Отандық ІТ нарыққа деген ішкі де, сыртқы да қызығушылық іркілетін емес

25771

2022 жылдың алғашқы алты айында отандық ІТ сектор – көрсетілген қызмет ауқымы бойынша жетекші үш саланың бірі деп танылды

ФОТО: pexels.com

Қазақстанда ІТ сала бойынша көрсетілген қызмет ауқымы біржарым есеге өсті, ал сала ішіндегі орташа жалақы жарты миллион теңгеге жақындап қалды, деп хабарлады қазан айының ортасында Energyprom.kz.

«Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында (экономиканың бақыланбайтын секторын* есепке ала отырып, айтқанда) компьютерлік программалау, сондай-ақ осы салада көрсетілген консалтингтік және басқа да ілеспе қызметтер ауқымы 394,95 млрд теңгені құрады – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ақшалай түрде, бұл, бірден 1,5 есе көп деген сөз (көлем индексі – 141,3%). 2022 жылдың алғашқы алты айында ІТ сектор – көрсетілген қызмет ауқымы бойынша жетекші үш саланың бірін құрады», - деп мәлімдейді Energyprom.kz.

Сарапшы қауымның мәліметтеріне жүгінсек, экономиканың бақыланбайтын секторын есепке алмай, қарастырғанда, биыл қаңтар-маусым айларында ІТ сала бойынша қызмет ауқымы 304,9 млрд теңгеге жеткен, яғни бір жылдағы өсім 1,5 есе. (Ал өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіш 29,9% шамасында болған).

Өңірлер аясынан алып қарасақ, Energyprom.kz  мәліметінше, сала бойынша көрсетілген қызмет ауқымының жартысынан астамы Алматыда (168 млрд теңгеге), шамамен үштен бірі Астанада (108,5 млрд теңгеге) жүзеге асқан. Елеулі қызмет ауқымы, сондай-ақ Қарағанды (6,5 млрд теңге), Атырау (3,8 млрд теңге) және Қостанай (2,8 млрд теңге) облыстарында орындалған.

«Компьютерлік программалау, сондай-ақ осы салада көрсетілген консалтингтік және басқа да ілеспе қызметтер ауқымының 94%-ы кәсіпорындарға тиесілі», - деп хабарлайды Energyprom.kz сарапшылары. Оның ішінде 209,9 млрд теңгенің қызметін шағын кәсіпорындар жүзеге асырса, 53,7 млрд теңгенің қызметін – ірі, 23,2 млрд теңгенің қызметін орта көлемдегі кәсіпорындар қамтамасыз еткен.

Сарапшылардың айтуынша, сала бойынша жеке кәсіпорындар тарапынан көрсетілген қызмет ауқымы 18,2 млрд теңгені құраған.

Ал ІТ сала бойынша көрсетілген қызмет ауқымының құрылымын сарапқа салғанда, ең жоғары сұраныс – программалық қамтамасыз етуді әзірлеу тұрғысында қалыптасқан (129,5 млрд теңге).

Energyprom.kz мәліметінше, елеулі ауқым, сондай-ақ мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен жүйелерді қалыптастыру және дамыту аясындағы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды басқаруға (24,7 млрд теңге) және программалық қамтамасыз етуді сүйемелдеуге (15,9 млрд теңге) тиесілі болған.

Сарапшы қауым жария еткен мәліметтерге жүгінсек, биылғы алғашқы жарты жылдық қорытындысы көрсеткендей, компьютерлік программалау мен осы саладағы консалтингтік және басқа да ілеспе қызметтер бойынша бір қызметкердің орташа номиналды жалақысы 494 мың теңгені құраған (былтырғы көрсеткіш 298,6 мың теңге).

«Сала бойынша жалақының сатып алу қабілеті өткен жылмен салыстырғанда 18,2%-ға, ал жалпы Қазақстан Республикасы бойынша 10,9%-ға өсті», - деп хабарлайды Energyprom.kz.

Жалақы мен сапа арасында алшақтық бар ма?

Айта кету керек соңғы жарты жылда орын алған геосаяси жағдай аясында еліміздің ІТ нарығы көрші елдердің ІТ мамандары мен осы саладағы кәсіпкерлері үшін тиімді әрі қауіпсіз орта деп танылуда. Дегенмен, олар қазақстандық компанияларға жұмысқа орналасуға асығып отырған жоқ. Мұның бір себебі, мәселен, көрші Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның ІТ нарығындағы жалақы деңгейі төмен дегенге саяды.

Ресейден келген ІТ маман (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді – F.) Қазақстанның ІТ нарығында осы саладағы «кейбір озық бағыттар мен арнайы маманданған санаттағы қызметкерлер бойынша айтарлықтай сұраныс жоқ және орташа жалақы да біршама төмен» деген пікір айтады. Бірақ ол Қазақстандағы Интернет деңгейі мен мүмкіндігіне тәнті болғанын жасырмайды. «Кез келген жерден оңай қосыла аласыз, бәрі жылдам әрі ыңғайлы, шектеу жоқ» деген ол, реті келсе «осында отырып, Ресейдегі жұмысымды қашықтан жалғастырсам деген ойым бар» дейді.

Ресейлік маманның айтуынша, программалық қамтамасыз етуді әзірлеуші ретінде бір ғана программалық тілмен жұмыс істеу кәсіби тұрғыдан өсуге септік етпейді.

«Программалаудың ондаған тілі бар, солардың біреуімен ғана жұмыс істеп, басқаларын елемеу кәсібилік көрсеткіші емес. Әрине, функционалдылық маңызды, бір технологияға негізделген білімді тереңдетіп игеріп, дамыту да дұрыс жол. Бірақ сала ішіндегі басқа да мүмкіндіктерге қызығушылық таныту – осы саладағы жаңа белестерді бағындыру деп білемін. Негізі, ІТ салаға деген қызығушылық мектеп қабырғасынан қалыптасады, мәселен, видеоойындар мен компьютерлік графикаға деген құштарлықтан. Естуімше, Қазақстанда ІТ сала мамандарын әзірлеуге барынша мән берілуде. Мектеп деңгейінде қолдау болып жатса, бұл балалар үшін керемет мүмкіндік. Өзім бұл салаға сол мектеп қабырғасында өз жеке қызығушылығым негізінде келгем. Ең бастысы – іздену, жаңа ұсыныстарды игеру және, әрине, бастапқы білгеніңді де ұмытпау», - дейді 22 жастағы ресейлік ІТ маман.

Өз кезегінде, қазақстандық «Bugin» холдингінің бас директоры Айбек Қуатбай Қазақстанның ІТ нарығындағы жалақы деңгейі төмен дегенмен келіспейді. Оның айтуынша, қазақстандық компанияларға қазір маманның еңбек өтілі емес, оның бойындағы машық-дағды мен сала ішіндегі тәжірибесі маңызды.

Айбек Қуатбай, «Bugin» холдингінің бас директоры
Айбек Қуатбай, «Bugin» холдингінің бас директоры

«Жұмыс беруші ретінде біздің компанияда өсіп, дамимын деген маманға барлық жағдай жасалған деп сенімді түрде айта аламын. Құрал-жабдық та жеткілікті. Мамандардың орташа жалақысы 700 мың теңге шамасында. Жұмыс кестесі таңертеңнен кешке дейін. Тапсырмасын толық орындай алмаса, кешке қалып немесе демалыс күндері орындай алады», - дейді «Bugin» холдингінің бас директоры.

Ал ІІТU Компьтерлік инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Толғанай Чинибаева болса, бүгінде «ел ішіндегі ІТ мамандардың дамуға деген ұмтылысы жоқ» деп отыр. Мұның бір себебін маман былайша түсіндіреді: «Ішкі сұранысты қаматамасыз ету үшін өндірістегі программистерге шектен тыс айлық тағайындалады. Мәселен, ЖОО түлектерінің көбісі таза Junior, ал кейбір дарынды түлектер Middle деңгейімен оқу бітіріп шығады. Өндірісте аз уақыт жұмыс істесе де, оларға, программистің сапасына қарамай-ақ, Senior, Lead деген деңгей беріліп, жалақысы өсе бастайды. Бірақ, қаражат деңгейі өскенімен, программалау сапасы жақсара бермейді. ІТ маман сол бір шеңбердің ішінде қала береді».

ІТ маман әзірлеуді мектептен бастаған дұрыс...

