Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі алғашқы саны жарық көрді

11660

Бірінші шығарылымды оның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай ұсынады

Бақытжан Бұқарбай
ФОТО: Данияр Асылбек
Бақытжан Бұқарбай

Бұл – тарихи оқиға.

24 түрлі сағат белдеуінде жарық көріп, бес құрлықта таралатын беделді Forbes іскерлік басылымы тұңғыш рет қазақ тілінде шықты. Әлемге танымал журналдың қазақша сөйлеуі еліміздің медиа саласы үшін де үлкен жаңалық болып отыр және салаға серпін беретіні сөзсіз. Тағы бір қуантарлығы – сапа тұрғысынан мүлде бөлек жаңа контентті тұтынғысы келетін қазақ тілді аудиторияның қалыптасқандығы.

Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі шығарылымының оқырманға жол тартуы оңай болған жоқ. Акционерлер қазақшасы шығады деп шешім қабылдаған соң ең алғашқы саны мамыр айында жарық көруі керек еді. Бұл арнайы шығарылым, өйткені қалыптасқан дәстүр бойынша ең дәулетті бизнесмендердің рейтингі жарияланады. Оқырмандар асыға күтетін саны да осы. Бірақ коронавирус туғызған COVID-19 пандемиясы жолымызды кесіп, бұл ойымызды жоспарлаған уақытта жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.

Тіптен америкалық «үлкен» Forbes-тың өзі басында миллиардерлердің жаһандық рейтингін жариялауды алдымен бір айға, сосын тағы 12 күнге шегеруге мәжбүр болды, өйткені олардың аналитикалық тобына бүкіл сандарды ең соңғы сәтте қайта санап шығуға тура келді. Бұл өте сезімтал сала екен: саясаткерлердің мәлімдемелері, үкіметтің карантиндік шараларды енгізуі, вирустың таралу динамикасының нақты болмауы кей дәулеттілердің қалтасын жұқартса, екіншілердің табысын еселей түсті.

Осының салдарынан біз де еліміздің ең дәулетті бизнесмендерінің рейтингін жылдың екінші жартысында жариялауды жөн деп шештік. Асықпағанға өлім де асықпайды.

Журналдың тарихи шығарылымының ең негізгі тақырыбы да пандемиямен байланысты болып отырғаны заңды. Ең алдымен, басында елімізде төтенше жағдай енгізіліп, одан кейін карантиндік шаралар күшейтілгелі бері жарты жыл өтті, демек алғашқы қорытындыларды жасаудың қажеттілігі туды. Бұл індет бизнес пен экономикаға зор әсерін тигізді. Білім саласының онлайн форматқа көшуі, электрондық коммерцияның бағына бұйырған жаңа мүмкіндіктер, адами капитал мәселесі – алғашқы санның басты назарында. Екіншіден, бизнес иелері тосыннан болған жағдайда кәсіптерін қалай қайта құрғандарын, қандай трендтерді алға тартып, нендей өзгерістерге дайындалып жатқандарын анықтап көруге тырыстық.

Журналдың бетінде – кәсіпкер Бауыржан Оспанов. Біздің оны таңдауымыз жайдан жай емес, өйткені ауылдан шыққан миллионер – қазақ тілді аудиторияның сүйіктісі. Кәсіпкер энергетика саласы мен ауыл шаруашылығын қатар алып жүр, агросектор саласындағы жетістіктері мен ұтымды шешімдерін назардан тыс қалдыра алмадық, өйткені жіпсіз байланған жағдайда бұл бағыттың стратегиялық маңызы зор екені тағы да расталып отыр. БАҚ беттеріне көп шыға бермейтін еліміздің ең жабық бизнесмендерінің бірі бізге берген сұхбатында пандемия кезінде дағдарысқа қалай тойтарыс беріп жатқандығы туралы да әңгімеледі.

Сонымен қатар танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембаймен де сұхбатты ұсынып отырмыз. Биыл күздің басында Грузияның экс-президенті, қазіргі кезде Украинада реформалардың жүзеге асуына атсалысып жатқан саясаткер Михаил Саакашвили Марғұлан Сейсембайды өзінің «Қарапайым шешімдер мен нәтижелер кеңсесі» қызметіндегі серіктесі ретінде таныстырды. Қазақ БАҚ-тарының ішінде біз алғашқысы болып кәсіпкермен осы тақырып аясында әңгімелесіп, оның Саакашвилидің кеңсесінде нақты қандай жұмыстармен айналысатыны және қай бағыттар бойынша жобаларды жүзеге асыратыны туралы оқырмандарымызға айтып беріп отырмыз. Ақпараттық себептің шыққанына біршама уақыт өтсе де, біздің алғашқы болуымыздың өзі қазақ журналистикасы мен қазақ тілді оқырмандарға Forbes Kazakhstan сынды іскерлік әрі кәсіби басылымның ауадай қажет екенін аңғартады.

Сонымен, үлкен істің, даңғыл жолдың басы бар! Журналмен танысуға кірісейік.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

MMA в Казахстане: как заработать на боях?

Смотреть на Youtube

Начинали с базара: как Александр Дериглазов с братом построили империю «Меломан»

Смотреть на Youtube

Алексей Ли: как бизнесмены нового поколения развивают Казахстан

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить