Геосаясат және ІТ-индустрия

Жаһандық пандемия аясында қарқындап өскен отандық ақпараттық коммуникация саласы қазір көпшіліктің назарында, әсіресе, еліміздің еңбек нарығында ресейлік ІТ-мамандардың қатары ұлғая түсті деген пікірлер аясында

ФОТО: © unsplash.com

Украинадағы соғыс және оның Ресейге қатысты саяси-экономикалық салдары ТМД аумағындағы ІТ нарығына да әсер етпей қойған жоқ. Жаһандық пандемия аясында жеделдеп дамыған бұл сала болашаққа негізделген жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын отырған-ды. Алайда, соңғы уақытта сала ішіндегі мамандардың пікір, көзқарасы біршама сақ әрі баяу естілуде.

IDC халықаралық зерттеу агенттігі өз деректерінде Қазақстандағы ақпараттық коммуникация нарығының ауқым аясы өсіп, барлық сегменттерде өсу деңгейі байқалғанын алға тартады. IDC мәліметінше, 2020 жылмен салыстырғанда, 2021 жылы Қазақстанда аппараттық шешімдер (программалық қамтамасыз ету) нарығының көлемі 18,2%-ға ұлғайған. Украинадағы соғыс пен антиресейлік санкциялар аясында сала мамандары дәл қазір 2022 жылға болжам жасауға дайын емес. Бірақ олар нарық ішінде қалыптасқан соңғы ұстаным-бағыттар Қазақстанды да айналып өтпейді деп отыр.

Отандық ІТ нарығында көпке танымал АЛСИ компаниясының бас директоры Дәурен Хамзиннің айтуынша, бұған дейін Қазақстан нарығына мүлдем бас сұқпаған бірқатар вендорлар (нарыққа бренд өнімін жеткізушілер – F.) қазір мұнда өз кеңселерін ашуға барынша қызығушылық танытуда. Процедуралық тұрғыда, бүгін Қазақстанда кеңсе ашу Ресеймен салыстырғанда біршама жеңіл.

Дәурен Хамзин, АЛСИ компаниясының бас директоры
Дәурен Хамзин, АЛСИ компаниясының бас директоры

«Ресейдегі офистерін жабуға мәжбүр болған компаниялардың біразы қазір ТМД аумағындағы өзге нарықтарда жайғасуда, оның ішінде Қазақстан вендорлар үшін барынша тартымды нарық. Сол сияқты, бізге Ресейден ІТ саласының әртүрлі мамандары көптеп келуде. Дәл қазір олар бізбен бәсекеге түсуге дайын деп ойламаймын, қазіргі жағдайда олар өздерінің сараптамалық талдауларын сатудың ретін іздесе керек», - дейді Дәурен Хамзин.

Сарапшының пікірінше, геосаясат аясындағы соңғы оқиғаларға орай, дәл қазір нарықтарда өзіндік жаңа жағдай қалыптасуы әбден мүмкін, өйткені бүгін Ресей нарығы өнім өндірушілер үшін уақытша жабық.

«Өндіріс тұрғысында ІТ өнімдерін өндірушілердің біздің нарыққа қатысты көзқарасы жақсаруы ықтимал. Бірақ өнім жеткізу маршруттары өзгеріп, жеткізу мерзімі, бағасы өсуі мүмкін. Есесіне өнім-жабдықтарға деген қолжетімділік арта түседі, өйткені дайын өнімдерді қалайда сату керек. Біз бұны қазірден-ақ көріп, байқап отырмыз. Мұны вендорлар мен тапсырыс берушілер де барынша меңзеп, жеткізуде. Әрине, Ресейде де сұраныс сол қалпында. Қазір ресейліктер сол қажеттілік аясында көрші нарықтарға ағылуда. Әйтсе де бұл арада өзіндік түйінді проблема бар: өнім өндірушілермен арадағы келісімшарт бойынша қажет құрылғыны біздің нарықта сатып алып, Ресейге жөнелту мүмкін емес. Мұндайға қазір өнім жеткізуші бірде-бір ресми компания бармайды», - дейді ол.

Бұл пікірмен IDC халықаралық зерттеу агенттігінің ТМД бойынша вице-президенті Андрей Беклемишев те келіседі. Оның айтуынша, солтүстік көршіміздің нарығын тастап шыққан вендорлардан бос қалған нишаны Қазақстан бәрібір толыққанды қамти алмайды, мұның өзіндік объективті себептері бар.

Андрей Беклемишев, IDC агенттігінің ТМД бойынша вице-президенті
Андрей Беклемишев, IDC агенттігінің ТМД бойынша вице-президенті

«Ресей нарығын тастап шыққан вендорлар кімдер? Ең алдымен, «темір заттарды», яғни ПК, серверлерді, мәліметтерді сақтау жүйелерін жеткізушілер. Ал Қазақстан оның орнына ештеңе ұсына алмайды, өйткені бізде мұндай ауқымдағы өндіріс жоқ [«темір заттардың» – F.]. Тіпті, біз бұл өнімдерді жинап, құрастыруға кіріскен күнде де, бізге қазір процессорлар, чиптер керек болады. Ал олар, негізінен, Тайваньда өндіріледі. Процессорларды AMD және Intel шығарады, олар Ресей бағытындағы реэкспорт үшін Қазақстанға чип жеткізуге келіспейді, өйткені санкциялық талаптар бар. Оның сыртында, Ресейдің ІТ нарығы бізден он есе үлкен, егер біз қазір реэкспортқа ерік берсек, онда вендор Қазақстанға сатылған ауқымның өсіп, ұлғайғанын байқап, ойлана бастайды. Айтқандай, бүгінде жаңадан сатып алған кез келген компьютер не сервер Интернетке қосылсымен, оның геолокациясы бірден мәлім болады. Тіпті, желіге мүлдем қосылмасаңыз да, техникалық қолдау қажеттілігі туындағанда құрамдас бөлшектердің нөмірлері арқылы санкция талаптарын кім, қалай айналып өткенін анықтау қиын емес. Мұның зардапқа толы салдарлары көп әрі ұзаққа созылмақ. Ел үкіметі отандық ІТ компанияларға бұл тұрғыда бекер ескерту жасаған жоқ», - дейді Андрей Беклемишев.

ІТ нарығы мамандарының пайымынша, логистикалық тізбектердің бұзылуынан кейбір вендорлар қазақ нарығынан бас тартуы мүмкін, бірақ олардың орнына бәрібір басқалары келеді. «Экспансия болатыны анық, әсіресе, біздің нарыққа бұған дейін қызыға қоймаған вендорлар мен өнім өндірушілер тарапынан. Былайша айтқанда, көрші елге бағытталған санкциялар, біз үшін потенциалды түрде өсу аймағы, жаңару аймағы бола алады», - дейді Дәурен Хамзин.

ІТ нарығына қатысты тағы бір ескеретін тренд reseller-компаниялар үшін өзекті. Дәурен Хамзиннің айтуынша, Ұлттық Банк АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамын бір деңгейде ұстап тұрса, reseller-компаниялар сауда жасауды жалғастыра береді. Ал керісінше жағдайда олардың жұмысы тоқтап, біразы жабылып қалады. «Дегенмен, ел экономикасына ықпал етуші жағымды фактор да жоқ емес. Арада жарты не бір жыл өткенде қазақстандық өнім баға жағынан бәсекелестік деңгейге жетіп, өнім өндіруші кәсіпорындар (бізде аз болғанымен) біртіндеп қалыпқа келеді, сонда жергілікті өндірістің айналым көрсеткіші ұлғая түседі» , - дейді сарапшы.

Ал Андрей Беклемишевтің пікірінше, соңғы жылдардағы небір кедергі, қиындықтарға қарамастан, ІТ саланың мүмкіндік әлеуеті айтарлықтай өсіп, кеңейді. «Пандемия көптеген елдердің экономикасына ауыр тиді, бірақ соған қарамастан ІТ индустрияның дамуына жаңа күш, жаңа екпін берді, оның ішінде, Қазақстан нарығы да бар. 2020–2021 жылдары құрылғылар нарығы бұған дейін байқалмаған өсіп-дамуды бастан кешті. Бұл тұрғыда тек жеке компьютерлерге ғана емес, пайдалануға болатын сервистерге де сұраныс артты. Бүгінде бұлттық технологияларға негізделген сервистерді таңдау тренді барынша тартымды. Бұл сұранысты қанағат ету үшін мәліметтерді өңдеу орталықтары қажет, олай болса, бізге қазір мәліметтерді жеткізуші желілік құрылғылар, серверлер керек. Қазір бізде ІТ нарығының барлық сегменттері қарқындап дамуда», - дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ мәліметтер транзиті аясында Қазақстанның цифрлық хаб құру мүмкіндігі зор деп отыр: «Бұл да сол бұлттық сервис және мәліметтерді өңдеу орталығы іспетті. Ал басқа нарықтарға шығып, оларды игеру қажеттілігі, меніңше, Қазақстан үшін аса өзекті емес. Өйткені біздің өз нарығымыз әзірше дамушы сипатта, Ресеймен салыстырғанда біз кемелдену деңгейіне шыға қоймадық. Дәл қазір бізге өзіміздегі қажеттіліктерді ескеріп, жоғары санаттағы өз мамандарымызды әзірлеуді ойлаған дұрыс».

Қазақстанға ресейлік ІТ мамандар көптеп келуде деген пікір жөнінде Андрей Беклемишев: «Әзірше біз олардың қаптап келгенін байқай қоймадық. Негізі, ІТ саласында кәсіби білікті мамандарға деген сұраныс қашанда жоғары, сондықтан біз үшін бұл проблемадан гөрі мүмкіндік деуге тұрарлық. Мемлекеттік, квазимемлекеттік секторларға қолдау көрсетіп отырған отандық ІТ компаниялар үшін бұдан еш қауіп, тәуекел байқалмайды. Оларға бәсеке болар ресейлік компаниялар өз клиенттерінің тапсырыстарын орындауда. Әрине, олардың ішінде сыртқы нарықтарға шығуды көздегендері де бар, біздің нарыққа солар келіп, жайғасуы мүмкін. Бұл, негізі, жаман емес, өйткені бұл Қазақстанда өндірілген шешімдердің экспорты болмақ және де «темір заттардың» емес, сервистік шешімдердің экспорты түрінде (кастомизацияланған, яғни бейімделіп, құрылған софт әзірлеу, бұлттық сервистерді ұсыну деген сияқты). Мұндай жағдайда Қазақстанда мәліметтерді өңдеу орталықтарының саны артып, сараптамалық талдаулар көбейеді деген сөз. Ал бұл – валюталық түсім, жаңа жұмыс орындары, оның ішінде қазақстандық мамандар үшін де», - дейді.

Өз кезегінде, Дәурен Хамзин, Украинадағы жағдайдың салдарын біз биыл жазға қарай анық сезінуіміз мүмкін деп отыр. «Әзірше Қазақстан бейтарап позиция ұстануда, ал егер нақты бір таңдау жасап жатсақ, сол таңдауға орай бәрі де танымастай өзгеруі ықтимал. Егер санкциялар тауқыметін сезіне бастасақ, онда біздің ел үшін бұл қауіп әлеуеті мол тәуекел болмақ», - дейді АЛСИ компаниясының бас директоры.

Айта кетейік, үстіміздегі сәрсенбіде Парламент қабырғасында журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев, соңғы уақытта Қазақстанда уақытша тұруға өтініш беруші ресейліктер саны ептеп артқанын айтып өтті. Бұған дейін Қазақстанда уақытша тұруға тоқсанына 350 – 400 ресейлік азамат өтініш берсе, қазір олардың саны мың адамнан асады. Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 130 мыңдай ресейлік азамат және 3481 адамдай Украин азаматтары жүр.

Возвращайтесь к нам через 1 месяц, к публикации готовится материал «Пятьдесят оттенков Хургады »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
21713 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить