Үкіметте ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте су тасқыны кезінде халыққа қолдау көрсету шаралары талқыланды. Кеңеске әлеуметтік салалар бойынша жауапты министрлер қатысты.
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Ведомство басшысы қазіргі уақытта жағдай тұрақты, алдын алу шаралары қолға алынғанын жеткізді. Су басқан аймақтардағы ауыз су мен эвакуациялық пункттердегі азық-түлік тұрақты бақылауға алынып, тиісті зертханалық тексерулер жүргізілуде. Азаматтар арасында астан ұшыну деректері анықталмаған. Ем қабылдап жатқан адамдар жағдайы да бақылауда. Жүкті әйелдерге барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
«Сонымен қатар азаматтарға психологиялық қолдау көрсету жұмысы да назарымызда. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 13 маман қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 293 адам психолог көмегіне жүгінген. Ақтөбе өңіріндегі 23 маман жедел желі арқылы 132 азаматқа кеңес берді», — деді Ақмарал Әлназарова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, өтемақы алуға ниеттілердің өтініштерін қабылдау үшін мобильді қосымша әзірлеген. Бұл туралы ЕХӘҚМ басшысы Светлана Жақыпова айтты. Өтініштерді өңірлердегі арнайы комиссиялар қарастыратын болады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әзірге су тасқынынан зардап шеккен мектептердің оқушыларын жас ерекшеліктеріне қарай сауықтыру лагерьлері мен интернаттарға, колледждерге орналастыру қарастырылып жатқанын айтты. Уақытша орындарда олар үшін оқу бағдарламасына сай білім беру жағы қамтылады.
Қазіргі есеп бойынша елдегі 25 мектеп су тасқыны салдарынан бүлінген. Төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін, Министрлік құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесе келген шығынды жан-жақты бағалап, қажетті жөндеу жұмыстарын дереу қолға алу жағын қарастырып жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі жоғары оқу орындарына тасқыннан зардап келмегенін жеткізді. Оқытушылар мен студенттердің біразы еріктілер қатарын толықтырып, тасқын салдарымен күреске жұмылған.
«Әр министр қалыптасқан жағдайды тікелей бақылауы керек. Қажет болған жағдайда ұсыныстарды тасқынға қарсы іс-шаралар жөніндегі республикалық штабқа жедел бергені жөн. Азаматтарға тиісті әлеуметтік төлемдердің уақытылы берілуін үнемі назарда ұстау керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Вам может быть интересно: «Костенко шахтасының 9 лауазымды тұлғасы күдікті деп танылып отыр – Бас прокуратура»