Еуропадағы табысты жұмысын тастап, Украинада ерікті болуға не жетелейді?

98518

Мадина Каттер — Forbes Kazakhstan журналының 30 жасқа дейінгі 30 тұлға тізіміне енген әлеуметтік кәсіпкер. Ресейдің Украина жеріне басқыншылығынан кейін Киевке барып, ерікті ретінде азаматтарға арналған бронды кеудеше өндіруді қолға алған еді

Мадина Каттер
Мадина Каттер
ФОТО: жеке мұрағаттан

Мадина Каттердің бұл ерлігі туралы басылымдар жарыса жазған. Forbes Kazakhstan редакциясы Мадинамен сұхбаттасып, қарапайым қазақ қызының айналасын өзгерткісі келетін ойын тыңдады. Бизнес пен қайырымдылықты қалай ұштастыруға болатыны, кәсіпкерлер үшін қайырымдылық жасау неге пайдалы екенін де айтып берді. 2009 жылдан бері Еуропада тұратын қазақ шабандозы Forbes Kazakhstan журналының тілшісіне сұхбат берді.

Венчурлы архитектор деген кім?

«Бала кезімде заңгер болғым келген еді. Өйткені маған қоғам қалай қалыптасатынын зерттеу ұнайтын. Сондықтан да Қазақстанда жоғары оқу орнына білім алуға барғанда менің таңдауым анық болды. «Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын» (КИМЭП) заңгер мамандығымен аяқтаған соң, Австрияда бір жыл халықаралық құқық бойынша білім алдым. Алайда құқықты институт ретінде жақсы көретініме қарамастан, заңгердің жұмысы университетте алған білімнен анағұрлым өзгешеленетінін байқадым», — дейді Мадина Каттер.

Осыдан кейін өмірде немен шұғылданғысы келетінін түсінуге тырысып, ұзақ бас қатырады. Біраз уақыттан соң жақсы қоғамда, позитивті ортада өмір сүргім келетінін ұғындым дейді кейіпкер.

«Кәсіп жүргізу дәл осы мақсатыма жетудің ең айқын жолы көрінді. Алдымен маркетингпен байланысты маркетинг, дизайн және брендтің бірегейлігі секілді креативті салаларда жұмыс істедім. Австриядан Германияның Берлин қаласына қоныс аударғанда да осы іспен шұғылдандым. Фрилансер ретінде тәжірибе жинақтаған соң, кәсіби түрде айналыса алатынымды түсіндім. Өз идеяларымды іс жүзінде жүзеге асырғым келді. Интернеттегі бос жұмыс орындарының арасынан «Венчур архитекторы» деген позицияны кездестірдім. Жалпы «венчур архитекторы» мамандығын ЖОО-да дайындамайды. Өйткені іс жүзінде оның жұмысы кәсіпкердің міндеттерімен бірдей. Сондықтан, әу баста көкейімде мен бұл жұмысты атқара аламын ба деген күдік тұрды. Қаржы, бизнес саласында білім алған жоқпын. Дегенмен де, тәуекел етіп, іске кірісуге бел будым», — дейді ол.

Шешім қабылдап, іске кіріскенімен венчур архитекторы ретінде жұмыс істеу әуелден оңай болмағанын айтады. Айтуынша, венчур архитекторы түрлі елдерде, түрлі нарықтарда түрлі өнімдермен жұмыс істейтін маман.

«Венчур архитекторы басқа адамдардың кәсібін жолға қояды, үнемі жаңа құнды тәжірибе аласың және ешбір жоба бір-біріне ұқсамайды. Өйткені үнемі өзге елдегі бизнес этикаға бейімделуге тура келеді және әлемнің бар түкпіріндегі түрлі адамдармен келіссөзге келуді үйренесің».

Айтуынша, Мадина Каттер үшін бұл машық ойын алаңына айналған.

«Өз бизнес идеяларымды ешбір тәуекелге бармастан сынақтан өткізіп көруге мүмкіндік алдым. Тіпті бұл менің арманымдағы жұмыс десем, артық айтқандық емес», — дейді ол.

Алайда, «ең күрделі жұмыс квазимемлекеттік компаниялардан алған тапсырыстарды орындау еді» деп мойындады Мадина. Оның дерегінше, мұндай компаниялар тәуекелге барғысы келмейді. Оларға шешім қабылдау үшін ұзақ уақыт қажет. Тіпті кей кезде компанияда қалыптасқан бюрократияның кесірінен «жасалды» деген аты үшін ғана жобаларды қолға алатынмын деп еске алады.

Дегенмен, венчур архитекторы ретінде Сауд Арабиясындағы Ride-sharing сервисін іске қосу жобасы Мадина үшін ерекше болды.

«Жобаны қолға алған кезде алғашқы апта нарықты зерттейсің және сол үшін көп оқисың. Ол кезде мен Сауд Арабиясы туралы өте аз білетінмін. Осы жобаның арқасында бұл елдің мәдениетімен етене таныстым. Онда ең күрделісі мәдени алшақтық еді және соның ықпалымен түсінбестік те көп болды. Алайда біздің командада тәжірибесі мол, білікті кадрлар көп болатын, ол қиындықты да еңсердік. Сервис іске қосылғаннан кейін екі айдан соң оның қолданушыларының саны бір миллионға жетті», — дейді Мадина.

Наурыз айында аталған қосымшаның қазіргі жай-күйін білу үшін, «әдейі App Store-дан тексердім, менің жетекшілігіммен әзірленген бұл қосымшаның рейтингі 4,8 екен», — деп масаттанды Мадина.

«Сенің еңбегіңнің жемісі осылай өз алдына еркін өркендеп бара жатқанын көрудің өзі қуаныш», — дейді Каттер.

Бронды кеудеше өндірісі

Украинада азаматтар үшін бронжилет өндіру коммерциялық жоба емес еді. Ол жобаны қаржыландыру үшін Мадина мен оның осы жобадағы серігі Ростислав екеуі бүкіл әлемнен қайырымдылық арқылы қаражат жинаған.

«Біз плиталар өндірдік, плита салатын қалталар тіктік. Мен бронды кеудешенің дизайны мен фандрейзинг үшін жауапты болдым. Ал серіктесім операциялық бөлім үшін жауап берді. Менің бұл жобаны бастауымның себебі — өз уақытым мен машықтарымды барынша тиімді пайдаланғым келді. Әзірге дейін осы нәрсені бірінші орынға қоям», — дейді.

Бұған дейін Forbes.kz сайтына берген сұхбатында Мадина Каттер Украинаға сонау 2015 жылы барып, жаңа жыл мерекесін Киевте атап өткенін айтқан еді. 2021 жылға дейін Украинада үш рет болыпты. 2021 жылдан кейін тіпті ай сайын он күнге келіп тұратын болған. Айтуынша, Мадинаның бұл елге деген қызығушылығын арттырған елдегі саяси өзгерістер екен.

2022 жылы 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталған күннен бастап, Мадина Каттер Германияда жұмысынан шығып, бірден Украина азаматтарына ерікті түрде көмектесуге кіріседі. Алғашқы кезде елден кетуге мәжбүр болған азаматтарға логистика, баспана іздеу бойынша онлайнда көмек көрсету ісін қолға алады. Алайда бұл оңай шаруа емес еді.

«Күн сайын миллиондаған шаруаны шешуге тура келгені, бара-бара көзім ауырғаны сонша экранға қараудың өзі күрделі болды», — деп еске алады Мадина.

Бұл жұмысқа ерікті ретінде кіріскендіктен де қарапайым азаматтарға анағұрлым тиімді көмектесудің жолын іздеген.

«Волонтерлық жобалар — жұмыс тәсілі бойынша кез-келген бизнес секілді. Ол жерде де қаржыландыру, маркетинг, донорлардың тілегіне назар аудару қажет. Алайда қайырымдылық қорындағы жұмыс әдеттегі бизнестен анағұрлым күрделі, өйткені мұнда қоғам алдындағы жауапкершілік үлкен. Бұл жұмыс барысында барынша ашық болуың керек, қолыңа түскен ақшаны қалауыңша жұмсай алмайсың. Өйткені қоғам нақты мақсат үшін ғана сенің жұмысыңды қаржыландырып отыр. Дегенмен, сенің себепші болуыңмен әзірленген өнім адамдардың күнделікті өмірі үшін пайдалы бола бастағанын көргенде, біздің жағдайымызда оларды жарақат алудан қорғап, өмірін сақтап қалып жатқанда, бұл бүкіл командаға таусылмас мотивация береді», — дейді Мадина.

Мадина Каттер серігі Ростиславпен бірге 2022 жылы донорлардан түскен қаржыға бронды кеудеше тігіп, оны Украина халқына тегін таратқан болатын. Ол өзінің өзге басылымдарға берген сұхбаттарында жұмыстың тым ауыр болғанын, оқ өтпейтін болатты табу, оны өндіріске енгізу, донорлардан қаражат тарту барысында кездескен қиындықтарын айтқан.

«Мен бұл тақырыпқа көп сұхбат бергенім сонша, қазір не айтарымды да білмеймін», — дейді Мадина.

2022 жылдың күзінде Мадинаның серіктесі Ростислав жобадан кетті. Өйткені жобаның мақсаты — коммерциялық емес, яғни мұнда адамдар қаражат табу үшін жұмыс істемейді. Ал Ростиславқа отбасын асырап, жұмыс істеуі қажет болған. Мадина серіктесінің шешіміне түсіністікпен қарады. Алайда бронжилет өндірісі — Bulletproof Ukraine жобасын жабуға тура келді.

«Bulletproof Ukraine жобасын жапқаннан кейін мен өзімді толғандыратын және өзім сол төңіректе жұмыс істегім келетін әлеуметтік проблемалардың тізімін әзірледім. Ол мәселелерді жан-жақты әрі ұзақ уақыт зерттегеннен кейін, бұл проблемалардың астарында не жатқанын түсіндім. Мен зерттеген әлеуметтік проблемалардың туындауына бейхабар болу және білімнің төмен болуы себепші екен», — дейді Мадина Каттер. Сондықтан ол білім саласында жоба бастауға ниеттеніп отыр.

Жаңа жоба

«Мен оны алдымен Украинада қолға аламын, содан кейін Қазақстанда ашамын және өзге де мемлекеттерде жалғастырамын. Қазір жобаның құрылымын жасап жатырмын. Келесі айларда жартылай Киевте, жартылай Берлинде жұмыс істеймін. Украинаның цифрландыру министрлігімен байланыста боламын», — дейді кейіпкеріміз.

Мадинаны экологиялық проблемалар да ерекше толғандырады екен. «Ғаламдық жылыну мәселесіне қатты алаңдаймын. Жасыл энергетика саласында жоба жасау туралы арманымды жүзеге асырғым келеді. Бұл идеямен жұмыс істейтін команданы да таптым, олар бүкіл әлемде экономиканы жасыл энергетикаға бағыттайтын болады. Алайда білім саласындағы жобамды жүзеге асырғаннан кейін ғана бұл жобаға толықтай кірісетін боламын».

Мадинаның пікірінше, кейде адамдар бір адам ештеңе өзгерте алмайды деп жаңсақ ойлайды.

«Алайда күн сайын әр адамның әрекеті басқа адамның өміріне ықпал етеді. Сіз оны байқамауыңыз да мүмкін. Бизнес — кез-келген үкіметтен артық жұмыс істейтін, қоғамды жақсарту құралы. Коммерциялық жобаңыздың миссиясы қоғамға пайда тигізу болса, барлығы үшін пайдалы болады. Командаңыз — содан шабыт алатын болады, медиа құралдары да сіздің жобаңызға қызығушылық танытады, инвесторлар сізбен жұмыс істеуге құлшынатын болады және сіз одан коммерциялық пайда табасыз. Қоғам пайдалы өнім алатын болады», — дейді Мадина.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің пайдасы

Оның айтуынша, бизнес модельдердің әлеуметтік жауапкершілік алуы да оңай бола бермейді. Өйткені бизнестің негізін қалаушылар өздерінен барынша қайтарымды, пайда табуды күтіп отырған инвесторлардың мүддесін де ескеруі керек.

«Бұған қоса жаһандану барысы бәсекелестікті күшейте түсті. Сондықтан да кәсіпкерлер негізінен пайда табуға ден қойғысы келеді. Олар тоқсан сайын табыс әкеле бермейтін жобаларға қаражат бөлуге құлықты емес. Дегенмен, қоғамға қосымша пайда әкелу және қаржылық мақсат фундаменталды корпоративті стартегияның айналасында топтасқан сәтте — бұл проблеманың шешімі компанияға қосымша пайда әкелуі мүмкін», — дейді кәсіпкер.

Қай жағынан да тиімді болатын мұндай бизнес-­модельді әзірлеу дәстүрге сай емес бизнес-­жоспарлау циклдарын жүргізуді талап етеді.

«Әлеуметтік проблемамен жұмыс істеу бұл ұйымға кездейсоқ филантропияның аясынан тыс мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндік береді. Өзіңіз ойлаңызшы, сіздің бизнесіңіз бір адамның өмірін 5%-ға жақсартып қана қоймай, өмір сүру ұзақтығын арттырып, сізге таусылмас мотивация беретін саланы қалыптастыратын болса, бұл керемет сезім сыйлайды емес пе? Мұның құнын ештеңемен өлшей алмайсың. Бұл компанияның қызметкерлері де осы миссияға жұмыс істеп, мотивация алатын болады», — дейді ол.

Компанияны әлеуметтік миссияға айналдыру бұл осы саланың ғана емес, келесі буынның да болашағын қалыптастырады. Ең маңыздысы, Мадинаның пікірінше, игі іс жасаған адам болып көріну емес, шын мәнінде адамзат игілігі үшін жұмыс істеу.

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Mr. Serik Tolbasy Transfers Assets to REIT TSPG»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Лилия Рах: Из деревни - к звёздам мировой индустрии моды

Смотреть на Youtube

Юрий Негодюк - о кофе, налогах и тромбоне

Смотреть на Youtube

Ермек Турсунов: Мне не нравится жить в этой стране

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить