ІТ-нарығы: Digital Nomad визасы сыртқа кеткен мамандарды елге қайтара ала ма?

78499

Жаһандық пандемия аясында қашықтан жұмыс істеу тенденциясымен қатар «цифрлық көшпенді» ұғымының қолданысы да арта түсті

Фото: © Depositphotos.com/flocutus

Цифрлық көшпенді – цифрлық технологияларды қолдана отырып, әлемнің кез келген жерінен онлайн негізде жұмыс істей беретін мамандық иесі. Қазіргі күні Германия, Грекия, Испания, Португалия, Аргентина сияқты әлемнің 35 елінде арнайы «Digital Nomad» визасы бар.

Көрші Қырғызстанда «Цифрлық көшпенді» мәртебесі өз жұмысын 2022 жылы бастаған. Оған сай Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Молдова және Ресей азаматтарына келген жері бойынша тіркеусіз және еңбек қызметін атқаруға қажетті құжаттарсыз тұра беруге жағдай жасалады.

Елімізде 2022 жылы өткен Digital Bridge форумының пленарлық отырысында мемлекет басшысы цифрлық көшпенділерге арнайы виза беру туралы идея көтерген болатын. Ел президенті, сонымен қатар, 2025 жылға қарай, кем дегенде, 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау қажет дегенді баса айтты.

Шетелдік маманға деген тәуелділік

Жаһандық нарықта бәсекеге ие қазақстандық IT компаниялар ашқысы келетін Нәрікби Мақсұт – Амстердам қаласында Booking.com компаниясында жұмыс істейтін 29 жасар қазақ жігіті, программист, product manager.

Мақсұт Нәрікби, ІТ саласы маманы
Мақсұт Нәрікби, ІТ саласы маманы
Фото: жеке архивтен

«Меніңше, қашықтан жұмыс істеу тұрғысынан цифрлық көшпенділік – жақсы үрдіс. Бұл бағыттың дамуына 2020 жылы орын алған карантин тікелей әсер етті. Офиске барып жұмыс істеу қажеттілігі қазірдің өзінде де аса өзекті емес. Қателеспесем, Шығыс Еуропа елдерінде цифрлық көшпенділерге арналған арнайы виза түрі бар. Көптеген мемлекеттер бұл үрдісті барынша қолдап, көмектесуде. Бұл экономикаға тек оң әсерін беретін тиімді шешім», - дейді ол.

KeyHorse ЖШС-да Data Engineer қызметін атқаратын 23 жасар Айғаным Қарасаеваның айтуынша, цифрлық көшпенділер мәртебесі – белгілі бір елдерде цифрлық саланың дамуын қолдау үшін жасалған қадамдар негізінде қалыптасты.

«Цифрлық көшпенділерді ресми түрде тану – қашықтан жұмыс істеуді қалайтын және жаһандық деңгейде өз қызметтерін көрсетуге дайын адамдар үшін қолайлы жағдай жасау дегенді білдіреді. Алайда, бұл тәсілдің тиімділігі – жасалған жағдайдың мамандар үшін қаншалықты икемді әрі тартымды екендігіне байланысты. Қазақстанда шетелдік IT мамандар үшін жағдай жасау цифрлық салада білім алмасуға және дамуға ықпал етуі мүмкін. Бұл ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялар мен қызмет сапасының артуына әкелуі тиіс», - дейді ол.

Айғаным Қарасаева, ІТ саласы маманы
Айғаным Қарасаева, ІТ саласы маманы
Фото: жеке архивтен

Сарапшының пікірінше, цифрлық көшпенділердің Қазақстанға келуіне – экономиканың ағымдағы жағдайы, даму стратегиялары, жергілікті деңгейде технологиялық құзыреттіліктердің болуы және басқа да әлеуметтік-экономикалық факторлар ықпал етуде. Ал технологиялық таланттарды тарту – ақпараттық технологиялар секторының өсіп-өркендеуімен қатар, инновацияларды ынталандырудың да бірегей мүмкіндігі, дейді ол.

Әйтсе де IT маман, елге цифрлық номадтардың көптеп келуінің тиімсіз тұстары да жоқ емес деп отыр.

«Әрине, цифрлық көшпенділерді тарту еңбек нарығында бәсекелестік тудыратыны анық. Бірақ біздің ішкі нарығымыз соншалықты ауқымды дей алмаймыз, яғни олардың біздің елге көптеп келуі осы саладағы отандық мамандардың жұмыспен қамтылуына және олардың жалақысына әсер етпей қоймайды. Сол сияқты, жетілдірілген әлеуметтік интеграцияны талап ететін тілдік және мәдени айырмашылықтарға байланысты әлеуметтік-мәдени қиындықтар туу қаупі де бар. Жалпы, көші-қон саясаты өзгерген жағдайда шетелдік мамандарға деген шамадан тыс тәуелділік – ел ішіндегі білікті кадрларды жоғалту қаупін тудыруы мүмкін екенін ұмытпау керек», - дейді Айғаным Қарасаева.

Интернет жылдам әрі сапалы болса

Айтпақшы, цифрлық көшпенділерге арналған Nomad List ақпараттық порталы кезінде осы сала мамандары үшін қолайлы елдерді тізіп көрсеткен болатын. Бұл тізімнен біз 29 елді байқай алдық. Алдыңғы бестікке АҚШ, Ұлыбритания, Тайланд, Германия және Испания кіреді. Қазақстан бұл рейтингте жоқ. Сайттың мәліметінше, әлемде саяхаттап жүрген 55,4 млн-нан астам IT мамандары бар екен. Олардың жартысынан көбі АҚШ азаматтары. Көшпенді IT мамандарының саны бойынша үшінші орында РФ азаматтары тұр. Портал мәліметінше, әлем елдерінде Ресейден шыққан 3 млн-ға жуық IT маман жұмыс істеп жатса керек.

Нәрікби Мақсұттың айтуынша, цифрлық номадтарға жағдай жасауда интернеттің жылдамдығы өте маңызды, ал Қазақстанда бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікір, көзқарас бар.

«Цифрлық көшпенділердің біздің мемлекетке келмеуінің басты блокері – интернеттің жылдамдығы. Елге оралған кезде жылдамдықтың төмен екенін байқадым. Ауылдық жерлерді айтпай-ақ, Алматы мен Астананың өзінде көңіл толатындай емес. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қандай жұмыс жасалып жатқанын білмеймін, бірақ осы мәселеге айрықша назар аудару қажет. Екіншіден, ауылдарға чит-код программасын жасауды ескерген дұрыс. Шыны керек, интернет бар болғанымен, оның сапасы назарға алынбайды. Инфрақұрылымдық жетіспеуішіліктер байқалады», - дейді ІТ маман өзі тұрып жатқан Нидерланды мен Қазақстанның интернет жылдамдығын салыстырып.

Speedtest global index мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың қараша айында Қазақстандағы интернеттің жылдамдығы орташа есеппен секундына 35.49 мегабайтты құраса, Нидерландыда бұл көрсеткіш 122.94 мегайбайтты көрсеткен.

Өз кезегінде Айғаным Қарасаева, қазақстандық ІТ мамандар үшін интернеттің жылдамдығы соншалықты төмен емес деген пікірде.

«Отандық IT мамандарға жағдай жасағанда да, басқа елдерден дарынды мамандар тартқанда да біз алдымен желілік инфрақұрылымға, соның ішінде шалғайдағы елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті кеңейтуге инвестиция салуды жалғастыруымыз керек», - деп түйіндейді сарапшы маман.

Жоғары білімнің маңызы

Айта кетерлік жайт, елімізде IT саласында жоғары білім алуға бөлінетін грант саны жыл сайын артып келеді: 2022 жылы «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша 9103 грант бөлінсе, 2023 жылы – 10 103-ке дейін өскен.

Техника ғылымдарының магистрі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қызметкері Дана Боханованың пікірінше, әдетте IT саласын мектеп түлектері «математика+физика» комбинациясы үшін таңдайды. Бірақ 2023 жылдан бастап талапкерлер физика емес, информатика пәнін тапсыруға міндетті. Бұл – мамандықты өз қалауымен таңдаған және оқуға «аяқ астынан» түскен талапкерлердің арасындағы айырмашылықты ашып көрсетеді.

Дана Боханова, ІТ саласы маманы
Дана Боханова, ІТ саласы маманы
Фото: жеке архивтен

«Қазақстандық университеттер аталған сала бойынша лайықты білім беруде деп айту қиын. Өзім 4 жыл бакалавриат, 2 жыл магистратура оқыдым, бірақ соның өзінде білмейтінім әлі көп. Мен білім алған университет жұмыс берушілердің талаптарын оқытпақ тұрсын, олардың сұранысын да айқындай алған жоқ. Жұмысқа орналасқанда білімімнің аздығын түсініп, «6 жыл бойы не оқыдым?» деген ойға келдім. Қатарластарымның ішінде өз бетімен курстар оқып, тәжірибе жинағандары болды, бірақ университеттің ықпалымен емес. ХАТУ, ҚБТУ университеттерінде жағдай өзгеше болуы мүмкін. Бізде қазір кейбір ЖОО-лар әлі де ескі оқыту жүйесін қолданады, оны мойындау керек. Кадрларға сұраныс көп, бірақ сұранысқа сай келетін маман аз...», - дейді Дана Боханова.

Ол, сондай-ақ дәл қазір бізде отандық мықты кадрлардың сыртқа кетуі басым деп есептейді: «Иә, біздің ел кез келген сұрақта шетелден маман шақыруға бейім. Бірақ, меніңше, біз бүгінде шетелде тұрып жатқан қазақтың ІТ мамандарын шақыруымыз керек. «Қазақстанда білікті мамандар жоқ» дегенмен келіспеймін, олар бар, тек оларға жағдай жасалмаған. Шетелде жүрген әріптестеріміздің дені: «Елге қайтатын ойым бар, бірақ қазір емес» дейді. Сонда алатын жалақыны отандық компаниялар төлеп берсе, олар Қазақстанға қайтып оралады».

Дана Боханова, мемлекет, алдымен өз еліміздегі өскелең ұрпақтың жағдайын жасауға мән бергені жөн деп отыр. Оның пікірінше, елімізде сырттан келген цифрлық көшпенділер саны көбейе берсе, ішкі нарықта жұмыс орындарына деген тапшылық туындауы мүмкін. Сарапшы, сондай-ақ қазір қоғамда белең алған «IT мамандар жақсы ақша табады» деген пікірмен де келіспейді: «Иә, табысы жақсы мамандар бар, бірақ бәрінде бірдей емес. Білімі мен тәжірибесі мол мамандарға барлық жағдай толық қарастырылған дей алмаймын. Ал жеке компаниялардың қоятын талаптарына біздің студенттердің білімі мен тәжірибесі жете бермейді», - дейді ол.

Data Engineer қызметін атқаратын Айғаным Қарасаева отандық жоғары оқу орындарындағы ақпараттық технологиялар бойынша білім сапасына төмендегідей баға береді: «Қазақстанда ақпараттық технологиялар бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту, әсіресе, жоғары білім беру саласын дамыту жағынан қалыс қалып жатырмыз. Студенттерге нақты жұмыс тәжірибесін үйретіп, бүгінгі еңбек нарығында қажет болатын дағдыларды қамтамасыз етуші практикалық сабақтар мен өндірістік тәжірибелер керек. Технологияның даму қарқынына және сала ішіндегі өзгерістерге сәйкес білім беру бағдарламаларын үнемі жаңартып отыру қажет, бұл кадрлар даярлаудағы өзекті де маңызды фактордың бірі».

Қазір Қазақстан IT-мамандарды тарту үшін Digital Nomad visa жобасын дайындауда. Аталған визаға бір айдағы табысы 2000 мың еуродан асатын және Қазақстан Республикасы аумағында жарамды болатын медициналық сақтандыруы бар IT мамандар үміт ете алады. Виза бір жылға беріледі, ал виза алған маман сол уақыт аралығында салық төлеуден босатылады.

Айтқандай, ҚР президенті 2026 жылға қарай IT-экспортын 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу тұрғысында мақсат қойғаны есімізде. Бұл тұрғыда Digital Nomad visa жобасы отандық ІТ нарығына шетелдік мамандарды ғана тартып қоймай, бүгінде жаһандық нарықтарды бағындыра алған отандастарымызды да елге қайтарады деп сенгіміз келеді.

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Mr. Serik Tolbasy Transfers Assets to REIT TSPG»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Как Дамир Аманжолов боролся с мародерами и помогал раненым во время беспорядков в Алматы

Смотреть на Youtube

Кризис логистики в Казахстане

Смотреть на Youtube

Раимбек Баталов – о молоке, кредитах и прозрачности

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить