Астана қаласында тұңғыш рет бокстан жасөспірімдер (2005-2006 ж.т) және жастар (2007-2008 ж.т.) арасында Азия чемпионаты ұйымдастырылады.
Бокс бәсекесі Beeline Arena спорт кешенінде 23 қазан-3 қараша аралығында өтеді. Қазақстанның елордасында жалауы желбірейтін байрақты бәсекеге сары құрлықтың 23 елінен ең мықты деген 500-ге жуық жас спортшы Азия чемпионы атағына таласады. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қытай Тайпейі, Жапония, Филиппин, Гонконг, Оңтүстік Корея, Моңғолия , Иран, Қырғызстан, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Тәжікстан,Түркіменстан, Палестина, Пәкістан, Йемен, Ирак, Иордания, Кувейт, Малайзия мемлекеттері бар.
Жекпе-жек олимпиадалық жүйе бойынша өтеді. Ұлдар 13 салмақ (46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63,5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі); қыздар 12 салмақта (45-48 келі, 50 келі, 52 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63 келі, 66 келі, 70 келі, 75 келі, 81 келі, +81 келі) сынға түседі.
Жастар арасындағы чемпионатқа 2005 және 2006 жылы туған боксшылар қатысады. Ал 2007 және 2008 жылы дүниеге келген балалар жасөспірімдер арасындағы жарыста бақ сынайды.
Qazsport телеарнасы тікелей эфирде жартылай финал және финалдық бокс бәсекелерін көрсетеді. Ал негізгі шаршы алаңдағы жекпе-жектерді 23 қазан мен 3 қарашада ASBC YouTube каналы арқылы түскі 12:00-ден түнгі 22:00-ге дейінгі уақытта көруге болады. Финалдық жекпе-жектердің жеңімпаздары 2-3 қарашада анықталады.
Жанкүйерлер үшін кіру тегін.
Айта кетсек, Қазақстан бокс федерациясы бұған дейін Азия чемпионатын 2016 жылы Павлодарда өткізген болатын.
- 2007 жылы Алматы қаласында жастар арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.
- 2013 жылы Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті.
Іс-шара ҚР Туризм және Спорт министрлігі, Қазақстан бокс федерациясы, Спортты дамыту дирекциясы, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Вам может быть интересно: «WhatsApp разрешил использовать два аккаунта одновременно»
