Биыл Қарағанды облысында бизнесті дамыту үшін 935 грант пен шағын несие берілді. Жол картасын орындау бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы AMANAT партиясының депутаттық фракциясының отырысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев айтып берді.
Өңірде шағын және орта бизнестің 1266 жобасы қаржылай қолдау алды. Кәсіпкерлік негіздеріне төрт мыңнан астам бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлер оқытылды. Бұл жоспарланғаннан екі есе көп.
– Түрлі қолдау шараларының арқасында жұмыс істеп тұрған ШОБ кәсіпорындарының саны 100 мыңнан асты, жұмыспен қамтылғандар саны 242 мың адамға дейін өсті. 43 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту шараларымен 15 мыңға жуық жас қамтылды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 4,1% құрайды. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
Өңір басшысы аграрлық секторға да тоқталды. Биыл екі жаңа картоп қоймасы іске қосылды. Егістік және суармалы жерлердің көлемі ұлғайтылды. Мал басы өсті.
Өңірде мектепке дейінгі және орта білімге ерекше көңіл бөлінеді, балабақшалар мен мектептер салынуда. 2025 жылға дейін 22 мектеп салынады, оның 18-і "Жайлы мектеп" жобасы бойынша. Пришахтинскіде заманауи оқушылар сарайы пайда болады.
Облыста 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны салынады. Оның 14-і биыл аяқталады.
Өңірде алғаш рет ауданаралық ауруханалар пайда болады. Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету үшін оларды Теміртау және Балқаш медициналық мекемелерінің базасында ашады. Олар бірнеше аудан тұрғындарына, соның ішінде инсультпен, миокард инфарктісімен, жарақаттармен және т.б. науқастарға қызмет көрсететін болады. Онда Приозерск, Ақтоғай және Шет аудандарының тұрғындары емделеді. Теміртау ауруханасында-Ақтау кентінің, Осакаров, Нұра және Бұқар жырау аудандарының және Теміртау қаласының тұрғындары ем алады.
– Ауылдық жерлерде дәрігерлерді бекіту үшін 61 маман 5 млн теңгеге дейін қосымша төлем алды, – деп атап өтті әкім. – Бірақ кадрлық қамтамасыз ету мәселелері әлі де толық шешілген жоқ.
Сонымен қатар, отырыста вандализмнің алдын алу шаралары туралы да айтылды. AMANAT партиясының жастар қанатының мүшелері өз ұсыныстарын айтты.
