Chat GPT немесе жасанды интеллектінің қаупі қандай?

3739

Неліктен бұлай бастадым? Өйткені 2022 жылдың соңында Open AI компаниясы ChatGPT әңгімелесу жасанды интеллект чатын көпшілікке таныстырғаннан кейін Google компаниясы Code Red, яғни шұғыл дабылды іске қосқан. Себеп: жасанды интеллект арқылы жазылған мақалалар мен материалдар, мәтіндер интернетті лезде жаулап алды. Оны адам жазды ма, жасанды интеллект жазды ма, айыру мүмкін емес болып қалды. Тиісінше, ол Google компаниясының басты құралы — іздеу жүйесінің өзегі SEO, яғни іздеу жүйесінің оптимизациясына нұқсан келтіре бастаған еді.

Мен қазір АҚШ-тың Массачусетс штатының Бостон қаласындағы Бостон Университетінде магистратура оқып жатырмын. Бұл жақтағы жоғары оқу орындарының басты қасиеті — коммуникацияны өте жақсы жолға қойған. Әрдайым әлемде болып жатқан трендтер мен жаңалықтар туралы корпоративтік e-mail хабарлама арқылы құлағдар етіп отырады. Соңғы үш ай бойы біздің университет ашып берген поштамызға жиі келген тақырыптың бірі — ChatGPT туралы. «ChatGPT деген не?», «Оны сабақ барысында қолдануға бола ма?» деген сияқты күнделікті сұрақтардан бастап, мұндай құралдарды жалпы академиялық білім ордасының қабырғасында, емтихан кезінде қолдану сынды сауалдарға этикалық тұрғыдан да жауап іздейді.

Мәселен, жақында ғана біздің университетіміздің компьютер және дата ғылымдары мектебінің студенттері мен факультет қызметкерлері бірігіп, ChatGPT-ді қолданудың әдістемесін жасап шықты. Generative AI and ChatGPT Policy деп аталатын бұл ереже арқылы университет қауымдастығы бұл технологияны қолданудың жауапкершілігін сезінуге аса назар аударған. Яғни, бұл заманауи технология болғандықтан, түбегейлі бас тарту немесе бұғаттау секілді әңгіме қозғала қоймады. Алайда «мұндай жасанды интеллект технологиясын қолдану — білім алушының негізгі сабақ оқу, білім алу, үйрену, машықтану қабілетіне кеселін тигізбей, керісінше, оны жетілдіре түсетін деңгейде қолдану мақұлданады» дейді. Тиісінше, бұл сөздерден ұғатынымыз, негізгі уайым — оны қолдану немесе қолданбау емес, қолдану барысындағы саналық болып тұр.

Ең қызығы, бұл технологиялар білім беру ордаларына дереу соққы болып тигені айдан анық. Қазақ-стандағы білім ордалары мен қазақ қоғамы бұл технологияны жетік білмеген соң әлі де болса түсінбей жатқаны байқалады. Ал Италия мемлекеті ел аймағында ChatGPT қолдануға уақытша тыйым салды. Нью-­Йорк білім басқармасы болса, мектептерде бұл сайт ашылмайтындай етіп бұғаттап тастады. Өйткені аяқ астынан жарыққа шыққан технология болғанымен, қолданыс аясы жағынан қаулаған өрттей тез тараған бұл технологияның қызығын студенттер мен оқушылар барынша қолданып қалып жатыр.

Ал қоғамдық және индустриядағы дүрбелеңінен қорыққан бір топ ІТ және технология мамандары жақын жарты жылда GPT‑4 технологиясының деңгейінен асатын модель жасауға, жариялауға үзіліс сұрады. Илон Маск, Стив Возняк сияқты технология саласының мыңнан астам ғалымдары, зерттеушілері, оқытушылары, кәсіпкерлері мен визионерлері қол қойған бұл ашық хатта: «Біз машиналарға ақпараттық арналарымызды үгіт-насихат пен жалғандық мәліметке толтыруға рұқсат береміз бе? Біз барлық жұмыстарды, соның ішінде орындалатын жұмыстарды автоматтандыруымыз керек пе? Сонда біз адам баласын алмастыратын ақыл-ойды дамыта беруіміз керек пе? Осы күнге дейін жеткен өркениетімізді бақылаудан айырылу қаупін ескермейміз бе?» деген сұрақтарды төтесінен қойған. Жасанды интеллект әкелген толқынға төтеп бере алмай жатқан заңдық, этикалық, қоғамдық мәселелерді көлденең тартып отыр.

Дегенмен, осы жарты жылдық үзіліске шақырған ашық хаттан соң Кремний Алқабы мен технология саласының мамандары екіге бөлінді деуге болады. Бір лагерь оларды қостаса, екінші жақтан қарсы шығып жатқандар да жетерлік. Айталық, жасанды интеллектінің атасы деп айтуға болатын Meta-лық Ян Лекун мен Эндрю Ың секілді азулы мамандар бір жақтан, Google компаниясының бұрынғы басшысы болған Эрик Шмидт сияқтылар екінші жақтан бұл идеямен келіспейтіндігін айтып жатыр. «Егер біз ондай үзіліс жасайтын болсақ, Қытай мемлекеті ұйықтап отырмасы анық. Олар тек ұтады» деді.

Журналист Пегги Нунан Wall Street Journal басылымына жазған бағанында: «Қазіргі бигтех, яғни үлкен технологиялық компаниялар — Meta, Google сияқты компаниялар қалайша жасанды интеллект бойынша регуляция жасауы мүмкін? Оларға біз қалайша сеніп тапсыра аламыз?» деген сұрақтарды қоя отырып, саяси қайраткер Генри Киссинджер, «Нью-­Йорк Таймс» газетінің журналисі Кевин Русс сияқты адамдардың уайымын тілге тиек етіп: «Алты ай деген тым аз! Кемінде бірнеше жылдық үзіліс жасау қажет!» деген тоқтамға келген.

Осы орайда жасанды интеллектінің қарқынды дамуына қарсы немесе қолдайтын көзқарастарды былай қоя тұрып, технология дамыған сайын, сондай-ақ әр кезеңде технологиялық дүмпу пайда болған сайын осындай уайымдар мен алыпқашпа әңгімелер мен одан қорғану туралы мәселелер оқтын-­оқтын көтеріліп отыратынын да баса айту керек. Мысал үшін, дербес компьютер пайда болған 1970‑жылдары Стив Джобсты әңгімеге тартқан сайын АҚШ-тағы мектептер мен университеттер: «Біздің балаларымыз сабақ оқымайтын болады. Ақымақ болатын болды…» деп уайымдаған болса, 1990‑жылдары әрбір журналист Билл Гейтстен сұхбат алғанда: «Интернет деген не өзі? Бұл адамзат баласының дамуына қауіпті емес пе?» деген сауалдарды жиі қойған.

Қазір компьютерсіз мектеп немесе университет жоқ екенін, ал интернетсіз тіпті өмір сүрудің өзі қиындау боп қалғанын баршамыз білеміз. Сондықтан, соңғы жетпіс жылдан бері «әні жасанды интеллект дамиды», «міне, жасанды интеллект дамиды» деп адамзат баласының қанша уақыты, энергиясы, қаражаты кеткен соң пайда болған технология енді келгенде, оны жеделдетіп демократизациялаудың орнына қайтадан тоқтата тұру — қаншалықты ұтымды шешім болатынын әлі ешкім дөп басып айта алмай жатыр. Бірақ, жасанды интеллект технологиясы көрігін қыздырып жіберген нарық енді аптығын баса алмайтын секілді.

Индустрия жасанды интеллектінің этикалық мәселесі мен қоғамдағы және юриспруденциядағы реттелуіне бас қатырып жатқанда ұмыт қалғандай көрінген тағы бір тақырып бар. Ол — ChatGPT секілді үлкен тілдік модельдердің бірсыпыра мамандықтарды жойып, олардың орнын түбегейлі басатындығы. Кейбір журналистер мен мамандар ChatGPT-дің өзінен «Сен қай мамандықтарды жоясың?» деп сұрағанда ол негізінен рутиналық жұмыспен айналысатын, әсіресе компьютерде отыратын біршама мамандықтың тізімін келтірген. Бірақ, көптеген сала сарапшылары бұған қатысты мынадай бір тамаша сөзді оған қарсы дәйек ретінде келтіреді: «AI will not replace a teacher but it will replace a teacher who does not use AI» — «Жасанды интеллект мұғалімді алмастыра алмас, алайда жасанды интеллектіні күнделікті жұмысында қолдана алмайтын мұғалімді толықтай алмастыра алады» дейді. Яғни, мұғалім деген сөздің орнына кез-келген мамандық иесін қоя берсе болады. Мәселен, аудармашы, копирайтер, журналист, маркетолог, заңгер, есепші, тағысын-тағы.

Бұл не деген сөз? Бұл — компьютер, интернет және смартфон қалайша біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналса, Generative AI, яғни туынды ЖИ құралдары да сондай күнделікті қолданатын құралдарымыздың қатарынан табылады деген сөз. 

Бұл мақала ChatGPT тарапынан емес, адам қолымен жазылды

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «75 богатейших бизнесменов - 2024»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Ержан Есимханов — о январских событиях, коррупции и неравенстве

Смотреть на Youtube

Маргулан Сейсембаев про собственный бизнес, стратегию инвестирования и институте репутации

Смотреть на Youtube

Олжас Сатиев: как воюют украинские и российские хакеры и как от санкций пострадает Казахстан?

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить