Bespoke технологиясын меңгерген қазақ жігіті: Болашақта люкс сападағы дайын костюм коллекциясын шығарғым келеді

27078

Бақдәулет Парсаханов Қазақстанда Bespoke технологиясымен ерлер костюмін тігетін санаулы маманның бірі. Bespoke – ағылшын тіліндегі be speaking сөзінен шыққан, оны «тапсырыспен жасалған» деп аударуға болады

Бақдәулет Парсаханов
Бақдәулет Парсаханов

Біз Бақдәулетпен кездесіп, Bespoke әдісі туралы, тапсырыспен тігілген костюмдерге тән артықшылық пен олардың қолжетімділігі жайында сұрап білдік.

Бақдәулет, Bespoke әдісі туралы қайдан оқып-білдіңіз? Меніңше, біздің замандастар үшін костюм-шалбар нақты бір айтулы шараға ғана киетін тың дүние секілді.

- Менің Bespoke әдісімен танысуым ерлер стиліне деген қызығушылықтан бастау алады. Мектеп кезінен костюм-шалбар етіп тігілген киімге қызығып жүретінмін. Инстаграмда түрлі парақшаларды қарап отырып, шетелдік тігіншілердің профайлдарына кезіктім. Инстаграм алгоритмдерінің жұмысын жақсы білесіздер, онда сіздің қызығушылығыңызға сай ақпаратты көрсетіп отырады. Осылайша Bespoke әдісі және осы әдіспен киім тігетін шеберлер туралы мәлімет, деректерді таба алдым. Ол кезде 11 сыныпта оқитынмын, әрине, мектептен кейін «қайда барып оқысам, қандай мамандықты игерсем» деген ой мені де мазалайтын. Бірақ, шыны керек, желідегі парақшаларға осы саланың болашақ маманы ретінде емес, әншейін, «қандай қызық», «күшті екен», «осындай да бар екен ғой» дегендей танысу мақсатында ғана қарайтынмын. Себебі ата-анамның, жалпы замандастарымның бойындағы «дипломсыз қалу» деген үрей менің де бойымда бар болатын. «Ел секілді оқуға түсіп, диплом алып, өз қолым өз аузыма жеткенде барып, қызықан кәсібіме қарай қадам басқаным дұрыс» деп ойлайтынмын. Әйтсе де, Bespoke әдісі туралы оқып, зерттеген сайын, уақытты жоғалтпай, «бәлкім, осы салада бағымды сынағаным дұрыс па?» деген ой да оқтын-оқтын келе беретін.

Кейін сол желіден Әсет Айманов ағамыздың парақшасын тауып алдым. Қазақстанда Bespoke технологиясымен киім тігетін шеберлер жоқтың қасы. Республика бойынша үш кісі бар десек, соның бірі осы Әсет Айманов. Бұл кісі кәсіби ортада танымал болғанымен, қалың көпшілік аса біле қоймайды. Әу баста Әсет ағаның парақшасына әрі қарап, бері қарап, не де болса осы кісіге хабарласып көрейін деп шештім де, хат жаздым. Несі керек, аға бірден жауап берді: «Шеберханаға кел, сөйлесіп көрейік», - деді...  Сөйтіп, Әсет аға мені бір айлық тағылымдамадан, яғни стажировкадан өтуге шақырды. Ойлана келе, «бұл мүмкіндікті жіберім алғаным дұрыс емес» деп шештім.

Ал бұл шешімді ата-анаңыз қалай қабылдады, қарсы болмады ма?

- Әдетте, елдің көбісі «киім тіккені несі?», «бұл ер адамның ісі ме?» деп таңқалып жатады, бірақ, шыны керек, мұндай сөзді үйдегілерден естіген емеспін. Алайда, олар менің «университетке бармаймын» деген таңдауымды қолдай қоймады. «Сырттай болса да, оқып алғаның дұрыс» дегенді осы күнге дейін айтып келеді. Меніңше, аға ұрпақтың пікіріндегі жоғары білім, ол – нақты бір кәсіпті кіршіксіз игеріп, меңгеру үшін емес, әйтеуір «қалтаңда бір диплом болсын» деген ұстанымнан туындаған талап сияқты. Десе де, соңғы төрт жылда менің қолымнан шыққан костюм-шалбарларды, тігіншілік өнеріне деген менің бойымдағы шынайы қызығушылықты көріп, үйдегілер де біртіндеп өз ойларынан қайта бастаған секілді...

Бұл салаға келгенде, бойыңызда қызығушылықтан өзге қандай да бір қабілет болды ма, бұған дейін ине-жіп ұстап, киім тігіп көрген бе едіңіз?

- Шынымды айтсам, қызығушылықтан өзге еш қабілетім болған жоқ. Оған дейін костюм пішіп, ине ұстап көрген адам емес едім. Негізі, инені де бірінші рет тігін шеберханасына келгенде ұстадым. Бірақ, менің бойымда қырағылық болды, стильге деген қызығушылығым және, әрине, тәртіп болды. Костюм тігу – маған шабыт сыйлайтын шығармашылық процесс: жаңа дүниені бастан-аяқ пішіп, тігіп, дайындап шыққан ұнайды. Ал шалбарды қысқарту, әйелдердің көйлегін тігу дегендей жұмыстар ұнамайды. Сондықтан мұндай тірлікпен айналыспаймын.

Осы уақыт ішінде қанша костюм-шалбар тігіп шықтыңыз?

- Нақты тапсырыс бойынша тігуге алты ай дегенде қосылып, ат салыса бастадым. Онда да Әсет аға маған тапсырма беріп, көрсетіп, қадағалап жүрді. Өзім тапсырыс алып, бастан-аяқ костюм тіге бастағаныма бір жылдан енді асты. Осы уақыт аралығында 25 шақты костюм-шалбардың тігілуіне тікелей араластым дей аламын, ал бастан-аяқ өзім тігіп шыққан костюмдер саны – жетеу.

Bespoke дегеніміз не? Оның басқа технологиямен дайындалған костюм-шалбардан не айырмашылығы бар

- Тапсырыспен костюм тігудің бірнеше сегменті бар. Bespoke деген пирамиданың ең басында тұрған технология. Bespoke – клиент өлшеміне сай, тігінші арнайы дайындайтын лекаломен пішіліп, толығымен қолмен тігілетін костюм-шалбар. Сол себепті де ол дайын болғанда клиенттің бойына құйып қойғандай мықты әсер береді. Базардан немесе дүкеннен сатып алатын дайын RTW (ready-to-wear) костюмдерінде маталар арасына желім жағылады. Яғни, тігіп жатқан костюм матасының үстіне дублирин салып үтіктегенде, желім еріп, матаны бітеп тастайды. Мұндай жолмен тігілген киім ауа өткізбейді, содан да оны киген адам терлеп-тепшіп, мазасы қашып жүреді. Ер кісілердің біразы жаз айларында костюм киюден қашатыны да осыдан. Ал Bespoke технологиясы мұндай әдісті мүлдем қолданбайды. Біз бұл тұрғыда жылқының қылынан жасалған матаны алып, оны қолмен тігіп шығамыз.

Сол сияқты, Bespoke технологиясына жақын MTM (made-to-measure) әдісі де бар. Бұл технология бойынша, клиенттің өлшемдері шетелдегі фабрикаларға жіберіледі. Ал, өз кезегінде, олар өлшемді дайын лекалоға салып, бір-екі жерін өзгертіп, дайын костюм етіп шығарады. Бізде тапсырысқа костюм тігетіндердің көбі осылай жұмыс істейді.

Қысқаша айтар болсам, Bespoke – ол жеңіл, өзіңізге ыңғайлы, сапалы етіп,  дайындалып, қолмен тігілетін костюм.

Қазақстанда Bespoke әдісімен тігілген костюм-шалбарға деген қызығушылық бар ма? Бұл әдіспен киім тіктіретін адамдардың портреті қандай?

- Бізде ер адамдар арасында тапсырыспен костюм-шалбар тіктіретіндер көп емес. Бұл шетелде қалыпты жағдай болуы мүмкін, бірақ, меніңше, бұл мәдениет бізге әлі де болса толық келе қойған жоқ. Десек те, қызығатын адамдардың қатары жылдан жылға артып келеді. Өз тарапымнан мен де желідегі парақшаларымда осы Bespoke әдісі туралы кеңінен айтып, мәлімет беріп жүрмін. Қазірдің өзінде бұл әдіспен костюм тігу қаншаға түсетінін сұрап, хабарласып жататындар баршылық.

Ал біздің шеберханаға келіп жүрген клиенттердің ортақ портреті туралы айтар болсам, олар, көбіне 30–35 жастан асқан, жеке бизнеспен айналысатын, қалыптасқан ер азаматтар. Мемлекеттік қызметкерлер аз.

Бізде бір костюм-шалбардың бағасы 700 000 теңгеден басталады. Пиджактың матасы неғұрлым қымбат болса, костюм-шалбардың бағасы да соғұрлым өсе береді. Бағада шек жоқ. Жалпы, бір костюм-шалбарды тігуге орта есеппен бір ай кетеді. Матаны арнайы Италиядан, Англиядан тапсырыс беріп алдырамыз. Ол бір аптаның ар жақ-бер жағында келеді, тігуге шамамен жиырма күн кетеді.

Қазір, әрине, менің көзім әбден үйреніп қалды, костюм-шалбар көрсем, бірден сапасын да бағалап, бағасын да шамалап біліп отырамын. Кейде теледидар, не ютюбтағы видеоны көріп отырып, «мына костюмді қалай киеді?» деп замандастарымызға таңқалып жататын кездерім де болады. Негізі, бізде азаматтардың басым бөлігі костюм таңдай алмайды, оның сапасына, қонымдылығына мән бере бермейді. Ал шебер тігінші адамның бойына жарасқан киімге қарап, жақсы тігілген пиджакты жазбай таниды.

Бізге келетін адамдардың арасында «шебермен саудаласқан дұрыс емес» деп, ұсынылған бағаға бірден келісіп, тігінші шебердің жұмысын бағалай білетін кісілер жетершілік, дегенмен, саудаласып жататындар да жоқ емес. Мүмкіндігінше, матасына қарай бағасын түсіріп, қандай да бір жеңілдік жасауға біз де тырысамыз, әрине. Бірақ бұл елеулі ауқымда қол жұмысы мен уақытты талап ететін дүние, сондықтан да мұндай костюм-шалбардың бағасы арзан болмайтыны заңдылық. Мұны да дұрыс түсіну керек деп ойлаймын.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Казахстанские хакеры работают на НАТО?

Смотреть на Youtube

Профессор Алмаз Шарман - об антиваксерах, БАДах, коллапсе медицины и замены врачей на роботов

Смотреть на Youtube

Антон Долин: отъезд из России, коллеги по «Вечернему Урганту», русское кино во время войны

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить