Атырауда 28 желтоқсанда күн бұзылып, секундына 28 метр жылдамдықпен жел соқты. Соның салдарынан кеше мұнайлы шаһар мен Құрманғазы ауданының бірнеше елді мекенінде тұрғындар жарықсыз қалды.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғат құбылысының салдарынан Атырау қаласына таяу орналасқан Ақсай, Бесікті, Талғайраң, Зарослый, Қызылбалық, Береке, Балықшы, Көкарна, Дамбы, Зарослый, Ақжар, Бірлік секілді 12 елді мекен мен «Самал», «Алмагүл», «Қараөзек», «Ескі әуежай», шағын аудандарындағы жеке тұрғын үй алабында электр жарығы өшкен. Құрманғазы ауданының Үштаған, Асан, Жалпақ елді мекендеріндегі электр желісінен ақау шыққан.
Осыған байланысты облыс әкімі Серік Шәпкенов жедел штабтың отырысын өткізіп, сала мамандарын электр желісіндегі апаттың салдарын жоюға жұмылдырды. Жарықтың өшкені туралы 40-тан астам тұрғыннан шағым түскен.
«Атырау Жарық» АҚ-ның арнайы бригадасы апаттың салдарын жоюға кірісті. Электр жарығы кеше, 28 желтоқсанда жергілікті уақытпен 23:50-де беріле бастады. Ал, бүгін, 29 желтоқсанда сағат 03:20-да электр жарығы толық берілді.
«Апатты жою үшін 22 жедел бригада жұмыс істеді. Оның ішінде Атырау қаласында 14, аудандарда 8 бригада бар. Барлық материалдық ресурс пен арнайы техника жұмылдырылды. Қазір апатты толық жою үшін барлық іс-шара қолға алынды», -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласы мен үш ауданда жарық сөніп қалғанын хабарлаған едік.
