Санкция – бір күндік шара емес, оның әсері бірден байқалмайды

27671

Ресей – Украина қақтығысының соғысқа ұласқанына төрт айдай болып қалды. Батыстың антиресейлік санкциялары аясында сарапшы қауым – Ресей экономикасы биыл жазға қарай тұралап қалады деп күтті. Дегенмен, Ресейдің мұнайы мен газына деген әлемдік тәуелділік әлі де сол қалпында

Расул Рысмамбетов
ФОТО: © Сергей Александров
Расул Рысмамбетов

Байқауымызша санкциялар, ең алдымен, Ресейдің қаржы жүйесіне әсер етсе керек. Бұл жағдай Қазақстанның да банк, қаржы салаларын шарпуы мүмкін бе? Осы және өзге де сауалдарды біз қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетовке жолдаған едік.

Санкцияларды айналып өтудегі саңылау...

Расул мырза, көрші Ресей бүгінде параллельді импорт тізгінін бос жіберіп, РФ аумағына жеткізуге болатын тауарлар тізімін жария етті. Солтүстік көршіміздің нарығына қазақстандық кәсіпкерлер осы тізімдегі тауарларды жеткізе ала ма?

- Меніңше, қазір санкциялар ықпалына түспеген немесе тиісті ауқымда квота белгіленбеген тауарлар мен өнімдерді Ресей нарығына жеткізуде айтарлықтай қиындық жоқ. Дегенмен, қандай тауарлар бойынша тыйым бар не тыйым жоқ деген тұрғыда біздің кәсіпкерлер тауар өндіруші не тауар сатушы елдермен барынша кеңесіп, ақылдасып алғаны жөн. Айталық, еуропалық тауарлар бойынша Еуроодақ елдерімен, американдық тауарларға қатысты АҚШ-пен дегендей. Қытай тауарларына қатысты қатаң талап жоқ, өйткені Ресейге қарсы санкцияларға Қытай қосылған емес. Бірақ дәл қазір бірқатар қытайлық, жапондық, кореялық компаниялар Ресеймен сауда-саттықтан бас тартып жатқаны белгілі.

Параллельді импорт аясында «сұр» реэкспортқа жол беріледі деген күдік жоқ па? Саудагер атаулы түгелдей тауар өндірушінің келісімін ала қояды деген күмәнді...

- Егер мәселе, айталық, программалық қамтамасыз ету немесе осы software жаңартуын ұдайы қажет ететін құрылғылар туралы болса, онда мұндай тауарларды қазір Ресейге жеткізу мүмкін емес. Параллельді импорттың басты мәні – санкцияларды айналып өту. Бірақ бұл арада өзіндік бір гәп бар: кей тауарлар мен өндіріс түрлеріне қатысты ресми жария етілген санкциялар жоқ, яғни өнім өндірушілер Ресей нарығына бағытталған дистрибьюцияны өз еріктерімен, өз таңдауларымен жауып тастаған. Былайша айтқанда, кейбір шетелдік компаниялар – Ресейде жұмыс істеудің репутациялық салдарын ескере отырып, РФ нарығынан корпорациялық негізде бас тартқан. Бірақ, байқауымызша, олар өз өнімдерінің Ресейге Қазақстан арқылы жеткізілуіне қарсы емес.

Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін тиімді ғой, сонда? Бірақ ертең оларға қарсы санкциялар туындап жатпай ма?

- Тиімді болуы үшін, ең бастысы, Ресейге қарсы санкция қолданған серіктестермен, яғни тауар өндірушілермен міндетті түрде кеңесіп, барлық мәселені анықтап алу керек. Декларация болуы тиіс, айталық, біз қазір Қазақстан нарығы үшін 100 тауар бірлігін сатып алдық, енді соның 60-ын көрші нарыққа жөнелтеміз деген сияқты. Әлбетте, барлық келісілген құжаттар бойынша қол қойылып, тиісті белгі, таңбалар болғаны жөн. Корпоративтік санкциялар аясында мәселе үкіметтік деңгейде емес, компанияның орталық офисі мен Қазақстандағы бөлімшесі арасында шешіледі, осыны ұмытпау керек. Егер осы тізбекке сызат түсіп, бұзылып жатса, онда қазақстандық компанияға қатысты да санкция қолданылуы ықтимал. Қазақстан Республикасына қарсы емес – «сұр» реэкспортпен айналысқан қазақстандық фирма не компанияға қарсы.

Балтамен шабатын әдіс емес...

Ресей банктерін SWIFT жүйесінен ажырату Қазақстанның банк жүйесіне әсер ете ме?

- Бұл арада өзіндік проблема туындауы әбден ықтимал, өйткені ресейлік банктердің бірқатары Қазақстан мен Ресей арасындағы үздіксіз әрі үзіліссіз сауданы қамтамасыз етеді. Бұл арада, меніңше, үш жақты келіссөздер қажет болады, айталық, қазақстандық банк және ведомство бір тарап, ресейлік банк екінші тарап, санкция қолданған американдық не еуропалық тарап үшінші жақ деген сияқты. Яғни, бірлесе отырып өзіндік бір операциялар мен тауарлар атауын ресми түрде қолданылған ереже аясынан бөліп алу не шығару деген тұрғыда. Мұнымен мемлекет те, жеке компаниялар да айналыса алады.

Ресей банктерінің Қазақстандағы бөлімшелері жабылып жатса, не болады?

- Бұл, әрине, осы банктердің қаржы қызметін қолданатын қазақстандық тұтынушылар үшін қиындық туғызады. Мәселен, «Сбербанк» Қазақстан нарығындағы ірі кредитордың бірі болатын. Бұдан ішкі нарықта біраз уақыт қарыз қаражатының тапшылығы сыр беруі мүмкін. Қазірдің өзінде қазақстандық фирмалардың бірқатары – кезінде ресейліктер бізге реэкспорт жасап келген азық-түлік түрлерінің бірсыпырасын Ресейден сатып ала алмай отыр.

Ресейліктер тарапынан Қазақстан банктерінің карточкасына деген қызығушылық схемасы отандық банк жүйесі үшін қауіпті емес пе?

- Иә, соңғы кездері Ресейдің көптеген азаматтары қазақстандық ЖСН алып, банк карточкаларын ашуға талпынуда. Кей банктер мұны кәсіп етіп алған деп те естиміз, тіпті, қашықтан, яғни, Ресейде отырып та тіркеліп, қазақстандық карточкаларды ала алады деген сияқты. Бірақ бұл заңсыз әрекет, бұған жол беруге болмайды. Ертеңгі күні осындай банктерге қарсы қайталама санкциялар жариялануы мүмкін. Онда бұл, меніңше, әділ шара болмақ.

Жалпы, антиресейлік санкциялар әсері дәл қазір қаншалықты байқалуда, қалай ойлайсыз?

- Ресейге қарсы санкциялар, негізі, 2014 жылы басталды. Сол кездің өзінде-ақ еуропалық және украиндық бірқатар сарапшылар Батыс елдерінің үкіметтеріне санкциялардың тиімсіз әсері туралы ескертіп жатты. Өйткені, сол кездегі тыйым шаралары Ресей экономикасына айтарлықтай соққы болды деп айта алмаймыз, керісінше, демотивацияға негіз болса керек. Қазір, әрине, санкциялар қатайып, үдей түсті, бірақ әзірше олардың күшейген әсерін байқай қоймадық. Негізі, санкциялар әсері бірден байқалмайды, санкция – ол «балтамен шабатын» әдіс емес, былайша айтқанда, «тұншықтырып», қыспаққа алуға негізделген тетік деуге келеді.

Күт тәртібінде – әртараптандыру

Ресейге қарсы санкциялардан біз қандай сабақ аламыз?

- Антиресейлік санкциялар аясында біз ескеретін басты мәселе – қазір біз бір ғана жеткізушіге тәуелді болып отырмыз. Ал бұл дегеніңіз тәуекелі мол тәуелділік. Яғни, біз қазір серіктестерді әртараптандыруға мән беруіміз керек. Ойлап көріңіз – азық-түліктің 50%-дан астамын біз Ресейден импорттап келдік. Иә, Ресей біздің Қытайдан кейінгі ең ірі саудалық серіктесіміз, көршіміз, бұл түсінікті, бірақ мұндай деңгейдегі тәуелділік – тізгінді өз қолымызбен бере салғандай жағдай. Импорт болсын, экспорт болсын – біздің баланс құрылымында бірде-бір елдің үлесі 15%-дан аспауы тиіс. Меніңше, Украинадағы соғыс мейлінше кең ауқымдағы жаһандық процестердің көрінісі және де ол бір ғана Украинамен аяқталмайды. Әрі қарай аймақтарға, өңірлерге бөліну процесі көрініс беруі мүмкін. Біз енді бір ғана Ресейге, не Қытайға, не АҚШ-қа тәуелді болып отыра алмаймыз. Біз сауда құрылымын тараптандыруға дұрыстап көңіл бөлуіміз керек.

Қалай ойлайсыз, бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақтың мән-мағынасы өзгеруі мүмкін бе?

- Техникалық тұрғыда ЕЭО қазір еркін сауда аймағынан гөрі, қоршалған сауда аймағы дегенге көбірек ұқсайды. Біз қазір басқа да экономикалық одақтарды дамытуға мән беруіміз керек. Мысалы, Қазақстан ДСҰ мүшесі, ол ЕЭО-дан анағұрлым кең әрі артықшылық тұстары да жетіп асады. Қазір бізді BRICS тобына бақылаушы ретінде шақыруда. Әлбетте, біз етене жақын жатқан көршілермен арадағы сауда-саттыққа да көңіл бөлгеніміз жөн. Мына соғыс басталғанша, мен, мәселен, Өзбекстанмен, Ауғанстанмен, Иранмен арадағы серіктестікті жандандыру қажеттігін айтып келдім. Тіпті, Иранға қатысты санкциялар аясында да біз бірқатар тауарлар легі бойынша олармен емін-еркін сауда жүргізе аламыз.

Антиресейлік санкциялар ұзаққа созылса, одан біз де зардап шегеміз ғой?

- Ресей экономикасында елеулі, тіпті, ауқымды үлесі бар Danone, Nestle сынды бірқатар трансұлттық корпорациялар қазір халықаралық құрылымдардың арасында санкциялар мерзімін анықтау мақсатында белсенді келіссөздер жүргізуде. Мен қателесуім мүмкін, әрине, бірақ кей деректер бойынша, мәселе, кем дегенде бес жыл не одан да көп мерзім аралығын қамтиды дегенге саяды.

Яғни, соғыс аяқталса, санкциялар да тоқтайды дей алмаймыз ғой?

- Санкциялардың басты себебі, әрине, Украинадағы соғыс, бірақ бұл арада басқа да көрсеткіштер бар. Мәселен, Ресейдің Украина бағытындағы әскери қаупін толыққанды шешу деген сияқты. АҚШ-тың, Еуропаның сарапшыларымен әңгіме барысында түсінгенім, санкция жариялаған тараптар, олардың қаншалықты ұзаққа созылатынын өздері де дөп басып айта алмайды. Байқауымша, олар қазір Украинадағы соғыс толық аяқталып, Ресей әскері шығарылғанша санкциялар ықпалын қолдану мүмкіндігін қарастыруда.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Бейбит Алибеков: как совмещать luxury-жизнь и активную гражданскую позицию?

Смотреть на Youtube

Рамиль Мухоряпов: как пережить отмену

Смотреть на Youtube

Зачем Bereke Bank сменил имидж

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить