Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) 2023 жылғы 6 қарашада «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан Teńgege 30 jyl коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Монеталардың сатуға шығарылатын күні ҚҰБ ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда қосымша хабарланады.
Teńgege 30 jyl коллекциялық монеталары туралы
15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасына 30 жыл толады. Әр елдің ұлттық валютасы – тәуелсіздік пен егемендіктің белгісі, мемлекеттегі ақша жүйесінің негізі саналады.
Teńgege 30 jyl монетасының дизайны цифрлық технологияларды дамыту тұрғысынан «₸» теңге белгісін пайдалануға негізделген. Белгінің сол жағындағы ою-өрнек даму мен өркендеуді, сондай-ақ ұлттық болмыс пен нақышты білдіреді.
Teńgege 30 jylколлекциялық монеталары:
– күмістен жасалған, сынамасы – 925/1000, өн бойында тантал металл да бар. Монета диаметрі – 50 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 1 000 теңгелік, таралымы – 300 (үш жүз) дана. Монетаның жалпы массасы – 84,32 грамм;

– алтын жалатылған күміс монетаның сынамасы – 925/1000, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы – 500 теңгелік, таралымы – 2 000 (екі мың) дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан Теңге сарайында дайындалды.
