Жаңа оқу жылында Қарағанды облысының колледждерінде жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға 8089 грант бөлу жоспарлануда. Жыл сайын олардың саны артып келеді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өткен жылы колледж талапкерлері арасында педагогикалық және медициналық мамандықтар, IT-сала бағыттары ең көп сұранысқа ие болды.
«Жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға 8089 орын бөлу жоспарлануда. Біздің облыста барлығы 55 колледж бар», – деп атап өтті Қарағанды облысының білім басқармасы.
Ең көп таралған мамандықтармен қатар талапкерлерге жаңа бағыттар ұсынылады. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы негізінде құрылады.
«Өткен оқу жылынан бастап «жаңартылатын энергетика», «шиналар өндірісі», «резинотехникалық өндіріс», «автомобиль жасау» жаңа мамандықтары бойынша 138 студент білім алуда. Сондай-ақ, қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, облысымыздың сегіз колледжі цифрлық қауіпсіздік және цифрлық техникаға қызмет көрсету бойынша мамандар даярлайды. Бұл цифрлық техниканы монтаждаушы-реттеушілер, электрондық және цифрлық техникаға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі механиктер, электронды техниктер, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі техниктер», – деді басқармада.
Қарағанды техника-құрылыс колледжінде биыл «BIM-техник-жобалаушы» жаңа мамандығына студенттерді қабылдау жүріп жатыр.
«Біздің колледж 14 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Жақында біз BIM-техник-жобалаушы деген жаңа бағыт аштық. Бұл ғимараттар мен нысандарды ақпараттық модельдеу саласындағы мамандар. Кәдімгі дизайнерлерден айырмашылығы, олар нысанның бүкіл өмірлік циклін дамытады. Бұл архитектуралық-конструкторлық әзірлеу, жобалау, құрылыс, әрлеу, пайдалану, кәдеге жарату. Біз лицензия алдық және биыл осы мамандыққа 20 студент қабылдауды жоспарлап отырмыз», – деді Қарағанды техника-құрылыс колледжінің директоры Әсел Сапарова.
Естеріңізге сала кетейік, 25 маусымнан бастап Қарағанды облысында колледждерге құжаттар қабылданады. Оларды электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе оқу орнына жүгіну арқылы беруге болады.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша күндізгі оқу нысанына құжаттарды 25 маусымнан 18 тамызға дейін тапсыруға болады. Ақылы негізде оқу үшін – 25 маусымнан 25 тамызға дейін.
Вам может быть интересно: «ЕС изучает пути использования доходов от замороженных российских активов для восстановления Украины»
