Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы шекарасында жаңа халықаралық логистикалық терминал іске қосылды. Терминалда жүк көліктерін қоюға арналған үлкен автотұрақтың болуының және кросс-докинг технологиясын қолданудың арқасында бұл орталықтың жұмысы «Достық» кеденіндегі «Алакөл» автоөткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етпек.
Жобаның негізгі мақсаты – қойма шаруашылығы, халықаралық және жергілікті логистика салаларында Қазақстан Республикасының нарығында сапалы және бәсекеге қабілетті қызметтерді ілгерілету. Ауқымды жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Құрылыстың иесі әрі тапсырыс беруші «Dostyk Storage» ЖШС компаниясының хабарлауынша, нысан қысқа мерзімде салынып біткен. Бұл жобаны іске асырудың арқасында «Достық» кеденінің «Алакөл» кеден бекетінің өткізу қабілетін тәулігіне 200-ден 600 жүк көлікке дейін ұлғайтып, тәуліктік жүк айналамын 4000-нан 12000 тоннаға дейін арттыруға зор мүмкіндік береді. Бұл бір жыл ішінде жүк айналымын 1 млн тоннадан 3 млн тоннаға дейін арттыруға қауқарлы.
Кәсіпорынның бас директоры Дәулет Мұратұлының айтуынша, терминал кросс-докинг технологиясын қолдану үшін арнайы салынған, яғни жүкті қабылдау мен жөнелту процесі сақтау орнына қойылмай, бірден тікелей қойма арқылы іске асырылады, бұл тауарларды негізгі алушыға жеткізу жылдамдығын арттыруға және және логистика шығындарын азайтуға тікелей әсер етеді. «Осы уақытқа дейін Қазақстанда осы технологиямен арнайы салынған қоймалар болған жоқ», - деді ол.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінің еншілес ұйымы «Nur Zholy customs services» ЖШС-ны логистикалық кешеннің операторы ретінде 100% қатысуға тарту тауарларды кедендік ресімдеу жылдамдығын айтарлықтай арттыратын, яғни шекарада көліктердің тұрып қалуын азайтатын тағы бір маңызды шешімнің бірі болды. Бұл ретте серіктестіктің «Нұр Жолы» кеден пунктінде көлік-логистикалық орталықты пайдалануда табысты тәжірибесі бар екенін атап өту керек.
Жалпы «Dostyk Storage» ЖШС халықаралық сауда-логистикалық орталығы 13,5 гектар аумақта орналасқан.
