Экономист: Агросектор мемлекеттің қолдауынсыз күн көре алмайды

13758

Ауыл шаруашылығын дамытуда орасан зор мүмкіндігі бар Қазақстан әлі де азық-түлік импортына тәуелді

Арман Байғанов
Арман Байғанов

Азық-түлікпен қамтамасыз ету нарығындағы жаһандық мәселелер 2020 жылғы пандемия аясында қылаң беріп, 2022 жылы Ресей мен Украина қақтығысынан бастау алған геосаяси дағдарыстан ушыға түсті. Айта кету керек, бұл екі елдің әлемдік бидай экспортындағы ортақ үлесі 30%-ға жуық, ал күнбағыс майы бойынша 70% шамасында.

Жаһандық деңгейде көрініс берген азық-түлік дағдарысы Қазақстан нарығын да айналып өтпесе керек. Экономист Арман Байғановтың айтуынша, бүгінгі дағдарыс ел ішінде 30 жыл бойы қордаланып келген проблемаларға қосымша сипат беруде және де мәселе тек қант тапшылығымен ғана шектелмейді. Бір анығы сол: ауыл шаруашылығын дамытуда орасан зор әлеуетке ие Қазақстан, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде әлі де импорт құрсауынан шыға алмай отыр...

«Соңғы екі жылда бидай 100%, қант 87% қымбаттаған»

F: Арман мырза, қалай ойлайсыз, елімізде шынында да азық-түлік дағдарысы бар деуге негіз бар ма?

- Бүгінгі жағдайды азық-түлік дағдарысы деп сипаттауға болады деп есептеймін, мұндай жағдай елімізде бұған дейін де әлсін-әлсін көрініс берген. Тек, бүгінгі дағдарыстың екпіні қатты әрі сипаты анық. Бұл арада, сондай-ақ сыртқы экономикалық әрі геосаяси тәуекелдер де бар. Осының бәрі ел ішінде соңғы 30 жылда қордаланып, шешімін таппаған түйінді мәселелерді одан әрі қоздыра түсті. Сондықтан да біз бұл дағдарысты барынша сезініп отырмыз. Ал мемлекет бұл мәселелерді жедел шешуге дайын емес: бұған азық-түлік бағасының қаулап өсуі және арагідік байқалып жатқан өнім тапшылығы дәлел бола алады.

F: Тапшылық не бағаның өсуі тұрғысында халық арасында өнім өндірушілердің, сатушылардың «өзара келісімі» деген де пікір бар...

- Бүгінгі жағдай шынында да азық-түлік дағдарысының бір көрінісі, «жасанды дүрбелең» емес. Байқасаңыздар, қазір логистикалық байланыстар бойында елеулі ақаулар көп. Ресеймен арадағы сауда қатынасында да өзіндік түйткілдер жоқ емес. Айталық, жаз бойы сұраныс тудырған қантты да, арзан бидайды да біз әрқашан Ресейден алып келдік. Ал қазір олардың өз проблемалары шаш етектен. Оның сыртында, біздегі бүгінгі дағдарыс –жаһандық ауқымды дағдарыстың құрамдас бір бөлігі.

F: Азық-түліктің қай түріне қатысты тапшылық не шектен тыс қымбаттау – дағдарыстың нақты көрінісі, белгісі болмақ?

 - Ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық түрлеріне қатысты мәселелер, мысалға, нанның қымбаттауы не нанның жетіспеуі нақты дағдарыс нышаны деуге тұрады. Қазіргі жағдайға шақсақ, соңғы екі жылда бидай 100%-ға, қант 87%-ға қымбаттаған. Қазақстан әлемдік қауымдастықпен тығыз шоғырланған мемлекет, яғни еліміз экспорт және импорт операцияларына барынша қатысып отыр. Сәйкесінше біздің мемлекет ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді түгел қадағалауға алып, бағаларды реттеуге толық кірісе алмайды. Егер әлемдік нарықтарда баға қымбаттап жатса, кәсіпкерлер де өз өнімін сол нарықтарға шығарып, пайда табуға ниетті, айталық, бидайды. Әрине, ел үкіметі өзіндік шектеулер енгізіп, жағдайды реттеуге тырысып бағуда, бірақ, меніңше, бұл шаралар кеш қолданылды.

F: Азық-түліктің жетіспеуі және оны жеткізудегі қиындықтар тек пандемия мен соғыс тауқыметі салдарында ғана туындап отыр ма?

- Әрине, кез келген дағдарысқа, күйзеліске септік етуші факторлар, себептер, салдарлар көптеп кездеседі. Айталық, әлемдік тұрғыда қазір импортқа тәуелді елдер аз емес: мысалға, араб елдері климат ерекшелігіне орай өздерін азық-түліктің барлық түрімен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Азық болар негізгі өнімдерді өздері өсіріп, өндіріп отырған елдер де аз емес, бірақ олар да табиғат жағдайына тәуелді. Қолайсыз климат салдарында егін шықпай қалса, бұл да дағдарысқа дем бермек. Жалпы, жаһандық пандемиядан бастау алған азық-түлік дағдарысы бүгінде одан әрі шиеленісіп, ауқымдана, айқындала түсті. Бұл жағдай Қазақстанды да айналып өтпейді: қазірдің өзінде бізде инфляция шарықтап өскен, бірқатар өнім түрлері бойынша тапшылық көрінісі бар.

Дағдарысқа септік етуші фактордың бірі – ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-саймандар құнының қымбат болуы, бұл бірден ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына ықпал етуде. Сол сияқты, бұған дейін көпшілік мән бергісі келмеген жаһандық жылыну мәселесі қазір әлем бойынша анық байқалып, сезілуде: климаттың өзгеруінен құрғақшылық, су тасқыны, ауа райының аумалы-төкпелі жағдайы сынды құбылыстар жиілеп кетті. Бұл егіннің бітік шығуына кері әсерін тигізуде.

Дағдарыстың жаһандық себебінің бірі – демографиялық фактор. Кедейшілік тауқыметін бастан кешкен елдердің біразында қазір демографиялық көрсеткіш айтарлықтай жоғары. Бірақ климаттық катаклизмдер мен негізгі өндіріс көздерінің қымбаттауы салдарында бұл елдерде азық қоры жыл өткен сайын азайып барады.

F: Жаһандық тұрғыда қарасақ, айталық, Африка не Еуропа елдерімен салыстырғанда, азық-түлік қауіпсіздігі жағынан біздің жағдайымыз қаншалықты оң әлде осал? 

- Бұл арада, мәселе, қай жағынан алғанда дегенге келіп тіреледі. Егер логистика тұрғысынан қарасақ, біздің жағдайымыз мәз емес, өйткені бізде теңізге, мұхитқа шығатын тіке жол жоқ. Қазақстан аумағының елеулі бөлігі Қытаймен, Ресеймен және Орталық Азия елдерімен шекаралас: содан да бүгінгі геосаяси жағдай бізге барынша әсер етуде. Әлем бойынша логистикадағы ең арзан жолдар мұхит арқылы өтеді, яғни су транспорты негізінде. Бұл тұрғыда, айталық, Аргентина, Австралия, Бразилия мен Еуропа, Африка елдерінің жағдайы бізге қарағанда біршама тәуір.

«ЖІӨ құрылымын өзгерту керек»

F: Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде біз қазір импортқа тәуелдіміз бе әлде өз өніміміз өзімізге жете ме?

- 2021 жылы Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің барлық салалары бойынша 3,7 млрд АҚШ долларының өнімін экспортқа шығарды. Бірақ импорт көрсеткіші бұдан ептеп болса да жоғары – 4 млрд АҚШ долларынан астам. Яғни, біз көптеген позициялар бойынша әлі де импортқа тәуелдіміз. Жекелеген сегмент бойынша қарастырсақ, айталық, құс еті нарығындағы ұсыныстың 60%-ға жуығы жергілікті өнім. Бірақ біз шұжық өнімдерінің елеулі ауқымын көрші Ресейден әкелеміз. Өзімізде өндірілетін қантпен қамту көрсеткіші бізде 7–8% шамасында. Дегенмен, биыл жаздағы қант тапшылығы мен қант бағасының шарықтап өсуіне – ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ұзақ мерзімге негізделген жоспардың ескерілмеуі септік етті деп есептеймін. Бізде отандық қант өндірушілерді қолдау мәселесі әу бастан дұрыс жолға қойылмаған. Субсидиялаудың сауатты жүйесінің болмауы және қант өндіруші зауыттардың баға демпингіне жол беруі қызылша өсіруді тиімсіз етіп, фермерлердің бұл өнімге деген ықыласын басып тастаған: егемендік алған тұстан бері елімізде қызылша алқаптары күрт қысқарған.

F: Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруда дәл қазір қандай бағыттар тиімді?

- Ең алдымен, Қытай нарығы. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елміз, ендеше импорт бойынша кедендік баж салығы біз үшін жоғары болады деген сөз. Жалпы, Қытай нарығын консервативті деп сипаттауға болады, оған ену үшін біздің кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау талаптарынан сүрінбеу өту керек. Бұл тұрғыда оларға ауыл шаруашылығы министрлігінің, сауда және интеграция министрлігінің көмегі қажет. Қазір бізде ет экспорты бойынша Қытай нарығына тікелей шығатын жол бар, меніңше, басқа да өнімдер бойынша осындай мүмкіндіктерді ескерген дұрыс. Мысалға, экспорттық негізгі әлеует көзі бола алатын дәнді және майлы дақылдар бойынша.

F: Қалай ойлайсыз, отандық агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік субсидиясыз күн көре ала ма?

- Мемлекеттің қолдауынсыз ауыл шаруашылығы дәл қазір де, таяу болашақта да дами алмайды. Қазақстан тәуекелі мол шаруашылық аймағында орналасқан. Бізде ауыл шаруашылығына ықпал етуші факторлар жетіп асады: климат ерекшелігінен бастап, геосаясат, энергетикалық шығындар, т.т. Жалпы, бұл саладағы бағалардың жағдайы қай кезеңде болмасын құбылмалы болып келеді. Агросектор мемлекеттің қолдауынсыз, өз бетімен күн көре алмайды, бұл саладағы қандай да бір құлдырау, тіпті ептеген күйзелістің өзі еліміздің әр азаматына бірден әсер етеді. Бұл саланы субсидиялауға әлем елдерінің біразында түпкілікті мән берілген. Мәселе – субсидиялау деңгейі қаншалықты ашық әрі тиімді дегенге келіп тіреледі. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселеде де сыбайлас жемқорлық елесі емін-еркін көлбеңдеп жүр.

Субсидия мәселесінде ескеруді қажет ететін тағы бір жайт – бізде әдетте шағын шаруашылықтарды қолдауға мән беріледі. Ал Украина, Беларусь елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, бұл аса тиімді емес. Агросекторды ілгері жылжытып, дамытушы негізгі күштер ірі агрохолдингтер. Өйткені олардың заман талабына сай жаңа технологияларды игеру мүмкіндігі мол әрі олар мейлінше аз шығынмен, өзге елдердің нарықтарына шыға алады.

F: Шағын шаруашылықтар демекші, қазір Алматыда аула аралап жеміс-жидек, көкөніс сатып жүрген саудагерлерді жиі байқауға болады. Олар кімдер, олардың бұл саудасы қаншалықты заңды?

- Бұл, ең алдымен, нарық ішіндегі сұраныс пен ұсыныстың бір көрінісі болса керек: сұраныс бар жерде – ұсыныс та жүреді. Әрине, жұрттың мазасын алу, санитарлық талаптарды аяққа басу, салық төлеуден қашу дегендей заңсыздықтар болса, бұл дұрыс емес. Бізде қазір өркениетті жолмен сауда жасауға барлық жағдай бар. Мәселе – ол кімдер? Делдалсыз сауда жасауды тиімді санайтын фермерлер болуы да мүмкін. Айталық, алма өсіруші шағын фермер өз өнімін делдалдарға көтерме бағамен келісін 200 теңгеден сатады. Өз кезегінде делдалдар түпкілікті тұтынушыға сол алманың бір келісін 500, 600 теңгеден, тіпті одан да қымбатқа сатады. Сонда ұтатын кім, ұтылатын кім? Бағамдай беріңіз. Десек те, біз қазір нарықтық экономика заңына бағынамыз, ал нарықтың бұл тұрғыда өз талап, шарттары бар. Өндірушілер өз өнімін неғұрлым көбірек шығарса, баға да соғұрлым реттеліп, тұрақтала береді, қосылатын үстеме де азая түседі.

F: Нарық заңы аясынан қарасақ, алдағы уақытта нан қымбаттауы мүмкін бе?

- Жыл соңына дейін бағалардың әлі де өсуі әбден ықтималды. Жоғарыда айтқанымдай, соңғы екі жылда бидай екі есе қымбаттаған. Бұл арада өзіндік құн да өсе түскенін ұмытпайық, өйткені біз ауыл шаруашылығы техникасын, құрал-сайманды, тіпті, кейде шикізатты да импорттаймыз. Менің өз есептеулерім бойынша, жаңа техниканың бағасы 40–50%-дай жоғары көтерілген. Жанар-жағар май бағасындағы өзгеріс тағы бар. Ал бұл кез келген фермердің басты шығындары. Сол сияқты, базалық мөлшерлеменің көтерілуі де инфляцияға барынша әсер етуде, яғни фермерлер үшін кредит қымбаттай түсті деген сөз. Бұл фермер шығаратын өнімнің бағасынан сыр бермей қоймайды.

F: Бұл жағдайды өзгерту үшін не істеуге болады?

- Ел халқының 41%-ы ауылда тұратын Қазақстанда жалпы ішкі өнімдегі агроөнеркәсіп кешенінің үлесі бар болғаны 4–5% ғана. Ендеше ЖІӨ құрылымын өзгерту керек. Бізде ауыл шаруашылығындағы табыс деңгейі жалпы республикалық көрсеткіштен 40–50% төмен. Былайша айтқанда, агрокешеннің ел экономикасындағы жағдайы тартымды емес дегенге саяды. 2021 жылдың төртінші тоқсанының соңындағы мәліметтерге сүйенсек, агроөнеркәсіп кешеніндегі орташа жалақы 166 200 теңгені құраған. Ал осы кезеңде ел бойынша орташа жалақы 275 600 теңгеге сай болған. Екеуінің арасындағы айырмашылық көзге бірден түседі. Бұл отандық ауыл шаруашылығындағы бүгінгі жағдайдың жалпы сипатын ашық көрсетсе керек...

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Казахстанские хакеры работают на НАТО?

Смотреть на Youtube

Forbes Kazakhstan продолжает серию интервью в рамках рубрики Q&A. На этот раз бизнес-аналитик Батырхан Тогайбаев поговорил с известным отечественным бизнесменом Кайратом Мажибаевым

Смотреть на Youtube

Начинали с базара: как Александр Дериглазов с братом построили империю «Меломан»

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить