3 қыркүйекте елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды, онда Жамбыл облысының өндірушілері өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатады, соның нәтижесінде өнімнің бағасы 10-20%-ға төмен.
Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, биыл жәрмеңкеге 423 миллион теңгеге 495 тонна өнім әкелінген.
«Елордаға біздің өңірден 90-нан астам кәсіпкер өз өнімдерін әкелді. Олардың арасында жылқы еті, сиыр еті, қой еті, тауық еті, шұжық өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, балық, бал және өзгелері бар. Жамбыл облысынан әкелінген барлық өнім нарықтан 15-20%-ға төмен. Сонымен қатар, біз осы жәрмеңкеге Меркідегі зауыттан қант жеткізуді ұйымдастырдық. 10 тонна қант әкелінді, ол килограмына 480 теңгеден сатылады», – деді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылығы өндірушілері астаналықтар үшін алдағы уақытта қолжетімді бағада көкөніс пен жеміс-жидек сатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай жәрмеңке тек тұрғындарға ғана емес, өндірушілердің өздеріне де пайдалы. Мысалы, Мәлік Жұмағұлов өз өнімін Шу ауданы Төле би ауылынан жеткізді.
«Біз елордаға жәрмеңке басталардан бір күн бұрын келдік. Бүгін таңғы 7-ден бастап жұмысқа кірістік. Қарбыз, пияз, сәбіз, қауын жеткіздік. Біз қарбыздың килограмын 100 теңгеден сатамыз. Пияз да 100 теңгеден. Супермаркеттерде пияздың бағасы 150-160 теңге шамасында болса, біз оны 90-100 теңгеден сатамыз. Бұл жәрмеңкеге біз 11 тонна қарбыз әкелдік. Қала тұрғындары біздің өнімдерімізді ұнатып жатыр. Осыны ұйымдастырған әкімдікке үлкен алғысымды білдіремін», – деді ол.
Жәрмеңкеге таңертең келген қала тұрғыны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, тауарлар мен бағалар туралы өз ойын жеткізді.
«Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Жұрт Жамбыл облысынан жеткізілген тауарлардың сапасына өте риза. Бағалар қолжетімді. Маған қарбыз мен қауын ұнады. Сүт өнімдерінің, еттің неше түрі бар. Сондай-ақ 480 теңгеден бірнеше килограмм қант сатып алдым», - деді қала тұрғыны.
Вам может быть интересно: «Генсек ООН назначил экс-президента Кыргызстана Отунбаеву спецпредставителем по Афганистану»