Өлкетанушы: Әрбір турист сегіз адамды асырай алады

30193

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың I тоқсанында ел ішінде 1,3 млн адам саяхаттаған

Фото: © Depositphotos/Chinaimages

2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 19,1% жоғары көрсеткіш. Әйтсе де туризм саласы Қазақстан экономикасындағы басымды бағыттар легіне әзірше жақындай алған жоқ.

Былтырғы жылдың соңында Freedom Finance Global ұйымы отандық туризм саласына қатысты кешенді зерттеу жүргізіп, «Қазақстандағы ішкі туризмнің даму деңгейі орташадан төмен» деген тұжырым жасады. Бұл зерттеуде сарапшы қауым Қазақстандағы ішкі туризмге тән негізгі үш мәселені бөліп көрсетті. Олар: ел ішіндегі жолдар сапасының төмендігі, сервис және қызмет көрсетудегі олқылықтар және туристік бағыттар бойындағы қолайсыздықтар (демалушыға қажетті тұрмыстық қажеттілік орындарының болмауы). Мұндай пікірлерді сарапшылардың сауалнамасына қатысқан ел азаматтары алға тартқан. Сондай-ақ, респонденттердің бірқатары елімізде туристік мәдениеттің төмен екендігін атап өткен. Өз зерттеуінде отандық сарапшылар, ішкі туризм сегментінде бәсекелестің болмауы да бұл нарықтың дамуын кешеуілдетіп жатыр деген тұжырым жасаған.

Баға неге қымбат?

Өз кезегінде, туризм саласын зертеп жүрген өлкетанушы Амандық Әмірхамзин Қазақстанның ішкі туризм нарығында даму көрінісі жоқ емес деген пікір айтады.

«Меніңше қазақ туризмі қазір қарқынды дамып келеді, әсіресе, пандемияға дейін және кейін деп бағаласақ. Ішкі туристердің нақты санын анықтау мүмкін емес. Халықаралық тәжірибе бойынша үйінде емес, қонақ үйде қонған адам турист деп есептеледі. Ал басқа қалаға тойға баратын адамды кім дейміз? Сондықтан, ел бойынша ішкі туристердің санын дөп басып айту қиын», - дейді өлкетанушы.

Амандық Әмірхамзин, өлкетанушы
Амандық Әмірхамзин, өлкетанушы
Фото: жеке архивтен

Әйтсе де ол ішкі туризм нарығындағы бағалардың сыртқы туризм құнымен иық тіресіп тұрғанын мойындайды. Айта кету керек, сарапшы қауым мұның себебін ішкі туризм сегментінде бәсекелестіктің болмауымен түсіндіреді.

«Ішкі туризм тұрғысынан қарағанда бізде баға қымбат, ол рас. Өйткені бұл нарықта 3–4 ай ғана жұмыс істеп, қалған айда шығынын соның есебінен өтеу практикасы кең тараған. Ішкі бәсекелестік жоқ емес, бар, бірақ нарық ішінде жұмыс істеушілер саны аз. Ішкі нарықта елеулі табыс тауып жатқан компанияларды білмеймін, ішкі туризмге қарағанда сыртқы туризм анағұрлым табысты. Сондықтан да бұл арада мемлекеттің қолдау шаралары қажет және туристік сала өз туристеріміздің санын арттырып, оларды ынталандыруға көңіл бөлуі керек. Өскеменнен Атырауға тікелей жете аласыз ба? Тараз тұрғыны Қостанайда қандай қызықты объектілер барын біле ме? Жоқ, әрине, яғни аймақтық бөліністі қолға алу керек», – дейді Амандық Әмірхамзин.

Сарапшы қауымның сауалнамасына қатысқан ел тұрғындарының пікірінше, бүгінде Қазақстан аумағындағы ең танымал туристік орын Бурабай аймағы. Ішкі туризмнің танымал бағыттары қатарына, респонденттер, сондай-ақ Алакөл (Абай облысындағы жағалауы) мен Қапшағай су қоймасын, Түркістан қаласы мен Қарағанды облысындағы Балқаш көлін де қосқан.

Сонымен қатар, қазақстандық туристер Алматы қаласы мен Алматы облысы төңірегіне, Астана қаласы мен Ақмола облысы аумағына, Шымкент қаласы мен Түркістан өңіріне саяхаттап баратындарын айтқан. Яғни, ішкі туристердің басым бөлігін дәл осы облыстар мен қалалар қабылдаса керек.

Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нуриев, елімізде ішкі туризмнің дамымауының басты себебі – халық санының аздығы деп есептейді. Оның пікірінше, жер аумағы бойынша дүние жүзінде 9-шы орында тұрған мемлекет үшін 20 млн адам өте аз.

«Қазақстанда туристік маусым өте қысқа, жазда Алакөлде шомылу маусымы 15 маусымнан 20 тамызға дейін: бар болғаны екі ай ғана. Демалыс орталықтарының иелері максималды пайда алуға тырысады, бұл сәйкесінше бағаның қымбаттауына әкеп соғады. Қысқы туристік маусымда да жағдай осындай. Ал бәсекелестіктің жоқтығы екінші себеп», - дейді сарапшы.

Туризм – табыс көзі...

All_tour.kz  тур орталығының жетекшісі Олжас Асқарұлы болса ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіретін фактордың негізгісі деп инфрақұрылым мәселесін алға тартады.

«Туристер Ақтау қаласынан 300 шақырым жердегі Бозжыра шатқалына барғысы келеді. Бірақ сол маңайда түнеп шығатын дұрыс орын жоқ, мұндай жағдайда Ақтауға қайта оралу үшін жайлы көлік құралдарын ұсыну қажет. Ал шет елден келген турист табиғат баурайында демалғысы келеді. Мәселен, біз Қырғызстанның бір ғана аумағына саяхат ұйымдастырамыз. Алматыға қарағанда, оларда демалатын жерлер өте көп әрі бағасы да тиімді», - дейді ол.

Жандос Нуриев, туристік ақпараттық орталық басшысы
Жандос Нуриев, туристік ақпараттық орталық басшысы
Фото: жеке архивтен

Туристік сала өкілдерінің айтуынша, туристік әлеуеті бар орындардың инфрақұрылымын салып, дамытуда, ең алдымен мемлекеттің қиыл-әрекеті маңызды. Инфрақұрылым дамыса, бәсекелестікке де жол ашылады деп есептейді олар.

Қазақстанның әр облысында туризмге қолайлы жерлер жетіп асады. Әкімдіктер мен туризм басқармалары жергілікті туристік компаниялармен бірлесіп, сондағы белгілі орындардың танымалдылығын арттыруға мән берсе, ешкім қой демес. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің туристік әлеуеті мол дейтін орындарға туристердің барып, демалуы үшін сервис сапасын көтеру керек. Бұл ретте, мемлекет пен бизнестің әріптестігі өте өзекті.

Өлкетанушы Амандық Әмірхамзиннің пікірінше, туристік саланы дамыту көріністері дәл қазір еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде байқалуда. «Әрбір турист сегіз адамды асырайды» дейді ол, көлік, қонақ үй, дәмхана, гид қызметтерін меңзеп. Сарапшының айтуынша, мемлекеттің де, халықтың да туризмге табыс көзі ретінде қарауы маңызды.

Айтпақшы, Freedom Finance Global зерттеуі көрсеткендей, ел ішінде саяхаттауға ден қойған отандық туристер бағыт таңдауда әлеуметтік желілер мен жақындарының, достарының пікіріне жүгінгенеді екен. Бұл тұрғыда сауалнамаға қатысқан респонденттердің 35,5%-ы интернеттегі пікірлерді ескерсе, 22,1%-ы туроператорлардың сайтын қарайтынын айтқан. Сондай-ақ, соңғы уақытта елімізде туристік салаға трэвел блогерлерді тарту тенденциясы да бар. Алайда, сарапшы Жандос Нуриев, блогерлердің көпшілігінде «патриоттық сезім жоқ» деген пікірде: «Танымал блогерлерді ақпараттық және пресс-турларға шақыру өте қиын. Қаламақысы тым жоғары, олар шетелдік жарнамалық туристік науқандарға қатысуды жөн көреді».

Ал өлкетанушы Амандық Әмірхамзин, керісінше, Қазақстанды танытуда блогерлердің еңбегін жоғары бағалайды.

«Таралымы 5 мың газеттің оқырманы тиімді ме, миллион жазылушысы бар блогердің ақпарат бергені жөн бе? Тек, олармен де дұрыс жұмыс жүргізу керек. 3,5 млн тұрғыны бар Моңғолия жарнаманы дұрыс жасай отырып, туризмнен 1 млрд кіріс тапқан. Туристер, негізінен, үш елден ғана келген. Оларды сонда сайын дала, көшпенділік және сондағы қазақтардың аңға құс салуы қызықтырған», - дейді туризм саласының зерттеушісі.

Ол, сондай-ақ туризмді дамытуда Түркия басшылығы тиімді шешім қабылдағанын алға тартады: «Түркия туризм нысандарына неміс кәсіпкерлерін шақырып, «алыңдар, дамытыңдар, бірақ он жылдан кейін қайтарып бересіңдер» деп талап қойды. Немістер түрік халқына біраз нәрсені үйретті, өздері де пайда тапты, бастысы – масылдық жойылды. Туризм – табыс көзі. 2028 жылы Түркия сырттан 90 млн турист қабылдауға даяр және 100 млрд доллар «пайда табамыз» деп отыр, солай болатынына өз басым сенемін».

Ди Каприоны қызықтыру жолдары

Еліміздің туристік әлеуетін арттыру жолдары туралы әңгіме қозғағанда біз сөйлескен спикерлер, бұл арада мемлекеттің рөлі зор деген пікірге көбірек тоқталды. Сарапшы қауымның зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанның туристік нарығына мемлекеттің ықпалы жоқ емес, елімізде туристік саланы дамытуға негізделген арнайы тұжырымдама да бар. Дегенмен, сала ішіндегі ойыншылардың бір бөлігі бұл тұжырымдаманың жүзеге асатынына күмәнмен қарайды.

«Кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бар, бірақ туристік қызмет көрсету нысандарының құрылысына, өтемақы ережесінің өзіне қатысты көптеген сұрақтар туындайды, көлік сатып алуда да жағдай ұқсас. Шарттар анық емес және өтеудің өзі қамтамасыз етілетіні факті емес», - дейді туристік ақпараттық орталық басшысы Жандос Нуриев.

Олжас Асқарұлы
Олжас Асқарұлы
Фото: жеке архивтен

Туристік компания жетекшісі Олжас Асқарұлы да қолданыстағы кредиттеу бағдарламаларын жетілдіру қажет деген пікірде: «Жалғыз кәсіпкер туризмді дамыта алмайды. Жол құрылысын, электр қуатын, сумен жабдықтауды субсидиялау қажет. Туристік кәсіпкерлік субъектілеріне тұратын орын, тамақ, көлік сатып алу үшін кредит берудің тиімді бағдарламаларын іске қосуды ойластырған жөн».

Өлкетанушы Амандық Әмірхамзин Голливуд жұлдызы Леонардо Ди Каприо Моңғолияда 10 күн табиғат аясында демалғаны үшін 95 000 доллар төлегенін айтады.

«Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстанға қарағанда Моңғолия алыстау, бірақ тіпті инфрақұрылымның жоқтығына қарамастан, олар жұлдыз мәртебесі бар туристерді тарта білді. Олар не ұсынады: аңға бүркіт салу, балық аулау, тұмса табиғат аясында табиғи өнімдерді тұтына отырып, тынығу. Қазір әлем бойынша қалада емес, иен далада демалығысы келетін туристер легі бой түзеуде, бұл ретте этнотуризмнің болашағы зор және бізде ол өзі-ақ сұранып тұр. Егер Қазақстан алдағы уақытта осы мәселелерді дұрыс шеше алса, біздің елге жүздеген мың, бәлкім, бірнеше миллион турист келуі мүмкін, оның көпшілігін ішкі туристер де құрай алады», - дейді Амандық Әмірхамзин.

Бұл пікірмен Олжас Асқарұлы да келіседі. «Қырғызстан этнотуризм саласын қолға алыпты. Жыл сайын көшпелі халықтардың жарыстарын ұйымдастырады. Бауырсақ-шоу ұйымдастырып, сырттан келетін туристерді қызықтырады. Егер Астана туристерді қызықтыруға шындап мән берсе, Еуразия жүрегі ретінде бізге Батыс пен Шығыстан да, Солтүстік пен Оңтүстіктен де туристер ағылады. Көптеген елдерде туризм экономиканың ең жылдам дами алатын секторы, аталған салаға бізде де айрықша мән беру қажет», - деп түйіндейді өз ойын туристік компания жетекшісі.

Возвращайтесь к нам через 4 недели, к публикации готовится материал «Как сеть клиник «Diaverum Казахстан» за восемь лет выросла в шесть раз »

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Зачем Bereke Bank сменил имидж

Смотреть на Youtube

Сможет ли война в Украине спровоцировать казахстанцев на новые массовые протесты

Смотреть на Youtube

Декларирование: ответы на вопросы

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить