Алмас Чукин: Қазақстан көрпесіне қарай көсілуді үйрене ме?

42712

Кәсіпкермен үкімет жариялаған экономикалық реформалардың жағдайы және геосаяси қайшылықтар өршіп тұрған кездегі елдің перспективасы жайлы сөйлестік

Алмас Чукин
Алмас Чукин
Фото: © Андрей Лунин

Рейтингтің жаңа қатысушысы Алмас Чукин (№ 50) — кәсіби инвестиция басқарушы. Оның тікелей қатысуымен Қазақстан, Қырғызстан, Непал, Өзбекстан және тағы басқа елдерде шамамен $2 млрд көлеміндегі инвестиция жүзеге асырылды. Алайда көпшілікке Visor Kazakhstan компаниясының басқарушы серіктесі экономика және қаржы саласындағы сарапшы ретінде таныс. Экономика ғылымдарының кандидаты, ХВҚ Орталық Азия және Кавказ елдері бойынша консультациялық тобының мүшесі болған. Өткен жылы Чукин ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қоғамдық кеңесін басқарды. Кәсіпкермен үкімет жариялаған экономикалық реформалардың жағдайы және геосаяси қайшылықтар өршіп тұрған кездегі елдің перспективасы жайлы сөйлестік.

F: Қырғыз Республикасының жоғары лауазымды шенеунігі әрі дипломаты қалайша Алматы тұрғынына айналып, қазақстандық кәсіпкер атанды?

— Бәлкім, бұл тағдыр шығар. Әкем — қырғыз, анам — қазақ. Тіпті Алматыда туғанмын, сол кезде анам туыстарына қонаққа келген екен (күледі). Бішкекте мектепті бітірген соң, ММУ-де оқып, кейін отаныма оралдым. Алдымен университетте сабақ бердім, кейінірек Экономика және қаржы министрлігінде жұмыс істедім. Содан соң Роза Отынбаева (саясаткер, дипломат, кейін 2010–2011 жылдары Қырғыз Республикасының президенті болды. — Ред. ескертпесі) АҚШ-қа Қырғызстан елшілігін құру үшін аттанып, мені өзімен бірге шақырды. Қаржы-экономикалық мәселелер бойынша келіссөздерге адам керек болды. Бір жылдан соң ол кетті, ал мен жаңа елшіні жібергенше бес жылға уақытша сенімді өкіл ретінде қалдым. Бір уақыттары Мемлекеттік мүлік комитетінде жұмыс істедім, бірақ ол жердегі жалақы отбасымды асырауға жетпеді. Бір шетелдік инвестициялық қор Алматыда Орталық Азия бойынша аймақтық кеңсесін ашуды жоспарлаған екен, олар мен бас тарта алмайтын ұсыныс жасады (күледі). Қазақстанда кімді танитынымды сұрады, ал менің курстасым Ораз Жандосов (рейтингте № 42. — Ред. ескертпесі) Ұлттық Банкті басқаратын, үкіметте ММУ-де бірге оқыған басқа да жолдастарым болды. Солай басталды.

1998 жылғы ресейлік дефолттан кейін қордың саудасы бітті, мен жеке бизнеске бет алдым. SAP-өнімдер бойынша ІТ-компания аштым, Халық Банкте, «Қазына Капитал Менеджментте» жұмыс істедім. Ал содан кейін Айдан (Кәрібжанов, рейтинге № 19, Visor тобының мажоритарлық акционері. — Ред. ескертпесі) оның командасына қосылуды ұсынды. Олар Compas активтерін басқаратын бөлімше құрып жатқан, қазір бөлімше жоқ, ал мен қалдым.

F: 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай Қазақстандағы ТШИ көлемін $30 млрд-қа дейін жеткізуді тапсырды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол $28 млрд-қа жетті. Бірақ Ұлттық Банк сарапшылары ТШИ-дің жалпы ағылып келуі шынайы картинаны көрсетпейді, оған қарағанда жылыстау мен реинвестицияны алып тастағаннан кейінгі ТШИ-дің таза ағылып келуі жайлы статистика әлдеқайда көбірек ақпарат береді деп есептейді. Бұл жерде мәселе туындайды, 2018 жылдан бастап таза ағылып келу теріс мән көрсетуде. ҚР инвестициялық климаты туралы сіз не ойлайсыз?

— Инвестицияны үш топқа бөлейік. Біріншісі — көлемі бізге мүлде тәуелді емес инвестиция, ТШО сияқты шикізат алыптарының инвестициялары. Ол жерде келісімшарттар ұзақ мерзімді, ара-арасында өндіру түсіп кетпес үшін әлдебір инвестиция жасап тұрады. Бұл статистикаға да әсер етіп, бізде инвестициялық жағынан бірнәрсе өскен секілді көрінеді.

Екінші топқа да біз әсер ете алмаймыз, олар FMCG сияқты алыптардың инвестициясы. Кез келген дүкенге кірсеңіз, P&G мен Johnson & Johnson иық қағысып тұрады. Олар картаға қарайды да, егер бір жерде өнімдері нарықтың 40%-дан аз үлесін иеленсе, бірден талқылап, балансты қалпына келтіруге тырысады. Ол жігіттер біздің инвестконференциямызға келмейді, тіпті біздің инвестклиматымыз да қызықтырмайды. Тіптен Үкімет бір нашар заң қабылдаса да, сусабын сатушылардың барлығы бірдей зардап шегеді.

Тек үшінші топ қалды, Қазақстанда да, бірақ тура солай Өзбекстанда да өз зауытын сала алатын өндірушілердің солқылдақ нарығы. Немесе, былай айтайықшы, қайта қалпына келетін энергетика саласы. Үкімет инвесторлар келу үшін барлық жағдайды жасады. Соңғы алты жылда байқатпай 3000 МВт салып тастады.

Шынын айтқанда, мен не болып жатқанын білмеймін. Бірақ жақында ғана премьер инвестиция бойынша 50%-ға орындалмады деп бәрін ұрысып жатқан, жыл соңына дейін реттеуді талап етті. Айталық, өткен жыл жақсы болды, бірақ, меніңше, барлығын жеке есептеу керек. ТШО-ның арқасынан басқаларында не болып жатқаны көрінбей қалады. Алайда цифрларды қоя тұрсақ, менің көзқарасым, сезуім бойынша инвестклимат нашарлап бара жатыр дегенге келеді. Бұл бірінші кезекте салық жағынан көрінеді, барлық жерде аз-аздап жүктеме өсіп жатыр, әсіресе, өндіруші секторда. Ол жердегілер адам сенгісіз пайда тауып жатыр деп ойлап, салық қоса береді. Бірақ семіз кепкенше, арық о дүниеге кетеді деген мақалды ұмытып кетеді. Алтын кен орындары да бірдей болмайды. Бірінде өзі қолыңа келеді, екіншісінде орасан зор шығын болады. Мұнаймен де солай, егер ол жерден атқылап жатса, жарайды. Бірақ мұнай саласында 10 стартаптың 7–8 мүлде мәреге дейін жетпейді. Егер ары қарай салықпен қыса берсе, онда әдеттегі қалыпты пайдасы бар бизнеске айналады, бұл салаға тиесілі үлкен тәуекелдерді ақтамайтыны анық.

F: Жақында ғана өз телеграм-­арнаңызда қазақстандық салықты әлемдікпен салыстырып, оларды көтеру керек дедіңіз ғой. ҚҚС-ты да қостыңыз.

— Егер макротұрақтылық жағынан қарасақ, онда иә, көтеру керек. Себебі біздің бюджет «қисалаңдап қалса», бәріміз оңбаймыз. Соңғы жылдары тіпті көрпемізге қарай көсілмейтін болдық. Бюджетте тек екі әдіспен ғана баланс орнатуға болады: шығындарды қысқарту немесе табысты көбейту. Әлеуметтік салдарынан қорыққан соң біріншісіне бара алмаймыз. Адамдар ертең жақсы болу үшін бүгін қиналуға барғысы келмейді. Бірақ онда табысты, яғни салықты көтеру керек. Мәселе, оны қалай жасаймыз? Экономикалық жағынан ҚҚС — бейтарап салық, ол барлығына бірдей әсер етеді. Бірақ оның өсімінен кейін баға да жаппай өседі.

F: Яғни инфляция өседі ғой?

— Ол жерде техникалық жағынан күрделірек: инфляция аздап жылдамдайды, бірақ бәрін төлем қабілетінің төмендеуі жеп қояды. Алайда үкімет ұсынғандай ҚҚС-ты күрт көтеру дегенге қарсымын. 12%-дан 16%-ға — бұл бірден 30%-ға өседі деген сөз. Аздап 1–2% көбейтіп, бұл үдерісті бес жылға созу керек, сонда бейімделеді. Оның үстіне біз төрт көрші елмен ортақ экономикалық ай-мақта өмір сүреміз, егер бізде 16% болса, ал Қырғызстанда 12% қалса, онда көпшілігі қандай қорытынды шығарады? Яғни біз тек қиял-ғажайыппен өмір сүре алмаймыз, шекара ашық, қайшылар жұмыс істейді.

Фото: © Андрей Лунин

F: Президент алдағы реформалар туралы сондай көп уәде берген еді, бірақ жүзеге асырылуы, оның ішінде экономика да бар, көңілді қалдырды. Жаңа үкіметті де, ол пайдаланатын құралдарды да жаңа деу қиын. Президент жолдауында ЖІӨ-ді екі есе көбейтіп, экономиканың жыл сайынғы өсімін 6–7%-ға жеткізуді тапсырды. Бұл ненің есебінен болатынын айта аласыз ба?

— Әзірге «Жаңа Қазақстан» орнына «Әділетті Қазақстанға» келе жатқанымызды көріп тұрмын. Әулетті кетірдік, бірақ экономика моделі өзгерген жоқ. Ол ескі, бірақ аздап әділеттілеу (күледі). Жақында өткен Kazakhstan Growth Forum шарасында экономист Олжас Құдайбергенов қызық нәрсені айтты: жолдауды дайындау кезеңінде түбегейлі нәрселер көп болған, бірақ ананы сызып тастаған, сосын мынаны сызып тастаған, соңы не болғанын көріп отырмыз. Менің ойымша, Украина соғысының соңы көрінбеуі соған әсер еткен бір фактор болды. Көршіңде өрт болып жатса, үйіңде күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлай алмайсың. Бәлкім, қазір шынымен де түбегейлі реформалар үшін жақсы уақыт емес шығар. Соғыс Ресейдің өмір сүруі болмаса да, дамуына үлкен қауіп төндірді, бізге де жанама әсері болады.

Ендігі мәселе неде? Біз патерналистік экономиканы құрдық, адым жерде мемлекет субсидиясы бар. Ояндың, жарықты қостың — электрді субсидиялау, кранды аштың — коммуналдық қызметті субсидиялау, нан алдың — ауыл шаруашылығын субсидиялау, автобусқа отырдың — жолаушы тасымалын субсидиялау. Мұның бәрі теңгерілмеген бюджетке әкеп соғады.

F: Бұл «біз мұнай бәлішінің бір бөлігін берейік, бірақ басқасы қайда деп сұрамаңдар» деген қоғамдық келісімнің бір бөлігі емес пе?

— Иә. Мен шенеуніктерге айтамын: «Жігіттер, сендер $200 млрд ЖІӨ деп мақтанғанда, оның жартысына біздің еш қатысымыз жоқ екенін ұмытпасаңдаршы. Табиғат бізге мұнай, металл және басқаларын берді. Қырғызстанда мұнай да жоқ, бюджеті бізден 20 есе аз, ешкім ешнәрсе бермейді, өздері ебін тауып жатыр. Бірақ қырғыздар бізден 20 есе нашар өмір сүре ме? Бәлкім 2–3 есе шығар… Бәсекеге лайықты болу үшін экономикада барлығының шынайы бағасы болу қажет. Бізде электр қуаты су тегін болды, майнерлер көбейді — одан не пайда таптық? Жанармайдың нарықтық емес бағасынан көрші елдерге контрабанда кетті. Бірақ оны өзгерту қиын, 2022 жылдың қаңтарында сұйытылған газдың бағасын еркіне жібергеннен кейін не болғаны естеріңізде шығар. Қазір жанармай бағасын аздап жіберді, бәрі тыныш өтті. Халық алдына шығу керек, түсіндіріп, әлсіз топтарға атаулы жәрдемді реттеу керек. Біз онсызда жартастың шетіне келдік. Екібастұз, Риддер, ары қарай тізім бойынша кете береді. Жылу бағасын шілдеде көтердік, бірақ оны қарашада төлеп бастаймыз ғой. Көреміз…

Реформа бойынша назар аудару керек бірінші сектор — энергетика. Халық әзірге бұл салада революция болғанын байқамады, 1 шілдеден бастап бірыңғай сатып алушы жүйесін енгізді. Бұрын электр қуатын өндірушілер қалағанынша биржада немесе тікелей тұтынушыға деп сата беретін. Сонда бір жерде шығын үлкен, ескі тиімсіз өндіріс, ал бір жерде, мысалы, әкімшілік тетіктер арқылы арзанға сатып алуға болатын жаңалауы бар. Енді есеп айырысу-­қаржы орталығы деп аталатын арнайы орган құрды (бұрын тек баламалы энергиямен жұмыс істейтін), қазір бәрінен сатып алады, шығындарды орталап, бір бағамен бәріне сатады.

F: Бірақ бұл нарық заңына қайшы емес пе?

— Соншалықты қайшы деп айта алмас едім. Сіз тура Машкевич сияқтысыз (рейтингіде № 6. — Ред. ескертпесі). Ол да наразы, біз алюминий өндіру үшін электр станциясын арнайы сатып алдық, қаржы салдық, өзіндік құнын төмендеттік, енді неге жаңа, жоғары бағамен сатып алуымыз керек дейді. Бірақ жағдайдың нашарлағаны соншалықты, онсыз бүкіл энергия жүйесі қирап қалады. Ұзақ жылғы шығынды тарифтердің салдарынан қазір елімізде 26 000 шақырым иесіз желі жатыр.

F: Қазақстанға АЭС қаншалықты қажет және үкімет ол мәселені неге дәл қазір итермелеп жатыр? Ол қанша генерация қосады?

— Ол жерде қанша реактор болатынына байланысты. Қазір екі мыңнан сәл асатын мегаватт жайлы мәселе қозғалып жатыр. Меніңше, АЭС-тің еш экономикалық мәні жоқ. Біріншіден, өте қымбат. Екіншіден, құрылыс орта есеппен 10–12 жылға созылады. Бұл уақыт аралығында бірнеше электр станциясын салуға болады, арзан әрі жылдам болатын басқа да қаншама баламалы шешімі бар. Уран өндіру жөнінен біз әлемде бірінші орында тұрмыз деген аргументтің еш мәні жоқ. Электр қуатының соңғы құнындағы уран үлесі 3–4% ғана. Бір ғана электр станциясы үшін тұтас атом өнеркәсібін салудың еш мәні жоқ. Меніңше, бұл таза саяси мәселе.

F: Қазір Қазақстандағы M&A ірі деген мәмілелердің барлығы ресейлік капиталдың қатысуымен өтеді. Экономикамыздың Ресейге тәуелділігі ұлғайып жатқан сияқты көрінбей ме?

— Білесіз бе, жел Ресейге қарсы ұрып тұр. Сіздің айтып тұрғаныңыз — жекелеген жағдайлар ғана. Қазір Ресей мобилизацияланған экономика режиміне көшіп жатыр. Оның бюджетіндегі негізгі тармақ — қорғаныс. Соғысқа бөлінген ақша — желге ұшқан ақша. Экономикаға әсерін тигізбей қоймайды. Қарапайым мысал — «Яндекс» активтерінің құнсыздануы, бұрын ондаған млрд. доллар тұрса, қазір ары кетсе 2–3 млрд қана. Анығы, Ресей экономикалық держава ретінде өз әлеуетінің ондаған пайызынан айырылды. Мұның неге апарып соғарын ешкім білмейді, бірақ соғыстың болашақта үш нұсқасы бар: жеңу, жеңілу, уақытша бітімге келу. Егер Ресей әлдеқалай жеңетін болса, оны ешкім кешірмейді. Санкциялардан кейін ондаған жылға Иран мен Солтүстік Кореяның моделі дайын тұр. Яғни әскери жеңіс экономикалық жеңіліске әкеледі. Егер Ресей жеңілсе, онда репарация мәселесі туады. Бұл жерде триллион доллар туралы сөз қозғалады. Уақытша бітімге келу — Днепрдің екі жағалауында қалу, 60 жылдай не ол жаққа, не бұл жаққа бармайды. Ресей өзге елдің аумағын бақылап отырады, бірақ өзі изоляцияда қалады. Бірде-бір сценарийден Ресейдің жеңгенін байқап отырған жоқпын.

Фото: © Андрей Лунин

F: Бұл біз үшін нені білдіреді?

— Біз үшін ЕАЭО мәселесі деген сөз. Екі жетекші ел — Ресей мен Беларусь сұмдық санкциялардың астында қалғанда, сол экономикалық одақта қала беру қызық нәрсе. Әрине, бес минут ішінде ешкім оны тарата салмайды, бірақ аздап тежегішін басу қажет. Біз әлі де Ресейге кедендік төлемдерді төлеп жатырмыз, бірақ оның жалпы импорттағы үлесі өте қатты төмендеп кетті. Ресей бес жыл бұрын Молдовадағы жағдайды бақылауында ұстайтын, ал енді бұл ел ЕО-ға қосылғалы жатыр. Қазақстан үшін соңына дейін тартысатыны түсінікті, себебі біз олар үшін өмірлік маңызы бар елге айналдық. Бірақ одан ұтатынымыз да бар. Егер орыс-қазақ шекарасында мәселе туындаса, оларға досы Қытаймен Хабаровск арқылы байланысуға тура келеді, Транссібір теміржолда кептеліс пайда болады.

F: Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желідегі жазбаларыңыздың бірінде руб­льдің теңгеге қатысты құлдырауы экономикамызға қауіп төндіреді деп, руб­ль курсы 5‑ке оралу үшін теңгенің долларға шаққандағы курсын 470‑ке апаруға кеңес бердіңіз. Қазір шамамен солай болып жатыр, ризасыз ба?

— Иә, бұл жағымсыз дәрі, бірақ басқасы жоқ. Қырымның аннексиясынан кейін осының бәрі басталғанда, барлығы ең сенімді резервтік валюта деп швейцариялық франк сатып алуға жүгірді. Франк бағасы шарықтап, Швейцария экономикасын өлтіре бастады. Нәтижесінде олар франкты басып шығарып, қалағандардың бәріне сатты. Енді Швейцарияның орасан зор доллар мен еуро қоры бар, бірақ франк қайта төмен түсті. Дұрыс па, бұрыс па, бірақ бұл сауда ағымын қалпына келтірудің жалғыз жолы, яғни валюта курсына манипуляция жасау. Басқасын әлі ойлап таппады. Біздегі сауданың терісі жұқа, ол тек 10–12%-ға ғана өмір сүреді, курс 20%-ға ауысқанда тұтас бағыттар өле бастайды. Біздегі ресейлік құрылыс материалдары тек курсқа қарап 20–30%-ға арзандай бастады, басқалары тұрып қалды. Отандық өндірушілер, фермерлер де, бәсекеге қабілеттілігін жоғалтты.

F: Бірақ өзіңіз ресейлік экономиканың болашағы жайлы айттыңыз, демек руб­ль ары қарай да құлдырауы мүмкін ғой?

— Путиннің өзі доллар үшін 97 руб­ль Сталинград сияқты, ары қарай бір қадам да шегінбейді деді емес пе. Бәлкім, үш руб­льді қорға қалдырған болар (күледі). Егер біз ЕАЭО-да болмасақ, әрине, жеңіл болар еді. Тарифпен ойнап, импортты да реттей алар едік. Бірақ қазіргі жағдайға қарай әрекет етуге тура келеді.

F: Біз айтпай кеткен, бірақ сіз үшін өте маңызды деген нәрсе бар ма?

— Иә, бұл көбіне әлеуметтік мәселе шығар, бірақ экономикалық мәселеден де артық оңдырмайды. Жыл сайын бізде шамамен 400 мың бала туылады, 150–160 мың адам қайтыс болады. Табиғи өсім — 250 мың. Демек әр төрт жыл сайын 1 млн адам қосылып отырады, ол тұтас Шымкент. Бұл өсім 2004 жылдан басталды, қазір сол кезде туылғандар 19‑ға толды. Әзірге олар түрлі ЖОО-да оқып жатыр. Бірақ 2–3 жылдан кейін оларға жұмыс керек. Сонда бізге жыл сайын бастап кету үшін 400 мың жаңа жұмыс орны қажет болады. Бұл бізде бар ма? Жоқ. Бұдан басқа білікті мамандардың тапшылығы өте қатты сезіледі, тіпті құрылыста да. Міне, бюджет пен басқаларынан бөлек үкімет осы мәселемен де айналысуы керек. Негізгі мәселе — біздегі білім сапасы төмен, ірі қалалардағы элиталық мектептерден алыстаған сайын жағдай нашарлай беретінін көреміз. Мен кәсіби техникалық білім берудің кеңестік жүйесіне оралған болар едім. Техникалық колледжерде тегін оқуды енгізіп қана қоймау керек.

Мұнымен министрлік үкімет деңгейінде айналысуы тиіс. Жастар — біздің бақытымыз, бірақ соған қарамастан үлкен жарылғыш қаупі бар мәселе.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Кунсулу Закарья: Биолаборатории, новый всплеск ковида и учёные без денег

Смотреть на Youtube

Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции

Смотреть на Youtube

Казахстанский фастфуд идёт в Россию

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить