Ақтау қаласында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдығына орай кемелер мен есептоптардың салтанатты шеруі өтті. ҚазАқпарат бұл туралы Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Парадты Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Марат Құсайынов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қарулы күштердің ардагерлері бақылады.
Салтанатты шеруге «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемелері, «Алатау» мина-тартқыш кемесі, «Табиғат» және «Жайық» гидрографиялық кемелері қатысты. Кейін жағалау бойымен сап түзеп өткен теңізшілер кемелер артиллериясы қаруларынан бірнеше дүркін оқ атты.
Шеру қаланың жағалау аймағында – құрлықта жалғасты. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінің есептоптары салтанатты маршпен жүріп өтіп, мереке көркін қыздыра түсті.
Бұдан бөлек, шартты қарсыласты ұстау бойынша әскери-жаттығу барысынан эпизод көрсетілді.
Сондай-ақ дәстүр бойынша әскери қызметшілер маңғыстаулық жауынгерлерді еске алу шарасын өткізді. Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы ғарышкер авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, контр-адмирал Ратмир Комратов, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Шара соңы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік отшашумен аяқталды.
Вам может быть интересно: «Столтенберг: когда возникнут условия для мирных переговоров – решать Украине, и только Украине»