Табыс таппайтын, бірақ құны жыл сайын өсетін стартап

65167

Қазақстандық Cerebra AI жобасы ми ауруларын диагностикалау бойынша әлемнің үздік бес стартабының қатарына кіреді. Ол – жасанды интеллект көмегімен инсультті анықтауға көмектесетін жоба

Досжан Жүсіпов
Досжан Жүсіпов
Фото: © Андрей Лунин

Стартап биылғы Global Startup Awards халықаралық байқауының жеңімпазы, былтыр Johnson & Johnson компаниясы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы әрі Intel стартап қауымдастығының мүшесі атанды. Тек үздіктер қатарынан көрініп жүрген жоба әлі күнге дейін табыс таппаған болып шықты. Қазақстан үкіметінен неліктен қолдау көрмей келеді? Forbes Kazakhstan Cerebra AI негізін қалаушы, директоры Досжан Жүсіповтен сұрап білді.

Cerebra бүгінгі медицина үшін өте маңызды салада жұмыс істейді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда жылына 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Алғашқы он күнде бес мыңға жуық адам инсульттен қайтыс болады екен. Сіздің стартабыңыз бұл жағдайды өзгертуге ықпал ете ала ма?

— Мәселен, бір науқас инсульт алған болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға түседі. Сосын бірінші миына компьютерлік томография жасайды. Инсульті асқынбай тұрып, ерте қаралғандардың миы әдетте таза болып шығады. Ауру көрінбейді, алайда клиникалық белгілері бар. Енді не істеу керек? Дұрысы, адамды МРТ-ға түсіру қажет. Қазақстанның ауруханаларында МРТ тек таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыс істейді немесе кей жерде мұндай аппарат мүлде болмайды, тек КТ болуы мүмкін. Жаңағы науқасты біраз бақылайды, сосын қайта КТ-ға түсіреді, таза шығады, ал белгілері сол күйі өзгермеген. Бұл ауру жоқ дегенді білдірмейді, өзгерісі байқалмайтын жағдайлар болып тұрады.

Кейбір батыл дәрігерлер мұндай жағдайда «инсульт белгілері бар» деп, өз бетінше емдейді. Тромболитикалық терапияға арналған дәрілер жазып береді. Осылайша ұйыған қанды көзбен көрмесе де, сұйылтуға тырысады. Ал Cerebra қолданбасы бірінші түсірілімнен-ақ инсульттің белгілерін анық көруге мүмкіндік береді. Cerebra-ның тағы бір құнды жері, ол — мобильді, әрі веб-қолданба. Дәрігер қолындағы кез келген гаджеттен науқастың диагностикасын көріп, ота қажет болса, жылдам кірісіп кетер еді. Бұрын бұл процесс өте ұзақ жүретін. Диагностика суреттерін түсіріп, бір-біріне мессенджер арқылы жібереді немесе оны қарау үшін компьютер қажет болады. Ал қазір қолдағы гаджетке біздің қолданбаны көшіріп алса, жеткілікті. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетеді, әрі жылдамдатады.

Cerebra нақты қандай нәтиже көрсетті?

— Нәтиже бар, 2021 жылдан бері Cerebra Қазақстанның Қарағандыдан басқа барлық қаласындағы инсульт орталықтарында тоқсаннан астам ауруханаға тегін орнатылған. Сол арқылы 100 мың науқас тексерілді. Бұл елдегі инсульт бойынша нарықтың 80 пайызы. Дәрігерлер Cerebra-ны күнде пайдаланып жүр.

Қазір командаңызда кімдер жұмыс істейді?

— Командада 36 адам бар. Бәрі Қазақстан азаматы. Қазір ақырындап АҚШ-та тұратын қазақстандық мамандарды жұмысқа алып жатырмыз. Лос-­Анджелесте бір дәрігер, Сан-­Францискода және Кембриджде бағдарламалаушылар жұмыс істеп жатыр. Команда жинаудан жолым болды. Өйткені бізде кілең жұлдызды құрам жұмыс істейді. Жасанды интеллектімен айналысатын мамандардың Nature, Science сияқты танымал ғылыми журналдарда мақалалары жарияланған. АҚШ-та VDA сертификатын алумен айналысып жатқан қызметкеріміз Кембридж университетінде Aerospace Engineering бағдарламасын бітірген, қазір сонда докторантурада оқып жатыр. Әлемнің үздік оқу орындарында PhD жасап жатқан, PhD атанған бірнеше әріптесіміз бар. Біздің командада Қазақстандағы ең білікті нейрорадиолог жұмыс істейді. Невролог әріптесіміз инсультті емдеу бойынша диагностика хаттамасының тең авторы. Бізде істейтін математиктер мен физиктер халықаралық жарыстарда жүлде алған. Жобаның ерекшелігі де осы командада деп санаймын. Бізде HR маман жоқ. Қазақстандағы ең үздік мамандар бізді өздері тауып алып, командаға қосылуға жиі ниет білдіреді. Бір вакансия жарияласақ 15–20 минуттың ішінде поштаға елу түйіндеме түседі. Мұндай танымалдыққа ие болуымызға бірден-бір ықпал еткен Forbes Kazakhstan ұжымына алғысымыз шексіз.

Cerebra — инсультті анықтайтын қолданба. Қазақстандық дәрігерлер оған оңай үйренді ме? Олар жаңа технологияны қалай қабылдады?

— Басында қиын болғаны рас, бірақ уақыт өте келе тез бейімделді. Біз әуелі қолданбаны тек екі ауруханаға орнаттық. Олар Алматы қалалық № 7 аурухана және қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасы. Онда жаңа технологияға ашық, тез бейімделе алатын нейрохирургтер мен неврологтар болды. Негізінен Қазақстанда инсульт бойынша жұмыс істейтін мамандар өте білікті. Олар шетелдерге жиі шығып, біліктілігін арттырады, шет тілдерін жақсы біледі, ғылыми мақала жазып жүреді. Сол үшін оларға жаңа нәрсені үйрену қиынға соқпады. Оларды елдегі медицина саласының элиталары десек дұрыс. Біздің бастапқы жоспарымыз да сол — білікті мамандарды мойындату болған. Қазір дәрігерлер қолданбаға, жасанды интеллектіге қызығып, өздері бізге тартылатын болды. Олар денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні енгізу қажет екенін, оны қолдануды заңдастыруды сұрап министрлікке де, әкімдіктерге де талай рет хат жазды. Бірақ одан еш өзгеріс болмады.

Қолданбаны қазақстандық дәрігерлер қашанға дейін тегін қолдана алады?

— Жобаны мемлекеттің көмегімен емес, ерікті медициналық сақтандыру арқылы қаржыландыру мүмкіндігі бар. Бұл — ірі компаниялар қызметкерлерін сақтандырған кезде алатын әлеуметтік пакет. Сол пакет ішіне Check Up өнімімізді қосқымыз келеді. Қазір осы бағытты байқап көреміз. Бұл ойдағыдай іске асса, үкімет заңнаманы толықтырып, тариф бекіткенге дейін, ресурсымыз жеткенінше мемлекеттік ауруханаларға тегін қызмет көрсете береміз. Жекеменшік емханалармен де жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Алайда әрдайым заңға келіп тірелеміз, ол өзгермей ештеңе шықпайтынына көз жеткіземіз. Бірақ әзірше үкімет оны өзгертуге тырысып та жатқан жоқ. Сондықтан жоба не жабылады немесе әйтеуір тырмысып, бірдеңе істей беруіміз керек. Біз соңғысын таңдадық. Инвестор іздеуді тоқтатпаймыз, табыс табудың басқа көздерін іздейміз, шетелге шығып жатырмыз. Әйтеуір тірі қалудың жолын ойлаймыз. Әйтпесе елде табысқа апаратын тура жол жоқ.

Қазір Cerebra AI қай елдерде жұмыс істейді?

— Өзбекстан нарығына кірдік. Сауд Арабиясында енді бастап жатырмыз. Ал қазір басты назар АҚШ нарығында болып тұр. Ол оңай болмайды. StartX көмегімен біраз жұмыс жеңілдейтіні рас. Хьюстондағы Texas Health Science Center университетімен бірге клиникалық зерттеу жасау туралы келісімшартқа отырдық. Stanford Health Care орталығымен де солай жұмыс істеп жатырмыз. Онда университет емханасының жүйесін үйренеміз, зерттеулер жасаймыз, ғылыми мақалалар жариялап және VDA сертификатын алуға дайын-далып жатырмыз. VDA — бұл АҚШ медицинасында қолданылатын сертификат. Оған қол жеткізе алсақ, біз Қазақстан тарихындағы VDA алған алғашқы компания боламыз.

Бұл елдерге сіздерді үкіметі шақырды ма?

— Өзбекстанға Қазақстанның цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің делегациясымен бардық. Онда біз денсаулық сақтау және цифрландыру министрліктерінің өкілдерімен кездестік. Олар Cerebra-ның Өзбекстанда да жұмыс істегенін қалады. Сол үшін ел үкіметіне қарайтын қор бізге қаржы бөлді.

АҚШ пен Сауд Арабиясының нарығына кіруге инвесторларымыз көмектесті. Екі елге де Big Sky Capital венчурлік қорының негізін қалаушылар Әділ Нұрғожин мен Жан Қарсыбаевтың жақсы таныстары арқылы бардық. Жалпы біздің инвесторлардың, Тимур Турловтың да көп елдегі кәсіпкерлермен қарым-­қатынасы өте жақсы. Сол себепті Cerebra-ның осы жағынан жолы болды.

Фото: © Данияр Асылбек

Қазақстанда ше? Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинмен байланыстарыңыз жақсы екенін білеміз, Қазақстан президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың алдында да бірнеше рет жобаны таныстырдыңыздар. Одан кейін не өзгерді?

— Иә, бізге цифрлық даму министрі де, президент те қолдау білдіріп келеді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігімен байланысымыз жақсы деп айта алмаймын. Жобамызды президенттің алдында үш рет таныстырдым, әр кездесуден соң ол «жасанды интеллектінің медицинаға енуі маңызды» екенін айтып, жауапты органға тапсырма береді. Содан соң аздап сең қозғалғандай болады, министрлікте осы іспен айналысатын жұмыс тобы құрылады. 1–2 кездесу, талқылаудан кейін бәрі тынышталып қалады, жазған хаттарымызға жауап бермейді. Жүйе қалай жұмыс істейтінін біліп алдық: президент бір нәрсе туралы айтады, шенеуніктер соған байланысты бірдеңе істеуді бастаған болады. Ал қоғам мен президент әкімшілігінің назары басқа жаққа ауғанда жаңағы шенеуніктер басқа шаруаларына көшіп, біз туралы ұмытып кетеді. Кейінгі үш жыл сайын осы сценарий қайталанды. Президентпен үшінші рет кездескенде ол «сіздер туралы білемін, жетістіктеріңізді бақылауда ұстаймын» деді.

Денсаулық сақтау министрімен кездестіңіздер ме?

— Министрдің өзімен емес, денсаулық сақтау саласын цифрландыруға жауапты вице-министр Бейбіт Есенбаевпен бірнеше рет жолықтық. Жоба туралы естігенін, жақсы білетінін айтады. Медицинада жасанды интеллектінің маңызды екенін, сол үшін қолдау білдіретіндерін мәлімдейді. Ол үшін заңға өзгеріс керек. Сосын жұмыс басталады, жұмыс тобы құрылады. Бітті. Осыдан кейін қоңырауларға жауап бермейді, хаттар жауапсыз қалады, жай ғана жоқ болып кетеді.

Мәселе неде деп ойлайсыз? Неге елдегі денсаулық сақтау саласының дамуына мүдделі басты орган сіздерге мұндай қарым-­қатынас жасайды?

— Олар үшін әзірше жасанды интеллектіні медицинада қолдану басымдық емес сияқты. Қазір олар үшін ауруханаларды техникамен жабдықтау, дәрі-дәрмек алу, маман даярлау сияқты іргелі қажеттіліктер басымдыққа ие сияқты. Әрине, негізгі қажеттілікті өтеу маңыз-ды, сол үшін біз соңғы орында тұрмыз, сол үшін де бізге көңіл бөлуге шамасы жоқ шығар деп топшылаймын.

Қолданба неге тегін? Министрліктің ақша шығарғысы келмеуі содан емес пе?

— Ауруханалар бізге ақы төлей алмайды. Оларға ақылы қызмет көрсету үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске «программалық жасақтама» терминін, ол арқылы қалай ақша табуға болатынын, қызмет моделі туралы және тарифтерді белгілейтін нормалар енгізу қажет. Сосын диагностика хаттамаларына программалық жасақтаманы қандай ауруларда қолданатынын да қосу қажет. Инсульт диагностикасында компьютерлік томография (КТ), магниттік-­резонанс томографиясы және программалық жасақтама қолданылады. Осылардың негізінде қаржыландыру функциясын қосуға болады. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Ал заңға өзгерісті тек уәкілетті орган — Денсаулық сақтау министрлігі енгізе алады.

Cerebra-ны мемлекет қаржыландыратын болса, қолданбаның құны қанша тұрады?

— Қолданба құны аурухана көлеміне байланысты, бір мекемеге айына 450 мың теңгеден басталады. Егер үлкен аурухана болса, бір айға жазылу ақысы екі миллион теңгеге дейін болады. АҚШ-тағы бәсекелестеріміз бір науқас үшін мың доллар сұрайды. Ал бізде бір ауруханаға айына мың доллар.

Компанияңыз сонда қазір тек инвестордың күшімен күн көріп отыр ма?

— Иә, бірде-бір тиын табыс таппайтын, бірақ бағалау құны жылына 400 пайызға өскен Қазақстандағы жалғыз стартап — біз шығар. Инвесторлардың соңғы раундтағы бағалауынша, Cerebra AI компаниясы 14 миллион долларға бағаланды.

Стартап пайда болғалы бері кімдер инвестиция құйды?

— Алғашқы қаржыны өзім құйдым. Кейін «Сәби» қорынан грант ұттық, сосын сингапурлық Quest Ventures венчурлық қорынан инвестиция тарттық. Содан кейінгі ірі қаржыны Freedom Holding инвестициялық компаниясының негізін қалаушы, мажоритар акционері Тимур Турлов құйды. Сосын Big Sky Capital, MOST Ventures, UMAY Angels Club қорлары және аз-аздан жеке инвесторлар қаржы берді. Стартапқа 6–7 инвестор қазірге дейін жалпы жиыны үш миллион доллар инвестиция салды. Инвестор іздеуді тоқтатпаймыз. АҚШ-тың медициналық сертификатын алу үшін, онда бренд атану үшін бізге әлі де көп ақша қажет, шамамен 15–20 миллион доллар артық болмайды.

Әдетте инвестор тек табыс әкелетін жобаға қаржы салады. Өзіңіз атаған инвесторлар жобаның әлі табыс әкелмегенін, шығыны көп екенін біле тұра, несіне қызығып отыр?

— Бәрібір олар бұл жоба ерте ме, кеш пе пайда әкелетініне сенетін сияқты. Ал Тимур Турлов сияқты кәсіпкерлер Cerebra-ны қолдауды әлеуметтік жауапкершілік ретінде сезінеді деп ойлаймын. Ол 2021 жылы инвестиция құймағанда әлдеқашан банкрот болатын едік. Расы керек, шетелдіктермен сөйлескенде жоба өз елінде табыс таппайтыны үшін біраз қысыламын. Олар мұны естігенде жобаның табысты болатынына күмәнмен қарайды. Мысалы, Сауд Арабиясының өкілдері біздің стартап негізінде өздерінікін жасап шықпақшы болды, технологияға қатты қызықты. Бірақ сұрақ «өз елдеріңде қанша таптыңдар?» дегенге жеткенде, тұйыққа тірелеміз. Осыдан кейін оларда түрлі сұрақ туындап, күмәні көбейе түседі. Біз Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жасанды интеллектіні ақылы қолдану әлі қалыптаспағанын айтып, түсіндіруге тырысамыз. Кейбірі бұл сөзімізге сенбейді.

Cerebra командасы инсультті анықтайтын қолданбадан бөлек тағы немен айналысып жатыр?

— Бас сүйек-ми жарақаты, мидың қатерлі ісігі, стеноз, омыртқа және бүйрек аурулары бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Әсіресе миға қатысты жоба нақтыланып, жасанды интеллект жасалды. Бірақ ол туралы әлі еш жерде жарияламадық. Алматыда медицина технологиясына арналған жасанды интеллект зертханасын ашу ойда бар. Онда гипотезаларды сынақтан өткізіп, пилоттық өнім жасап, сол жерден нарыққа шығаратындай еткіміз келеді. Сосын ол өнім Қазақстан нарығынан Орталық Азия елдеріне, Сауд Арабиясына, АҚШ-қа экспортталады.

— Істеріңізге сәттілік!

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Китайские машины, утильсбор, льготные автокредиты

Смотреть на Youtube

Смертность от инсульта снижает казахстанский стартап

Смотреть на Youtube

Бизнесмен из списка Forbes – о резком росте цен, проблемах бизнеса и недостатках правительства

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить