Алшақтықтың негізгі себебі неде? Елімізде бұл мәселе қалай шешімін таппақ?
Жалпы, ауыл мен қала білімінің алшақтығын үшке бөліп қарастыруға болады. Ең бірінші, технология. Екінші, контент. Үшінші, методология.
Технологияны беретін мемлекет. Оның құрамына сапалы, жылдам интернет, жақсы компьютерлер жиынтығы мен инфрақұрылымы жақсы мектеп кіреді.
Екіншіден, контент. Контенттің ішіне кітапхана базасы, ғаламтордағы электронды оқулықтар және қазіргі заманға сай стенд құрылғылар кіреді. Одан бөлек баланың жан-жақты дамуына арналған технология, музыка, өнер сабақтарындағы контенттер.
Жаңа кодекс әлеуметтік мәселелерді толық шешіп бере ала ма?
Биыл сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодекс 1 шілдеде өз күшіне енеді, қазір... →
Методология берілген ақпараттармен, контентпен және технологиямен жұмыс істеуге үйретеді.
Жалпы, технология бойынша ауыл мектептері қаламен салыстырғанда артта қалып келе жатыр. Ал, контент бойынша артта қалмауы мүмкін. Дегенмен, интернеттің жоқтығы ондағы өте пайдалы контенттерді ауыл баласына, мұғалімдерге және ата-анаға қолжетімсіз етуде.
Көбіне, ауылға мұғалім ретінде сол ауылдан шыққан адам, келін болып түскен қыз немесе мемлекеттік грантқа түскен соң гранттың талабын ақтау үшін сол ауданда туған адам баруы мүмкін. Бұл жерде ауылдағы мұғалімдердің методологиясы жеткіліксіз деп айта алмаймыз. Дегенмен, қаланың мұғалімімен салыстырғанда ауылдарға жас мұғалімдердің бармауы, ол жақтағы мұғалімдердің біліктілігін уақытылы арттырмауы салдарынан сабақ өту методологиясы ескіріп, артта қалып жатыр. Бұл ауыл мен қала білімінің алшақтығына әкеп соғады.
Аталмыш проблеманың салдарымен емес, себебімен күресу үшін түп-төркінін сараптап көрсек. Білім сапасындағы айтарлықтай алшақтықтың негізгі себептерінің қатарында ауылдағы өндірістің дамымауын да атап өтуге тұрарлық. Оны шешудің бірнеше шешімін ұсынуға болады.
Ауылдағы өндірістің бір орында тұрып қалуы ауылдың дамымай артта қалуына әкеліп соғып жатыр. Ал ауылдағы өндірістің дамымауы керісінше ауылдағы білімге көңілдің аз бөлінуінен деп ойлаймын. Сондықтан, ауыл мектептерінің инфрақұрылымын мейлінше дамыту керек. Себебі әрбір адам капиталы, өмірі және білімі басқа заттарға қарағанда маңыздырақ. Еліміздің аумағы үлкен деп жатамыз. Дегенмен, біз сияқты халқы аз, территориясы үлкен екі алпауыт мемлекет бар. Бірі — Австралия, екіншісі — Канада. Екі мемлекет те адам капиталын бірінші орынға қойғандықтан барлық мәселені сапалы шешіп отыр. Ауылдарға жақсы интернет беріліп, мектептер соғылып, сапалы білім алуға барлық жағдай жасайтын құрылғылар қаладағы мектептермен бірдей болуы керек.
Саясат Нұрбек: Ғылым мен бизнестің синергиясы - жетістіктің маңызды факторы
Ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастық кез-келген ел-дің қарыштап дамуы... →
Технология реттелген соң ауылдық жерлерге контенттің неше түрін алып баруға болады.
Сапалы, жылдам интернетке қол жеткізген соң ауылдарға электронды кітаптар, цифрлық білім беру ресурстары, симуляторлар, неше түрлі анимацияларды апаруға болады. Сонымен қатар, жақсы инфрақұрылымы бар, контентке қолжетімді мектеп мұғалімдері сол оқу ордасына лайықты білім беру үшін өз білімін, әдістемелерін әрдайым жетілдіріп отырушы еді. Сол кезде мектеп білімі алға қарай ұмтылып, сапалы білімді ауыл балалары да алатын еді.
Сондай-ақ, ауыл мен қала білімінің алшақтығы болмас үшін олимпиадаларды үшке бөліп қарастырған жөн. Біріншісі, республикалық ауыл мектептері арасындағы олимпиада. Екіншісі, республикалық дарынды балаларға арналған лицей-гимназия арасындағы олимпиада. Үшінші, республикалық қала мектептері арасындағы олимпиада. Нәтижесінде, Ұлттық олимпиадада осы үш республикалық олимпиаданы жеңіп келген оқушылар қатысушы еді. Осы тұста көбіне ауыл мектептерінің балаларына жақсы мотивация беруге болады. Әрине, бұл біз айтып отырған бір ғана дербес жағдай. Ауыл мектебінің білімін көтеру әдістері ғана. Дегенмен, жоғарыда айтқан үш мәселені қолға алсақ, ауыл мектептерінің білімі қала мектептерінің білімінен асып түспесе, кем болмайды.