Бас прокурор Конституциялық Сотқа Конституцияның 25-бабының 1-тармағы мен 26-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беруді сұрап жүгінді. Аталған нормаларға сәйкес ешкімді өз тұрғын үйі мен мүлкінен соттың шешімінсіз айыруға жол берілмейді.
Қадағалау органы басшысының өтінішінен 2019 жылы тиісті құқықтық актілерге прокурорға сот орындаушыларының атқарушылық іс-жүргізу туралы қаулыларына санкция беру міндеттерін белгілейтін өзгерістер енгізілгені, бұл құқық қолдану практикасында проблемалық мәселелердің туындауына әкеп соқтырғаны айтылады. Атап айтқанда, прокурордың санкциясымен мүлікті мәжбүрлеп өндіріп алу рәсімі жеке тұлғаны және бизнес субъектісін оның мүлкінен сот актісінсіз айыру мүмкіндігіне жол беріледі.
Отырыс барысында Конституциялық Соттың судьялары өтініш субъектісінің өкілі – Бас прокуратураның қызмет бастығын, Жоғарғы Соттың, Әділет министрлігінің, республикалық нотариустар палатасының, жеке сот орындаушылар палатасының және Ұлттық банктің өкілдерін тыңдады.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі Конституциялық Заңның 65-бабына сәйкес жарияланатын болады.
