Жамбыл облысында прокуратура қызметкерлері ІІ топтағы мүгедектігі бар тұрғынның мемлекеттен берілген пәтерінен айрылып қалмауына ықпал етті. Бұл туралы органның ресми сайты хабарлайды.
Балалар үйінде тәрбиеленген және ІІ топтағы мүгедектігі бар қыз бала (денсаулығына байланысты өз әрекеттері үшін жауап бере алмайды) 2013 жылы үй сатушысына сенім артып, депозитте жинаған 1 млн теңгесіне жатақханадан 1 бөлмелі пәтер сатып алады. Алайда, ол жер тұруға мүлдем жарамсыз (суық, көгерген, жөндеусіз және есіксіз) болады. Сондықтан, ол таныстарымен бірге басқа жерде тұрады және сол кісілердің көмегімен 2019 жылы пәтерін сатып жібереді. Сол жылы оған жетім ретінде кезектілік тәртібімен мемлекеттен 1 бөлмелі пәтер («Бәйтерек» шағын ауданынан) беріледі. Алайда, оның меншігінде жатақханадағы 1 бөлмелі пәтер болуы негізінде тұрғын үй комиссиясы атқарушылық іс қозғай отырып, оған пәтер беру туралы шешімді жояды.
Мүгедектігі барына байланысты қыз баланың құзыретті органдарға өз бетінше жүгінуге мүмкіндігі, сондай-ақ жақын туыстары мен қамқоршылары да жоқ. Оның ауыр жағдайы туралы прокуратура органдарына атқару туралы өндірістерді талдау барысында белгілі болды. Шұғыл түрде атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұра, прокуратура қызметкерлері қадағалау актілерін енгізіп, жетім қыздың тұрғын үй алуға конституциялық құқықтарын қалпына келтіру жөнінде дер кезінде шаралар қабылдады.
Бірінші кезекте, Тараз қалалық сотының 2022 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен қыз бала ауруына байланысты әрекетке қабілетсіз деп танылды және Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен оған қамқоршы тағайындалды. Жатақханадағы бөлмені сатып алу-сату мәмілелерін жасау кезеңінде өз іс-әрекеттерінің маңыздылығын және олардың салдарын түсіне алмағандығы ескеріле отырып, сотқа оларды жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілді.
Тараз қалалық сотының 2022 жылғы 11 қарашадағы шешімімен талап толық көлемде қанағаттандырылды, бұл биыл 1 ақпанда тұрғын үй комиссиясының мәселені қайта қарап, оң шешім қабылдауына негіз болды. Демек, Жамбыл облысы прокуратурасының ықпалымен ІІ топтағы мүгедектігі бар тұрғын мемлекеттен берілген пәтерінде қалды.
Вам может быть интересно: «Опасные химикаты из Огайо продолжат утилизировать в Техасе»
