500 ауыл жойылса, 14 мың адам қайда барады?

25166

2012–2022 жылдар аралығында Қазақстанның солтүстік өңірінде 269 ауыл жойылған. Экономикалық зерттеулер институты жария еткен ел ішіндегі ауылдар туралы мәлімет мазмұны осыған саяды

Фото: Depositphotos/Mieszko9

«Таяу келешекте елімізде 500-дей ауыл жойылуы мүмкін». Мұндай болжамды қыркүйектің 14-де ашық негізде жария етілген шолуында Экономикалық зерттеулер институтының (Economic Research Institute – ERI) сарапшы мамандары мәлім етті.

Экономикалық зерттеу институтының Өмір сапасы орталығы директорының орынбасары Айтжан Мейрембаевтың дерегінше, соңғы 10 жылда елімізде ауыл халқының саны азаюмен қатар, ауылдық жерлердің қысқару тенденциясы да көрініс беруде.

«Мәселен, 2012–2022 жылдар аралығында еліміздегі ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайды, ал ауылдардың саны 6,9-дан 6,3 бірлікке дейін қысқарды», - деп көрсетеді ERI сарапшысы өз шолуында.

Сарапшы мамандардың түсіндіруінше, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңына сәйкес, «елді мекен» деп бізде сол өңірде тұрақты негізде тұрып жатқан халық саны кем дегенде 50 адам болатын аумақ танылады. Егер елді мекенде үнемі тұрып жатқан халық саны 50 адамнан аз болса, онда бұл мекен «ауыл» деген мәртебесін жоғалтып, ресми есептен алынып тасталады.

Жергілікті атқару органдарына сілтеме жасаған ERI сарапшысының мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай Қазақстанда халық саны 50 адамға жетпейтін 549 ауыл бар және оларда 14 мыңнан астам адам тұрып жатыр.

Ауылда неге адам жоқ?

ERI шолуына мұқият қарасақ, ауыл мәртебесіне жетер-жетпес халқы бар елді мекендер еліміздің солтүстік өңірінде басым екенін көре аламыз: мұндай ауылдардың саны Солтүстік Қазақстан облысында 128 бірлікті құрайды (2023 ж. 1 қаңтарына шаққанда).

Ауыл халқы азая түскен елді мекендердің қатары, сондай-ақ, Ақмола (56) және Батыс Қазақстан (79) облыстарында да айқын байқалады. Ал мұндай ауылдардың саны ең аз өңірлер деп Атырау (9), Жамбыл (4) және Маңғыстау облыстарын (3) айтуға болады.

Дерек көзі: Экономикалық зерттеулер институты

Әрине, Экономикалық зерттеулер институтының «500 шақты ауыл қысқаруы мүмкін» деген бұл мәліметі жорамал түрінде айтылды дейік, яғни бұл шара дәл бүгін жүзеге асады деген нақты мәлімет жоқ. Дегенмен, «ел тірегі ауыл» деп өскен қазақ үшін 500 тұрсын, бір ауылдың жойылуы кәдімгідей ой салатын түйінді мәселе болса керек. Әсіресе, ауылдардың саны, ауыл халқының саны еліміздің солтүстік іргесінде азайып, сөгіле түскеніне дұрыстап мән берсек.

ERI алға тартқан деректерге үңіліп қарасақ, соңғы 10 жылда жойылып кеткен ауылдардың ең көп саны да еліміздің солтүстік өңіріне сай келеді: 269 ауыл. Аталған кезең аралығында еліміздің оңтүстік өңірінде 119 ауыл, батыста – 118, ал орталық және шығыс аймақтарда – 103 шақты ауыл жойылып кеткен.

GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық, бұл арада, ең алдымен, жойылуы ықтимал ауылда неге халық жоқ, осыған дұрыстап мән беру керек деген пікір айтады. Ол, сондай-ақ, халық қалмаған өңірде инфрақұрылымды қайта түлету тіпті де оңай емес деп отыр.

Мақсат Халық, экономист
Мақсат Халық, экономист

«Кез келген елдің экономикалық дамуында ауылдың алатын рөлі өте зор. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін де осы ауыл. Сол үшін де ауылды жетілдіріп, дамыту өте маңызды. Бірақ кей жерлердің басым халқы көшіп кетіп, аз ғана шаңырақ қалған ауылдар бар. Онда қалған бірен-саран адамның басқа жаққа көшетін мүмкіндігі болмауы мүмкін. Көбіне мұндай ауылдарда мектебі де, ауруханасы да, жолы да қирап жатады. Мұндай елді мекендерде инфрақұрылымды қайта түлету оңай емес – бюджеттен қыруар қаражат жұмсауға тура келеді. Яғни, жарамсыз қалған ауылдарды жою – стратегиялық тұрғыда дұрыс шешім», - дейді ол.

Әйтсе де экономист маман, ауылды «жарамсыз» деп танымас бұрын, ондағы халықтың сол өңірден не себепті үдере көшкенін анықтап, зерттеген жөн дегенді алға тартады.

«500 ауыл жойыла ма, 5 ауыл жойыла ма, туындайтын мәселе – бұл қандай ауылдар, онда неге халық қалмаған? Осыған мән беріп, тексерген дұрыс. Елдің, халықтың болашағын ойласақ, біз ауылды жою емес, ауылды жетілдіріп, дамытуға мән беруіміз керек. Ауыл халқының қала жағалап кетпеуіне жағдай жасауымыз керек», - дейді Мақсат Халық.

Айтпақшы, Finprom.kz биыл наурыз айында жария еткен мәліметке ден қойсақ, Қазақстандағы урбанизация деңгейі 2018 жылы 57,6% болса, 2022 жылы 61,5%-ды құраған. Сарапшы қауымның айтуынша, бұл деңгейге ел билігі 2025 жылы жетуді мақсат етсе керек, алайда, іс жүзінде бұл көрсеткішке ел халқы жоспарлы межеден үш жыл бұрын жетіп алған. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес Қазақстандағы ауыл халқының үлес салмағы соңғы бес жылда айтарлықтай азайып, 38,5%-ды құраған.

«Соңғы бес жылда еліміздегі ауыл халқының саны 193 мың адамға азайып, 7,5 млн адамға жетті (минус 2,5%). Ішінара мұның себебін ауыл халқының үдере көшуімен түсіндіруге болады. Мәселен, 2022 жылы ауыл халқының миграциялық сальдосы минус 67 мың адамды құрады», - деп көрсетеді наурыздағы шолуында Finprom.kz.

Айта кетейік, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстан халқы 19 921 425 млн адамды құраса, оның ішінде 12 342 266 млн адам қалаларда, 7 579 159 млн адам ауылдық жерлерде тұрып жатыр.

Ауыл неге солыды?

Ауыл халқы арасындағы миграцияға септік етуші басты факторды өз шолуында ERI сарапшысы «халықтың қарапайым тұрмыс жағдайымен» байланыстырады. Яғни, мейлінше қолайлы тұрмыс жағдайын іздеген ауыл жұрты қалаға көшкенді жөн санайды. ERI дерегінше, тек 2022 жылдың өзінде ғана ауылдық жерде тұрып жатқан 326 мыңға жуық адам ауылын тастап, өзге өңірлеге, көбінесе қалаларға қоныс аударған.

Өз кезегінде демограф маман, зерттеуші Мақсат Имандосов та ауыл жұртының қалаға көшуіне негізгі себеп – ауылдағы өмір сапасының төмендігі деп отыр.

Мақсат Имандосов, демограф
Мақсат Имандосов, демограф

«Бізде қаламен салыстырғанда ауылдағы өмір сапасы да, деңгейі де, жалақы мөлшері де айтарлықтай төмен. Ауылдарда тұрғын үй-тұрмыстық инфрақұрылым әлсіз әрі дамымаған. Онда газбен жылыту, ауыз сумен жабдықтау, кәріз мәселесі сынды негізгі қажеттіліктер толыққанды игерілмеген. Жасыратыны жоқ, ауылдық жерлерде білім беру, медициналық қызмет көрсету, мәдени-демалыс аспектісіндегі деңгей де төмендеу. Тіпті, көптеген мектептерде әлі күнге дейін даладағы дәретханалар қолданылады. Ауылдарда спорт және дене шынықтыру-сауықтыру объектілері дұрыс жолға қойылмаған. Балалар баратын үйірме таппайсыз. Ауылды жылдам интернетпен қамту да жеткіліксіз. Жолдардың сапасы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық», - дейді ол.

ERI шолуындағы деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда еліміз бойынша 1,4 мың ауылдың халқы сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Мұны биыл маусымда жария еткен шолуында Energoprom.kz сарапшылары да айтып өтті: «Қазақстандағы әрбір төртінші ауыл «халықты 100% сумен қамтамасыз ету» талабына сай емес. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы 6,3 мың ауылдың тек 4,9 мыңында ғана сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген».

Сол сияқты, ERI мәліметінше, қазіргі таңда еліміздегі 6,3 мың ауылдың ішінде тек 1,7 мың ауыл ғана орталықтандырылған газ желісіне қосылған (27,1%-ы). Ауылдық жерлердегі мектептердің 2,7 мыңға жуығы шағын мектеп болып табылады. Көптеген ауылдарда медициналық объектілер мүлдем жоқ, ал 2,3 мыңдай ауылдық елді мекендегі объектілер осыдан 40 жыл бұрын салынған.

Бұл тұрғыда экономист Мақсат Халық, ендігі кезекте «бар ауылды көркейтіп, ауылдың жаңа мәдени үлгісін жасауға мән беруіміз керек» деген ұсыныс жасайды.

«Ауыз сумен қамтылған, инфрақұрылымы түзу ауылдарды топтастырып, одан әрі көркейтуде бізге батыстық тәжірибе үлгі бола алады. Ендігі кезекте біз ауылдың өзіндік мәдени үлгісін қалыптастыруға мән беруіміз керек. Топырағы құнарлы, ауыз суы таза ауылдарды сақтап қалғанымыз дұрыс. Ауылға жақын маңда кен орындары болса, солардың әлеуетін, мүмкіндігін пайдалану қажет. Ал суы жоқ, болашағы жоқ ауылдарға көңіл бөлу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Біз енді бар ауылды көркейтіп, дамытуға мән бергеніміз жөн. Сол сияқты, шекаралас аймақтағы ауылдардың жағдайына, ондағы халықтың санына, тұрмыс деңгейіне де барынша мән беру керек», - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, ауылды жоюдың аумақ тұтастығына қаупі де жоқ емес, мұны да ұмытпау керек: «Солтүстік өңірде ауылдардың көптеп жойылуына не себеп? Мұндағы халықтың аздығы, әрине. Жалпы, бұл өңірдегі көші-қон саясатына дұрыстап мән берген жөн. Әсіресе, шекаралық аймақтағы ауылдарға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі тиіс. Дамыған елдерде жүзеге асатын механизм: осы аймақта тұратын халықтың әлеуметтік жағдайын жасап, жалақысын көбейту, ауыл шаруашылығымен айналысуына жәрдемдесу, халықтың өмір сапасын арттыру, т.б.».

Зерттеуші Мақсат Имандосовтың айтуынша, еліміздің солтүстігіндегі ауылдардың қаңырап бос қалуының бір себебі – соңғы 32 жылда бұл өңірдегі әртүрлі этнос өкілдерінің бір бөлігі Ресей, Германия, Польша сынды тарихи отандарына қоныс аударды, алайда көшкен жұрттың орнына еліміздің өзге өңірлерінің халқын қоныстандырып, олардың әлеуметтік жағдайын жасау мәселесі дұрыс жүзеге асқан жоқ. Мысалға, ел халқын оңтүстіктен солтүстік бағытында көшіру бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады, дейді ол.

«Бұл бағдарлама аясында «Серпін» және «Дипломмен ауылға» деген жобалар қолға алынды, дегенмен, жалпылай алғанда, солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады. Бұған, климаттың қолайсыздығы, мемлекеттік тіл төңірегінде туындаған мәселелер септік еткен рас. Бірақ басты мәселе – солтүстікке қоныс аударған жұртқа бастапқыда уәде етілгендей экономикалық тұрғыда тиісті жағдай жасалына қоймады», - деп есептейді демограф маман.

«Ауылды жою деген қатты естіледі. Еліміздегі мықты азаматтардың дені ауылдан шыққан. Әркім өз ауылын жақсы көреді. Көркейіп тұрған ауылға ешкіп тиіспейді, әрине, бірақ, егер қурап тұрған ауыл болса, оны көркейтіп, қайта түлетеміз деу логикаға келмейді. Мұндай жағдайда ондағы қалған жұртты жақын маңда халық қоныстанған басқа да елді мекендерге көшіріп, олардың жағдайын жасауды ескеру қажет. Сөйтіп, сол өңірдегі өзге ауылдардағы халық санын ұлғайтуға ықпал етеміз. Жалпы, қазір ел ішіндегі ауылдардың, ондағы халықтың санын есепке алып, сол өңірге тән ерекшеліктер мен мүмкіндіктерді зерттеп, талдау өте маңызды. Сонда біз әр өңірдің ерекшелігі мен ондағы халықтың мүмкіндік әлеуетіне қарай сол ауылда нақты бір кәсіп түрін дамытып, еңбек нарығын қалыпқа келтіреміз. Ауылды дамытудағы басты талап – жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыру, табыс табуына жағдай жасау», - дейді өз кезегінде экономист сарапшы Мақсат Халық.

Айтқандай, ERI мамандарының пайымынша, ауылдық жерден үдере көшкен халықты тоқтатуға Қазақстан Республикасындағы ауыл аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы септік ете алады. Қазіргі таңда инфрақұрылымды модернизациялау есебінен ауыл жұртының өмір деңгейін жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынуда. Онда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамту, инженерлік инфрақұрылым, көлік инфрақұрылымы объектілерін салу және реконструкциялау сынды жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру көзделген.

«Ауылдарды дамыту тұжырымдамасы аясында ауыл халқына өз бизнесін бастауға жол ашатын «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Онда ауыл жұрты үшін 2,5%-дық жеңілдетілген кредит пен кооперативтерге арналған ауыл шаруашылығы техникасының лизингі қарастырылған», - деп көрсетілген Экономикалық зерттеу институтының шолуында.

Фотосуретт сарапшылардың жеке архивінен алынды
Инфографика: economy.kz

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Как открыть автосервис: ключевые шаги»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Что не так с национальной политикой Казахстана?

Смотреть на Youtube

Антон Долин: отъезд из России, коллеги по «Вечернему Урганту», русское кино во время войны

Смотреть на Youtube

Жаксылык Сабитов: Почему Кунаев стал ролевой моделью для Токаева

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Forbes Q&A: АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube