Ауылдан шыққан миллионер

21296

Белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспанов – Zhersu инвестициялық-өндірістік корпорациясының меншік иесі және қадағалау кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ, «TSC Energy» ЖШС, «Koksu Hydro» ЖШС, «Сайман» Корпорациясы ЖШС сынды бизнес компанияларының иегері

Бауыржан Оспанов
ФОТО: Андрей Лунин
Бауыржан Оспанов

Өзі басқарып отырған корпорацияның жылдық айналымы туралы кәсіпкер: «Соңғы көрсеткіштерді былтырғы жылмен салыстыра алмаймыз, коронавирус дағдарысынан кейін көрсеткіштер төмен болуы әбден мүмкін, бәрі де алдағы күндердің еншісінде», – деп қайырды.

– Бауыржан Кеңесбекұлы, Сіз бизнесте диверсификацияны таңдаған кәсіпкерсіз. Биыл әлем бойынша экономика, бизнес көрсеткіштері жаппай дағдарысқа ұшырап жатқан тұста бизнес жобаларыңызға өзгеріс енгізу қажеттілігі туындаған жоқ па?

– «Заманың түлкі болса, таз болып шал» деген сөз бар ғой қазақта. Әрине, бүгінгідей оқыстан туындаған дағдарыс жағдайында бизнес барысына өзгеріс енгізіп, оны түзетіп отыру орынды шешім. Әлем жұртын дүрбелеңге салған коронавирус әлегі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Біздің бизнес бірнеше саланы қамтыған. Біз қолдағы жобаларды жоспарға сәйкес орындауға талпынып жатырмыз. Дегенмен, дәл қазір нәтиже бере қоймайтын, тиімділік көрсеткіші төмен дегендерін тоқтатуды жөн көрдік. Ал өзектілігі өшпеген жобаларды жалғастыра береміз.

– Қандай жобалардан бас тартуға тура келді?

– Біржолата бас тарттық демеймін, уақыт талабына сай кей жобаларды ептеп шегеруге тура келді. Мысалға, биыл ақпан айында Австралияға баруды жоспарлаған болатынбыз, әлемдік деңгейдегі бір-екі компания біздің жобаларға қызығушылық танытқан. Бірақ пандемия аясында бұл жоспарлар кейінге қалды. Ал жапондармен бірлесіп ашқан жылқы етін экспорттаушы компаниямыз өз жұмысын ойдағыдай жалғастыруда. Соңғы екі жылда 20 мың бас жылқыға арналған арнайы құрылыс нысанын аяқтадық, қазір бізде 10 мың бас жылқы бар. Енді ғалымдармен бірлесіп жапондар таңдаған жаңа тұқымды өсіріп, баптауды қолға алдық.

– Жапонияда жылқы етіне сұраныс бар ғой, сонда?

– Иә, бірқатар аймақтарында сұраныс өте жоғары. Оларда жылқы еті қымбат тұрады...

– Көп салалы бизнес иесі ретінде, дәл қазір бизнестің қай бағыты өтімді деп есептейсіз?

– Ауыл шаруашылығы. Азық-түлікке деген сұраныс қай кезеңде де жоғары болады, егер, әрине, бизнес дұрыс ұйымдастырылып, қалыптасқан болса. Дағдарыс кезінде бұл салаға салмақ түсетіні заңдылық, бірақ агро-
өнеркәсіп өніміне деген сұранысты ескерсек, бизнес ауқымын кеңейту мүмкіндіктері аз емес.

– Бизнесті энергетика саласынан бастадыңыз, ал агросекторға бет бұруға не себеп болды?

– Ауылда туып өскен қазақтың бірімін, ауылдың жайы ойландырмай, толғандырмай қойсын ба?! Ауыл – елдің, ұлттың тірегі, ауылдың жағдайын жасамай, ел болашағын қалай көркейтеміз? Мал өсірудің қыры-сырын жақсы меңгерген елдің ұрпағымыз. Бірақ ата кәсіптің бірі қой шаруашылығына қазір дұрыстап кірісе алмай жатырмыз...

– Сіздерде қой шаруашылығы бар ғой?

– Әрине. Былтыр, мысалға, қолымыздағы қозылық қойға шаққанда 50% төл алдық. Бір жылда бұл көрсеткішті өзгертіп, 130%-ға шықтық. Қазір 30 мыңдай қой басы бар. Алдағы уақытта заманға сай технологияларды қолдана отырып, қой басын 100 мыңға жеткізсек дейміз. Бірақ бұл арада төл басынан бұрын, қозының салмақтай көрсеткіші маңыздырақ. Мысалға, былтыр 3–4 айлық марқа қозының салмағы 21 келідей болса, биыл 31–34 келіге жетті. Мұның бәрі жаңа технологияларды қолданудың арқасында мүмкін болды. Бізде әу бастан мал басын көбейту жыры өзекті. Шындап келгенде тұяқ мал болсын, ірі қара болсын, олардың сапа көрсеткіші қандай, кезең аралығында қанша салмақ қосады, малдың жағдайы қандай, жайылым орны қайда дегендей мәселелерге көңіл бөлу керек. Кезінде мен ауыл шаруашылығына қатысты заңдарды түгел қарап шықтым. Сонда байқағаным, бізде бұл салаға қатысты барлық мәселені бір жерге топтастырып тастай салған, ал сала ішіндегі әр сегмент, әр бағыттың өз талабы, өз ерекшелігі бар, ауыл шаруашылығын реттеуші ресми құжаттарда осыны ескеру керек.

ФОТО: Андрей Лунин

– Мысалға?

– Мысалға, мал шаруашылығын әрі қарай дамытамыз десек, субсидияға негізделген бағдарлама әзірлеп, онда малдың ет өнімі бағыты, сүт және сүт өнімдерін өндіру, жүн шаруашылығы деп бөлек-бөлек белгілеген дұрыс. Сол бағытына қарай мал өсіру жоспары жасалады. Мысалға бір түріне жайылым керек, келесі түрін қорада ұстау керек. Шаруашылық бағытына қарай малдың әр түрін өсіріп, баптауға жеке-жеке әдіс-тәсіл, бөлек технология қолдану қажет. Қандай да бір саланы дамытып, көркейтуді ұсынғанда үкімет алдымен сол саланың өкілдерімен ақылдасып, жұмыс істесе дұрыс болар еді.

– Осыдан сегіз жылдай бұрын Zhersu корпорациясы құрамындағы «Арқарлы Майбүйрек» мамандары Австралиядан алты мыңдай ангус және герефорд асыл тұқымды сиырларын алып келді...

– Иә, бүгінде Алматы облысының Алакөл ауданында премиум санатындағы ірі қара өсіретін төрт ферма жұмыс істейді. Әлем жұрты «мәрмәр ет» деп тамсанатын ет түрін Қазақстанда біздің фермерлер өндіреді. Бұл сиырлар қазақтың ақбас сиыры секілді: жазық далада да, тау бөктерінде де жайылып жүре береді. Біз, сондай-ақ америкалық технология негізінде оларды арнайы жасақталған орындарда жемдеп, баптаймыз. Бір кешендегі сиыр басын екі-үш адам бақылай алады. Қалған жұмысты «электронды қойшы» мен дрондар атқарады, олар сиырлар қай жерде, қандай қашықтықта жайылып жүргенін қадағалап отырады. Бұл мал дәрігерлері үшін де ыңғайлы, қажет жағдайда олар көрсетілген жайылымға келіп, тиісті шараларын жүргізеді.

– Негізгі бағыт ет өндіру ғой? Басқа да өндірістік мүмкіндіктер ескерілген бе?

– Бізде сиыр етіне негізделген сегментте 20 мың бас ірі қара бар. Егер жер мәселесі шешілсе, 100 мың басқа жеткіземіз деген бағдарламамыз әлі де өзекті. Етке негізделген тұқым ғой, тәулігіне 2,5 келідей салмақ қоса алады, ал ірі қараның бұл түріне тән таза салмағының 60%-ы қызыл ет. Сүт шаруашылығына негізделген бір ферма жұмыс істейді, мұнда сиыр басы 200–300-дей. Бұл тұрғыда Америкадан Гольштейн сиырын арнайы әкелгенбіз. Қазір олардың біздің климатқа бейімделу барысын бағалауға кірістік.

– Сіздің компаниялар өндіріп отырған өнімдерді ішкі нарықта табу мүмкін емес деп жатады отандық тұтынушылар. Негізгі өнім экспортқа бағытталған ба?

– Бизнестің басты ұстанымы сол – кім жақсы баға берсе, өнім соған сатылады. Ал әлемдік баға ішкі нарықтағыдан әлдеқайда жоғары. Сиырдың бұл түрін баптау аясында біз шетелдік технологияларды қолданып, ет сапасын әлемдік стандарттарға жеткізуді мақсат етеміз, сондықтан да премиум санатындағы сапалы етті экспортқа шығаруға мүдделіміз.

– Әлемдік деңгейдегі ет өндірушілермен бәсекеге түспек ойыңыз барын білеміз. «Арқарлы Майбүйректің» өндірістік көрсеткіштерін әлемдік компаниялармен салыстыруға келе ме?

– Әрине, көрсеткіштерді салыстыруға толық негіз бар. Былтыр біз әлем бойынша ет өндіруші бірқатар ірі компаниялар қатысқан үлкен көрме өткіздік. Бізге АҚШ-тан, Канададан, Еуропадан ет өндірушілер, мал шаруашылығына негізделген ғалымдар келді. Көрме аясында аспаздар байқауы ұйымдастырылып, ет, ет өнімдерін әзірлеуден сайыс та өтті. Шетелден келген жұрт біздегі өндіріс барысын, өнім сапасын көріп, тамсанып кетті. Қазақтың мал шаруашылығы өніміне жоғары баға берді, тек бізге ғана емес, қазақстандық өзге компанияларға да. Қазір біз мал өсіру тұрғысында шетелдік компаниялардың біразынан көш алдамыз. Ендігі кезеңде қызыл етті «мәрмәр» деңгейіне жеткізу, малды әлемдік стандартқа сай сойып, жіліктеу технологияларын игеруге кірістік.

ФОТО: Андрей Лунин

– Президент биылғы Жолдауында алдағы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий өз күшін жояды деп ескертті...

– Бұл дұрыс бастама. Бізде игерілмей бос жатқан жер аумағы жеткілікті. Сол жер телімдерін жалға беру механизмдерін енді дұрыс қолдану керек. Өз басым жерді сатуға түбегейлі қарсымын. Бізде тәп-тәуір заң бар: жер 49 жылға жалға беріледі деген. Келісілген кезең аралығында жер телімін алып, уақыты келгенде ұзарта саласыз. Ал жер сатылмай ауыл шаруашылығында бизнес жүрмейді деген бос сөз. Менде өз меншігімде 1 гектар да жер жоқ. Бірақ бизнесімнің бір бөлігі ауылда, мал өсіруге негізделген. Яғни, жерді жалға алып та, ауыл шаруашылығын дамыту мүмкіндігі жетіп асады. Ең бастысы, жұмыс істеу керек. Ал жер мемлекет игілігінде қалуы тиіс стратегиялық ресурс. Жалпы, агросекторға инвестиция тартуда Қазақстан жерінің мүмкіндігі мол, бірақ бізге бұл тұрғыда кешенді бағдарлама керек. Онда үкімет өзіне жауапкершілік жүктеп, ауыл шаруашылығына бөлінген жерлердің инфрақұрылымын ретке келтіруі тиіс. Жер телімін сумен қамтамасыз ету мәселесі толыққанды шешілуі керек. Жерді игеру барысында заманға сай технологиялар қажет, тіпті малға GPS іліп, белгілеу үшін де. Сол сияқты, ауыл шаруашылығын дамытуда біздің елге жоғары білімді, кәсіби білікті жас мамандар керек.

– Қалай ойлайсыз, дәл қазір бизнес бастау қиын ба, әлде керісінше тиімді ме?

– Әр уақыттың өз қиындығы, әр кезеңнің өз несібесі бар, меніңше... Кезінде біз бизнес бастағанда бір мекемеден құжат алу үшін 3–4 ай жүгіруге тура келген. Ал қазір керек құжатты үйде отырып та жинап аласыз. Екіншіден, билік пен бизнес арасында өзара түсіністік, тіпті ынтымақтастық болуы керек. Байқауымша, 2007 жылдан бері бізде билік өз бетімен, бизнес өз дегенімен әрекет етіп жатқан сыңайлы. Бізде бизнесті жандандыруы тиіс мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ олардың тетік-құралдары әлі де шикі. Мемлекет кейде маған су іздеген адам секілді көрінеді. Осы жерде су барын біледі, бірақ не соны қазатын ешкім табылмайды, не сол аққан суды пайдаланатын адам болмайды.

Zhersu құрамындағы активтер

Корпорацияның энергетикалық бағытындағы басты кәсіпорын Талдықорған акционерлік электр жүйелерін тасымалдау компаниясы («ТАЭТК» АҚ) Алматы облысының 8 ауданы мен 2 қаласын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Бұл құрылымға Алматы облысында орналасқан төрт зауыт та кіреді. Солардың бірі «Сайман Корпорациясы» ЖШС Орталық Азия бойынша электр есептеуіштерін шығаратын бірден-бір жалғыз кәсіпорын. ZHERSU POWER көлікке қажет аккумуляторлық батареялар шығарады. «ZHERSU METAL» АҚ энергетика өнеркәсібіне қажет металдан жасаслған тіреуіш құрылымдар өндіреді (активі 30 млн АҚШ долларымен есептеледі). Zhersu құрамында, сондай-ақ Alakol Plant серіктестігінің өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы қажеттілігін сумен жабдықтауға арналған су асты электр сорғыларын шығарушы зауыт та бар.

ZHERSU корпорациясының тағы бір басты бағыты – құрылыс саласы. Бұл тұрғыдағы сервис-құрылыс компаниясы электр станцияларын салумен (қосалқы және шағын станцияларды да) және электр энергиясын жеткізу желілерін жөндеумен айналысады.

Кәсіпкердің диверсификацияланған бизнесінің бір бағыты: ауыл шаруашылығы, оның ішінде «Арқарлы Майбүйрек» компаниясы асыл тұқымды ірі қара мал өсірумен, бал өндірумен («Лепсі балы»), майлы дақылдарды өңдеумен, соя өндірумен, т.б. айналысады. «Лепсі балы» кезінде Ресей императорының дастарханында да болған деген деректер бар. Тағы бір мәліметте, Алакөл аумағында өндірілген бал 1913 жылы Парижде өткен халықаралық көрмеде жүлделі орынға ие болған делінген.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Что будет с банком Bereke?

Смотреть на Youtube

Андрей Мовчан: мигранты, курс рубля, инфляция

Смотреть на Youtube

Ляззат Ибрагимова: Каждой семье - по квартире!

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить