Пандемия мен соғыстан кейін: Қазақстанның сыртқы туризмі қалай дамып жатыр?

38363

Әлемде пандемиядан ең көп зардап шеккен саланың бірі – туризм. Бұл сектор әлемдік экономиканың ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан саласы, оның өсу қарқыны экономиканың басқа салаларының өсу көрсеткішінен екі есе жоғары

Фото: © Shutterstock.com

Негізгі көрсеткіштер бойынша, оның ішінде инвестициялық салымдардың тиімділігі бойынша, туризмді мұнай өндіру өнеркәсібімен салыстыруға болады. Бірақ пандемия, геосаяси өзгерістер, соғыс еліміздегі сыртқы туризмге өзгеріс енгізді.

Дүниежүзілік туристік ұйым-ның (UNWTO) деректері бойынша 2020 жыл жаһандық туризм үшін өз тарихындағы ең сәтсіз жыл болды: халықаралық сапарлар саны 2019 жылмен салыстырғанда 74%-ға азайды. 2020 жылы әлемде-гі саяхат және туризм секторы 4,7 трлн АҚШ долларына жетіп, 4,5 трлн-ға жуық шығынға ұшырады. Саяхат көлемінің азаюынан бірінші кезекте туризм секторы экономикасында жетекші орынға айналған елдер зардап шекті. Бұл іс жүзінде барлық ел туризм саласындағы, оның ішінде ұсынылатын туристік өнімдерге, нысаналы сегменттерге мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі өз саясатын қайта қарауына әкелді.

Ковидқа дейінгі және кейінгі көрсеткіштер

Пандемия Қазақстанды, оның ішінде туризмін айналып өткен жоқ. Түрлі сараптамалық деректер бойынша, отандық туроператорлар мен турагенттер қызметінің кірісі 50–60%-ға төмендеген. Finprom.kz мәліметіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстанның сыртқы туризмі 811,8 мың адам көрсеткішімен 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе азайып, ал олардың жол жүру шығындары үш есе қымбаттай түскен.

Қазақстандық саяхатшылардың шығыны 2019 жылы 294,2 миллиард теңге болса, 2020 жылы 2,75 есеге қысқарып, 107 миллиард теңгені құрады. Елден тыс сапарларда саяхатшылардың шығындары 42,2 миллиард теңгені құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,2 есе аз. Көрсеткіштердің төмендеуіне әлбетте шекараның жабылуы себеп болғаны айтпаса да түсінікті. Яғни шекараның жабылуы сырқы туризмді тежеді. Есесіне, бұл шара қазақстандықтарды ел ішінде демалуға итермелеп, ішкі туризмнің дамуына ықпал еткенін айта кеткен жөн. Себебі осы кезде отандастарымыздың шетелдік сапарларын ішкі нарыққа қайта бағдарлауға аса мән берілді. Азаматтардың көпшілігі қалаларға жақын табиғи демалыс орындарына, ұлттық парктер мен курорттық аймақтарға барды. Осыған байланысты ішкі туристік ағымдар келу және кету ағындарымен салыстырғанда айтарлықтай біраз қысқарды. Оған дәлел соңғы екі жылда елдің ішкі туризм көрсеткіштері артып келеді.

Тек вакцинациялау қарқынының өсу деңгейі мен енгізілген шектеу шараларының жеңілдетілуі шетелге сапарлаудың көбеюіне түрткі болды. «Қазақстанның туристік қоғамдастығы» ЗТБ сыртқы туризмді ұйымдастыратын туроператорлар мен турагенттердің қатысуымен секторға талдау жүргізді. Нәтижесінде 2021 жылы елдің сыртқы туризмі 2020 жылмен салыстырғанда орта есеппен 60% пайызға жақсарғаны байқалды. Турбизнес өкілдерінің арасында карантиндік шектеулердің толық алынбауы әлеуетті туристердің сапарын тоқтатты деген пікір болды. Бәлкім, солай да шығар. Бірақ шектеумен бірге халықтың табысы мен төлем қабілеті де өзгергенін естен шығармау керек. Талдау 2021 жылы қазақстандықтар бюджеттік сегменттегі турларды көп таңдай бастағанын көрсеткен, яғни халықтың тұтынушылық қабілеті төмендей бастады.

UNWTO ақпаратына сәйкес, бір адамның шетелге туристік сапарына жұмсайтын шығыны 2019 жылғы $1 мыңнан 2021 жылы $1,5 мыңға дейін қымбаттады. Бұл жол жүру шығындарының өсуі, қонақүйге орналастыру құнының қымбаттауы мен туристердің көп уақыт саяхаттауының салдарынан болды. Екі жыл бұрын Қазақстанның сыртқы туризміндегі турдың орташа құны бір адамға 400–500 мың теңгені құраған. Бұл ретте турдың ұзақтығы 7 күн болып есептелді. Сол кезде сарапшылар барлық карантиндік шектеу мен әкімшілік кедергілер (ПТР-тест тапсыру, міндетті вакцина, шетелдегі ПТР-тестің оң нәтижесі, тікелей әуе рейстерінің болмауы, визалық режим, санитарлық дәрігердің қаулылары) жойылған соң, пандемияға дейінгі көрсеткішке қол жеткіземіз деп күтті.

Соғыстың салдары

Алайда енді еңсе түзейді деп отырғанда, сала тағы бір дағдарысқа тап болды. Қазақстанның туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шәйкенованың айтуынша, Ресейдің Украинға басқыншылық әрекетінің салдары әлемдік туризмге салқынын тигізбей қоймады.

«Украинадағы соғыс Қазақстанның сыртқы туризміне әсерін тигізді. Бізде жолаушылар тасымалы мен әуе қатынасының уақыты ұзарды. Соғысқа байланысты әуе компаниялары Украинаны айналып өтуге мәжбүр. Әрине, бұл аспандағы уақыттың сағаттарын ұзарта түсті. Сәйкесінше, турдың да бағасына әсер етті. Бүкіл әлемде азық-түлік, мұнай, бензин, электр энергиясының бағасы өзгергенде турдың бағасы өзгермеуі мүмкін емес. Іс жүзінде барлық елде демалу бағасы айтарлықтай қымбаттады» дейді ол.

Сарапшы ковидтан кейін барлық елдер қаржылық дағдарысқа тап келіп, курорттық елдер бағаны көтеруге мәжбүр болғанын атап өтті. Мысалы, қазақстандықтар жиі баратын Түркия арзан елден қымбат елдердің санатына ауысқан.

«Бұрын ол елде бір адам 400, 500, 600 АҚШ долларына демалып келген болса, бүгінде ондай мүмкіндік жоқ. Бұл елде демалу үшін кемінде 1000 еуро қажет. Шығын қай санаттағы отельді таңдағанына байланысты болады. Егер бес жұлдызды болса, бір адам үшін кемінде 7 күнге шамамен 2000 еуро кетуі мүмкін. Төрт және үш жұлдызды отельдердің бағасы одан арзан шығады. Жалғыз Түркия емес, іргеміздегі Қырғыз еліндегі Ыстықкөлде демалу бағасы көтерілді. Егер бұрын біздің серіктестеріміз қазақстандық туристер жоғары санаттағы отельге орналасқанды жақсы көретінін айтса, қазір бұл тренд өзгерген. Халықаралық курорт, шалғайдағы елдерді айтпағанда Грузия, Әзербайжанда баға өзгерді. Тур бағасының қымбаттауы қалыпты жағдай әрі оған таңғалуға болмайды» деп толықтырды сөзін.

Қауымдастық басшысы соңғы бес жылда сыртқы туризмнің ең жоғары көрсеткіші 2018 жылы тіркелгенін айтады.

«2021 жылы пандемияның салдарынан сала толық жұмыс істемегені белгілі. Көптеген елдер жабық болды. Сондықтан ол жылы жұмыс әлсіз жүрді. Былтыр мемлекеттердің шекаралары ашылуынан жағдай әлдеқайда жақсарды, жұмыс жүре бастады. Бірақ 2023 жылдың статистикасы туралы айту әлі ерте. Алайда биылғы маусымның қазіргі көрсеткіштері әлі де пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткішіне жетпегенімізді көрсетіп отыр. Осы жерде сарапшылардың пікірі мен саланың шынайы көрінісі бір жерден шықты. Дүниежүзілік туристік ұйымның сарапшылары, сондай-ақ отандық сарапшылар әлем бойынша туристік саланың толық қалпына келгенін біз тек 2025 жылға қарай көреміз деген болжам айтқан болатын» деді Рашида Шәйкенова.

Қазақстандықтардың талғамы қалай өзгерді?

«Туристік Қамқор» қорының ақпаратына сенсек, былтыр 596 967 қазақстандық турпакет алып, саяхаттаған. Отандастарымыз ең көп барған бес ел – Түркия (239 817), БАӘ (138 244), Египет (120 214), Таиланд (45 745) және Мальдив аралдары (10 843). Биылғы жылдың жеті айында жарты миллионға жуық адам шетелге турпакет алған. Алайда ең көп сатылған турларға қарап, қазақстандықтардың талғамында өзгеріс барын байқауға болады. Түркияға 157 012, Египетке 106 296, БАӘ 101 729, Таиландқа 76 350, Вьетнамға 35 111, Үндістанға 6019, Грузияға 3771, Мальдив аралдарына 3543, Қаратауға 3388 және Сауд Арабиясына 3278 туристік жолдама сатылған. Жалпы шетелге саяхаттаған қазақстандықтардың саны бұдан да көп екені сөзсіз, өйткені соңғы жылдары туристік операторлардың көмегіне жүгін-бей-ақ өз бетімен саяхаттау трендке айнала бастады.

Фото: © Shutterstock.com

«Сыртқы туризм картасында бұқаралық туризм елдері бар. Ол негізінен жағажай туризмі, оған көбіне жаз мезгілінде сұраныс артады. Соңғы жылдары маусымдық кезеңмен қатар қыс, күз және көктемнің соңында туризмнің бұл түріне сұраныстың артып келе жатқаны байқалады. Сыртқы туризм картасында Түркия, Таиланд, Египет, БАӘ, Мальдив аралдары сияқты көп жылдан бері келе жатқан елдер бар. Биыл жаңа елдер қосылып, қазақстандықтардың қызығушылығын арттыра бастады. Ол визалық режим жеңілдеген, логистикасы салыстырмалы түрде ыңғайлы, яғни тікелей әуе рейстері бар елдер. Бүгінде туристік пакет жиі сатылатын ел – Вьетнам. Себебі, Алматыдан демалыс орнына тікелей рейс бар. Айта кететіні соңғы жылдары әуе компаниялары белгілі бір елдің астанасына ғана емес, демалыс орнына дейін ұша бастады. Сонымен қатар қазақстандықтардың араб елдеріне қызығушылығы артып отырғаны байқалады. Мәселен Оманға тікелей ұшатын болды. Катар мен Сауд Арабиясы да қызығушылық танытып отыр. Жалпы, тұтынушылық сұраныс жеңілдетілген визалық режим болған кезде көбейеді. Мәселен, Вьетнам бойынша бізде жеңілдетілген визалық режим жоқ. Вьетнам азаматтары елімізге визасыз 30 күнге келе алады. Енді біз де жеңілдетілген визалық режимді күтіп отырмыз» деді қауымдастық басшысы.

Сонымен қатар жақын арада қазақстандықтардың Қытайға сапары көбеюі мүмкін деп есептейді. Туроператорлар Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім жұмыс істеп бастағанда бұл бағытта тур көбейеді деп күтіп отыр. Себебі Қытай тұтынушылар үшін тек шопинг-тур ғана емес, дәстүрлі емес медициналық қызметтерімен де тартымды. Сондай-ақ оның тарихи немесе мәдени-танымдық туризмге қызығатындарды тарта алатын әлеуеті бар деп есептейді сарапшы.

«Жалпы, туризм экономикалық сала ретінде елімізде болып жатқан барлық экономикалық қиындықтарды сезініп жатыр. Оның салдары тұтынушының талғамына әсерін тигізбей қоймайды. Бүгінгі күні қазақстандық тұтынушының қызығушылығы бес жұлдызды қонақ үйден төрт жұлдызды сегментке ауысқанын атап өту керек. Себебі бірнеше девальвация болды, еуро мен доллар қымбаттады, ал біздің туроператорлар серіктестерімен шетелдік валютаның курс бойынша есеп айырысады. Түптеп келгенде бұл тұтынушылық талғам мен сыртқы туризмнің статистикасына әсерін тигізбей қоймайды. Менің ойымша, біз экономикалық өзгерістердің туризмге әсерін үнемі көріп отыратын боламыз. Өйткені туризм камертон сияқты, қаржы, экономика және елдің ішкі процесіндегі барлық өзгерістерге өте сезімтал келеді» дейді Шәйкенова.

Бұған сарапшы отандық туроператорлардың алдында сыртқы туризммен қатар, ішкі нарықты дамыту міндеті тұрғанын еске салды.

«Сыртқы туризмнің сандарын ковидқа дейінгі көрсеткішке жетуі үшін әлі біраз уақыт керек. Есесіне ішкі туризм толық қалпына келіп, тіпті көрсеткіштері көбейе бастағанын атап өткен жөн. Статистиканың жақсарғаны жақсы, бірақ бұдан қызмет сапасы мен баға саясатына қатысты қысым көретінін атап өту керек. Қазір отандық кәсіпкерлердің алдында үлкен міндет тұр, қазақстандықтардың елдің ішінде демалуға деген қызығушылығын жоғалтып алмай, тұтынушыны ұстап қалуы керек. Ол үшін қызмет сапасын жақсартып, стандартты ұстанып, персоналды оқытып, біліктілігін арттырып отыру қажет, ол үшін қомақты ақша салу керек. Сондай-ақ өз қызметіне бағаны маркетингтік құрал ретінде ұстап тұруы керек. Көзді жұмып қойып бәріне бағаны көтере беруге болмайды» деді Рашида Шәйкенова.

Диван ойыншылары

Қазақстанда ресми тіркеліп, салық төлеп, жұмысын заң аясында жүргізіп отырған туроператорлардан бөлек заңсыз ойыншылар бар. Олар әлеуметтік желілердің көмегімен қазақстандықтардың шетелге саяхатын ұйымдастырумен айналысады.

«Инстатур агенттер туралы нақты есеп жоқ. Пандемия кезінде жұмыс тоқтағанда нарықтағы көптеген ойыншылар кеңсе мен персоналды ұстай алмады. Бұл табиғи процесс. Олар күн көру үшін турды үйде отырып сата бастады. Біз оларды «диван ойыншылары» немесе «үйдегі агенттер» деп айтамыз. Олар еліміздің заңдарын бұзып отырған адамдар. Әлбетте нарыққа олардан қауіп-қатер бар. Бірінші кезекте бұл тұтынушылық нарық үшін қауіпті. Өкінішке қарай, пандемиядан кейінгі кезеңде «үйдегі агенттер» тұтынушыға қызметті көрсетпей, ақшаны алып жоғалып кеткен немесе шетелдегі серіктестеріне ақшаны аудармай қойған кездер болды. Бір қуантатыны қазір мұндай жағдайлар азайып келеді. Тұтынушылық сұраныстың мәдениеті жыл сайын артуда» деді Рашида Шәйкенова.

Коронавирус дағдарысы мен соғыстың салдарынан кейінгі туристік қызметке баға көтерілгеннен кейін қазақстандықтар турды арзан бағамен сатып алуға ұмтыла бастағанын атап өтті.

«Ол үшін елді сөгуге болмайды, бірақ адамдар қарапайым қауіпсіздік шараларын ұмытады. Мұндай турагенттерді көлеңкеден шығару қиын болады. Келесі жылы Қазақ-станда Салық кодексі қабылданады, бұл үйдегі агенттердің заңды жұмыс істеуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Негізі үйдегі агенттерге полиция мен салық инспекторларының құзыры жетеді. Меніңше, оны тек бәсекелестіктің күшімен жеңуге болады. Сұраныс азайғанда, көлеңкеден шығып, заңды түрде жұмыс істеп бастайтын болады. Өйткені қазір адамдар аңқау емес. Кеңседе отырып, заңды жұмыс істеп, салық төлеп отырған компанияға сене ме, әлде үйде тамақ істеп жүріп, тапсырыс қабылдап отырған агентке сене ме? Яғни, меніңше, бұл мәселені нарықтағы бәсекелестіктің өзі реттеуі керек» деп санайды сарапшы.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі туристер саны 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға артып, 8,6 млн адамды құрады. Сонымен қатар аталған сан пандемияға дейінгі деңгейден 2 миллионға жуық адамға жоғары (2019 ж. – 6,7 млн адам).

Қонақ үйлер, туристік базалар және т.б. орналастыру объектілері 182,9 млрд теңге сомасына қызмет көрсетті, бұл тиісінше 2021 және 2019 жылдарға қарағанда 70 млрд және 60 млрд теңгеге артық.

Айта кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмді дамыту бойынша соңғы рейтингінде Қазақстан 66-позицияны иеленді. 2019 жылғы рейтинг қорытындысымен салыстырғанда 14-орынға көтерілді (80-орын). Енді ел билігі 2030 жылға қарай 50-орынға көтерілу туралы амбициялық жоспарын қойып отыр. Бұдан бөлек, биыл елімізде туристік саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Құжат туризмді елдің экономикалық дамуының басым бағытына айналдыруды көздейді. Атап айтқанда, бес жыл ішінде саладағы жұмыспен қамтылған адам санын 800 мыңға дейін жеткізіп, саладағы жалпы қосылған құн көлемінің өсімін 6 трлн теңгеге дейін ұлғайту мақсаты тұр. Сондай-ақ тұрғын үй және тамақтану қызметтеріндегі инвестициялардың өсімін 260 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл үшін инфрақұрылымды дамыту, қызмет сапасын көтеру мен дайын туристік өнімдерді ұсыну сияқты нақты индикаторлар бойынша көп жұмыс күтіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан әлемдік туризмдегі орны мен салаға түсетін табыстың қызығын көруі үшін әлі көп жұмыс істеуі керек.

Возвращайтесь к нам через 3 недели, к публикации готовится материал «Реформы - на благо медицины»

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Forbes Video

Профессор Алмаз Шарман - об антиваксерах, БАДах, коллапсе медицины и замены врачей на роботов

Смотреть на Youtube

Андрей Мовчан: мигранты, курс рубля, инфляция

Смотреть на Youtube

Руслан Шаекин: Миллионер из Караганды

Смотреть на Youtube

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить