Мәжіліс сайлауы: билік партиясына бәсеке болар коалиция құрылуы мүмкін бе?

42158

Наурыздың 19-да өткен парламент мәжілісі сайлауының тарихи функциясы қандай? Төменгі палата қаншалықты жаңарып, өзгерді? Алдағы уақытта заң шығарушы органда халық мүддесін кімдер қорғайтын болды?

ФОТО: © Depositphotos/romsvetnik

Наурыздың 29-да өткен ҚР парламентінің VIII шақырылымының бірінші сессиясынан кейін ой бөліскен отандық саясаттанушылар мен экономистердің бұл тұрғыдағы пікір, көзқарасы әртүрлі.

Айта кетейік, ҚР парламенті төменгі палатасының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өткізіліп, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) дерегінше, сайлауға 6 366 441 Қазақстан азаматы қатысып, дауыс берді.

Сайлау қорытындысы бойынша, парламент құрамына өткен 98 депутаттың 29-ы – өзін-өзі ұсынғандар, 69-ы – партиялар тізімдері негізінде сайланғандар.

Мәжіліске өткен саяси партиялар: Amanat, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, Respublica партиясы, Қазақстанның халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.

ОСК дерегінше, «Байтақ» жасылдар партиясы 5%-дық деңгейді еңсере алған жоқ. Сол сияқты, биыл мәжіліс сайлауына түскен саяси партиялардың «бәріне қарсымын» деп дауыс берген электорат үлесі 3,9%-ды құраған.

VIII сайланған парламенттің наурыздың 29-да өткен бірінші сессиясында мәжіліс төрағасы болып Ерлан Қошанов, мәжіліс төрағасының орынбасарлары болып Альберт Рау және Дания Еспаева сайланды.

Бүгінгі таңда парламент мәжілісі құрамында 7 комитет жұмыс істейді, олар: Аграрлық мәселелер комитеті, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті, Қаржы және бюджет комитеті, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті.

Парламенттің ресми интернет-ресурсы келтірген ақпаратқа жүгінсек, жаңадан сайланған мәжілістің қарауында қазір 51 заң жобасы бар.

Айта кету керек, ел парламентінің VIII шақырылымының бірінші сессиясын ашқан ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, биыл елімізде алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдердің тікелей сайлауы өтетінін мәлім етті. Сонымен қатар, мемлекет басшысы, соңғы реформалар аясында парламент депутаттарының өкілеттігі біршама кеңейтіліп, мәжіліс заң қабылдау құзыретіне ие болғанына баса айтты.

«Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел», - деді ел президенті өз сөзінде.

Жаңа Қазақстанға жаңа жол керек...

Өз кезегінде, саясаттанушы Нығмет Ибадильдин, биыл наурызда өткен мәжіліс сайлауын ұйымдастыруға мейлінше ықпал еткен екі оқиғаны атап көрсетеді, олар: «Қасіретті қаңтар» және Украинадағы соғыс» дейді ол.

Нығмет Ибадильдин
Нығмет Ибадильдин

«Соңғы отыз жылда бізде қандай да бір саяси өкілдік болған жоқ, еліміз монархияға ұшырауға шақ қалған-ды. Ал «Қаңтар» оқиғасы біраз нәрсені ашып көрсетті, оның ішінде элита тарапынан елдегі жағдайды жасырып, бұғаттау талпынысы анық байқалды. Одан кейінгі оқиғалар легі, оның ішінде «қаңтаршыларға» қатысты репрессиялар, бір жағынан және күш құрылымдары өкілдерін жауапқа тарту ұстанымы, екінші жағынан – биліктің қимыл-әрекетінің дәйексіз де тиянақсыз екендігін көрсетті... Кешегі өткен мәжіліс сайлауы – елімізде «Қаңтар» оқиғасы енді қайтып қайталанбасын деген ұстанымнан туындаған биліктің өзіндік жаңа қадамы, яғни қоғам мен билік арасындағы қарама-қайшылықты төмендету амалы болса керек. Меніңше, бұл сайлаудың тарихи функциясы дәл осында», - дейді Нығмет Ибадильдин.

Сарапшы, сондай-ақ мәжіліс сайлауына көңілі толмағанын жасырмайды. Оның айтуынша, мәжіліс шынымен де жаңарып, өзгеріп, бұл жолы парламент құрамына тәуелсіз кандидаттар өтеді деген үміт, өкінішке қарай, ақталған жоқ. «Жаңа Қазақстанның жаңа жолды таңдау мүмкіндігі жеткілікті еді» дейді ол, алайда, іс жүзінде «мүлдем олай болған жоқ».

«Кез келген авторитарлық жүйені өзгертудің өзіндік тетігі бар, мұндай мүмкіндік, тіпті, кеңес кезінде де болған. 1985 жылы жария етілген «қайта құруға» сол тұста қалың көпшілік аса сене қойған жоқ. Бірақ партократтық басқару жүйесі алты жылдың ішінде астан-кестен болды. Бізде де «қара аққу» сынды күтпеген жағдай көрініс беруі мүмкін деп болжауға болады, бірақ, өз басым, «қара аққудың» біздің жаққа «ұшып келетініне» күмән келтіремін», - дейді ол.

Сонымен қатар, саясаттанушы, биылғы сайлауға елеулі мән-мағына берген тағы бір маңызды ұстаным – «қазақстандықтар Украинадағы соғыстан сабақ алуы тиіс» дегенді алға тартады.

«Әрине, дәл қазір Қазақстанға қандай да бір қауіп туды деген сөз емес, дегенмен, қиын-қыстау, қилы замандарда елімізді қорғаған өзге емес, өз халқымыз. Бірақ ел халқы өзіне тәкаппарлық танытып, немқұраймен қарайтын билікті, ел алдында есеп беруге құлықты емес үкіметті қалай қорғайды, не деп қорғайды? Меніңше, кешегі сайлауға өзіндік ерекше мән, реңк берген маңызды контекстің бірі осы. Қарап отырсақ, Украинада да жемқорлық деңгейі айтарлықтай жоғары, бірақ ол елдің халқы өз мемлекетімен тығыз байланыста. Қай кезеңде болмасын, ел билігі өкілдігінің кепілі ретінде сайлау өте маңызды қадам, сонымен қатар, сайлау – әр адам мемлекеттік машинаның құрамдас бөлігі екендігін сезініп, мемлекет сол адамның мүддесін қорғай алатынын түйсіну үшін де өте маңызды», - дейді Нығмет Ибадильдин.

Мәжіліске экономист мамандар керек...

19 наурыздағы сайлау нәтижесінде мәжіліс құрамына өткен алты саяси партияның сайлауалды бағдарламасында ел дамуының экономикалық мәселелері де қараусыз қалған жоқ. Әйтсе де отандық сарапшылардың басым бөлігі: экономикаға келгенде «саяси партиялар да, тәуелсіз кандидаттар да популистік ұстанымдардан әрі асқан жоқ» деген пікір айтады.

Әлішер Қожасбаев
Әлішер Қожасбаев

Экономист Әлішер Қожасбаев, мәжілістің жаңа сайлауынан кейін жасақталатын «жаңа» үкіметтің экономикалық блогында «айтарлықтай ауыс-түйіс, өзгеріс бола қоймайды» деп есептейді. Сарапшы, елге қажет реформалардың үкімет жоспарына енгізілу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды.

«28 наурызда партиялық тізімдер бойынша ақтық мәлімет жария етіліп, бұл жолы Қазақстан парламентіне кімдер өткенін өз көзімізбен көріп, таныса алдық. Мәжілістің жаңа құрамын талдай келе, түсінгенім: өз басым бүгінгі парламенттен бірде-бір прогрессивті экономист көре алмадым. Ашығын айтқанда, ел ішінде ең болмаса бір нәрсені өзгертеміз десек, мәжілісте бір ғана саналы экономистің болуы аздық етеді. Ол – ол ма, мен тіпті биылғы мәжіліс сайлауына қатысуға ниет танытқан бірде-бір прогрессивті экономисті байқай алмадым», - дейді Әлішер Қожасбаев.

Сарапшы, сондай-ақ парламенттің төменгі палатасына биыл аз да болса өнеркәсіп және кәсіпкерлік өкілдері енгеніне мән береді. Бірақ, бәрібір, «экономистер жоқтың қасы» дейді ол.

«Жоғары жаққа әділ талап қою үшін біз биліктің сәулет құрылымына, яғни архитектурасына талдау жасап, биліктің әр тармағының функцияларын дұрыс түсіне білуіміз керек.Үкімет – атқарушы орган, яғни үкімет алаңында «экономикалық тұрғыда не істеу керек?» деген сұраққа жауап беретін кең ауқымды сарапшылар тобын жинап, сомдау оңай шаруа емес. Дұрысы – үкімет жүзеге асыратын стратегияны құрумен айналысатын сарапшылар тобын парламент алаңында құрып, жасақтау. Әрине, бұл топтың құрамында үкімет мүшелері де болуы тиіс. Қазіргі билік құрылымына сай, бізде стратегиялық мәселелер бойынша толыққанды билікке ие институционалды екі нысан ғана бар – олар президент және парламент. Ал үкіметте бізде технократтар жүр, олардың қолында атқарушы функция ғана бар. Ең болмаса, парламентте новаторлар не мықты экономистер болса деп күткен едік», - дейді экономика саласының маманы.

Сарапшы, сондай-ақ жаңадан сайланған мәжілістегі партиялар арасында «қандай да бір мықты, жаңа коалиция құрыла қоятыны неғайбыл» дегенді айтады.

«Оппозициялық партиялар өзара бірігіп, билік партиясына қарсы тұратын қауқары бар күшке айналса, құп, әрине, бірақ, іс жүзінде бұлай болуы өте күмәнді», - дейді Әлішер Қожасбаев.

Айта кету керек, парламенттің жаңадан сайланған төменгі палатасында тікелей билік партиясына жатпайтын саяси партиялар үлесі қазір 48%-ды құрайды.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Ермек Турсунов: Мне не нравится жить в этой стране

Смотреть на Youtube

Сможет ли война в Украине спровоцировать казахстанцев на новые массовые протесты

Смотреть на Youtube

Санжар Бокаев: политика и бизнес

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить