Кино көргім келеді

5312

Кинотеатрлар өз жұмысын қашан жалғастырады?

Бауыржан Шүкенов
ФОТО: Андрей Лунин
Бауыржан Шүкенов

2020 жылы COVID-19 салдарында шығынға ұшыраған бизнестің бірі – кинотеатрлар. Бүгінде Қазақстанда ашық аспан астында кино көрсетуге рұқсат етілген. Ал дәстүрлі кинотеатрлар жұмысына әлі де тыйым бар.

«Арман» кинотеатрлар желісінің атқарушы директоры Бауыржан Шүкеновтің айтуынша, биылғы алты айда еліміз бойынша 7 кинотеатр жабылып қалған. Олардың қатарында Семейдегі «Еңлік-Кебек» кинотеатры, Алматыдағы Bekmambetov Cinema, Silk Way Cinema және өңір-аймақтардан 3–4 кинотеатр бар. «Бұларда жалпылай алғанда 20-дан астам кинозал болған. Кинотеатрлардың акционерлері бұл бизнесті жалғастыруға себеп таппаса керек. Мысалы, Silk Way City кинотеатрының орнына ресейлік сауда желісі кірген. Байқауымызша, кинотеатрлар жұмысқа кіріскен күнде де, акционерлер олардың бұрынғыдай табыс әкелетініне күмән келтіреді», – дейді Бауыржан Шүкенов. Қазақстанның кинотеатр иелері қауымдастығы мәліметтерінше, бүгінде отандық кинотеатрлар 10 млрд-тан 15 млрд теңгеге дейін жоғалтып отыр.

Айта кетейік, карантинге дейін елімізде 92 кинотеатр жұмыс істеген. Жалпылай алғанда, олардың 325–350 кинозалы бар. Бауыржан Шүкеновтің пайымынша, егер үкімет кинотеатрлар жұмысына алдағы бір айда рұқсат бермесе, республика бойынша әрбір бесінші кинотеатр біржолата жабылып қалуы мүмкін. «Кино индустриясы да өзіндік бір алып зауыт іспетті: оның өз технологиялық жабдықтары, өзіне тән мамандары бар. Отандық кинотеатрлар соңғы алты айдан бері тоқтап тұр. Ал сала мамандары күн- көріс мақсатында өзге нарықтарға кетіп жатыр. Оның сыртында, елеулі көрермен жинайды деп болжанған әлемдік деңгейдегі «Мulan», «Tenet» (орысша прокатта «Довод») сынды ірі киножобалардың мерзімі өтіп кетті, мысалға «Мулан» онлайн түрде таралды», – дейді «Арман» желісінің басшысы.

ФОТО: Андрей Лунин

Бүгінге дейін кинотеатрларды ашу мәселесін билік пен бизнес бірнеше рет талқыға салған. Кино бизнесіндегі кәсіпкерлер, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, санитарлық талаптарды ескере отырып, залдарды ашу тұрғысында біраз ұсыныс жасаған. «Бірақ әлі де нақты шешім жоқ. Бір қызығы ұшақта сағаттап отыратын жолаушыларға рұқсат бар, ал бір-екі сағатқа кино көруге келетін көрермендерге рұқсат жоқ», – дейді  Шүкенов мырза.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин, санитарлық талаптар сақталған жағдайда, кинотеатрлар өз көрерменінің 30%-ына қызмет көрсете алады дегені бар. Бауыржан Шүкеновтің айтуынша, кинотеатрлар жұмысы әншейін залдарды ашып, көрермен күтуден басталмайды. Бұл арада кинофильмдердің репертуарын анықтау, сетка құру, сатушы дистрибьютерлермен ақылдасу дегендей қыруар шаруа жатыр. Жаңа жобаларды Қазақстанға жеткізу, олардың құқық иесімен келісім жасау – бұл да бір күндік жұмыс емес. «Әйтсе де, біз үшін ең бастысы – жұмысты бастау, біз бәріне де көнеміз, – дейді  ол. – Кинотеатрлар желісінің чаттары мен танымал блогерлер жүргізген сауалнамалардан байқағанымыз, қазақстандық көрермендер кинотеатрлардың ашылуын зарыға күтуде. Кино өнімінің дәстүрлі форматына бізде әлі де сұраныс жоғары».

Карантин шарасы көптеген елдерде ашық аспан астындағы кинотеатрлар жұмысын қайта жандандырды. Бауыржан Шүкеновтің пікірінше, бұл «уақытша жағдай». Өйткені олар киноиндустрияның түйінді мәселелерін толыққанды шешіп бере алмайды. «Ашық аспан астындағы кинотеатрлардың жаңа фильм-дерді көрсету мүмкіндігі жоқ, олар дистрибьютерлік желілермен жұмыс істей алмайды. Бұларда күніне әрі кетсе бір фильмнің 1–2 сеансы көрсетіледі. Ал бұл пайда әкелу тұрсын, фильмнің шығынын да жаба алмайды. Кинотеатрлар үшін мұндай формат мүлдем тиімсіз. Мысалы, бізде 4 кинозалда күніне 24 сеанс беру мүмкіндігі бар, Esentai Mall сауда орталығындағы Kinopark күніне 11 залмен 66 киносеанс көрсете алады. Ал ашық кинотеатрларда жаңа репертуар болмайды, олар тек ескі фильмдерді ғана ұсынады. Мұндай кинотеатрлар фестивальдар аясында өзекті немесе арнайы репертуары болса ғана қызықты», – дейді  ол.

Карантинге дейін елімізде 92 кинотеатр жұмыс істеген. Жалпылай алғанда, олардың 325–350 кинозалы бар

Бауыржан Шүкенов, сондай-ақ, кино көрсетудің дәстүрлі форматы мен онлайн форматын салыстырып, шатастырған дұрыс емес деген пікірде. «Онлайн кинотеатрлар – өзіндік бөлек бизнес. Оларда фильмдер жинағы болады, оны жинау үшін де ауқымды қаражат қажет. Дәстүрлі кинотеатрлар әрі кетсе 1–2 фильмді сатып алуы мүмкін, бірақ негізгі репертуар прокат негізінде толығады», – деген Шүкенов мырза, киноиндустрияның «басты тірегі кинотеатрлар» деген сенімде.

«Арман» кинотеатрлар желісінің штатында 40-тан астам қызметкер бар десек, олардың дені зейнеткерлер. Бауыржан Шүкеновтің пайымынша, пандемияға дейінгі деңгейге жету үшін кем дегенде 1–1,5 жылдай уақыт қажет: «сондықтан да кинотеатр ашылғанда қызметкерлер санын 30–35%-ке дейін қысқартуға тура келеді». Өйткені «кинотеатр билет бағасын көтеруге дайын емес».

Айтқандай, сала ішіндегі сарапшылардың пікірінше, бүгінде дәстүрлі форматта кино көруді таңдайтын қазақстандық көрерменнің 55–65%-ы 15–28 жас аралығындағы жеткіншек жастар. Жоғарыда айтылғандай, биылғы жылдың негізгі екі кинопремьерасы өтіп кетті. Бауыржан Шүкенов репертуар жасақтауда проблема туындамайды деген сенімде. «Қазір біз отандық продюсерлердің жобаларына үміт артып отырмыз: олардың он шақтысы дайын, – дейді  «Арман» желісінің атқарушы директоры. – Жалпы, былтырдан бері қазақстандық кинотуындылар тенденциясы жақсы қалыптасып қалған еді. Осы бағыт дағдарыстан кейін де сақталады деген үміттеміз». Бауыржан Шүкеновтің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда Ресей фильмдеріне деген сұраныс 10%-ға төмендеп, есесіне отандық фильмдерге деген сұраныс 13–15% артқан.

Пандемияға дейінгі деңгейге жету үшін кем дегенде 1–1,5 жылдай уақыт қажет: «сондықтан да кинотеатр ашылғанда қызметкерлер санын 30–35%-ға дейін қысқартуға тура келеді».

Алыс-жақын көршілер нарығынан, отандық кинотеатрлар әдеттегідей Ресеймен тығыз байланыста. Қазіргі күні Мәскеу кинотеатрлары жұмысқа қосылған, таяу арада Санкт-Петербургте де рұқсат берілмек. «Ресейде кинотеатрлар тамыздан бері жұмыс істейді, онда әр өңірдегі жағдай ескерілген. Біз олардағы статистиканы бұрыннан мұқият қадағалап отырамыз, яғни көрерменнің кинотеатрларға келу көрсеткіші, репертуар сұранысы дегендей. Сөйтіп, қай фильмді қай уақытқа қою керек, қанша сеанс болғаны дұрыс деп талдап отырамыз. Ресей көрсеткіштері біз үшін өзіндік индикатор іспетті», – дейді  Бауыржан Шүкенов. Әлбетте Қазақстан кинотеатрлары әлемдік деңгейдегі репертуардан бастап, әлем бойынша көрермен талғамы сынды өлшемдерді де сарапқа салуды әдет еткен.

«Мемлекет қазір «бізге кинотеатрлар керек пе, жоқ па?» дегендей таңдау алдында отырса керек. Арагідік қоғам ішінде дәстүрлі кинотеатрлардың орнын онлайн кино басады деген де пікір айтылып жатады. Қазақстанда кинофикация жеке бизнес ретінде 1998 жылы қалыптасты. Бірақ қазір отандық кинотеатрлардың  бизнестен гөрі әлеуметтік функциясы жоғары: жастар жаман әдеттен аулақ, бос уақыттарын кинотеатрларда өткізеді. Кино саласының тұтас қоғамға тәрбие беру мүмкіндігі зор. Оның сыртында, фильмдердің 99% монетизациясы кинотеатрдан түседі. Бүгінге дейін отандық кинотеатрлар мемлекеттен 1 тиын да көмек алған емес. Біз бәріне де шыдапбағуға дайынбыз, барлық талаптарды орындай аламыз, ең бастысы, бізге жұмыс істеуге рұқсат берілсе екен...» – дейді «Арман» кинотеатрлар желісінің атқарушы директоры Бауыржан Шүкенов.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Ержан Есимханов — о январских событиях, коррупции и неравенстве

Смотреть на Youtube

Зачем нужны микрофинансовые организации и что стоит знать перед получением займов

Смотреть на Youtube

Как построить бизнес в Казахстане без агашек

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить