Дәрі-дәрмек нарығындағы дүрбелең

Қазақстандағы фармацевтика нарығының жалпы көлемі 765,3 млрд теңге болса, оның 15,8%-дан астамы немесе 121,1 млрд теңгесі ғана отандық өндірушілерге тиесілі

ФОТО: unsplash.com/Dima Mukhin

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі жыл сайын арта түспек, бірақ бұдан баға арзандайды деген үміт жоқ. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр елімізде 148,7 млрд теңгеге дәрі-дәрмек өндірілген: бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 13,8% көп.

Дәрі-дәрмек неген қымбат?

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда 11,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмек өндірілген, бұл 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13,1% жоғары көрсеткіш. Отандық дәрі-дәрмектің жартысынан көбі Шымкент (3,9 млрд теңге) пен Алматы облысында (3,5 млрд теңге) шығарылады. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы (2 млрд теңге), Қарағанды (794 млн теңге) және Жамбыл облыстары (520 млн теңге) тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің деректерінде Қазақстанда дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен техника өндіретін 88 кәсіпорын бар деп көрсетілген. Оның 32-сі дәрілік заттар шығарса, 56-сы медициналық бұйымдар мен техника түрін өндіреді.

Әйтсе де елімізде фармацевтикалық препараттардың құны жыл өткен сайын қымбаттап келеді. Биыл қаңтарда дәрі-дәрмек бағасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,3%-ға өскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қаңтарында, әсіресе, «Хилак форте» препараты қымбаттап кеткен – бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда 42,1%-ға. Одан басқа – ацикловир (12,3%), «Эссенциале форте Н» (11,4%), «Но-шпа» (10,1%) сынды дәрі-дәрмектердің бағасы жоғары көтерілген. Есесіне, парацетамол (-14,3%), «Нурофен» (-14,3%), ацетилсалицил қышқылы (-9,5%) айтарлықтай арзандаған.

Медициналық препараттар нарығында отандық өндіріс көлемі артып келеді, бірақ ішкі нарықта баға бәрібір қымбат. Неге? Фармакология нарығындағы ойыншылардың айтуынша, Қазақстанда дәрі-дәрмектің қымбаттауына оның көп бөлігінің импорттан жеткізілуі. Былтыр елімізде саудаға түскен антибиотиктердің 85,2%-ы, провитаминдер мен дәрумендердің 100%-ға жуығы шет елдерден әкелінген.

2021 жылы Қазақстанға 1,1 млрд АҚШ долларына 21,7 мың тонна дәрі-дәрмек импортталған. Оның 7,6 мың тоннасы Ресейден, 2 мыңға жуық тоннасы Үндістаннан, 1,8 мың тоннасы Германиядан, 1,3 мыңнан астамы Қытайдан әкелінген.

Ішкі нарықтағы импорт көлемін азайту мақсатында еліміздің денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар шығаратын кемінде 5 жаңа өндірісті іске қоспақ. Соның бірі – биыл Ақтөбе облысында іске қосылатын дәрі-дәрмек өндіретін зауыт. Оған бюджеттен 800 млн теңге жұмсалған. Зауытта сироптар, спирт, тұнбалар мен жақпа майлары шығарылмақ. Сол сияқты, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап препараттарды таңбалау және бақылау жүйесі енгізілмек. Министрлік жоспарында отандық фармацевтика өнімдерін халықаралық нарықта таныту мақсатында дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар айналымының барлық процесін цифрландыру да ескерілген.

Геосаясат және фармакология

Украинадағы соғыс аясында Қазақстанға украиндық дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі қиындап кетті. Бұл баршаға мәлім. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, бұған дейін Қазақстанға Украинадан 25 түрлі фармацевтикалық препарат жеткізілетін. Ал Ресей мен Беларусь және Еуропа елдерінен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша мәселе жоқ, дейді министрліктегілер.

Украинадағы зауыттармен байланыс уақытша үзілгенін Europharma дәріханалар желісінің өкілі Мадина Оразмбетова да мойындап отыр. Маманның айтуынша, дәріхана желісіндегі барлық ассортименттің тек 45%-ы импортталады. Препараттардың 55%-ы отандық өндірушілерден, әсіресе, Шымкенттен жеткізіледі. «Біздігі импорт тауардың көбі Еуропадан әкелінеді. Қалғандары Ресейден, Украина мен Беларусь елінен. Қазір біз AstraZeneca (Ұлыбритания), KRKA (Словения), Bayer (Германия) және т. б. жеткізушілермен тікелей жұмыс істейміз. Бірақ украиндық Фармак және Фармамед зауыттары ондағы соғысқа байланысты тауар жеткізуді тоқтатты. Кей елдердің өнімдері Түркияның әуе кеңістігі арқылы тасымалданатын, қазір сол бағыттар аздап кешігуде. Осы мәселенің алдын алу үшін Әзірбайжан арқылы жеткізуді қарастырып жатырмыз», - дейді Мадина Оразмбетова.

Дегенмен, фармацевтика маманы әлем елдеріндегі тұрақсыздық Қазақстан нарығына да әсер етіп отырғанын алға тартады. Оның пікірінше, денсаулық сақтау министрлігі бекіткен дәрі-дәрмектің шекті бағасын қайта қарау дәл қазір аса өзекті. «Біздегі дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан реттеліп, жарты жылда бір рет шекті бағалар белгіленеді. Бірақ қазір теңге әлсіреп кетті, серіктестерімізбен АҚШ долларымен есеп айырысатынымыз тағы бар. Мұндай жағдайда бағаның көтерілетіні сөзсіз. Елімізде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмас үшін шекті бағаларды қайта қарастыру қажет», - дейді ол.

Бұл мәселені отандық фармацевтика саласының өзге өкілдері де көтеріп, дәрі-дәрмектің шекті бағасын қайта қарауды сұрап отыр. «Атамекен» ҰКП хабарлауынша, АҚШ доллары бағамының өсуі мен логистикалық мәселелер дәрі-дәрмектің өзіндік құнының қымбаттауына әсер етуде. «Отандық дәрі-дәрмек өндірісі мен оны жеткізу қызметін тоқтатпауымыз керек. Бұл үшін басты назар дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға бағытталуы қажет. Валюта бағамының күрт өзгеруін ескере отырып, дәрі-дәрмектің шекті бағасын индекстеу – тапшылықты болдырмаудың бір жолы», - деді ҰКП медициналық қызметтер департаментінің директоры Назгүл Қабдрахманова кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында.

Ал халықты стационарлық және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жүрген «СК-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторы биылға қажет дәрі-дәрмек түрінің 94%-ын сатып алып үлгерген. Оның 60%-ға жуығы отандық кәсіпорындарда өндірілген, 23%-ы Еуропадан, 2%-ы Украинадан, тағы 2%-ы Ресейден, қалғаны басқа елдерден әкелінген. Компания өкілі Айгерім Смаилованың айтуынша, әлемдегі құбылмалы экономикалық жағдайларға қарамастан «СК-Фармация» қоймаларына фармацевтика тауарлары кестеге сәйкес жеткізілген. Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында «форс-мажор жағдайларда қолдануға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың 25%-ы жинақталған қор бар» дейді ол.

Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтика субстанцияларын, протез-ортопедия бұйымдары мен сурдотифлотехниканы, медициналық бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен жабдықтарды Қазақстан аумағынан шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салмақшы. Аталған бұйрықтың жобасын 6 сәуірге дейін Ашық НҚА порталында талқылау мүмкіндігі бар.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Пятьдесят оттенков Хургады »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
30826 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить