28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ҚР Қарулы күштерінің бітімгерлік контингентін «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына салтанатты түрде шығарып салуға арналған іс-шара өтті.
Алаңға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, әскери қызметшілердің туған-туыстары мен әріптестері, Парламент депутаттары, атқарушы билік органдары мен ардагерлер ұйымдарының, «Жас-сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері жиналды.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту Президенттің нұсқауы бойынша жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Бұл біз үшін үлкен мәртебе, өйткені қысқа мерзім ішінде әскери-саяси жағдайдағы ерекше тапсырмаларды орындауға дайын, барлық халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін бітімгерлік контингентті дайындап, жарақтай алдық, – деп атап өтті ол.
Қорғаныс ведомствосының басшысы БҰҰ мен халықаралық қоғамдастықтың мемлекетіміз бен оның Қарулы күштерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі ең жауапты міндеттерді орындау қабілетін мойындауының көрсеткіші екенін атап өтті.
– Сонымен қатар бұл еліміз бен әлемдік қоғамдастық алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан біз дайындықтың, тәртіптің жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық аренада Қазақстан Республикасы мен оның Қарулы күштерінің беделін жоғары көтеруіміз керек, – деп түйіндеді ол.
Жиында сөз алған парламент Мәжілісінің депутаттары Константин Авершин мен Болат Керімбек бітімгерлерге ақ жол тіледі.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов контингент командирі подполковник Жігер Аиповқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын табыс етті. Әскери қызметшілер онда жеткен соң біздің мемлекетіміздің нышаны Голан биіктіктеріндегі қазақстандық бітімгерлік базаның аумағына ілінетін болады.
Подполковник Жігер Аипов атап өткендей, бітімгерлік контингенттің жеке құрамы кешенді бітімгерлік дайындықтан өтті және БҰҰ миссиясының мандаты шеңберінде жүктелген міндеттерді орындауға дайын.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д ' Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысып келеді.
2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты.
Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6, Орталық Африка Республикасында 2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде. Голан биіктеріне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Олар онда миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады.
Вам может быть интересно: «Костенко шахтасының 9 лауазымды тұлғасы күдікті деп танылып отыр – Бас прокуратура»