Батумиде болдың ба...

33118

Батуми жұрты «турист күту» дегеннен гөрі, «қонақ күтеміз» деп сөйлегенді жөн санайды. «Біздің елге келген әрбір турист – құдайы қонақ, әр қонақтың өз несібесі бар» дейді олар әдетте

Грузияның портты қаласы Батуми туристік бағыт ретінде қазақстандықтар үшін таңсық мекен емес, керісінше, бүгінгі таңда таңдаулы да қолжетімді ұсыныстың бірі. Батуми көшелерінде қыдырып жүрген отандастарымыздың пікірінше, Аджариядағы демалыстың басты ерекшелігі – туристер мұнда өзін еркін әрі қауіпсіз сезінді.

Отандық Selfie Travel туристік компаниясының бас директоры Виктория Ульянованың айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстаннан Грузия бағытындағы туристік ағын ұлғая түскен.

«Грузиядағы демалысқа тән өзіндік соны ерекшелік көп – бұл бағыт кімге болса да жайлы, ыңғайлы, қауіпсіз әрі шипалы. Грузия біздің елге жақын, яғни алыс шетелдермен салыстырғанда бұл бағыт аса қымбат емес: туристік пакет, әрі кетсе, 200 мың теңгеден басталады. Әдетте, оның ішіне жол және отель шығыны мен сақтандыру құны енеді. Ал қызықты экскурсияларға, туристер өз қалауынша, бөлек тапсырыс бере алады», - дейді ол.

Айта кетейік, Selfie Travel бүгінде Грузияға Алматы, Ақтау, Атырау, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан тұрақты әуе рейстеріне негізделген саяхат түрлерін ұсынып отыр.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, жаһандық пандемияға дейінгі кезеңде Батуми бағытын таңдаған туристер легі әлем бойынша 20%-ға артқан. Аджарияның Туризм және курорттар департаменті өкілдерінің айтуынша, соңғы екі жылда аймақ ішінде жүзден астам жаңа туристік объектілер пайда болған. Оның 60%-дайы тау бөктерінде ашылса, 40%-ы Батуми және Кобулети қалаларында бой түзеген.

Жалпылай алғанда, Аджарияның туристік әлеуеті жылдың төрт мезгілін түгел қамтуға мүмкіндік береді. Соған сәйкес мұнда туризмнің бірнеше бағыты кеңінен ұсынылған, айталық, мәдени нысандарға негізделген туризм, теңіздегі демалыс және круиздік туризм, аспаздық туризмі мен шарап мәдениеті, ауыл туризмі, іскерлік (МІСЕ) туризм, таулы қыраттағы демалыс, жаяу қыдыруға не спортқа негізделген туризм, велосипедпен қыдыру, экотуризм, т.т.

Пандемия тауқыметіне қарамастан 2020–2021 жылдары Аджария ел ішіндегі туристік бағыттар мен өнімдерді әрі қарай дамытып, тың ұсыныстар әзірлеуге түпкілікті көңіл бөлген. Бұл тұрғыдағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда. Мысалға, Кобулети қорығындағы Испани атты батпақты алқапта туристік инфрақұрылым салып, Хихани бекінісіне апаратын жолды қалыпқа келтіру жоспары ескерілген.

МӘЛІМЕТ

- Грузияның оңтүстік батысындағы автономды өлке Аджарияның бір бөлігі Қара теңіз жағалауында, екінші бөлігі тау бөктерінде орналасқан.

- Жер аумағы 2, 900 м² (Грузияның жалпы аумағының 4,2%-ын алып жатыр).

- Халық саны шамамен 400 мыңдай.

- Елдің ресми тілі – грузин тілі, дегенмен жергілікті халық ағылшын, орыс, түрік тілдерінде тілдесе алады.

- Астанасы Батуми. Өзге де әкімшілік орталықтары: Кобулети қаласы, Хельвачаури, Кеда, Шуахеви, Хуло сынды қала типті кеңшарлар.

- Аджарияның теңіз бөлігінің климаты – ылғалды субтропикалық.

- Жаз айлары жаңбырлы, бірақ әдетте жазғы жауын салқын емес.

Айтқандай, жаңбырлы күні Батумиде көше аралап қыдырсаңыз, мұндағы жұрт сізге: «Smile at the rain», яғни «Жаңбырға жымия сал» деп қошемет көрсетуі мүмкін. Жалпы, Батуми халқына тән қонақжайлылықтың бір көрінісі – шағын қабатты үйлердің балконынан, терезесінен қарап, турист көрсе амандасып, жол сілтеуге әзір тұрады.

2000-шы жылдардың басында Грузия Қара теңіз жағалауындағы Батумиді туристік мүмкіндігі зор тартымды аймаққа айналдыруға құлшына кіріскен. Ел билігі, әсіресе, инвестиция тартуда көптеген жеңілдіктерге барған. Тұла бойы туристік өнімге тұнып тұрған Аджария аймағы түрік және британ инвесторларымен қатар, көрші Әзірбайжан кәсіпкерлерін де қызықтыра алған. 2017 жылғы мәліметке сай, осы үш елдің инвестициялық салымы Аджарияның туристік әлеуетін арттыруға бағытталған инвестиция ауқымында 54,3%-ды құраған. Жалпы, пандемияға дейінгі кезеңде Грузия бұл өңірге тікелей жолмен 1,86 млрд АҚШ доллары шамасында инвестиция тартқан.

Туристік аймақтың инфрақұрылымдық ажары ашылған сайын мұнда әлемдік деңгейдегі іргелі отельдер де өкілдіктер ашып, іске кіріскен. Мысалға, 2010 жылы Батумиде Hilton отелін салуға 80–100 млн доллардан астам қаражат жұмсалған. Теңіздің дәл іргесінде орналасқан бұл отель бүгінде қонақ күтудегі шырайлы да ыңғайлы орынның бірі. 20 қабатты зәулім ғимараттағы стандартты номерлер де, люкс санатындағы орындар да кең әрі жанға жайлы: еденнен төбеге дейін тартылған терезеден қаланың әсем сипаты мен толқынын тербеткен Қара теңізді асықпай тамашалауға болады...

Соңғы мәліметтер бойынша, қазір қала ішінде әртүрлі деңгей мен дәрежедегі 5390 шақты отель бар.
Виктория Ульянованың айтуынша, Аджарияның шипажай орындарында әркім өз бюджетіне сай қонақ үйге орналаса алады. «Үш жұлдыз болсын, төрт жұлдыз болсын, мұндағы отельдердегі қызмет көрсету деңгейі кімнің болса да көңілінен шығады, - дейді Selfie Travel басшысы – Ал бес жұлдызды отельдердегі жайлылық деңгейі өте жоғары әрі қосымша қызметтер де ұсынылады».

МӘЛІМЕТ

- 2022 жылдың 15 маусымынан бастап Грузия ковидке қарсы барлық шектеулерден бас тартып, ПЦР-тест не вакцина сертификаты сынды талаптарды біржолата алып тастады.

- Қоғамдық орындарда маскасыз жүруге болады, бірақ өз қалауыңызбен маска тағам десеңіз, ешкім қарсылық танытпайды.

- Грузияға аттанған Қазақстан азаматтарына виза қажет емес.

- Қазақстаннан Грузияға және Аджарияға тікелей ұшақ қатынасы бар. Оның ішінде SCAT әуе компаниясы еліміздің облыс орталықтарының бірқатарынан Тбилисиге тіке рейстер ұсынады.

- Тбилисиден Батумиге автобуспен, таксимен, пойызбен не ұшақпен жетуге болады.

- Грузияның ұлттық валютасы лари: 1 АҚШ доллары шамамен 2,90–2,94 лари (05.07.2022).

- Қала ішінде Қазақстан банктерінің карталарын қолдану мүмкіндігі бар, ал қала сыртында қолма-қол ақшаны ескерген дұрыс.

Батуми – Грузиядағы екінші ірі қала. Бүгінгі Батумидің ішкі де, сыртқы да инфрақұрылымы көз тартарлық. Туристік қала еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін риза болар барлық мүмкіндікті ескерген. Мұнда әркім өзі қалаған, өзі ұнатқан демалысқа үміт арта алады. Батумиге тән өзіндік бірегей ерекшелік: ежелден қалыптасқан мәдени мұраны сақтай отырып, заманға сай жаңа трендтерді сәтімен игеру дегенге саяды.

Отбасылық демалыс

Батумиде бүкіл отбасымен барып тамашалауға болатын тартымды орынның бірі жергілікті дельфинарий. Мұндағы шоу-бағдарлама, әсіресе, балаларды бей-жай қалдырмасы анық. Жергілікті халықтың айтуынша, Кеңес одағы аумағында ең алғаш ашылған дельфинарий осы болса керек. Дельфинарий орналасқан Батумидің орталық саябағында аквариум, зообақ сынды балаларға арналған өзге де аттракциондар бар. Мұнда, сондай-ақ балалар мәзірін ұсынатын дәмханалар да аз емес.

Махаббатқа тағзым

Батумиде – теңіз жағалауына келген әрбір турист – грузин мүсіншісі Тамара Квеситадзенің шығармашалық шыңы деуге тұратын Махаббатқа тағзым композициясын тамашалау үшін арнайы тоқтайды. Әзірбайжан жігіті Әли мен грузин қызы Ниноның махаббаты жайлы сыр шертетін Құрбан Саидтың романына негізделген екі мүсін әрбір 10 минут сайын бір-біріне жақындап келіп, қайта алыстайды. 2010 жылы орнатылған бұл композиция аталған шығармаға деген оқырман құштарлығын қайта қыздырған.

Алаңдар, бульварлар...

Еуропа алаңы Батумидегі танымал орынның бірі. Жергілікті үкімет бұл алаңының ХІХ ғасырдағы кейпін сақтауға барынша мән берген. Мұнда көзге бірден түсетін ескерткіш – Ежелгі Грек мифологиясындағы әйгілі аргоновтар оқиғасының кейіпкері Медеяның мүсіні. Жергілікті халық сол ертегідегі Колхида бүгінгі Батуми дегенге кәміл сенеді.

Ал іргетасы 1881 жылы қаланған Батуми бульварының ұзындығы 7 км. Бульвардың пайда болуына өз заманындағы атақты бағбандар д’Альфонсо мен Ресслер септік еткен. Бүгін мұнда көптеген демалыс орындары, балалар алаңдары, фонтандар, мейрамханалар, мүсіндік композициялар бой түзеген.

Батумиге келген әрбір турист арнайы бас сұғатын бірегей орын – «Пьяцца» алаңы. Бұл алаңды бүкіл Грузия халқы мақтан тұтады. 2010 жылы ашылған Пьяцца – Венециядағы Сан-Марко алаңын еске түсіреді. Эстон суретшісі Долорес Хоффманн және грузин архитекторы Важа Орбеладзенің шығармашылық туындысы 5700 м² аумақты алып жатыр. Мұнда бүгінгі заманғы дүкендер, мейрамханалар, қонақ үйлер архитектуралық түрлі шешімдегі тарихи ғимараттармен өзара үйлесіп, үндестік тапқан. Алаңның орта тұсында көздің жауын алатын әдемі витраж бен мозаика өрнегі бар.

9 млн доллардан астам инвестицияны қажет еткен Пьяццо алаңы қаланың көне бұрыштарын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында қалыпқа келтірілген. Бұл алаңға тән бірегей ерекшелік – ол жаяу жүруге арналған үш көшенің қиылысында орналасқан: мұнда келген адам қала ішіндегі көлік шуын мүлдем естімейді. Күн бата мұндағы иық тіреген кафе, мейрамханалар қонақтарға лық толып, әртүрлі елден келген, әртүрлі ұлттың, нәсілдің, конфессияның өкілдері өзара ән тыңдап, би билеп, шырайы жарасқан тамаша отырысқа бой береді.

Ботаника бағы

Батумиден 9 км қашықтықта орналасып, 108 гектардан астам аумақты алып жатқан Батумидің ботаника бағының негізі 1912 жылы қаланған. Фитогеографиялық тоғыз аймаққа топтасқан бұл бақта Шығыс Азияның, Мексиканың, Солтүстік және Оңтүстік Американың, Австралия мен Жаңа Зеландияның, Жерорта теңізі мен Кавказ аумағының субтропикалық флорасы барынша қамтылған. Мұнда келген қонақтардың дені жаяу серуендесе, бірқатары электромобильмен саяхаттағанды жөн көреді.

Қамалдар, бекіністер

Батуми төңірегінде қамал, бекініс түріндегі археологиялық ескерткіштер, аспан астындағы музейлер аз емес. Жергілікті билік археологиялық зерттеулер жүргізуге бюджеттен арнайы қаражат та бөліп отыр. Мысалға, қаладан бір сағаттай жерде б.з. ІІ ғасырында бой түзеген, кезінде Рим империясының қуатты бекінісі болып, кейін Византияның қол астына өткен Гонио бекінісі бар. Ежелгі бекіністің қабырғалары мен 19 мұнарасы бүгінге дейін әжептәуір сақталған.

Ал қаладан 40 минуттай жол жүргенде Цихисдзири кеңшарында орналасқан Петра қамалына келіп тірелесіз. Бұл қамалды ғалымдар б.з. VI ғасырындағы бекініс деп таниды. Бүгінде аспан астындағы мұражай түріндегі Петрада Грузияның танымал тұлғалары, ақын-жазушылары өз жанкүйерлерімен, оқырмандарымен кездесу өткізеді. Мысалға, қамалға ат басын тіреген қазақстандық журналистер Грузияның танымал жазушысы, әйгілі «Jeans generation» («Побег из СССР») атты романның авторы Давид (Дато) Турашвилимен кезігіп қалды...

Ауыл туризмі

Аджария экономикасының елеулі бөлігін туризм құраса, тағы бір маңызды бағыт – ауыл шаруашылығы. «Грузин халқына тән қонақжайлылық, сұлу табиғат, табиғи өнімдер мен грузин дастарқаны – ауыл туризмінің негізі» дейді қала сыртына шыққан қонақтар. Ал грузин дастарқанына тән қонақ кәде – ең алдымен, әуезді ән. «Грузияның бір ауылында ән шырқалып басталса, екінші ауыл бұл әнге міндетті түрде қосыла кетеді» деп күледі жергілікті халық.

Аджария хачапуриі

«Батумиге саяхаттап келген әр адам Аджария хачапуриінің дәмін татуға міндетті» дейді батумиліктер. Кірпіштен соғылған пеште пісірілетін Аджария хачапуриі қайық пішіндес. Аңыз бойынша, теңізге шыққан отағасын күткен грузин әйелдері қайыққа ұқсатып пісірген нанның ортасына ірімшік салып, «ашық күнде жол болсын» деген ырыммен, хачапуридің ортасына Күнге ұқсатып жұмыртқаның сарысын қосқан.

Егер жол түсіп, Батумде болсаңыз, «Гогебашвили, 12» мекен-жайында орналасқан «Ретро» атты мейрамханаға соғуды ұмытпаңыз. Сәтті түссе, шеф Гиа Агирба Аджария хачапуриін өз қолыңызбен пісіруге мүмкіндік береді. Гиа мырзаның айтуынша, аджариялық хачапури таңғы ас мәзіріндегі тағам, өйткені ол өте тойымды әрі дәмді.

Грузин туризмінің басты сыры

Туристік саланы дамыту жөніндегі халықаралық зерттеулер мен рейтингтерге ден қойсақ, Грузия қазір Еуропа бойынша қауіпсіз аймақтың бірі. Сырт көз сарапшылардың біразы грузин турзмінің табыс сырын «сырттан тартылған инвестицияның нәтижесі» деп түсіндіреді. Әйтсе де шетелдік инвестицияның тиімді игерілуіне, ең алдымен, ел болып жемқорлықтан арылу мәдениеті септік етсе керек: «соңғы он жылда бірде-бір рет пара беру қажеттілігі болған жоқ» дейді жергілікті халық.

Дүниежүзілік банктің Doing business рейтингінде алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіретін Грузияда бизнес жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда қазір Еуропа бойынша ең төмен салық базасы ескерілген және салық салу талаптарын өзгертуге тыйым салынған.

Грузияның ұлттық туризм әкімшілігі келтірген ресми мәліметтерге жүгінсек, 2022 жылдың І тоқсанында Грузияға, жалпылай алғанда, 576,5 мыңдай турист келген, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары көрсеткіш. Грузия бүгінде Түркия, Армения, Қазақстан, Иран, Сауд Арабиясы, Германия, Польша, Ресей, Үндістан, Филлиппин елдерінен келетін туристер үшін тартымды саналады.

2022 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында Грузияның халықаралық туризмнен түскен табысы 393,7 млн АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылдың алғашқы үш айындағы кезеңмен салыстырғанда 7,4 есе жоғары көрсеткіш.

Материалды әзірлеуге Аджария АР Туризм және курорттар департаменті мен қазақстандық Selfie Travel туристік компаниясы қолдау көрсетті.

Фотосуреттер Аджарияның Туризм және курорттар департаментінің және автордың өз архивінен.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Pana: осознанное онлайн-бронирование »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Маргулан Сейсембай: о Казахстане в эпоху Токаева

Смотреть на Youtube

Казахстанский фастфуд идёт в Россию

Смотреть на Youtube

Начинали с базара: как Александр Дериглазов с братом построили империю «Меломан»

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить