Бұл нарықты, негізінен, шағын бизнес өкілдері қалыптастырған, бәлкім, бізді қолдап, демеушілер жетіспеді ме, туристік саладағы ойыншылар өз ұсыныстарын билік назарына әлі де дұрыс жеткізе алмай отыр. БАҚ ақпараттарынан, үкімет есептерінен біздің секторға көрсетілген мемлекеттік қолдау жайында естідік. Бірақ, өз басым, әріптестердің арасында қандай да бір тікелей субсидия алған не өзге форматтағы мемлекеттік көмек пакетіне қол жеткізген туристік компанияны көре алмадым. Бұл салаға бағытталған тікелей көмек – салықтық демалыстар мен жеңілдіктер түрінде болды.
Біздің болжамымызша, 2019 жылғы көрсеткіштерге туристік сала 2024 жылдың қаңтарынан бұрын орала алмайды. Жеке біздің компания туралы айтар болсам: дұрыс стратегия және тактика қолдана отырып, бұрынғы деңгейге біз 2022 жылдың наурызында шығуға тырысамыз деген жоспар бар. Коронадағдарыспен кездескен тұста біздің бизнес-иммунитетіміз айтарлықтай жақсы болды, яғни бес жылдық тарихымызда бізде артық міндеттеме, ауыр жүктеме, операциялық шығындар болған жоқ. Есесіне бұл дағдарыс компанияның басқару стратегиясындағы әлсіз қадамдар мен арзан бағаларға иек арту сынды тиімсіз құралдардың салдарын салыстырмалы түрде анық көрсетіп берді.
Әрине, туристік сала бизнесін жүргізуде биылдан бастап жаңа тәртіптер, жаңа ережелер қолданыла бастайды. Мысалы, қазір онлайн сатулар барысы серпіндеп дамуда, ал бұған дейін компания клиенттері, былайша айтқанда, потенциалды туристер кеңсеге арнайы келіп, каталогтарды ақтарып, қолма-қол төлем жасауды әдет ететін. Пандемия аясында байқала бастаған тағы бір тенденция – жұрт қазір өз демалысын кем дегенде екі ай бұрын жоспарлауды дұрыс көреді. Өз кезегінде бұл – туристік компаниялардың баға қалыптастыру жоспарына, әуе тасымалы нарығындағы билет саудасына, букинг сегментіне, жалпылай алғанда, жаһандық туризмге тікелей ықпал етуші фактордың бірі. Өзге нарықтардағыдай, туристік индустрия ішінде де ірі ойыншылар шағын компанияларды жұтып, өздеріне икемдеп, қосып алуға ниет етуде, олай болса, нарық ішіндегі компаниялар саны қысқара түседі деген сөз.
Туристердің өз бойында да жаңа әдет, жаңа ғұрып қалыптаса бастайды: таяу жылдары қалың жұртшылық алыс сапарлардың орнына өздеріне географиялық та, менталды тұрғыда да жақын демалыс орындары мен шипажайларды таңдайтын болады. Ал экзотикасы мол елдерге деген қызығушылық алдағы жылдары біршама басылады, өйткені қазір туристер өздері жақсы бейімделіп, жақсы сезінетін бағыттарға сенім артуда. Біздің болжамдарымыз: алдағы 2–3 жылда халықаралық туризм мейлінше элитарлық демалыс деңгейінде қалуы мүмкін.
Түркістан тек туризмнің ғана емес, сол салаға әлемдік деңгейдегі мамандар даярлайтын орталыққа айналуы тиіс
Жаңадан ашылған туризм университеті қаланың және Қазақстанның қызмет көрсет... →
Бұл жаңалықтар ішкі туризмді дамытуға ықпал етуі тиіс: біріншіден, қауіпсіздік мәселесі алдағы жылдары барынша өзекті болады; екіншіден, қолжетімділік көрсеткіші алға шығады. Бұған дейін ел ішінде «Алакөлдің бағасы шетелдегі демалыстан қымбат» дегендей пікір болғаны рас. Бірақ қазір шетелдегі демалыс шығынына (әуе билеті мен жолдама құнынан бөлек) ПТР-тест тапсыру және қосымша сақтандыру шығындарын қосуға тура келеді.
Мойындау керек, бүгінде мемлекет те, жеке инвесторлар да ел ішінде жаһандық туризмді дамытуға қаражат салуға мүдделі. Мысалы, Каспий жағалауында туристік әлеует өсіп келеді. Бұл жобаны дамыту макетін өз көзіммен көрдім: өте әсерлі. Сол сияқты, Түркістан өңірі – алдағы уақытта еліміздің оңтүстік аймағындағы ең тартымды туристік орталыққа айналуы әбден мүмкін. Әлемдік деңгейдегі туризм аумағы тарыла түсуі себепті, ішкі туризммен қатар, аймақтық туризмнің де даму мүмкіндігі зор. Әсіресе, Орталық Азия аумағында. Ортақ мәдени мұрасы бар бауырлас елдер бұл тұрғыда бір-біріне тиімді көптеген жобаларды бірлесе жүзеге асыра алады.