Айбек Қуатбайдың айтуынша, біздің елімізде ІТ саласына түпкілікті мән беруге жаһандық пандемия септік етті. Пандемия кезінде ел экономикасының барлық саласы үшін цифрландыру қажеттілігі алға шықты, оның ішінде білім саласы үшін де. Бірақ, сонда, бұл тұрғыда бірқатар іркілістер көрініс беріп, елімізде абдырып қалғандар да кездесті. Сондықтан бұл мәселеге мектеп қабырғасынан дұрыс көңіл бөлген маңызды.

«Мектептегі Информатика пәніне заман талабына сай көптеген өзгерістер енгізілуде, бірақ бұл пән әлі де әлемдік стандарттарға жете қойған жоқ. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, мықты IT маман мектепке, оның ішінде ауылдағы мектепке мұғалім болып бара қоймайды. Яғни, мәселе мазмұнда емес, мәселе сол пәнді үйрететін мұғалімнің деңгейінде», - дейді ол.

Бұл пікірмен Толғанай Чинибаева да келіседі. Оның айтуынша, жоғары оқу орнына ІТ мамандығын таңдап келетін мектеп түлектерінің «математикалық базасы әр деңгейде». Сондықтан да университет қабырғасында олар бір-бірінің деңгейіне ілесе алмай жатады.

Толғанай Чинибаева, ІІТU Компьтерлік инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы
Толғанай Чинибаева, ІІТU Компьтерлік инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы

«Менің ойымша, талапкерлерді олардың дайындық деңгейіне сай бөліп, топ-тобымен отырғызып, оқылатын курсты соған сәйкес тағайындаған дұрыс. Біз таза технологияларды ғана оқытып көш оза алмаймыз. Ендігі кезекте IT саласын пәндік аймақтарға түгел енгізу керек. Яғни, әр салада IT бағытында негізгі білім беруді ескерген жөн. Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар пәнінен басқа кибернетикалық басқаруды да үйрету керек», - дейді PhD маман.

Айта кетейік, Қазақстан басшылығы ел алдына – еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу тұрғысында стратегиялық мақсат қойып отыр. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйектегі АҚШ-қа сапары барысында Microsoft, Amazon, Epam, Coursera компанияларының басшылығымен кездесулер өткізіп, аталған компанияларды елімізде өз өкілдіктерін ашуға шақырды. Ал қыркүйектегі халыққа жолдауында ол ІТ саласына шет елдерден маман тарту мәселесіне де көңіл бөлді.

Бұл тұрғыда «Bugin» холдингінің бас директоры Айбек Қуатбай: «Шетелден келген ІТ мамандар, ең алдымен, мықты менеджерлер санын көбейтуге үлес қоса алады. Олардан біздің жергілікті мамандар көп нәрсе үйреніп, тәжірибе алады, кейін өздері де мықты маманға айналады деп ойлаймын. Бірақ, бұл арада өзіндік гәп те жоқ емес: ертеңгі күні біздегі көп мамандар өсіп, жетіліп, шетелге кетіп қалуы да әбден мүмкін. Себебі біздегі экономикалық жағдай IT мамандарды ұстап тұра алмайды. Ал кәсіби деңгейі жоғары, білікті ІТ маманға деген әлемдік IT компаниялар тарапынан сұраныс қашанда зор» дегенді айтады.

Өз кезегінде ІІТU Компьтерлік инженерия кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Толғанай Чинибаева болса: «Қазақстан үшін шетелден тартылған мамандардың пайдасы зор болады деп айта алмаймын. Дұрысы өзіміздің жастарға, жас ұрпаққа бағыт-бағдар көрсету, мәселен, тәлімгерлік дәстүрін енгізіп, қалыптастыру негізінде. Еліміздің ІТ нарығында деңгейі жоғары, білікті, күшті мамандар аз емес. Егер елімізде тәлімгерлік ақысы сынды жобаларға мемлекеттік деңгейде тиісті мән берілсе, онда отандық мықты мамандар да өз ізбасарларын көбірек әзірлеп, шығаруға құлшыныс танытатын болады», - дейді.

*Зерттеудегі есептерді құрастыру кезінде негізгі дерек көздеріне енгізілмеуі мүмкін өндірістік қызметтің барлық түрлері, яғни тікелей бақыланбайтын қызмет түрлері.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Андрей Мовчан: мигранты, курс рубля, инфляция

Смотреть на Youtube

Казахстанские хакеры работают на НАТО?

Смотреть на Youtube

Юрий Негодюк - о кофе, налогах и тромбоне

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить