Терренкурда 420 метрлік граффити қабырға безендірілді
Алматыдағы Оспанов көшесінде қабырға суреті бар жарты шақырымға жуық жаяу жүргіншілер аймағы пайда болды. Жоба 95% орындалды. Жұмыс барысымен қала әкімі Ерболат Досаев мегаполисті аралау мен Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде танысты.
Бұрын Достық даңғылынан Есентай өзеніне дейінгі Оспанов көшесіндегі тротуар тар – ені 1 метр, қала тұрғындарының жүруіне ыңғайсыз болатын. Алматы әкімінің тапсырмасымен Терренкурға жиі келушілерді ескере отырып, тротуарды 5 метрге дейін кеңейту және ұзындығы 500 метрге жуық жаяу жүргіншілер аймағын құру туралы шешім қабылданды.
Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, абаттандыру жұмыстары осы жазда, маусым айының соңында басталып, желтоқсан айының соңына дейін аяқталады. Бүгінде кеспе тастар төселген, кей жер асфальтталған, тор жәшіктен тірек қабырға тұрғызылған.
Бұл жобаның ерекшелігі ұзындығы 420 метр және жалпы ауданы 1200 м2 болатын тротуар бойындағы қабырға болды. «Бірінші қабат» граффити-фестивалінің қорытындысы бойынша көше өнерінің перформансына қатысқан 80 суретшінің ондаған көркем шығармасы қабырғаны безендірді. Іс-шара «Аудандардағы қаланың микромәдени бағдарламасына арналған indoor/outdoor алаңдарын құру» жобасы бойынша өтті.
Авторлардың ойынша, қабырғадағы суреттер қазақ әліпбиінің әріптерін бейнелейді: барлық 42 таңба жалпы сюжеттік композицияға енген. Сонымен қатар, арт-нысанда қаланың көрікті жерлері бейнеленген.
Алматы әкімдігінің, жобалық кеңсе аясыеда, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен – REPAS командасының өкілдері және «Almaty Creative Bureau» басшысы Кристина Бекмурзаевамен бірлесуінің арқасында жоба жүзеге асты.
«Бұл граффити салуға арналған Орталық Азиядағы бірінші және ең үлкен қабырға. Бұл іске барлығы 80 адам қатысты. Қалада осындай бірегей кеңістікті құру көше өнерін сүйетіндер үшін үлкен оқиға. Суретшілерге осындай еңбегі үшін алғыс айтқымыз келеді. Бұл кино мен музыка шығармашылық индустрияда көрініс табатын шығармашылық жұмыстың бастамасы ғана», - деді Кристина Бекмурзаева. Қазіргі уақытта ол Терренкурдағы тоғанды абаттандырудың және заманауи қоғамдық кеңістікті құрудың екінші кезеңінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын хабарлады.
Ерболат Досаев өз кезегінде суретшілерге қала өміріне атсалысқаны үшін алғыс білдірді. «Қаладағы қоғамдық кеңістікті өнерге беруге дайынмын. Алматы өзінің рухын сақтай отырып, өзгеруге тиіс», – деді қала басшысы.
Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Ерболат Досаев Оспанов көшесі мен Достық даңғылының қиылысындағы ескі аялдама кешенінің орнында заманауи туристік визит-орталық құру жөніндегі ұсынысты қолдады. Онда туристерге кеңес беріледі және жаяу жүргіншілер экскурсиясы ұсынылады