Карантин + локдаун: бизнес қайтіп күн көрді?

4039

COVID-19 салдарында отандық бизнес 2020 жылы барынша онлайн әрекет етуге икемделуде. Әлеуметтік оқшаулану барысында тұтынушылардың іскерлік белсенділігі бәсеңсіп қалғанын ескерсек, бірқатар салаларда экономикалық көрсеткіштер күрт төмендеп кетті, алайда дәл осы кезеңде нарық ішінде жаңа бизнес сегменттері де бой түзеп, орныға алды.

ФОТО: © Shutterstock

 

Covid соққан сала

Естеріңізге сала кетсек, әлем бойынша коронавирус пандемиясы жария етілгенде Қазақстанда төтенше жағдай және қатаң карантин шаралары 16 наурыздан 11 мамырға дейінгі аралықты қамтыды. Жаз шыға елімізде инфекция жұқтырғандар саны күрт өршіп, 5 маусымда енгізілген локдаун бір айға созылды. Осы кезеңдерде ел бойынша сұлулық индустриясы, спорт саласы, ойын-сауық және ірі сауда орындары, демалыс нысандары, балаларға арналған орталықтар, т.б. өз жұмысын тоқтатты. Отандық орта және шағын бизнес өкілдерінің айтуынша, пандемия салдары қызмет көрсету саласының бірқатар сегменттеріне айтарлықтай ауыр тиді. Соның ішінде, әсіресе, кинотеатрларға, сұлулық және фитнес индустрияларына, ойын-сауық және ірі сауда орталықтарына.

Карантин аясында аграрлық сала, тағам өнеркәсібі, құрылыс секторы, өнеркәсіп кәсіпорындары, фармацевтика нарығы өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал карантиннен кейін екінші деңгейдегі банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары, көлік жуу және жөндеу нысандары, ашық ауадағы қоғамдық тамақтану орындары өз жұмысын шектеулі режимде жалғастыра берді.

Әлеуметтік оқшаулану барысында азық-түлік және тұрмыс заттарын жеткізуге, фармацевтикалық өнімдер мен маска шығару өндірісіне, дәрілеу, зарарсыздандыру, дератизациялау сынды қызметтерге, интернет дүкендер мен онлайн оқыту курстарының жұмысына сұраныс өскен. UpgradePlus онлайн курсының негізін қалаушылар, онлайн оқытуға еліміз бойынша әсіресе ақпан және наурыз айларында қызығушылар көп болғанын айтады. Ал сәуір-мамыр айларында жұрттың кіріс көрсеткіші төмендеп, онлайн білімге деген сұраныс мейлінше бәсеңсіп қалған.

Wetamin жарнама агенттігінің негізін қалаушы Салтанат Шоланова, биыл наурызда клиент компаниялардың бір бөлігі әлеуметтік желілердегі жарнама жұмысын тоқтатқанын айтады. Сол себепті де агенттік өз бағытын біртіндеп өзгертуге ден қойған: «Біз SMM-ментор және фотосессия қызметтерін енгізіп, киім-кешек сатуға негізделген сайттармен жұмыс істей бастадық, сөйтіп, көктем және жаз айларында тапқан табыстың 70%-ы онлайн оқыту, менторлық және таргеттелген жарнама есебінен мүмкін болды», – дейді ол.

Биылғы карантин барысында тұралап қалған айтулы салалардың бірі – фитнес индустриясы. Алматыда жалпылай алғанда 280 шақты фитнес клубы болса, олардың 10–15%-ы ағымдағы жылдың көктем, жаз айларында жабылып қалған. «Бұлардың дені лоукостер сегментіндегі клубтар (абоненттік төлем 15 мың теңгеден басталатын) және бизнес-сегмент, - деп әңгімелейді World Class Almaty спорт клубының бас директоры Уәлихан Тен. – Бұл ойыншылардың нарықтағы үлесі 10%. Олар сауда және бизнес орталықтарында орын жалдайтын. Бұл орталықтардың қожайындары жалдау ақысын тоқтатқан жоқ, өйткені өздері де банктерге үстеме процент төлейді».

Фитнес-индустрия өкілдері пандемиядан кейін премиум сегмент клиенттерінің қатары сиреп қалуы мүмкін деп алаңдауда. Өйткені олар да экономикалық дағдарыстан зардап шегуде. Банктер бизнеске уақытша кідіріс берді, бірақ бұл кейінге қалдырылған төлемдер. «Фитнес нарығы ауыр соққыдан әлі де оңала қойған жоқ. Біз үшін, ең болмаса, коммуналдық қызметке дисконт та ескерілмеген. Мысалға, үлкен бассейні, желдету, су тазалау сынды тетіктері бар клуб бұл шараларды тоқтата алмайды. Технология талаптары сондай. Егер суды сүзіп, тазарту, ауаны желдету жұмыстарын жүргізбесек, бассейн «көгеріп», тазарту жүйесі істен шығып қалады... Еліміздің және оңтүстік астананың санитарлық бас дәрігерлеріне айтар уәж – тыйым салу барысында сала операторларымен кеңесуді де ескерсе дұрыс болар еді», –дейді Уәлихан Тен.

Қазіргі таңда фитнес-индустрия кезекті фитнес маусымын бастап та кетті, алайда бұл тұрғыда бірқатар шектеулер әлі де өз күшін жойған жоқ: фитнес залдары демалыс күндері жұмыс істемейді.

ФОТО: © Shutterstock

Covid-ті емдеу салдары...

Пандемия барысында ұпайы түгел саланың бірі медицина деген көзқарас қалыптасты қазір қоғамда, бірақ бұл шынында да осылай ма? Профилактикалық медицина академиясының президенті, HealthCity клиникалар желісінің тең құрылтайшысы Алмаз Шарманның айтуынша, карантин барысында және карантиннен кейін белгілі бір уақыт орамында жеке меншік медициналық ұйымдар (бюджет аясындағы медициналық-санитарлық көмекке қатысы жоқ) жоспарлы негізде пациенттер қабылдай алмады. «Соның салдарында медицина ұйымдарының бірқатары өз жұмысын тоқтатып, елеулі шығынға батты. Әрине, өзге салалармен салыстырғанда медициналық мекемелер кіріс көрсеткіштерін мейлінше қалыпқа келтіре алады деген үміттеміз. Бірақ  Covid дүрбелеңіне дейінгі дәрежеге бәрібір жете қоймас. Шығынға батқан секторлар ішінде жеке медициналық көмек көрсету қызметін айтуға болады, мысалға, ота жасау, госпитализация деген сияқты», – деп түсіндіреді Алмаз Шарман.

Әріптесінің бұл пікірін «Persona» халықаралық репродуктологиялық клиника орталығының директоры Вячеслав Локшин де қолдап отыр. Оның айтуынша, Алматыда экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жабылған жоқ, бірақ биыл наурызда шығын көрсеткіші 20% шамасында болса, сәуірдегі шығындар 80%-ды, мамырда  – 60%, маусымда – 40%, шілдеде – 30%-ды құраған. «Дағдарысқа дейінгі айналымға біз тамыз айында ептеп қол жеткізе алдық, дегенмен жыл қорытындысы бойынша бәрібір шығын шектен тыс. Қызметкерлерге жалақы төлеумен қатар, коммуналдық шығындар мен жалдау төлемі тағы бар. Біз қызметкерлердің бір бөлігін жарты ставкаға көшіруге мәжбүр болдық. Биыл, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстаннан келетін пациенттерден айырылып қалдық (олар пациенттердің жалпы санының 12–15%-ын құрайтын).  Облыстардан келетін пациенттер екі-үш ай бойы бізге жете алмай қалды. Медициналық сақтандыру қоры бойынша мемлекеттік тапсырысты тек 30% деңгейінде орындай алдық, жыл соңына дейін қалай болатыны белгісіз», – дейді ол.

Жеке меншік медицина мекемелеріне қала сыртындағы тұрғындар да қол жеткізе алмады. Сол себепті медициналық орталықтардың бірқатары онлайн кеңес беруге көшті. «Бұл тұрғыда пациентпен тікелей байланыс жасау қажеті жоқ әрі онлайн кеңес бағасы 50%-дай арзанға түседі. Жұрт та риза», – дейді Вячеслав Локшин. Сарапшы маман қазіргі таңда медициналық оңалту шараларына, кардиолог және пульмонолог мамандардың қызметіне сұраныс жоғары деп отыр: «Біз енді Covid салдарынан бұрын, Covid-ті емдеу салдарын, кейде тіпті өзін-өзі емдеу салдарын жөнге келтіріп, реттеуді ескеруіміз керек. Өйткені пациенттерді емдеу барысында мейлінше ауыр препараттар қолдануға тура келді».

Нарық қашан оңалмақ?

Бірнеше жыл бұрын Динара Мәметжанова FasTracKids халықаралық франшизасы бойынша балаларға арналған орталық ашқан болатын. «Біз биылғы наурыздан 1 маусымға дейін жұмыс істеген жоқпыз. Ал 3 маусымнан 3 шілдеге дейінгі аралықта балаларды шектеулі түрде ғана қабылдай алдық. Локдаун аясында біз орталық тарихында бірінші рет шындап шығынға баттық. Түсім мүлдем болған жоқ», – дейді ол.

Балаларға арналған орталықтар қазір өз жұмысын жалғастыра алады, бірақ бір топта балалар саны 10-нан аспауы тиіс және де орталық орналасқан ғимаратта бір балаға 4 текше метр тұрғын алаңы сай келуі тиіс. Динара  жалдаған ғимарат иесі оған мейлінше жеңілдік жасап, жалға беру төлемін айына 30 мың деп белгілеген, әрине, коммуналдық қызмет құны бір бөлек. «Тамыз айында жағдайымыз ептеп түзеле бастады, қазір дағдарысқа дейінгі табыс деңгейінің 70%-ын еңсере алдық. Шығындарды барынша оңтайландыруды ескерудеміз. Халықаралық балалар академиясы болғандықтан, біз балаға білім беруді мақсат етеміз. Орталықтағы оқытушылардың дені сырттан арнайы шақыртылғандар, біз, ең алдымен, солардың санын қысқартып, өз күшімізге сенім арттық. Бұл санитарлық талап тұрғысында да тиімді шешім», – дейді Динара Мәметжанова.

Мұнай кеніштеріне техникалық бақылау және техникалық аудит жүргізумен қатар, онлайн оқытуды да жүзеге асыратын «ACES-Techcontrol» серіктестігінің аймақтық менеджері Қайсар Шакиев бүгінде мұнай саласының қосалқы сегменттерінде көптеген мамандар жұмыссыз отырғанын айтады. «Сала ішіндегі табыс көрсеткіштері 50%-ға дейін құлдырап кетті. Біз де компания ішінде біраз маманды еңбек ақысы төленбейтін демалысқа жібердік. Біздің қызметке тұрақты тапсырыс беруші компаниялар тарапынан қазір бұл бағытта сұраныс жоқ. Мемлекеттік жобалардың бірқатары тоқтап тұр, соңғы екі айда төлем үнемі кешігіп жетеді. Бастапқы үш-төрт айда біз қызметкерлер жалақысының бір бөлігін өз қалтамыздан төледік, қазір мұндай мүмкіндік кімде болса да кемде-кем», – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл салада дәл қазір айтарлықтай өзгеріс, ауқымды түсім болады деген үміт жоқ. «Біздің клиенттеріміз – алып та ірі мұнай компаниялары, олар бірден 100% қалыпқа келіп, аяқтана қоятыны күмәнді. Сала ішіндегі жағдай тұрақталуы үшін кем дегенде біржарым жыл өтеді», - деп болжайды Қайсар Шакиев.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Стрит-арт культура в Казахстане. Есть ли будущее?

Смотреть на Youtube

Начинали с базара: как Александр Дериглазов с братом построили империю «Меломан»

Смотреть на Youtube

Диагноз казахстанской экономике

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить