Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасы жарық көрді

Жаңа шығарылымды оның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай ұсынады

Бақытжан Бұқарбай
ФОТО: © Данияр Асылбек
Бақытжан Бұқарбай

2022 жыл біз үшін ауыр басталды. «Қаңтар трагедиясы» ішімізде тартылмайтын жара қалдырды.

Шындық әлі ашыла қойған жоқ. Қоғам жылдың алғашқы күндері не болғанын білуге құқылы. Билік қаза тапқандардың санын айтқанмен, есімдерін әлі атамай жатыр. Жазықсыз азаматтарға азаптаушылық көрсеткен полиция өкілдері де жауапкершілікке тартылмай келеді. Азаматтық қоғам өкілдері, оның ішінде кәсіпкерлер де бар, шындықты өз бетінше анықтауға талпыныс жасауда. Атап айтқанда, қырғынның құрбандары мен зардап шеккендерге көмектесетін «Қаңтар» құқықтық қолдау орталығы құрылды. Оны құрушылардың қатарында кәсіпкер Еркін Тәтішев те бар. Бизнесменмен әңгіме барысында орталықтың жұмысы мен алғашқы нәтижелерін сұрап-білдік.

Еліміздің ішінде болған оқиғалар күн тәртібін өзгерткені рас. «Жаңа Қазақстанның» қандай болатынын ешкім әлі дөп басып айта алмаса да, еліміздің бұрынғыдай болмайтыны анық, өйткені қоғам өзгерді. Ендігі сөз кезегі – биліктің тарапында.

Қаңтар саяси реформаларға сұраныс пен қажеттіліктің үлкен болып отырғанын көрсетті. Билік жариялаған «Жаңа Қазақстан» идеясы қоғам қойып отырған талаптарға жауап бере ме? Тоқаев бұрынғы президенттің қателіктерінен сабақ ала ма? Биылғы жылдан не күтеміз?

Осы сұрақтарды саясаттанушыларға, экономистер мен сарапшыларға қойдық. Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқасында алғаш рет саяси сараптамалық материалдар көп жарияланып отыр. Бұл санымызда Досым Сәтбаев, Олжас Құдайбергенов сынды елге бұрыннан танымал сарапшылардың, Санжар Боқаев, Шалқар Нұрсейітов, Димаш Әлжанов сияқты аға әріптестерінің ізін басып келе жатқан саясаттанушылардың да талдаулары жарық көрді.

Сонымен бірге осы жолы тәуелсіз БАҚ-тардың күйі не болмақ деген сұрақтың да жауабын іздедік. «Жаңа Қазақстанды» сөз бостандығысыз елестету қиын, тіпті мүмкін емес.

Еліміздің сыртындағы мәселелерге келетін болсақ, соғыс пен геосаяси шынайылықтың өзгеруі көптеген парадигмалардың ауысуына түрткі болды.

Ресейдің Украинаға агрессиясы салдарынан көршімізге тарихта болмаған санкциялар салынды, оның суық ызғарын қазақстандық бизнес те сезе бастады. Өндіріс тізбектері мен логистика бұзылды. Жаңа қауіп-қатерлер туындады.

Осы жолы біз Ресейге салынған санкциялардың салдарынан ЕАЭО болашағы қандай болмақ, елімізге солтүстіктен былтырғы жылдармен салыстырғанда көбірек келе бастаған мигранттар нарығымыздағы жағдайды қалай өзгертпек деген сұрақтарды сарапшы мамандарға қойып, оқырманға жауабын ұсынып отырмыз.

Журналымыздың осы санында дәстүрлі «Қазақстандағы ең дәулетті 50 бизнесмен» тізімі жарық көрді. Биылғы топ-50-дің ерекшеліктері аз емес. Ең алдымен, бірнеше жаңа есімнің тізімге қайтып оралғанын және бірқатар бизнесменнің рейтингке жаңадан қосылғанын атап өтуге болады. Сосын бұл жолы миллиардерлер саны сегізге дейін жетті. Тағы бір атап өтетін нәрсе – соғыс пен санкциялардың дәулетіне тигізетін кері әсерінен тізімдегілердің бірсыпырасы келесі жылдың рейтингіне кіре алмауы мүмкін.

Жоғарыда аталған Еркін Тәтішев бізге сұхбат берердің алдында Украинаға барып қайтқанын айтты. Кәсіпкердің бұл елде агро саласында бизнесі бар. Соғыс жүріп жатса да, егін уақытылы егілуі керек.

Тірі адам тіршілігін жасай береді демекші, бизнес қазір жаңа шешімдер мен мүмкіндіктерді іздеп жатыр. Біз рейтингке кірген кәсіпкерлердің арасында сауалнама жүргіздік. Көбісі соғыстың бизнестеріне кері әсер тигізгенін немесе алдағы уақытта міндетті түрде тигізетінін айтып отыр. Десе де, суреті осы жолғы мұқабамызға шыққан Тәтішев мырза қандай жағдай болмасын, «тіпті жүйесі ашық емес біздің елімізде де оптимизмді сақтауға болады», – дейді.

Бизнесменмен келіспеу қиын. Өмірге оптимизммен қарауға себептер көп болсын!

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Пятьдесят оттенков Хургады »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
10539 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить