«Астана Опера» сәуір айында көрермен назарына бірқатар маңызды дебют ұсынып, жас солистерді үлкен сахнаға шығармақ.
«Астана Операның» әрбір әртісінің бойында өз дарынының түрлі қырларын ашып, шыңдауға қажеттінің бәрі бар, бұл, әсіресе, кәсіби тұрғыдан өсуде өте маңызды. Біздің әншілердің қайталанбас орындаушылық мақамы, мәнері, харизмасы спектакльдерді жаңа қырынан көрсетіп, одан әрі қызықты етеді. Сәуірде өнер көрсететін дебютанттар афишада жарияланған қойылымдарға өзіндік бір жаңа ерекшелік енгізіп, серпін береді деген сенімдімін», – дейді «Астана Опера» опералық труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.
Көктемгі дебюттер шымылдығын сәуірдің басында театрдың Үлкен залының сахнасына алғаш рет шыққан Нарұл Тойкенов пен Артур Габдиев ашып, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» опера-буффасының ойын-сауық қойылымында Граф Альмавиваның партиясын орындайды. Театрдың Симфониялық оркестрі дирижер Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен өнер көрсетеді.
Үлкен залдағы келесі дебюттер П. Чайковскийдің әйгілі «Евгений Онегин» операсынан бастау алады – 9 сәуірде Ольганың образын алғаш рет Малика Минизини сомдаса, 10 сәуірде Артур Габдиев Ленскийдің рөлінде дебют жасамақ. Ал «Астана Операның» Симфониялық оркестрін спектакльдің қоюшы дирижері, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев басқарады. Айта кетейік, «Астана Опера» әртістерінің орындауындағы бұл опера театрдың Красноярскідегі гастролі аясында зор жетістікке ие болды. Дирижер тұғырында сол жолы да маэстро Алан Бөрібаев болып, музыкалық сыншылар танымал дирижердің шеберлігін әдеттегідей жоғары бағалады.
Дж.Россинидің тағы бір жауһары – «Жібек саты» комедиялық операсы опера жанкүйерлерінің назарына 14–16 сәуірде «Piccolo» театры жобасы аясында К. Байсейітова атындағы Камералық залда ұсынылмақ. Бұл күндері Дорвиль партиясында Артур Габдиев пен театр труппасын жуырда ғана толықтырған тенор Әлихан Зейнолла дебют жасайды. Ал келесі күні Джермано бейнесінде сахнаға алғаш рет Алтынбек Әбілдә шығады. Спектакльге Руслан Баймурзин дирижерлік етеді.
Сәуір айына жоспарланған тағы бір маңызды оқиға – чехиялық сопрано Либуше Санторисованың әлемдегі ең репертуарлық опералардың бірі – Дж.Вердидің «Травиата» спектаклінде Виолетта Валери басты партиясындағы дебюті. Қойылым 17 сәуірде «Астана Операның» арт-менеджері маэстро Джузеппе Акуавиваның басқаруымен өтеді.
Вам может быть интересно: «В 2022 урожай зерновых и масличных культур в Украине может стать минимальным за последние 10-15 лет»
