Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінде «Әділ Қазақстанның құрылысы және жаңа дәуірдегі Қытаймен ынтымақтастық келешектері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму және реформалар орталығының, Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясының, Қытай халықаралық проблемалар академиясының, Бейжің шет тілдер университеті мен ҚХР Ұлттар университетінің жанындағы «Қазақстан орталығының» басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ қытай БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің сөз сөйлеуінде Қытай сарапшыларын өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаларды іске асыру барысының негізгі кезеңдерімен және қазіргі жағдайдағы Қазақстан-Қытай қатынастарының келешегі туралы егжей-тегжейлі таныстырды.
Өз кезегінде қытай сарапшылары «Әділ Қазақстан» құрылысының жай-күйі мен келешегі туралы өз бағалары мен пікірлерімен бөлісті.
Атап айтқанда, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму және реформалар жөніндегі Орталық Еуропа мен Азияның әлеуметтік даму институтының директоры Ли Юнцюань «ҚР Конституциясы мен конституциялық түзетулердің табысы Қазақстанның тұрақты және салауатты дамуына негіз болатынын» атап өтті. Ғалымның пікірінше, тәуелсіздіктің 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында және жалпы посткеңестік кеңістікте айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия аймағы мен Еуразиялық кеңістіктің тұрақтылығы үшін үлкен мән-маңызға ие.
Сондай-ақ ол «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болып табылатынын атап өтті. Көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты едәуір қысқартуға мүмкіндік берді, нәтижесінде теңізге шыға алмайтын Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы байланыстырушы көпір және сенімді дәлізге айналды, бұл кемшілікті артықшылыққа айналдырды. «Белгілі бір мағынада бұл Қытай мен Қазақстанның бірлескен бастамасы», – деді ғалым.
Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтының Орталық Азия және Кавказ бөлім басшысы Чжан Нин Қазақстан мен Қытайдың дамуындағы параллельдіктерді атап өтіп, «қос ел де жаңғыру және даму жолымен жүріп жатыр, оның барысында олар ұлттық дәстүрлерге үлкен мән береді», – деп айтты.
ҚХР СІМ жанындағы Қытай халықаралық проблемалар академиясы Еуразия Институтының директоры Ли Цзыго Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар бүкіл посткеңестік кеңістікте бірегей және бұрын-соңды болмаған болып табылатынын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, стратегиялық тұрғыдан ҚХР Орталық Азияны Қытайдың үдемелі дамуы тұрақтылығына байланысты біртұтас аймақ ретінде қарастырады.
Сонымен қатар, қытай ғалымдары қос елдің көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз өзара іс-қимылына жоғары баға беріп, ҚР-дың АӨСШК пен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына табысты төрағалығын атап өтті.
