Ағымдағы жылы ҚТЖ магистральдық желісінің негізгі және жүктемесі жоғарыларының бірі болып табылатын Қарағанды бөлімшесінде 67 км теміржол төсемі жаңартылады. Оның ішінде 24 км күрделі жөндеуден өтеді.
Өңірдегі темір жолды күрделі жөндеу Дарья – Жарық учаскесінде басталды. Жұмыстар жаңа әдіс бойынша – жабық аралықта жүргізіледі. Бұл технология учаскені бірнеше күнге жабуды және жол техникасын тарта отырып, үлкен көлемдегі жұмыстарды орындауды көздейді.
Мәселен, 2 мамырдан бастап Дарья – Жарық аралығы төрт тәулікке қозғалыс үшін жабық, ал пойыздар жанындағы жолмен жүреді. Осы уақыт ішінде теміржолшылар белгіленген жылдамдықпен учаскеде қозғалысты аша отырып, 4,6 км жолды күрделі жаңарту бойынша аяқталған циклды орындайды. Жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Арнайы техниканың көмегімен ескі шпалдар алынып, жаңалары төселеді, балласты тазалау, рельсті бунақтарды ауыстыру және ұрғылау-түзету жұмыстары жүргізіледі.
– Жаңа әдіс уақыт пен ресурс үнемдейді. Мамыр айында осындай технология бойынша Дарья станциясынан Жарық станциясына дейінгі 18,5 км теміржол төсемі жаңартылады. Бұл жұмыс көлемін 8 сағаттық технологиялық «толаскез» ұсына отырып, дәстүрлі әдіспен орындау кезінде учаске 16 рет жөндеуге жабылатын еді. Жаңа технология бойынша жөнделетін аралық қозғалыс үшін 4 рет жабылады, – деп атап өтті Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Нұрсұлтан Танабаев.
ҚТЖ желісінде 2024 жылы 1400 шақырымнан астам магистральды жөндеу жоспарлануда, бұл тасымалдау кезінде теміржол инфрақұрылымының сенімділігін қамтамасыз етеді. Жолды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізу кезінде учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында технологиялық процеске байланысты жылдамдыққа уақытша шектеулер енгізіледі, бұл жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс кестесінің сақталуына әсер етеді.
Вам может быть интересно: «Костенко шахтасының 9 лауазымды тұлғасы күдікті деп танылып отыр – Бас прокуратура»