Ұлтаралық тілге сеніп, халықаралық тілден қалыс қалмаңыз

38839

Әлем елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін сарапқа салған халықаралық ұйымдардың 2018–2022 жылғы рейтингтерінде Қазақстан көбінесе төменгі орындардан көрінгені есімізде

Фото: © depositphotos.com/gogiyan

2020 жылы Education First (EF) атты ағылшын тілін оқытатын халықаралық орталық 100 елдегі ағылшын тілін игеру рейтингін әзірледі. Онда 92-орыннан көрінген Қазақстан, араға бір жыл салып, яғни 2021 жылы 112 елдің ішінде Мьянма, Ангола, Камерун, Камбоджа, Судан, Кот-д'Ивуар сынды елдермен қатар 96-орынға тұрақтады. Ал 2022 жылғы рейтингте еліміз 111 елдің ішінде 99-шы орында тұрды.

Кезінде «Үш тұғырлы тіл» саясатын бетке ұстаған елімізде ағылшын тілін меңгеру деңгейі шынында да төмен бе? Шет тілдерін игеруде қандай әдіс-тәсілдер қолданған дұрыс? Осы және өзге де сұрақтарды біз ағылшын тілі пәнінің мамандарына жолдап, еліміздегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін талқыға салғанды жөн көрдік. 

Тұран университеті, Лингвистикалық дайындық орталығы директорының орынбасары, сениор-лектор Ақмарал Жұмабаеваның айтуынша, бүгінде І курсқа түскен қазақстандық студенттердің шет тілін игеру көрсеткіші әртүрлі, әйтсе де ол «мектеп түлектерінің ағылшын тілін меңгеру деңгейі төмен» деген пікірмен келіспейді.

«Бүгінгі мектеп түлектерінің шет тілін білу деңгейіне әсер ететін факторлар көп. Мысалға, гуманитарлық бағытта оқыған студенттер жаратылыстану бағытына қарағанда ағылшын тілін жақсырақ меңгеріп келеді. Сонымен қатар, ҰБТ тапсырудағы таңдау пәніне де байланысты. Егер олар ағылшын тілін таңдаған болса, онда, әрине, ағылшынды меңгеру деңгейі де жоғары деген сөз», - дейді ол.

Ақмарал Жұмабаева, Тұран университеті, Лингвистикалық дайындық орталығы директорының орынбасары
Ақмарал Жұмабаева, Тұран университеті, Лингвистикалық дайындық орталығы директорының орынбасары

Ақмарал ханым, сондай-ақ, қазіргі күні қоғам ішінде қалыптасып қалған «ауыл жастарының ағылшын тілін меңгеру көрсеткіші төмен» деген стереотип пікірге қатысты былай дейді: «Иә, қала мен ауылдың арасында өзіндік алшақтық бар, бірақ аса көп емес. Қазір ауыл жастары шет тілдерін өз бетінше игеруге мән беріп, тырысуда. Бұл өзгеріске кешегі карантиннің әсері де бар деп ойлаймын. Негізі, ауылдағы мұғалімдердің жасы үлкен. Ол кісілердің сабақ беру методикасы басқаша. Қала мұғалімдерінде мүмкіндік көбірек болғандықтан, олардың оқушыларға беретін білімі де әдетте жаңашалау».

Ал жоғарыда айтылған халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштер бойынша сениор-лектор Ақмарал Жұмабаева, бұл талдауда Қазақстандағы ЖОО студенттерінің білім деңгейі есепке алынды деп айта алмаймыз, деп отыр.

«Бұл рейтингке біздің елдегі жоғары оқу орындарындағы шет тілін игеру деңгейі әсер етті деп айта алмаймыз. Мысалға, менде мұндай мәлімет жоқ. Жалпы, отандық университеттерде кредит саны бекітілген арнайы бағдарлама бар – студенттерге сол бағдарлама бойынша толық білім беріледі. Ал оны қолдану, игеру – әр адамның өз таңдауы. Өз басым, Қазақстандағы ЖОО-да шет тілін үйрету деңгейі жоғары деп есептеймін. Себебі, мұғалімдер міндетті түрде жыл сайын өз білімдерін шыңдап, біліктіліктерін арттырып отырады. Сонымен қатар, І курсқа түскен студенттер тіл білу деңгейіне байланысты тест тапсырады және сол тест нәтижесі бойынша әртүрлі топтарға бөлінеді. Өз тарапымыздан, біз әр студенттің білім деңгейін арттыру мақсатында қолдан келген барлық мүмкіндікті жасауға тырысамыз», - дейді Тұран университеті, Лингвистикалық  дайындық  орталығы директорының орынбасары.

Осы арада айта кетсек, 2021 жылы EF ұйымының рейтингі жария етілген тұста еліміздің сол кездегі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (қазір мәжіліс депутаты), ондағы зерттеу әдістемесіне күмән келтіретінін ашық айтқан болатын. Әлеуметтік арналардың біріндегі жазбасында экс-министр, аталған ұйымның рейтингі ағылшын тілінен EF SET тестін өз еркімен және өз бетінше тапсырған ересек жастағы кісілердің нәтижелері негізінде құрылғанына мән беріп, онлайн түрдегі бұл тест интернеттің кез келген қолданушысы үшін тегін екендігін жазған-тын.

Асхат Аймағамбетов, сонымен қатар, ағылшын тілін меңгеру көрсеткішінде халықаралық IELTS емтиханының маңызына тоқталып, бұл тұрғыда қазақстандықтар Орталық Азия елдері арасында жоғары көрсеткіштерге жетіп жүргенін тілге тиек етті. 2019 жылы IELTS емтиханы барысында қазақстандықтардың ағылшын тілін меңгерудегі орташа көрсеткіші ең жоғары 9 балдың 6,1 балын құрады, бұл білікті пайдаланушы деңгейіне сай, деп көрсетті экс-министр сол кезде...

Өз кезегінде, ҰБТ Ағылшын және IELTS емтихандарының сарапшысы Данагүл Бахытова, шет тілдерін үйренуде қазақстандықтар, әдетте, «ұлтаралық тілге» мейлінше үміт артып, «халықаралық тіл» мәртебесіндегі тілдердің маңыздылығын ескере бермейді деген пікірге тоқталады.

Данагүл Бахытова, ҰБТ Ағылшын және IELTS емтихандарының сарапшысы
Данагүл Бахытова, ҰБТ Ағылшын және IELTS емтихандарының сарапшысы

«Бізде көп адам ағылшын тілінің маңыздылығы мен оның беретін мүмкіндіктері туралы хабарсыз. «Қазақстаннан шықпасам, маған оның не керегі бар?», «Өз тілімді білсем, басқа тілдерді білуге міндетті емеспін!» дегендей біржақты пікірлерді естіп жатамыз. Алайда, қазіргі заманда ағылшын тілі тек сол тілде сөйлейтін елдерде ғана емес, барша әлем үшін «халықаралық тіл». Қарап отырсақ, «ұлтаралық» бір ғана тілдің болуы өмірді кәдімгідей жеңілдетіп жібереді екен. Ал, шындап келгенде, елдер арасында саяхаттау да, әлемдік ақпарат желісіне кірігіп, даму, жаңа деңгейге жету – осының бәрі тек ағылшын тілінің көмегімен жүзеге аспақ. Егер қазақстандықтар осы мүмкіндіктерге дұрыстап мән берсе, онда олардың білімге деген құштарлығы да арта түсер ме еді, кім білсін?» - деп сауалдайды сарапшы маман.

Данагүл Бахытованың пікірінше, қазақстандықтар, көп жағдайда, жаңа бір шет тілін үйренуді қиын деп санайды, бұл да тіл меңгеруде өзіндік кедергі. Бірақ, дәл қазақ баласы үшін ағылшын тілі соншалықты қиын емес, деп есептейді сарапшы маман.

«Лингвист ретінде айтарым, дәл қазақ үшін ағылшын тілін үйрену басқаларға қарағанда жеңілдеу. Бұған себеп – біріншіден, біз онсыз да екі тілде сөйлеп, қалыптасқанбыз, яғни біздің миымыз өзге тілді жеңіл үйренуге бейімделген; екіншіден, тілі қазақша шыққан адамдар үшін фонетикалық тұрғыда ағылшын тілін меңгеру қиынға соқпайды. Біздегі «ә», «р», «ө» сынды дыбыстардың болуы ағылшын тілінің біраз сөзін жеңіл түрде оқуға мүмкіндік береді. Оның сыртында, ағылшын тілі өз алдына жеңіл тіл. Ал жаһандану әсерімен қазір әр ұлт оны өз тіліне қарай бейімдеп жатыр. Салыстыру үшін айта кетсем: қазақ тілінде 42 әріп, ал ағылшында 26 ғана әріп бар. Одан бөлек, грамматикасы да, сөздері де қазақ не орыс тілдерінен біраз жеңіл», - дейді ҰБТ Ағылшын және IELTS емтихандарының сарапшысы. 

Ақмарал Жұмабаеваның айтуынша, ағылшын тілін игеруде, ең алдымен, нақты мақсат болуы керек және де қай уақытта қандай деңгейге жетуді көздейсіз, соны да анықтап алған дұрыс.

«Тіл үйреніп бастаған адамның бойында тұрақтылық болуы керек, ол берілген тапсырманы дер кезінде орындауды әдет етуі қажет. Сол сияқты, тілді меңгеру деңгейіне қарай өзіне ұнайтын қызықты бір іспен, шаруамен айналысқаны жөн. Мысалы, кино көріп не музыка тыңдай отырып, оны аудару да, өз бетінше әртүрлі мәтіндерді оқып, игеру де пайдалы », - деп кеңес береді Лингвистикалық дайындық орталығы директорының орынбасары.

Әріптесінің бұл пікірімен Данагүл Бахытова да келіседі, тіл үйренуде нақты ұстаныммен қатар шыдамдылыққа да иек арту керек, деп есептейді ол.

«Шет тілін үйреніп бастағанда бірден прогреске жетем деп ойламау керек. Тіл үйрену, басқа да қабілеттер секілді уақыт, еңбек, әрі шыдамды талап етеді. Таңертең ұйқыдан тұрғанда ағылшынша сайрап кетем деу – бос үміт. Жаңа оқып бастағанда – ағылшын тілінде қазақ, не орыс тіліне мүлдем ұқсамайтын тұстары болуын қабылдау керек. Сәл қиындық байқалса, беріле салатындар да жоқ емес. Алайда, жаңа білімді игеруге ашық болып,  «халықаралық» деңгейдегі өзге тілді қызығушылықпен үйренсе, барлық процесті жеңілдетуге болады», - дейді сарапшы маман.

Ол, сондай-ақ, ағылшын тілін үйрену барысында «өзіңізді ағылшын тілімен қоршауға мән беріңіз» деген кеңес айтады. Әрине, шет тілін сол тілде сөйлейтін елге барып үйренген өте тиімді, бірақ бүгінде кез келген отандасымыз «тіл үйренем» деп, шетел асып кетпесі тағы анық.

Дегенмен, Дана ханым, мұндай ортаны әркім өз қалауымен біртіндеп жасай алады деген сенімде: мысалы, ұялы телефонның тілін ағылшынға ауыстыру немесе ағылшынша сөйлейтін, ағылшын тілін үйрететін мамандарға жүгіну, ағылшын тілінде кітап оқу, ағылшынша сөйлейтін телеарналарды қарау, т.т.

Айтпақшы, Дана Бахытова, шет тілін тек «жас кезінде ғана игеру мүмкіндігі бар» деген ұстаныммен түбегейлі келіспейді.

«25 жаста «сыни кезең» басталады, одан кейін кез келген жаңа дүниені (оның ішінде, әсіресе, жаңа тілді) үйрену қиынға соғады деп жатады. Меніңше, бұл құр сылтау. Тіпті, 50–60 жасында ағылшынша сөйлеп кететіндер баршылық. Бастысы – ниет. Шындап үйренем деген адамға кез келген тілді кез келген жаста меңгеріп алуға болады. Күніне бір сағаттан екі ай оқыса – кемінде, өзі туралы не басқа да базалық тақырыптарда еркін сөйлеуді меңгере алады», - дейді ол.

Сарапшы маманның айтуынша, бүгінде ағылшын тілін үйрену курстарына 15–20 жастағы жасөспірімдер көптеп жазылуда, олардың ішінде ағылшын тілін қазақ тілі курсы негізінде оқығысы келетіндер жетіп асады.

«Жалпы, біздің нарықта ағылшынды орыс тіліне негіздеп оқытатын курстар көбірек. Жақында, тіпті, осы саладағы бір сарапшының «қазақ тілінде өнім жасағым келмейді, қазақша сөйлейтіндердің көбі төлем жасауға қабілетсіздеу» дегенін естіп, әбден таңғалдым. Меніңше, қазір қазақстандықтардың басым бөлігі мемлекеттік тілдің құндылығын түсініп отыр, соған орай қазақ тіліндегі өнімдер мен қазақша контент те көбейіп, оған деген сұраныс артуда. Өз басым, қазақ тіліндегі сапалы білімді қолжетімді ету деген ұстаныммен жұмыс істеймін, сәйкесінше, менің курстарым да ең алдымен қазақ тілінде», - дейді Дана Бахытова.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Реформы - на благо медицины»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Марат Баккулов: бизнес, который невозможно отобрать

Смотреть на Youtube

Маргулан Сейсембай: о Казахстане в эпоху Токаева

Смотреть на Youtube

Как в Темиртау пустили Миттала, а не Абилова

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить