтысы ғана жұмысқа тұрды. Бұл нәтижеге көңілім толмады. Мұқтаж бола тұра ұсынған жұмыстан бас тартқан жандарды түсіне алмадым. Кейін Asar-ume қорын құрып, сол отбасылардың үйіне барып, әрқайсысының жағдайын өз көзіммен көргенде ғана сол әйелдердің жағдайын толық түсіндім», – деп есіне алады Асхат.

Көмек күткен отбасылардың жағдайы әртүрлі болғанымен, олардың ортақ тұстары көп. Көпшілігі жалғызбасты, көпбалалы аналар. Тұрақты мекен-жайы жоқ, үнемі пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүреді, баспана аумағы ары кетсе 30–40 шаршы метр көлемінде. Газ, су тартылмаған, үйді көмірмен жылытады. Бес-алты баланың үлкендері сабаққа кеткенде, кішілері үйде қалады. «Керемет мотивация беріп, оларды қанша ынталандырсаң да, шиеттей бала-шағасын тастап жұмысқа шығу мүмкін емес. Анасы да, баласы да ауыр тұрмыстан психологиялық жарақат алған, күйзеліске түскен. Мұндай адамды жұмысқа шықпадың деп кінәлаудың өзі артық екеніне көзім жетті. Мұқтаж отбасыларды, оның ішінде балаларды кедейліктен құтқарамыз десек, бірінші оларды баспанамен қамтамасыз ету керек деген тоқтамға келдім», – деп түсіндіреді қор жетекшісі.

Асхат пен командасы осы ұстанымды қайырымдылық жасаудың басты формуласы етіп алды. Адамдардың тұрақты баспанасы болып, ешкімге бағынышты болмағанда ғана алаңдамай жұмыс істеуге, санасын өзгертуге, өмірді жаңадан бастауға мүмкіндігі бар.

Алғашқы жылдары Asar-ume 7–8 балалы отбасыларға көмектесуге тырысады. Бірте-бірте мұндай мұқтаж отбасыларды табу қиындай берді, кейін таңдау критерийлерін өзгертіп, 5–6 балалы отбасыларды іздей бастайды. Қазір қор төрт балалы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға баспана алып беріп жатыр. Көпшілігі жалдамалы пәтерде, 40–50 мың теңге әлеуметтік жәрдемақыға қарап отыр. Қала маңындағы ауылдарда, тіпті қаладан шалғай елді мекендерде тұрады. Бірте-бірте үш балалы жағдайы нашар отбасыларға да көмектесу жоспарда бар екен. Өйткені әлеуметтік көмек алмайтын, көп балалы отбасыға жатпайтын, бірақ жағдайлары қиын үш балалы отбасылар жиі кездеседі.

Asar-ume қоры қызметкерлерінің негізгі жұмысы – үй алу, ақша жинау емес, шын мұқтажды анықтау. Өйткені олардың арасында алаяқтар болуы немесе қор критерийіне сай келмеуі мүмкін. Сондықтан әр өтінішті жіті тексереді. Қор қызметкерлері өтініштерді сұрыптап, шын мұқтаждарды анықтап, кімге қаржы жинай бастау керек, кімді кезекке қою, кімге баспана әперу керектігін айқындаумен айналысады.

Өзгелерге де, өзіңе де көмек

Қалғашында өз кәсібін де, қайырымдылықты да қатар алып жүрген Асхатқа кейін таңдау жасауға тура келді. Ол көп ойланбай екінші нұсқаға тоқтайды. Бірақ өзгелердің алғысына ғана өмір сүруге бола ма? Ақша жинау, оны жарату, үй іздеу уақыт пен күшті талап етеді. Қор жұмысы тұрақты жалғасу үшін кеңсе, қызметкерлер, оларға еңбекақы төленуі керек. Сондықтан Асхат Нұрмашевтың Asar-ume қорында қызмет ететіндерге еңбекақы беруге, кеңсені жалдау ақысын төлеуге қорға жиналған ақшадан алуға бола ма, жоқ па деген сауал мазалауы заңды еді. «Құқықтық тұрғыдан, діни сенім тұрғысынан бұл қаншалықты қисынды деген сұрақ туды. Заңгерлермен, өзге де мамандармен ақылдаса келе, қордың жұмысын ұйымдастыру, кеңсе жалдап, қызметкерлерге ақша төлеу секілді шығындарға көпшіліктен жиналған қаражаттың бір бөлігін жұмсауға болатынына көз жеткіздік. Біз бұл шығындармыз туралы әлеуметтік желідегі жазылмандарымыздың алдында ашық айтып отырамыз», – дейді ол. Дәл қазір қордан еңбекақы алатын 12 қызметкер бар. «Ал еліміздің әр өңірінде біздің еріктілер жұмыс істейді. Олар әр өтініш бойынша сол отбасының үйіне барып, жағдайымен танысады. Тұрып жатқан үйі, отбасының табысы, қанша жан тұрады деген секілді ақпарат жинайды. Қазір елдің барлық аймағында қордың атынан 150-ге тарта ерікті тегін жұмыс істейді», – дейді Асхат Нұрмашев.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Ал мұқтаж адамға көмек көрсету үшін қаражат жинаудың өзіндік әдістері бар. Asar-ume қоры әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы әр жұма сайын белгілі медиа тұлғалар, блогерлердің көмегімен аса қиын жағдайда қалған нақты бір отбасыға арнап қор жинайтынын жариялайды. Әдетте жұмадан басталған қор жинау дүйсенбіге дейін жалғасады. Қор қызметкерлері ақша жинау процесін ұйымдастырғанда, осы уақыт ішінде бір емес 3–4 отбасыға үй сатып алатындай қаражат жинау жағын да ойластырады. Алайда, ол ақшаны көбейту, инвестициялық портфельдерге салу жайын ешқашан ойлаған емес, тіпті қор басшылығы олай етуге болмайды деп есептейді. «Өйткені, қайырымдылыққа жиналған қаражат – көпшіліктің аманаты. Сондықтан, оны сол мақсатына ғана жаратуымыз керек. Садақаның қасиеті де сол – ол ешқашан азаймайды», – деп түсіндіреді кейіпкеріміз.

Asar-ume қорының жұмысын бастаған кезде мұқтаж отбасылар үшін жиналған қаражат оларға асарлатып үй салып беру үшін жұмсалатын. Алайда үй салу – аса күрделі жұмыс, құрылыс материалдары да қымбаттап барады, сондықтан қор үй салуды тоқтатып, сатып алып беретін болды. Бірақ БЖЗҚ-дан бір реттік төлемді пәтер сатып алуға берілген рұқсат үй нарығындағы бағаны да аспандатып жіберді. Қазір қор мұқтаж отбасыларға қала маңындағы ауылдардан үй сатып алып беруге тырысады.

«Алматы мен Ақмола облыстары үшін Asar-ume тарапынан берілетін тұрғын үй сертификаттарының құнын бірте-бірте 7 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін көтердік. Алайда, қайырымдылық шарасы аясында сатып алынатын үйге қатысты бірқатар талаптар қойылады. Ол үйдің қасында аурухана, мектеп, автобус аялдамасы болуы тиіс. Жеке үй газбен жылытылуы, үйдің ішінде су, дәретхана болуы керек. Қор тарапынан сатып алынған үйлер мұқтаж отбасыларға сыйға тарту келісімшартымен отбасыдағы ең кенже бала мен анасының атына рәсімделеді», – дейді Асхат Нұрмашев.

Бизнес принциптерін алға тартады

«Қорды басқаруда бизнес жүргізудегі принциптерге сүйенеміз», – дейді Асхат. Оның сөзінше, қор жұмысында жоспар, меже, KPI бар. «Мысалы, өткен жылы қазан айында бір айдың ішінде еліміз бойынша 50 отбасы, 350 балаға баспана әперу туралы міндет қойдық. Командамызды әр аймаққа бөлдік, отбасыларды араладық, қор жинайтынымызды жарияладық, еріктілермен кездестік, сұхбаттар бердік.

Осылайша, қазан айында 54 отбасы баспаналы болды. Қордың жұмысын жүйелі ұйымдастыра аламыз ба, соны сынап көру үшін алдымызға міндет қойдық. Оны абыроймен атқардық», – деп еске алады қор басшысы.

Asar-ume ұйымдастыратын барлық қайырымдылық шаралар инстаграмдағы парақша арқылы жүргізіледі. Әлеуметтік желі – тек есеп беру, қаржы жинау үшін ғана емес, қордың жұмысын жарнамалау, қайырымдылықты насихаттау құралы да. Танымал блогерлермен коллаборация жасап, олардың аудиториясына шығуға тырысады. Осылайша қайырымдылықты кең аудиторияға таратуға тырысады.

«Осыдан екі жыл бұрын бір отбасы жайлы түсірген видеороликті желіде 800 мың рет көрген, 3000 рет бөліскен еді. Біз 8–10 млн теңге жинаған болатынбыз. Бұл сол кезде біз үшін адам сенгісіз нәтиже еді. Мұндайды армандамаған да едік. Жақында болған жағдайды алайық. Біз жария еткен бейнероликті әлеуметтік желіде 3000 рет көрген, алайда 35 млн теңге жиналды. Бұл бұрынғыға қарағанда адамдар бізге көбірек сенім артатынын білдіреді. Бұрын көп адам реакция білдіретін, алайда сомасы аз еді», – дейді Асхат.

Парақшадағы контенттің бірсарынды болмауы да ескеріледі. Үнемі қайырымдылыққа шақыру, өзгелердің қиындығы туралы көрсете беру оқырмандарды шаршатып жіберуі мүмкін. Сондықтан, контенттің 30–50 пайызы әр отбасының тағдыры туралы болса, қалған бөлігін жасаған жұмыстарының нәтижесін жарнамалауға арнайды. Позитивті көбірек көрсетуге көңіл бөлінеді. Asar-ume қорын ілгерілету жұмыстарымен белгілі маркетолог Расул Абдуллаев айналысады.

Қордың аймақтардағы жұмысы табысты жүруіне осы еріктілердің сіңірген еңбегі зор екенін айтады. Олар қайырымдылық арқылы ғана емес, Asar-ume бренді арқылы да табыс табуға тырысып жатыр. Осындай жобаның бірі – Asar-ume store фирмалық киім дүкені. Атауы қордың атымен үндес болғанына қарамастан, дүкен қорға жиналған қаржының есебінен ашылмаған. Керісінше, дүкеннен түскен пайданы қордың қайырымдылық мақсатына жұмсау көзделген. Асхат Нұрмашевтің айтуынша, дүкеннің ашылуына, өндірістің жолға қойылуына кәсіпкерлер көмектескен. «Бұл дүкеннің жұмысын бұрын қорда ерікті болып жұмыс істеген жігіттер жүргізеді. Алғашқы кезде дүкеннен түскен пайданың 40%-ы, кейін келе 50%-ы қайырымдылыққа жұмсала бастады. Бастапқыда дүкен айына 200–300 мың теңге пайда түсіріп, соны қорға аударып отыратын. Қазір дүкеннің жұмысы жолға қойылды, соңғы бір-екі айда ғана 2,7 млн теңге пайда тапты. Ол соманы Asar-ume қорына аударды», – дейді әңгімелесушіміз.

Қайырымдылық – экономика

Кейіпкеріміздің айтуынша, Asar-ume өзге қайырымдылық қорларына да көмектесіп отырады. Өйткені қорды ашу, жұмысын ұйымдастыру бойынша хабарласып, көмек сұрайтындар көп. Қазір елімізде жыл сайын қайырымдылыққа жұмсалатын соманың нақты есебі жоқ, ондай зерттеу жүргізілмейді. Дегенмен Асхат Нұрмашев жыл сайын шамамен 20 млрд теңгеден астам сома қайырымдылыққа жұмсалуы ықтимал деген пікірде. «Яғни, осыншама қаражат елде қалып жатыр деген сөз», – деп ойын толықтырды Asar-ume басшысы.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Қор тек 2021 жылы ғана 266 отбасының баспаналы болуы ықпал еткен. Қайырымдылық шарасы аясында қор тарапынан баспанамен қатар үйге қажетті заттар, тұрмыстық техника, алғашқы кезде жұмсайтын қаражат та берілген. Осылайша бір жыл ішінде Asar-ume қорының командасы орта есеппен әр адамнан 500 теңгеден жинап, 2,5 млрд теңгені елдің дамуына бағыттай алса керек. Оның айтуынша, қазір көпшілік қайырымдылыққа көбірек ақша жарататын болған.

Қор үш жыл ішінде әлеуметтік осал топтағы 2400 баланың баспаналы болуына ықпал етті. Олардың арасында 100 баланың мүгедектігі бар. Биыл «қаңтар трагедиясы» кезінде асыраушысынан айырылған отбасыға баспана алып берген.

Асхат Нұрмашевтің айтуынша, көмектескен адамдардың кейінгі өмірін де бақылауға тырысады. Көмек көрсеткенге дейінгі және кейінгі өмірлерінің арасы – жер мен көктей. Ең бастысы – адамдардың өз-өзіне деген көзқарасы өзгеріп, сенімі ұлғайған. «Asar-ume қорының жұмысын бастағандағы мақсатым да – адамдардың ойын өзгерту болатын. Сол ниетім орындалуда», – дейді Асхат Нұрмашев.

Қор қайырымдылық жасау барысында мемлекетпен бірге жұмыс істеуге тырысты, бірақ екі жаққа да оңтайлы жолы әлі табылмай келеді. Мемлекеттік органдар көбінде нақты бір бағдарлама аясынан шыға алмайды. «Қор жұмысының алғашқы жылдары жергілікті әкімдіктерден құрылысқа керек заттарды жеткізіп беруге көмек сұрадық. Әкімшілікте адал, еңбекқор жандар көп, бірақ олардың қолында қаражат жоқ. Олар да біз секілді жергілікті кәсіпкерлерден көмек сұрайды. Әкімшілік арқылы мұндай жұмыстарды ұйымдастыру бір жағынан ұзақ», – деп түсіндірді сөзін қор басшысы.

Бірақ ол мемлекетпен серіктес болудан бас тартқан емес. Наурызда Асхат Нұрмашевты президент жанындағы жастар саясаты кеңесінің құрамына шақырды. Енді ол кеңес құрамында жүріп, әлеуметтік осал топтан шыққан жастармен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Кеңес құрамындағылардың көпшілігі де – жастар, саясаттан бөлек шоу-бизнес, өнер саласында жүргендері бар. «Олар басқа, еркіндікті бағалайды. Жиындарда пікірлерін ашық айтады. Мемлекеттік аппараттың сөзін сөйлеуші ғана болғысы келмейді. Халықтың, өз көрермендерінің алдында адал болғысы келеді және мемлекеттен соған мүмкіндік беруді сұрайды. Жаңа Қазақстан құруда тиімді еңбек еткісі келеді», – деді ол кеңес туралы.

Наурызда әкімшілік кәсіпкерлердің демеушілігімен өтті деген Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау кешіне қатысып, сөз сөйледі. Сол жиындағы мейірімділік пен қайырымдылық жайын айтып, жиналғандарға әсер еткім келді дейді. «Біз ел арасында көп жүреміз. Қазір көп нәрсе өзгерген. Адамдар өзгелердің өзіне қандай жақсы ниет танытқанын қаласа, өздері де сондай жақсы ниет танытады. Жемқорлыққа қарсы. Жасы отызға жетпеген жас кәсіпкерлер тіпті жемқорлық деген нәрсені түсінбейді. Халқы қандай болса – сондай басшы басқарады емес пе? Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, әрқайсымыз өз мүмкіндігімізше оған ықпал етуіміз, көмектесуіміз керек», – деп сөзін қорытындылады Асхат.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Как в Темиртау пустили Миттала, а не Абилова

Смотреть на Youtube

Зачем нужны микрофинансовые организации и что стоит знать перед получением займов

Смотреть на Youtube

Кунсулу Закарья: Биолаборатории, новый всплеск ковида и учёные без денег

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить