Қазақстандағы білім беру өзгерістер жолында

Автор: Саясат Нұрбек

Білім саласындағы «цифрлық революция» білім берудің жаңаша түріне өту үшін қажетті, бірақ жеткіліксіз шарт

Сэр Кен Робинсон «Болашақтың мектебі. Баланы қалай талантты етіп өсіруге болады» атты кітабында былай деп жазды: «1982 жылы Уэйн Гретцки әлемдегі ең нәтижелі хоккейші ретінде танылды. Оның құпиясы, ойыншының айтуынша, өте қарапайым: команданың басқа мүшелері шайбаның соңынан өкшелей қуып жүргенде, ол алдын ала шайбаның барар жеріне қарай жүгіреді. Бүгінде білім беруді стандарттауға деген көзсіз ұмтылыс жетегінде көптеген елдер «шайбаның» кеткен жағына қарай зулап, оның барар жерін назардан тыс қалдыруда...»

Дүние жүзі сарапшыларының ауқымды бөлігі білім берудің қазіргі сәтте бұрын-соңды болмаған орында – дағдару нүктесінде тұрғандығымен келісіп отыр. Әлем бетбұрысты кезеңге – цифрлық қоғам моделіне көшу сатысына дөп келді, оның бір белгісі – тілдесу мен білім алудың цифрлық форматтарының белең алуы. Тағы бір кеңінен таралған түсінік 19–20 ғасырлардың білім беру бағдарламалары әбден ескірді, 21-ғасырдың білікті тұлғасы алдыңғы буындармен салыстырғанда мүлде бөлек дағдыларды меңгерген болуы тиіс дегенге саяды. Білім берудің бұрынғы парадигмасының ғұмыры қысқарып бара жатқаны анық, алдымызда бізге барынша бейтаныс болашақ, алайда нақты не күтіп тұрғанын әзірге ешкім дөп басып айта алар емес.

Білім саласындағы «цифрлық революция» білім берудің жаңаша түріне өту үшін қажетті, бірақ жеткіліксіз шарт. Келешектің кілті бізге роботтарды бағдарламалауға көмектесетін машықтарда емес, бізді адам ететін дағды-қасиеттерде жатыр – ең алдымен ол рақымдылық, эмпатия, креативтілік және сын тұрғысынан ойлау.

Forbes Kazakhstan беттерінде біз білім берудің болашағы тақырыбы аясында алдағы уақытта да пікір таластыратын боламыз деп үміттенемін. Ойталқыларымыздың бастауы ретінде лайықты болатын алғашқы пікір – тиімді жұмысбастылық немесе білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы анағұрлым нақты байланыс мәселесі. Жаңа цифрлық революция жағдайында білім беру жүйесіне, ең әуелі дәл осы еңбек нарығының қажеттіліктері мен олардың өзгеру үрдісіне баса назар аудару керек. Жаппай пандемия цифрландырудың, сәйкесінше, еңбек нарықтарындағы түбегейлі өзгерістердің барлық процестерін бірнеше есе жылдамдата түсті.

Түрлі бағалаулардың нәтижесі бойынша, технологиялық өзгерістер алдағы 10 жыл көлемінде қолданыстағы барлық мамандықтардың 9-дан 50%-ына дейінгісін жойылып кету қаупіне ұшырататын жайы бар, сондай-ақ жаңа кәсіптер қазір әрбір 3–5 жыл сайын қосылатын болды, бұл білім беру жүйесінің нарық талаптарына жылдам бейімделе білуін талап етеді, ал қазіргі заман адамдары білім алуға, жаңа дағдыларды игеруге немесе меңгерген машықтарын өмір бойы жетілдіріп отыруға міндетті.

Болжамдаудың, кәсіптік диагностика жүйесінің және оқушыларды бағдарлау тиімділігінің жеткіліксіздігі еңбек нарығының жүйелік ауытқуын, белгілі бір кәсіптердің тапшылығы мен профицитін, кәсіпқойлықтың төмендеуін, біліктілігі төмен жұмыс күшінің арту сегментін тудыруда. Сәйкесінше, жаңа, өзгеру үстіндегі және жойылып бара жатқан мамандықтарды болжауға пайдаланатын құрал әзірлеу қажеттілігі туындайды.

Мемлекетке шұғыл түрде кадрлық қажеттіліктерді болжаудың жаңа тірек нүктелері, ал мектеп бітірушілер мен олардың отбасыларына болашақ мамандық таңдауын ақпараттандырылған түрде, ең бастысы, саналы түрде жасауға мүмкіндік беретін бұқаралық, қарапайым әрі қолданбалы құрал қажет.

Былтырғы жылы Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы әзірленді. Атлас – еңбек нарығын сындарлы түрде өзгертетін басты трендтерге терең талдау жүргізілген, ұлттық экономиканың перспективалы салалары мен мамандықтарының алдағы 5–10 жылға арналған болжам картасы.

Әзірге экономиканың 9 саласының атластары дайын: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, АКТ, энергетика, туризм және құрылыс. 463 мамандық, оның ішінде 239 жаңа, 95 өзгеру үстіндегі, 129 жойылып бара жатқан мамандық жан-жақты сипатталды.

Десек те, Атлас тек құрал ғана, кемінде бірнеше кешенді шара қолға алынуы қажет.

Біріншіден, Жаңа кәсіптер атласы негізінде бір жағынан еңбек нарығының келешегін, сұранысқа ие мамандықтарды, екінші жағынан оқушылардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін ескеретін кә-сіптік бағдарлаудың кешенді әрі теңдестірілген жүйесін құру керек.

Екіншіден, ұлттық біліктілік жүйесін қайта қарауды қолға алу маңызды. Ұлттық кәсіптер жіктеуішін жаңарту, сондай-ақ экономиканың негізгі салалары бойынша кәсіптік стандарттардың ұдайы жаңартылуы білім беру жүйесі үшін түсінікті әрі қарfпайым өтпелі процесс болуы тиіс.

Үшіншіден, ТжКБ мен жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде жаңарту ісі, ондағы жетекші рөл ЖОО-ға берілуі тиіс.

Жоғары және кәсіптік-техникалық білімге автономия ұсыну бағытында өте дұрыс реформа жолға қойылды.

1990-жылдардың орта тұсында белгілі ғалымдар Генри Ицковиц (АҚШ) және Лойет Лейдесдорф (Нидерланды) «үштік шиыршық» атанған инновациялық даму мо-делін жасап шығарды. «Үштік шиыршық» теориясының басты идеясы – жаңа индустрияларды тиімді дамыту және бұрыннан қалыптасқандарындағы проблемаларды шешу жолында университеттер, үкімет және кәсіпорындар арасындағы қатынастарды серпінді дамыту. Маңызды рөлдердің бірі оқыту институты қызметін атқарып қана қоймай, білімді капиталдауды да басты назарда ұстайтын жоғарғы оқу орындарына беріледі. Бұл модель дәл осы кәсіпкерлік университеттердің жаңа технологиялар жасайтын және сонымен бір мезгілде ғылыми зерттеулермен айналысатын орталықтар болып табылуын көздейді. Үштік шиыршық тұжырымдамасы тұрғысынан бизнес пен биліктің міндеті – университет қалыптастырған ортаны қолдау, инновациялық жобаларды іске асыруға көмектесу. Бұл ретте үштік шиыршық шеңберіндегі ынтымақтастық нәтижесіне қатысушылардың бірінің қызметі арқасында емес, өзара іс-қимыл үйлесімі арқасында қол жеткізіледі.

Осы жерде неге университеттер, неге ғылыми-зерттеу орталықтары емес деген қисынды сұрақ туындауы мүмкін. Оның себебі, жоғарғы оқу орындарына жыл сайын тың идеяларға толы студенттердің жаңа легі келіп отырады, ал орталықтарда 20–30 жылдап тәжірибелі болғанымен, жаңашылдықтан гөрі тұрақтылыққа бейім қызметкерлер жұмыс істейді.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
24551 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
22 декабря родились
генеральный секретарь Казахстанской федерации футбола
министр внутренних дел РК
Forbes Video

Китайские машины, утильсбор, льготные автокредиты

Обсуждаемые в Соцсетях
Самые Читаемые

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить